Сілтемелер және ескертпелер:
1. Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. Алматы, 1974. 126-127-б.
2. Мұндай жағдай орыс ертегілерінен де байқалады // Қараңыз: Аникин В. П. Русская народная
сказка. М., 1977. С. 170-178.
3. Мархұма // ӘӨИ қолжазба қоры. № 114-бума. Осы сюжеттес ертегілерді қараңыз: Сонда. № 109,
114, 119, 320-бумалар.
4. Отыншы уәзір // Труды общества изучения Киргизского края. Оренбург, 1922. Вып. III. С. 175-
177; Аяз би // Қазақ ертегілері. Алматы, 1957. 1-т. 405-423-б.
208
САТИРАЛЫҚ ЕРТЕГІ
Егер новеллалық ертегілер адамның басынан кешкен шытырманды, әрі
қызғылықты, тіпті, әдеттен тыс уақиғалармен байланысты болса, сатиралық
ертегілер қанаушылар мен арамтамақ адамдарды әшкерелеп, кәдімгі ауыл
өмірін бейнелейді. Новеллалық ертегілер ғибрат боларлық белгілі бір
тұрмыстық шындықты жақтауды, қайсыбір кеселді келісті үлгі күшімен
аластауды, әлдеқандай бір мораль уағыздауды мақсат тұтса, сатиралық
ертегілер қоғамдық дертті кекесінді де, кесіп түсетін күлкі арқылы
әшкерелеуді көздейді. Новеллалық ертегілердегі уақиға хан сарайлары мен
қалаларда өтеді. Ал, сатиралық ертегілердегі уақиға орны – әдеттегі ауыл,
кейіпкерлері – ауылдағы малшы мен бай, молда...
Сатиралық ертегілер – әлеуметтік мазмұны жағынан ширыға түскен,
кемелденген сананың жемісі. Бай мен кедей бірімен-бірі тату тұрған ба?
Сондықтан халық ертекте қанаушы тапты қатал әшкерелеп, қарапайым
кедейдің байдан моральдық артықшылығын баса көрсетеді. Халықтың
мәңгілік арманы – қанаушыларын тізе бүктіру сатиралық ертегілерде көрініс
табады. Әмбе бұл арман қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған өмір аясында
немесе құрғақ қиялда емес, күнделікті шындық өмірді бейнелейтін ертегіде
жүзеге асырылып отырады. Сөйтіп, ертегі кедейдің өз күшіне деген сенімін
арттыра түседі. Бұдан біз сөз өнері түріне айналған сатиралық ертегілердің
халық прозасының басқа жанрларынан кешірек, таптық қоғамның кеселді
дерттері барынша айқындалған дәуірде кең дамығанын көреміз. Сатиралық
ертегілердің бізге жеткен сипаты, негізінен, XV-XVIII ғасырларда, яғни
Қазақ хандығы тұсында қалыптасқан болу керек.
Сатиралық ертегіде ақымақтар мен қу тазша, Алдар көсе, Қожанасыр
бейнелерінің болуы – жалпы ертегі жанрының жаңа көркем сапаға
көшкенінің белгісі, өйткені, бұл кейіпкерлер қоғамның дамуына сәйкес
өзгерген халық дүниетанымымен байланысты пайда болған. Басқаша
айтқанда, ел енді ежелгі нанымдар мен салттарға сын көзбен қарап, оларды
ұстанған кісілерді мазақ қылатын болған. Сол себепті ертегі кейіпкерінің
бұрынғы жақсы қасиеттері (тектілігі, адамгершілігі, адалдығы, т.с.) басқаша
бағаланып, кейіпкер өзгеше, тіпті, бұрынғыға кереғар сипатталатын болған.
Дүние өзгеріп кетті, ал, ертегі кейіпкері сол қалпында қалған, сондықтан
оның ескі салт пен түсінік-пайымға адалдығы елдің күлкісін келтіреді.
Ертегі кейіпкерінің өмір жағдайына бейімделе алмауы оны елге ақымақ
қылып көрсетеді. Ол маңайындағы адамдарға ұқсамайды. Басқа жұрт есеппен
өмір сүріп, өзіне қажетті шаруа істесе, ол керісінше істейді: қақпанға түскен
аңдарды босатып жібереді, іші араға толы қапты сатып алады, өлген кісіні
тірілтемін деп, таяқпен сабайды [1].
