Қазақ фольклоры: МӘНІ, теориясы, тарихы


Сілтемелер және ескертпелер



Pdf көрінісі
бет107/122
Дата10.06.2022
өлшемі2,12 Mb.
#146325
1   ...   103   104   105   106   107   108   109   110   ...   122
Байланысты:
kaskabasov seiit oioris (1)

Сілтемелер және ескертпелер: 
 
 
1. «Делдір тентек», «Кеген тентек», «Намаз сатып алған бай», «Қожанасыр дуана», т.б. ертегілерді 
қараңыз: ОҒК қолжазба қоры, № 265, 182-бумалар және ӘӨИ қолжазба қорындағы № 116, 117, 
120-бумалар. 
2. Турсунов Е.Д. Генезис казахской бытовой сказки. Алма-Ата, 1973. 


213 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
ЭПИКА ТҮРЛЕРІ 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 


214 
«ҚОБЛАНДЫ БАТЫР» ЖЫРЫ ХАҚЫНДА 
 
 
Қазақ халқы есте жоқ ықылым заманнан бері мәдениеттің сан-салалы 
түрін жасап біздің дәуірімізге дейін алып келген. Өзінің өмір салтына лайық 
киіз үй, ыдыс-аяқ, ат-тұрман әбзелдері, зергерлік бұйымдар мен киім-кешек, 
ою-өрнек сияқты заттық мәдениеттің алуан түрлі үлгілерін ойлап тапқан. 
Осылармен қатар рухани мәдениетті де дамытып отырған. Атап айтқанда, 
адамның күнделікті тіршілігінде орын алатын неше түрлі әдет-ғұрып пен 
ырымдар, әр алуан ойын-сауық пен ән-күйлер көптеп саналған. Солардың 
ішінде ерекше орын алатыны – халық әдебиеті. Халық әдебиетін ғылымда 
фольклор деп атайды. Оның құрамына өте ерте кезде пайда болған мифтер 
мен хикаялар, аңыздар мен әпсаналар, ертегілер мен хикаяттар, жұмбақтар 
мен жаңылтпаштар, сондай-ақ кейінгі дәуірлерде туған жырлар мен 
дастандар, айтыстар мен өлеңдер, мақалдар мен мәтелдер енеді. Осы аталған 
жанрлардың өзі іштей түр-түрге бөлінеді. Мысалы, жырлардың батырлық, 
ғашықтық, тарихи деп аталатын түрлері бар. Олардың әрқайсысы бәріне 
ортақ белгілерімен бірге өзіндік қасиеттерімен де ерекшеленеді. Батырлық
жырдың ең басты ерекшелігі – елін, туған жерін шапқыншы жаудан қорғаған 
батырды дәріптеп, оның ерлік істерін паш ететіндігі. Қазақта мұндай жыр 
көп: «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Ер-Тарғын», «Ер Көкше», «Ер 
Қосай», «Ер Сайын», «Едіге» т.б. Бірнеше жырдан тұратын «Қырымның 
қырық батыры» деген үлкен көлемді эпопеяның өзі-ақ қазақ халқының 
қаһармандық жырға қаншалықты мән бергенін көрсетеді. 
Аталған эпостардың қатарына «Қобыланды батыр» жыры да жатады. 
Бұл – халық арасына кең тараған, өте көркем шығарма. Бірнеше варианты 
бар.
«Қобыланды батыр» сюжеттік құрамы жағынан бірнеше қатпардан 
тұрады және әр заманның көрінісін қамтиды. Мұнда адамзаттың алғаш рет 
қауымдасып өмір сүрген шағындағы анимистік, тотемистік нанымдар мен 
ұғымдар көмескі елес түрінде сақталып, көркемдеуіш құрал қызметін 
атқарады. Мысалы, дүниедегі нәрсенің бәрінің жаны бар, олар да адам 
тәрізді өмір сүреді, сөйлейді деген анимистік ұғым бұл жырда Тайбурылдың 
ерекше екенін айту үшін әдемі көркемдеуіш құрал ретінде қолданылып, 
тыңдаушыға зор әсер етеді. Қобыланды қиналған шақта Тайбурылмен 
сырласады, сонда Тайбурыл «жоғарғы ерні жыбырлап, төменгі ерні 
қыбырлап, иегімен сыбырлап», сөйлей жөнеледі, батырға ант беріп,
қамықпау керектігін айтады. Сол сияқты алғашқы қауымда пайда болған 
тотемистік түсінік те бұл эпоста өзгеріп, батырдың тегін адам емес екендігін, 
оның айрықша қасиетті болатынын ескерту үшін көркем кұрал 
ретінде қолданылған. Сол себепті оның перзентсіз кәрі ата-анасы: 
«Әулие қоймай қыдырып,
Етегін шеңгел сыдырып,
Жеті пірге танысқан.


