219
суреттеуге кең орын беріледі, қаһармандардың адамгершілік қасиеттерін
ашуға үлкен көңіл бөлінеді. Мұндай жағдай кейіпкерлерді шындыққа жақын
етіп бейнелеуге, оларды аспандата әсірелемеуге міндеттейді. Егер батырлық
жырларда болашақ батыр ғажайып жағдайда туып,
жедел өсіп, ерлік пен
күш-қайратын бала шағында-ақ көрсетсе, романдық эпоста бас кейіпкерлер
әдеттегі адамдар сияқты ержетіп, есейеді. Мұнда қаһарман өзінің сүйіктісін
де тек ерлікпен ғана емес, сырт пішін-келбетімен, ақылымен, өнерімен тәнті
етіп, табындырады. Бұлай болуының себебі – ғашықтық жыр жанры
қалыптасып, өркендеген дәуірдегі қоғамда жігіттің (қыздың да)
идеалы
өзгере бастаған болатын. Енді идеалды жігіт – тек қара күштің иесі ғана емес,
ол алдымен өнерлі, білімді, яғни «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат болды.
Жалпы, әлем халықтары фольклорының тарихына көз салсақ, ғашықтық
жыр көркем эпос ретінде, негізінен, өркендеген феодалдық қоғамда
қалыптасып, дамиды екен. Оның себебі бұл кезеңде адамдардың санасында,
өмірде рухани өзгеріс орын алып, жаңа қоғамдық идеал пайда болатын
көрінеді. Енді өмір сүру үшін тек батырлық көрсетіп,
сыртқы жаулармен
соғысу ғана емес, бақытты болу мақсаты алға шығады да, елдің сана-
сезімінде жеке адамның тағдыры мен әлеуметтік мәселелер көкейге қонып,
актуальді бола бастайды. Бұл тұста бүкіл мәдениет қайраткерлерінің,
ақындар мен жыршылардың назары жеке адамның бақыты мен тағдырына,
махаббат пен отбасы мәселелеріне ауысады. Мұндай өзгерістің болуы заңды
еді. Өйткені, әрбір жаңа дәуір мен жаңа
ұрпақ бұрынғы мұраны ғана
пайдаланып қоймайды, олар өз талабы мен талғамына сай дүниелерге мұқтаж
болады да, өз уақытының сауалдарына жауап беретін шығармалар тудырып,
соған сәйкес кейіпкерлерді сомдайды. Өстіп, дүниеге екі жастың тағдырын
баяндайтын көлемді эпикалық жыр дүниеге келіп, романдық эпос жанрын
қалыптастырады.
Біздің ғашықтық жыр жеке көркем жанр ретінде қазақ хандығы кезінде
қалыптасқан. Әлбетте, оның кейбір сюжеттері мен сарындары өте ерте
заманда пайда болған. Бұл тұрғыдан қарағанда, ондай сюжеттер мен
сарындар сонау рулық қауымның ұғым-түсініктеріне,
алғашқы мемлекеттер
мен Түркі қағанаты замандарындағы наным-сенімдерге, дүниетанымға
меңзейді. Мұның өзі романдық эпостың көркем түрге дейінгі даму жолы өте
ұзақ болғанын аңғартады. Мұны, мәселен, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу»
жырынан көруге болады.