Алайда, бұл ертегілердің кейіпкері қаншалықты ақымақ болғанымен, ол
– жаны таза, қайырымды, ешкімді жәбірлемейді. Осы қасиеттері оны
ертегідегі басқа кейіпкерлерден әлдеқайда артық етіп көрсетеді. Ертегі де,
халық та сол жақта, оны бақытқа кенелтеді. Ол – халық өте жоғары
209
бағалайтын қасиеттердің иесі, сондықтан басқа адамдардың қадір-қасиеті сол
арқылы бағаланады. Соның қасиеттері арқылы ертекшілер қайырымдылық
пен әділеттіктің идеясы осындай болса деген өз ойларын айтады.
Мұндай ертегілерде кейіпкердің іс-әрекеттері күлкілі етіп суреттеледі,
олардың ақымақтығы ғажайыпты (фантастикалы) емес, тұрмыстық (бытовой)
қиял арқылы әшкереленеді. Ертегілерде көрсетілген жағдайлар (күйеуін
шешесіне тамаққа қанша тұз салу керек екенін біліп келуге жұмсау,
күйеуінің өз есімін ұмытып қалуы, өзіне келген еркекті әйелдің сандыққа
тығуы, т. т.) өмірде болуы мүмкін емес, ертегі сынға алып отырған нәрсе –
осы «логикаға сыйымсыздық». Болмыстағы шын нәрсені әдейі логикаға
сыйымсыз етіп көрсету – тұрмыстық қиялдың көркем тәсілі.
Ақымақтар туралы ертегілерде тұрмыстық қиялдың ең басты шарты
болып саналатын алогизм нығая түседі; оның істері мен сөздерінде
әдеттегіден тыс сипат (эксцентричность) басым болады, сөйтіп, кейіпкер
аңқау (чудаковатый) болып көрінеді. Бұл, әсіресе, Қожанасыр туралы
ертегілерге тән (қазақтардың өте аңқау кісіні Қожанасыр деп атауы тегін
емес).
Бірақ көркем жанр ретінде атқаратын қызметіне байланысты сатиралық
ертегі ақымақтықты да, аңқаулықты да өз мақсатында пайдаланып, оларға
басқа мағына береді. Ақымақ болып көрінетін кейіпкер шын мәнінде өте
ақылды да, оның дұшпандары – нағыз ақымақ болып шығады. Бұл – жалпы
ертегі эстетикасының заңдылығы.
Ақымақ бала туралы ертегілер өте кең тараған. Сараң, ақымақ та
тасжүрек ағайындылар еті тірі, еңбек сүйгіш біреуін (ол көбінесе кенже бала
болып келеді) қызғанышпен күндеп, қуғынға ұшыратады. Олар кенже
баланың үйін өртеп, шешесін өлтіреді, өзін де құртпақ болып, құдыққа
лақтыруға әрекеттер жасайды. Бірақ осының бәрінде жағымды кейіпкер өзін
қуғындаушыларды қатырып алдап, қазаға ұшыратады («Тоғыз тоңқылдақ, бір
шіңкілдек», «Кейқуат»). Ол топас, қысқа ақылды жеті қарақшыдан да кегін
қайтарады («Момынбай мен жеті қарақшы»). Әділетсіз, топас жан ақымақ
баланың табылған алтынды қайда жібергенін де аңғара алмайды («Ақымақ
бала»).
Ақымақ бала туралы ертегілердегі негізгі назар сараңдық пен
әділетсіздікті әшкерелеуге аударылады. Адамның табиғатынан ақылды, я
ақылсыз болып тууы заңды нәрсе, оған талас жоқ, ал, әділетсіздік пен
тасбауырлық арқылы өз бақытын талап ету – әлеуметтік мәнді мәселе. Міне,
осындай жолға түскен адамдармен күресте ақымақ бала да үнемі жеңіске
жетіп жүреді.
Ақымақ бала мен тазша туралы ертегілер тобының жігі аса нақты
ажыратылмайды. Мұнда әлеуметтік сатира онша күшті емес. Ертегі
жалқаулық, сараңдық, дөрекілік сияқты тұрмыста кездесетін кемшіліктерді
сынайды. Тазша сатиралық ертегілердің қаһарманы ретінде шығыс
халықтарының көбіне мәлім. Тазша – кедейдің кедейі. Оның жалғыз байлығы
– ақылы мен айласы, тапқырлығы мен табандылығы, қайраты мен
қажырлылығы. Тазшаға кез келген қалың қалталыны алдау мен қалаған
210
затын қағып алу сөз емес. Ол, тіпті, керек болған жағдайда ханды да ұрлап
әкеткен, ал, екінші бір ханды өз еркімен тұзаққа асылдырған.
Жалпы, қазақ фольклорында тазша бейнесі екі түрлі болып келеді. Бірі
– шын тазша да, екіншісі – жалған тазша. Алғашқысы – сатиралық ертегінің
кейіпкері болса, соңғысы – қиял-ғажайып ертегі мен эпоста көрінеді. Мұнда
бас кейіпкер әртүрлі жағдайға байланысты тазша кейпіне түсіп, болашақ
әйелінің аулына немесе жау ішіне танылмай келеді. Бұл образ шығу тегі
жағынан алғанда ежелгі замандағы бозбаланы ержету сынағынан өткізу
салтымен байланысты. Ал, фольклорлық көркем шығармаларда тазша
бейнесі жанрдың поэтикасына сәйкес бейнеленіп, әлсізді дәріптейтін халық
эстетикасы тұрғысынан көрінеді.
Біраз ертегі халық арасына кең тараған кейіпкерлердің аттарымен
байланысты айтылады. Орта Азияның басқа халықтары сияқты қазақтарда да
Жиренше шешен, Алдар көсе, Қожанасыр есімдері мен образдары төңірегіне
топтасқан сатиралық ертегілер тобы бар. Бұл қаһармандар (Кожанасыр,
Алдар көсе, Жиренше) қырғыздарға да, түркімендерге де, өзбек, әзербайжан,
түріктерге де жақсы таныс.
Қазақ халқының сүйікті кейіпкерлерінің бірі – Алдар көсе туралы
ертегілер циклы әлеуметтік мазмұны жағынан әлдеқайда өткір. Мұндағы
кейбір сюжеттер шығу тегі жағынан ерте заманда пайда болған біраз
сюжеттерді бойына сіңірген [2]. Сондай сюжеттердің бірі Алдар көсенің
шайтанды жеңуі туралы ертегілер ақылды, қу, алды-артын болжағыш
адамдарды дәріптейді, ақымақтық пен сараңдықты ашық әшкерелейді. Алдар
көсе шайтанды ұста дүкеніне айдап кіргізіп, тең бөлеміз деген астықтан өзіне
артық алады, дүниедегі қорқатын нәрсем деп қазы-қарта жейді, ақырында,
шайтанның мойнына мініп, серуен құрады, т.т. Алдар көсе мен шайтан
туралы ертегілерде әлеуметтік арна жоқ, онда жалпы адамзатқа тән
жағымсыз қызықтар келекеленеді. Демек, мұның өзі осы сюжеттің өте көне
екенін көрсетеді.
Ал, Алдар көсе мен Шығайбай және мазмұны жағынан онымен үндес
ертегілер тобы басқаша. Мұнда Алдар көсе байды табан астында алдап,
аузындағы майлы етті қорқытып алады, оның сараңдығын келекелейді,
ақыры, алдап соғып, әлпештеп отырған сұлу қызын алып кетеді. Бұл
ертегілер тобындағы күлкі объектісі – жай ғана ақымақ, сараң адам емес, бір
тамшы су сұрасаң бермейтін, дүниесінің үстінде дірілдеп-қалшылдап
отырған дүниеқор бай. Алдар көсе мен бай туралы ертегілер әлеуметтік мәні
жағынан өте өткір.
Ертегі қанаушылар мен олардың қолшоқпарларының бойындағы ең
жағымсыз қасиеттерді ашып береді. Байға тән қасиеттің бірі – шектен
шыққан сараңдық. Олар өзіне қызмет қылушыларды аштықпен азаптайды,
еңбек ақысын төлемей, оларды әртүрлі айла-тәсілдермен алдауға тырысады
(«Бай мен жалшы» және Алдар көсе туралы көптеген ертегілер). Мұндай
озбырлыққа келгенде молда да байдан қалыспайды: Сары молда Өтежанның
ала жазғы еңбегіне қауынның дәнін ғана төлейді.
Сатиралық ертегілердің өзіндік бір түрі – анекдот. Оның басты
211
ерекшелігі мынада: анекдот белгілі бір ұзақ сонар уақиға туралы әңгіме емес,
қысқа ғана, аса елене бермейтін, қалт еткен бір құбылысты күлкі арқылы
көркем өрнектеп, маңызды қорытынды жасайды. Анекдотқа кіргізілетін
құбылыс қаһарманның өміріне ерекше өзгерістер енгізбейді, тек оның кейбір
сапалық қасиеттерін аша түсу үшін иллюстрация ретінде қолданылады.
Фольклорлық анекдоттар, әдетте, қала, өмірімен немесе белгілі бір жер
аттарымен және Ахмет Ахай, Қожанасыр, Жалайыр Тұрлымбет сияқты
кейіпкерлермен байланысты болып келеді. Қазақ анекдоттарының көпшілігі
аты шығысқа мәшһүр, әрі сүйікті тұлға Қожанасыр атымен байланысты.
Қазақ Қожанасыры, сырт қарағанда, ақыл-ойы шамалы ғана қарапайым жан.
Ал, сәл еңкіш тартқан, иегінен арғыны көре алмайтын оның сырт тұлғасына
арырақ бойлап, терең үңілсеңіз, Қожанасырдың бейне бір бет перденің
артында жасырынып тұрған жылы да жұмсақ, күлкілі де жабырқау жүзін
көресіз. Ол адамдарға сенімділікпен қарайды («Мен сізге сенемін ғой»,
«Қожа қалай сот болды»), жаманатты жағдайларға мысқыл білдіреді («Менің
шапаным үшін шу шықты»), т.т. Тұрмыс ауыртпалықтарын жеңіп, дүлей де
құбылмалы өмірден жанына сая табуда Қожанасырға қызмет ететін
тапқырлығы мен әзіл-қалжыңы болады. Қожанасырды халықтың сүйікті
қаһарманы еткен де осы ішкі еркіндік пен сабырлы рух.
Анекдот – өте сергек және өміршең жанр. Ол халық өмірінің әр
кезеңінде туып отырады. Мәселен, жоғарыда қарастырылған анекдоттар,
негізінен, ХVІІІ-ХІХ ғасырлардың жемісі болса, біршама анекдот ХХ
ғасырда туған және, тіпті, бүгінгі шақта да пайда болып жатыр. Мұның
себебі – анекдоттың ерекшелігінде. Қазіргі анекдоттар қоғамда немесе
тұрмыста болып жатқан алуан түрлі жағдаяттарға деген халықтың
көзқарасын, бейресми қатынасын білдіреді. Өзі онша жақтырмаған оқиғаға
немесе ситуацияға байланысты халық дереу анекдот шығарады, сөйтіп күлкі
арқылы жұртшылықтың ойын, пікірін жария етеді. Сол себепті бүгінгі
анекдот өте қысқа болып, әңгіме шұғыл аяқталады және баяндалған жәйттің
шешімін ашып айтпайды. Оны тыңдаушыға қалдырады, өйткені, анекдоттың
міндеті – күлдіріп отырып сынау. Сондықтан да анекдот сатиралық ертегінің
құрамында қарастырылады.
Сатиралық ертегілердің қаһармандары – өздерінің әлеуметтік жағдайын,
өмірдегі әділетсіздікті түсіне де, сезіне де білетін және оған қарсы күресе де
алатын жандар. Сөйтіп, ертегі әрбір қаһарманға нақтылы әлеуметтік
сипаттама береді. Сатиралық ертегілердің қаһарманы – барынша жалпылай
қорытылған әлеуметтік тип.
Әлеуметтік өмірде және тұрмыста кездесетін кемшіліктерді сынау
міндетіне сай сатиралық ертегілердің өзіндік формасы жасалған. Ертекші
әңгіменің кейіпкері арқылы және тікелей өз атынан қаһарманның
адамгершілігі, оның жаулары, кейіпкерлердің қоғамдық және әлеуметтік
жағдайлары туралы баяндайды. Олардың мінездемелерінен сөз етіп отырған
мәселесіне байланысты ертекшінің шын тілегі немесе тәлкегі айқын
аңғарылып отырады.
Кәдімгі тұрмыстық ахуалдар сатиралық ертегілерде танту, сандыраққа
212
дейін жеткізіледі. Ертегілік қаһармандар үшін логика сақталмай, сатиралық
ертегілердегі өмір шындығының өңі айналдырылып баяндау қалыпты
шекарадан шығып кетеді. Уақиғаның табиғи желісінің бұлайша бұзылуы –
сатиралық ертегілерге тән нәрсе, өйткені, соның арқасында ғана қаһарман
қоғамның күштілерімен күресте жеңіске жетеді. Ал, өмірде мұндай жеңіс
мүмкін емес. Әдетте, айтыс пен тартыста күштінің жеңетіні белгілі ғой!
Адам мінезінің қасиеттері де сатиралық ертегілерде шегіне жеткізіліп,
қаһарманның сараңдық, ақымақтық, тапқырлық сияқты басты бір қасиеті
ғана бөлініп алынады.
Достарыңызбен бөлісу: |