215 
Әулиеге ат айтып,
Корасанға қой айтьш...» 
болашақ батырды тілеп алған. Тіпті әкесінің 80, шешесінің 60 жаста болуының 
өзі жаңа туған нәрестенің ерекше адам болатынан хабар береді. 
Жырда тағы бір көне наным, яғни алдағыны болжай алатын шаман 
туралы ұғым Құртқаның бейнесін ашу үшін жүмыс істеп тұр. «Құртқа» 
деген сөз ежелгі түркі тілінде «көріпкел, болжағыш» деген ұғымды білдірген. 
Демек, жырда бұл есім өзінің ежелгі мағынасын сақтаған бейне ретінде 
көрінеді. 
«Қобыланды батыр» жырында нақты бір тарихи оқиға 
суреттелмейді. Мұнда бірнеше дәуірдің сығымдалған сұлбасы көрсетіледі. 
Мәселен, Қобыландының қызылбастармен соғысы – орта ғасырлардағы 
қият-қыпшақтар мен ирандықтардың және оғыздардың бір-бірімен әрқилы 
қарым-қатынаста болғанынан елес береді. Тарихтан белгілі, ІХ-ХІ ғасырларда 
Арал-Балқаш арасын мекендеген оғыздарды батыс Сібірден ауған 
қыпшақтар ығыстырған болатын. Одан кейінгі уакыттарда селжүктермен 
қатар ирандықтар да Дешті Қыпшаққа шабуылдап отырған. Олар ұрыс
кезінде шатаспас үшін өздерінің бөріктерін қызыл матамен тыстайтын 
болған да содан «қызылбас» атанып кеткен. Міне, осы бір кезеңді 
Қобыландының қызылбастардың ханы Көктім Аймақтың Құртқа атты 
қызына үйленуі мен қызылбастан Ноғайлының Сырлы қала, Қырлы 
қалаларын аза ететін және Көбіктімен шайқасатын эпизодтарынан байқауға 
болады. Ендеше, бұлардың бәрі – «Қобыланды батыр» жырының бір оқиғаны 
емес, бірнеше дәуір оқиғаларын жинақтап, эпосқа тән әсерлеп, 
көркемдеп бергенін айғақтайды. Ойымызға тағы бір дәлел – жырда 
қалмақтардың жау болып жүруі. Қалмақ пен қазақтың ұрыстары, негізінен, 
ХVІ-ХVІІІ ғасырларда болғаны белгілі. Олай болса, ІХ-ХІ ғасырлардағы 
қызылбастармен соғысып жүрген Қобыланды енді ХVІ-ХVІІІ ғасырларда 
қалмақтармен қалайша соғысады? Бұл жерде жалпы фольклорға тән 
тарихи тұтастану заңдылығы әсер етіп тұрғанын айту керек. Бұл зандылық 
бойынша, эпоста әр дәуірде болған оқиғалар мен тұлғалар араласып 
жүреді. Бұлай болуының себебі – халық қандай бір ауыртпалық басына 
түскенде бұрынғы батырлар туралы әңгіме-жырды қайта түлетіп, айтады. 
Сол тұста ескі мен жаңа араласып кетеді. Мұны біз бүкіл қазақ фольклорынан 
да, «Қобыланды батыр» жырынан да көреміз. 
Қазақ халқы ХVІ-ХVІІІ ғасырларда бірнеше мәрте қалмақтардың 
аяусыз шабуылына ұшырағаны аян. Елдің тәуелсіздігіне қауіп төнген 
кезде жыраулар мен жыршыларымыз жаңа жыр шығарумен шектелмей
бұрынғы батырлардың ерлігін мадақтайтын эпостарды қайтадан, жаңғырта 
жырлап, сол батырларды енді қалмақтармен соғысатын етіп көрсеткен. Сөйтіп, 
жыршылар заман талабына сай жырлап, әрбір жырға өз кезеңінің өте зәру 
болған қазақ мемлекетін қорғау тақырыбын енгізіп, жаңа сипатты 
шығармалар тудырған. Бұл сарын, әсіресе, «Едіге», «Ер Тарғын», 
«Қырымның қырық батыры» және сол шақта туған «Қабанбай», «Олжабай», 
«Абылай» сияқты туындыларда басымырақ көрінеді. 


216 
Ал, «Қобыланды баты», «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр» секілді 
жырлар ежелгі рулық-тайпалық қоғамның тұсында туғандықган, бұларда 
рудың, тайпаның мүддесі жоғары тұрады. Ерте заманда пайда болғанымен 
олар да кейінгі уақыттардың көріністерін бойына сіңірген. Сол себепті де 
«Қобыланды батыр» жырында бір жағынан, қыпшақ, қият пен қызылбас, 
қалмақтар, екінші жағынан, қала мен дала тіршілігі қатар көрінеді. Демек, 
«Қобыланды батыр» жыры ІХ-ХІ және ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы 
оқиғаларды жинақтап, араластыра бір Қобыландының басына теліп, 
соның іс-әрекеті етіп, эпикалық құлашпен, поэзия тілімен баяндайды. 
Қобыланды – халықтың идеал батыры. Оның бейнесінде елді қорғаушы 
батырға керек ең ізгі қасиеттер жинақталған. Батыр сондай болса екен 
деген арман-қиялын халық қаһармандық эпос пен оның бас кейіпкері 
арқылы айтып, жүзеге асырып отырған. Қобыланды да, Алпамыс та, Қамбар 
да, – бәрі осындай баһадүрлер. Халық түсінігі бойынша, хас батыр – орасан 
күштің иесі ғана, емес. Ол сондай-ақ ештеңеден тайсалмайтын ержүрек, 
достыққа өте адал, ешқандай жаманшылықты білмейтін, ешкімге қиянат 
жасамайтын, қара қылды қақ жарған әділетті адам. Батырға аңғалдық та тән, 
ол сенімпаз әрі қайырымды, кең пейілді және рақымды. Міне, осының 
бәрі түгелімен Қобыландының бойынан табылады. Ол жас кезінен бастап 
баһадүрлік міндетке даярланады. Әкесінің жылқышысы Естеміс 
батырдан тәлім-тәрбие алып, қаһарман жігітке керек қару-жарақты 
қолдана білудің айла-әдісін үйренеді. Алты жасында тәлімгерінің 
айтқанына көнбей, қаһарлы қызылбастың ханы Көктім Аймаққа 
тайсалмай баруы, ай астына қойылған жамбыны атып түсіруі, сөйтіп, 
Құртқаны алуы – Қобыландының есейе-келе туған жерін, қыпшақ
елін жауға бермейтін ғаламат адам болатынының белгісі, кепілі. Оның батыр 
ретіндегі іс-әрекетінің барлығы қыпшақ жұртының мүддесін көздейді. 
Туған жері мен елі үшін қандай мықты жау болса да қарсы шығатын 
батырдың жиынтық образын халық осы Қобыланды арқылы бейнелеген. 
Сонымен бірге өз қалауындағы батырын қаншалықты дәріптегенімен 
халық оның әділетсіз соғысын қолдамайды. Желөкпе Қараманға ілесіп, 
Қобыландының тыныш жатқан Көбіктіге шабуыл жасағанын халық 
жақтырмайды, сондықтан да ол оп-оңай жау қолына түсіп, пұшайман 
болады. 
Эпостық шығармаларда батырдың өзіне лайық жары, тұлпары, т.б. 
көмекші достары болады. Батыр қанша күшті, қаһарман болса да олардың 
жәрдеміне мұқтаж. Ол қиналған шақта, немесе аяғын шалыс басқан кезде 
сол жәрдемшілер міндетті түрде көмекке келеді. Ең басты қолдаушысы – 
жеті кәміл пірі. Ол әрқашан Қобыландыны желеп-жебеп жүреді. 
Қобыланды оны бір сәтке ұмытса, сәтсіздікке ұшырайды. Мысалы, 
Қобыланды Қазанды жеңіп, Қараманға қосыла масайрап, өзінің пірін мүлде 
есіне алмай, өз күшіне сенеді де, бейқам жатқан Көбіктінің жылқысына 
тиеді. Оны ұйықтап жатқан жерінде Көбікті торлап тастайды да, Қараман 
екеуін екі бауырына қысып, қызы Қарлығаға тапсырады. Ол да екеуін екі 


217 
қолтығына қысып әкеп, зынданға тастайды. Содан соң ғана Қобыланды 
Аллаға сиынып, өзінің пірін еске алады. 
Батырдың ендігі бір адал көмекшісі – әйелі Құртқа сұлу. Оның алдағыны 
болжай алатын керемет қасиеті бар. Осы қасиетінің арқасында ол өзінің 
күйеуін алда небір қауіпті жағдайлар бар екенін айтьш, сақтандырады, оған 
әрдайым кеңес беріп, қажетті жерде батырдың ақылшысы да болады. Құртқа 
– жай әйел емес, ерекше жан екені эпоста бірнеше рет айғақталады. Ең әуелі 
өзіне лайықты жар іздеуі, сондай адамды табу үшін ай астына жамбы 
қойдырып, соны атып түсіру қажеттігін шарт етіп қоюы; ондай жігітті 
Қобыланды деп білуі; Қобыландыға лайық тұлпарды тумай жатып тануы; 
Тайбурылды мәпелеп бағып-қағуы; оның айырықша қасиеттерін білуі; 
Қобыландының жорықта нендей жағдайға душар болатынын болжауы, – міне, 
осының бәрі батырдың жары қандай болуға тиіс деген халықтың түсінік-
пайымын көрсетеді. Құртқа – қазақ ұғымындағы идеал әйел. Ол – күйеуіне 
адал жар ғана емес, оның жәрдемшісі, ақылшысы болумен бірге, күйеуінің 
сөзін екі етпейтін, оның қас-қабағына қарап, көңілін таба білетін әйел. Тіпті 
одан сұрамай, күйеуі Қарлығамен некелесіп, оның үстіне екінші әйел етіп 
енгізгенде де, Құртқа кең мінез танытып, жылы шыраймен қарсы алады, 
Қарлығаның қойған шарттарына келіседі. Әрине, жырды тудырушылар да, 
орындаушылар да, тыңдаушылар да сол заманның салт-дәстүрлерін ұстанған 
жандар болғандықтан, Құртқа мен Қарлығаның бір күйеуге тигенін,
сондай-ақ Қараманның қолға тұскен жау қыздарын сауғаға сұрап алып, әйел 
еткенін ешбір сөкет іс деп ойламайды. 
Жырда батырдың ерекше көмекшісі болып, оның тұлпары жүреді. 
Тайбурыл жай ғана жүйрік ат емес, сондай-ақ ол ақылды жылқы ретінде де 
көрінеді. Қобыландының қаһармандығы ең алдымен осы Тайбурылдың 
көмегімен жүзеге асады. Қазақ эпосында әр батырға қызмет ететін ат бар: 
Алпамысқа – Байшұбар, Қамбарға – Қарақасқа ат, Тарғынға – Тарлан үнемі 
қолқабыс етіп, көмектесіп отырады. Жалпы, қазақ фольклорында аттың 
бейнесі де дәріптеліп, идеалды сипатқа ие болып жүреді. Тұлпардың 
бейнесінен де халықтың батырға керек ат қандай болуы шарт деген көзқарасы 
көрінеді. 
Батырлар жырында жаудың бейнесі де ірілендіріліп, сомдалып 
көрсетіледі, себебі халық батыры осал дұшпанмен емес, өте күшті, қаһарлы 
да қайратты жаумен шайқасуы тиіс. Сонда ғана ол өзінің шын батыр екенін 
көрсете алады. Осы дәстүр «Қобыланды батыр» эпосында да сақталған. 
Мәселен, алты жасар Қобыланды ең алғаш Құртқаны аларда қызылбастың 
қырық бес ерімен шайқасады. Сол сияқты денесінен оқ өтпейтін Көбікті, 
Біршымбай, Ноғайлы жұртын қан жылатқан Қазан – бұлардың бәрі нағыз 
жаужүрек, қорқу дегенді білмейтін, орасан күші бар баһадүрлер. Оларды жеңу 
арқылы Қобыланды өзін тек ғаламат батыр ғана емес, елін, ата-мекенін 
қорғаушы нағыз халық ұлы екенін дәлелдеп шығады. Бүгінгі оқырман 
үшін «Қобыланды батыр» жыры осы ерекшелігімен қадірлі осы ерекшелігімен 
маңызды әрі өнегелі. «Елдің атын ер шығарады, ердің атын ел шығарады» – 
деген аталы сөз осындайдан туған. 


218 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   103   104   105   106   107   108   109   110   ...   122




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет