ёшпуны иландырмає Їшін мен сµлтан
Кенесары јасым µ¬лы мЈрімді бастым».
1
Қаз. ССР тарих архиві, фонд 82, опись 1, іс 169, 15—16-беттер.
96
Бұл хатта Кенесары Қоқан, Бұхар хандығымен еш уақытта да бірікпейтінін біле
тұрса да, генерал-губернаторға сұс көрсету үшін олар жәрдем береді деген сөзді
әдейі көрсеткен.
Бұл хатына да Кенесары үш ай бойы еш жауап ала алмады. Хатты апара
жатқан Табылды мен Көшінбайды Қоңырқұлжа жағындағы Көшеннің балалары
ұстап алып, Омбыға жаяу айдап жеткізеді. Көп кешікпей оларды соттап Сібірге
жүргізеді-міс деген хабар Кенесарыға да келеді.
Өзінің бірнеше хатына жауап ала алмаған Кенесары енді әбден ызаланады.
Дұшпандарының қарулы айқассыз теңдік бермейтініне көзі жетеді. «Енді маған
қалған жол — не патша үкіметіне, Қоңырқұлжа, Уәли балаларына бас иіп
бағынып, қалың қолды тарату. Не майдан ашып айқасып, күшпен өз айтқаныма
көндіру», — деп ойлайды ол. Осының екіншісін қалаған Кенесары бұл айқасты
қазақ даласын өзіне бағындыруда Солтүстік пен Шығыстағы Россия
империясының ең мықты кіндігі болған Ақмола бекінісін алудан, онымен қатар
ата жауы Уәлиханның қатыны Айғанымның Сырымбет саласындағы ордасын
шабудан бастамақ болды. Кей батырларының «шабуылды Көкшетаудан бастасақ»
дегеніне сұлтан көнбеді. Өйткені Көкше жері ат баурын жазып шаба алатын жазық
емес және ар жағында Омбы жақын, патша әскері тез жетуі мүмкін. Оның үстіне
әкесі Қасым Көкшенің киесі ақ бураны атқан деген лақап бар, Кенесары ел
қарғысынан да сескенеді.
Ал Ақмола бекінісін алып өзінің мықтылығын көрсетсе, абыройының өршігені.
Біреуді мақтаса айын аспанға шығарып, жер-көкке сыйғызбай көтермелейтін қазақ
Кенесарының даңқын алты алашқа таратады. Серкеге ерген қойдай соңынан ереді.
Осылай болатынына сұлтан кәміл сенеді. Оған тағы бір себебі бар. Кеше ғана
хабар алған. Осы бүгін-ертеңдер арқа өкіріктерінің қазақтарынан жаңа устав
бойынша биылдан бастап салық жиналсын деген патша жарлығы шықпақ. Бұл
жарлық бойынша жүз қарадан бір қара салық алынып егер ол ақшадай төленетін
болса, жылқы басы 35 сомға, өгіз жиырма сомға, қой екі сомға бағалансын
делінбек. Бұл жарлық шықса, дәтке қуат, онсыз да патша үкіметінен қыспақ көріп
жүрген қазақ, Кенесары жағына қойдай тоғытылады...
Патшаның Көкшетау мен Қарқаралы өкірігінің қазақтары жайындағы бұл
Указы Кенесары көтерілісінің қызу шағында Қарашаның жиырма сегізі күні сол
Ит жылы шықты. Бірақ ұзынқұлақ бұны қазақ аулына екі ай бұрын жеткізді,
Кенесарының да дәтке қуат көріп отырғаны осы Указ...
«Ал Ақмола бекінісін ала алмаса? Соңындағы бес мың атты әскерін қыр-
ғынға ұшыратса? Онда Кенесарының артынан кім ереді? Бірден тауы шағылған
жұрт, басқа ұрған мал секілді шегіншектей бермек. Жауын жеңе алмайтын батыр
— құр батыр, ел қорғаны емес.
Сондықтан осы ең алғашқы үлкен айқаста Кенесары өзінің қамал бұзар ер, ел
бастай алатын кемеңгер екенін жұрт көзіне көрсетуі керек. Өйтпесе ол жұртты
соңынан ерте алмайды, ойлаған мақсаты — хан тағына да жете алмайды. Ал мұны
істей алмаса?».
97
«Жоқ, жоқ, қайткен күнде де Ақмола бекінісін алу абзал. Бірақ бес жүзге таяу
жасағы, зеңбірек, карабин, іштесер қаруы бар, биіктігі бес сажын қорғанды, жан-
жағын қоршай қазған терең орлы бекіністі Қоңырқұлжа мен Қарапұшық Иван оп-
оңай бере сала ма? Айлаң жетсе, бермеймін дегеніне қоясың ба, аласың!.. Башқұрт
әшірап айтқан бекіністі алу айласы Кенесарының бұрынғы ойына ой қосты емес
пе? Иә, сөйтті. Әттең, дүние-ай, әшірап екі күн өтпей жоқ жерден мерт болды.
Бірақ айтқан ақылы көкірегімде сайрап тұрған жоқ па? Ай, Қараүлек-ай, қолың
гүрзіден де ауыр-ау, сорлы башқұрттың мойын омыртқасын бірден үзіп
жіберіпсің. Сәл жеңіл қимылдасаң нетті, жазығы қамал алуды үйреткені ме?
Нойыс неме, менің ойымды дұрыс түсінбегенсің ғой. Саған әшірапты ертіп
жібергендегі ойым қарамайды дұрыс қайнатуды үйретсін дегенім еді ғой. Ал сен
менің бұрынғы тәсілімнен шыға алмапсың... Өлтіріп жіберіпсің. Өлу — өмір заңы.
Енді оқасы жоқ. Өлтіргенің дұрыс та. Қарашының ақылымен қамал алғанымды
жұрт білсе, менде қандай абырой қалады? Енді ол әдісті... Жоқ, жоқ, ең алдымен
бар батырымнан бекіністі қалай алу керек екенін сұраймын, әрине әрқайсысы
әрқилы жолға сілтейді... Ең соңында барып, өз ойымдай айтамын. Ел бастайтын
қаһарманның аузынан шығатын сөзді айтуым керек. Бұның өзі маған ерген
жұрттың бірден көңілін көтеруі сөзсіз. Содан кейін мен айтқан әдіспен Ақмола
бекінісін алсақ, одан артық абырой болар ма?! Соңымнан ерген жұрт құрмет тұтса,
хан тағының да жақындай түскені.
Осыдан үш күн бұрын Ақмола бекінісін қалай алуды ойлап, ордада жалғыз
отырғанында Кенесарының үстіне Жоламан батырдың жасағынан Байтабынмен
бірге келген әшірап деген башқұрт жігіті кірген. Дәулетші екеуі зеңбірек құя
біледі дегеннен кейін, Кенесары осы башқұрт жігіттерімен жиі кездесіп тұратын.
Өзінің ордасына да әлсін-әлсін шақырып, зеңбірек құю жайын әңгімелесетін.
Сөйлесе келгенде зеңбірек құюды білетін Дәулетші, ал әшірап — Салауат
Юлаевтың көтерілісіне қатынасқан, белгілі жауынгерлердің бірінің баласы боп
шыққан, әкесінің айтуы бойынша бекіністерді алудың әдісінен хабардар екенін
аңғартқан. Кенесары зеңбірек құйғызамын деп бірнеше ауылдың қазан-ошағын
жинатып, Дәулетшінің қасына қазақтың асқан шебер бес ұстасын қосып,
Қорғасынды дейтін жерден көрік ашқан. Ал әшірапты жанына алып қалған
Кенесары оған Ақмола бекінісінің қандай бекініс екенін айта келіп, осындай
қамалдарды Салауат Юлай қалай алды екен деп сөз тастаған.
— Өздеріңіздің қандай ойларыңыз бар? — деген әшірап.
Кенесары жасырмаған.
— Қалың әскер жүздік, мыңдық саппенен кәдімгі жарды ұруға келе жатқан
толқындай лек-лек боп, барынша айқайлап ұран сап, бірінің соңынан бірі қамал-ға
шабады, — деген ол. — Мұндай жағдайда гуілдеген, шуылдаған, атой қойған
қалың топты көріп, қамал қорғаншылары шыдай алмайды, қарадай зәре-құты
қашып, қамалды қорғамақ түгіл, бекініс үстінде де отыра алмай, көбіне-ақ қаша
жөнеледі. Бұл әдісті ата-бабаларым ежелден қолданып келеді.
98
— Мұндай ескі әдіспен зеңбірегі бар, жақсы қаруланған әскерге толы Ақмола
секілді қазіргі заман бекінісі алынбайды, — деген әшірап.
— Неге? — деп Кенесары оған тесіле қараған.
әшірап түсіндіре жауап берген.
— Жаңа өзіңіз айттыңыз ғой, Ақмола бекінісін қоршап қазылған ор бар деп.
Лақылдап келе жатқан сарбаздарыңыз сол орға келгенде амалсыз тоқтайды.
Алдыңғы қатарын артындағы шауып келе жатқандары итеріп, кейбіреулері орға
құлап, қалың қол іркіліп қалады. Дәл осы кезде қорған үстіндегі жауларыңыз төрт
зеңбіректі бірдей атып, мылтық біткеннен жаппай оқ жаудырып, бар әскеріңізді
жусатады да салады. Сондықтан бұл әдіс қазіргі жағдайда бекініс алуға келмейді.
Басқа жол табу керек...
— Қандай жол?
— Бекіністің ішінде ағаш үйлер көп... дедіңіз ғой. Салауат Юлай ұлы бір
амалды осы жағынан ойлаған болар еді..
әшірап мұндайда Салауат Юлай ұлы менің әкемнің айтуы бойынша былай
істер еді деп өзінің ойын айтып берген. Оның айтқаны Салауат Юлай ұлы ғана
емес, көне сақтардың, беріректегі қыпшақтар мен монғолдардың қамал алу әді-
сі еді.
Башқұрт жауынгерінің ақылы Кенесарыға өте ұнаған. Шындап қимылдаса
Ақмола бекінісінің алынатынына көзі анық жеткен. Еңсесі көтеріле бастаған.
Бірақ көңілінде жанын жегідей жеген бір күдік туған. «Сонда қалай болады, деген
ол ішінен, Ақмоланы алуда... мен қарашының ақылынан аса алмағаным ба?»
Үш күннен кейін дүлей, мылқау, алпамсадай зор денесіне қарап жұрт Қара-
үлек деп атап кеткен Кенесарының бас жендетімен бірге тоғай ішінде қарамай
қайнатып жатқан әшірап «ағаш құлап» ажал тапқан. Ел болып аққа орап әшірапты
құрметтеп жерлеген. Зират басында сұлтанның өзі де болған. Күйзеле «топырағың
торқа болсын» деп ең бірінші боп қашқын жігіттің жас қабіріне бір уыс топырақ
тастаған. «Кешір, азаматым, Қараүлекке ойымды анық түсіндірмегендіктен сенің
ажалыңа мен айыптымын», — деген ол ішінен. Әшірап ажалы жайында Кенесары
одан әрі қынжылмаған. Қалай қынжылсын, «қанішер Абылай» атанған қанды
көйлек арғы атасы кісі ажалы мен қой бауыздағанды тең көрген. Бергі атасы хан
Абылай құлдық кезімнің куәсі болып, бетіме шіркеу келтіреді деп, ажалдан аман
алып шығып, ерлік жолға қайраған Ораз құлды өз қолымен бауыздаған. Өз әкесі
Қасым төре анасынан қолына қан шеңгелдеп туған. Осы үшеуінің ұрпағы
Кенесары кімді аяйды? Ел билеймін деген адамға кейде жазықсыз ажал жазықты
ажалдан құнды. «Адамды аяу — әлсіздіктің белгісі» деп ұғады ол.
Қазір Кенесары әшірап туралы ойлап тұрған жоқ. Сол әшіраптың айтқанын
қалай пайдалануды ақылға салуда, оны толықтыра түсуде...
Кенет сықырлап есік ашылғандай болды. Кенесары жалт бұрылды. «Ойымды
бұзған қандай жүрек жұтқан жан?!» Бәйбішесі Күнімжан екен. «Бәсе, бөтен адам
батып кіре алмаса керек еді». Ой үстінде отырғанда өзі шақырмаса тірі пенденің
Кенесары ордасына кіруге қақы жоқ. Бұл — әлі хан болмаған сұлтанның осы
99
бастан өзін өзгеден ерекше ұстай бастаған дәстүрі. Бұл салтты Күнімжан ғана бұза
алады.
Ерінің түнерген қабағынан оның ашулы екенін аңғарған Күнімжан, еркелей
күліп:
— Төрем-ау, әлгі... қалай деп атап ең... — деді. — Кеңес деп пе ең батырлар
бас қосатын жиынды... Сол Кеңеске келген батырларыңның өзіңді күтіп
отырғанына бие сауымдай мезгіл болды... Бармайсың ба?
Кенесары ойын бөлместен басын изеді.
— Барайық...
Кенесары мен Күнімжан тіркестіре тігілген «Ереуіл кеңес үйі» деп аталатын
қос ақ боз үйге кіргенде, сұлтанның батырлары мен ақылгөй серіктері тегіс
жиналған екен. Мұнда Наурызбай, Ағыбай, Құдайменді, Кіші жүздің Сыр
бойындағы Табын тарауынан келіп қосылған бойсапат тобылғы күрең ұзын
мұртты Бұқарбай, Атығай руынан шыққан алшақ кеуделі балуан Басықара, Алтай
руының атақты батырлары Жанайдар мен Төлебай, Кіші жүздің Есентемір руынан
шыққан жас Байтабын батырлар бар. Олардан басқа қарындасы Бопай,
Кенесарының өзімен тетелес інісі әбілғазы сұлтан, Нысанбай ақынмен дізелес
есікке таман қойылған қазақы дөңгелек столдың жанында қолына қауырсын қалам
ұстап бұқарлық қожа, ұзын бойлы, арық, қошқар мұрын Сидақ Оспанұлы,
Польшада ереуілге қатысып жер аударылып келген, қазақтар Жүсіп деп атап
кеткен ақсары, көгілдір көзді Иосиф Гербурт деген ақын жігіт отыр. Соңғы екеуі
Кенесарының хатшысы болып қызмет істейтін. Бұлардан жоғарырақ тұрған кең
маңдайлы, ақ құба келген ойлы көзді мыңбасы татар жігіті Ягуда ұлы әлім.
Босағада, төренің қырық адамнан құралған қарауыл жасағын басқаратын, ауыл
Батырмұрат деп ат қойған, қазақтан әйел алып қазақ болып кеткен башқұрт
Мәлкет баласы Кішік пен Наурызбайдың шабарманы қашқын орыс солдаты
Николай Губин тұр. Үйдегі адамдардың ішінен Ереуіл Кеңесінің мүшесі емес тек
Жүсіп, Бопай, Батырмұрат, Николай. Бірақ бұл төртеуі де ереуілге шын берілген
адам болғандықтан Кенесары оларды мұндай үлкен мәжілістің біреуінен де
қалдырмайды.
Кенесары кіріп келген кезде үйде отырғандардың бәрі қол қусырып
орындарынан түрегелді. Сұлтан тәжім етіп амандасты да өзінің жасыл туының
астында тұрған, үстіне жібек түкті сәнді бұқар кілемі жабылған төрдегі үлкен
сандыққа барып отырды. Өзгелер де малдас құрып жастарына қарай алқа-қотан
жайғаса бастады.
— Үш жүздің ардагер батырлары, — деді — Кенесары жұртты сынай көз
тастап, — қолымызға найза ұстап, атқа қонғаннан бері бір күн тыныштық көрген
жоқпыз. Соңыңнан ерген жұрт та сондай. Ал елім, жерім деп көтерілген біраз
қазақ баласы қазір жазғытұрымғы тасуға дайын дариядай кемеріне жетіп, дұш-
панға қарсы шабуға тұр. Бұл — жаудан өш алуға ең қолайлы шақ. Енді
соңымыздан ерген жұртты уақ-түйек айқаспен әуре-сарсаңға сала берсек,
абыройсыз қалатын түріміз бар. «Жау қайда?» деп қолына түкірініп отырған
100
ерлердің көңілін суытуымыз күмәнсіз. Сондықтан халық мүддесінен шығу үшін
біз Ақмола бекінісіне қарсы аттануды шештік.
— Дұрыс, — деп отырғандар сәл қозғалып қойды.
— Шабуылға шықпастан бұрын, бір-екі ауыз сөзбенен жалпы жағдайымыз-
ға үңіле өтелік. — Кенесары аспай-саспай мойнын Иосиф Гербуртқа бұрды, —
Жүсіп, мына батырларға жаудың биыл жазда бізге қандай қиянат жасағанын
қысқаша ғана естіртіп өт, — деді.
Жүсіп орнынан түрегеліп қолындағы қағазын оқи бастады.
— Біздің бұл көтерілісімізді ақ патша генералдары бұзақылық, ел тонаушылық
деп есептейтін көрінеді. Омбы болысының бастығы генерал Талызин өзінің берген
нұсқауында шекарада тұртын басты бекіністердің бәріне де күрделі жасақтар
шығарылсын дейді. Және бұл нұсқауында: «Сендердің бар міндеттерің Кенесары
қарақшыны құртып, көшіп кеткен болыстарды кейін қайтару» деп бұйырады. Осы
нұсқауды орындау үшін бізге қарсы бірнеше арнаулы жасақтар шықты.
— Олардың істеген басты-басты қылмыстарын айт, — деді Кенесары.
— Атаман Лебедев бастаған бес жүз солдатты жасақ осы жылы маусым айында
Торғай өзені мен Жәнтөре-Керубе бойында көшіп жүрген Қарпық, Темеш руының
ауылдары мен Саржан сұлтанның ауылын шауып, төрт жүз адамды өлтіріп, жүз
адамды ұстап әкетті. Оның ішінде Баянды би бар.
Кенесарының көзі сұрғылттанып, қабағы түксиіп:
— Тағы? — деді.
— Аға сұлтан Қоңырқұлжа мен войсковой старшина Карбышев басқарған бес
жүз кісілік жасақ шілде айында Айырқұмда көшіп жүрген Күшік сұлтан мен
Сидақ мырзаның ауылдарын шауып, жиырма бес еркек, сегіз әйел, жиырма бір
қыз баланы оққа ұшырып, сексенге таяу адамды тұтқын етіп алып кетті. Оның
ішінде...
Кенесары жауар бұлттай түнеріп кеткен.
— Жетеді, — деді ол ашуын әзер басып, — ал біз қандай қайрат көрсеттік? —
Сидақ мырза, соны айтыңыз,
Сұлу мұртты, биязы қимылды Сидақ қожа орнынан асықпай тұрды да:
— Біз де есемізді жіберіп жатқан жоқпыз, — деді қолындағы қағазына қарап
тұрып: — Ақтау коменданты войсковой старшина Симонов шығарған бірнеше уақ
отрядтарын құрттық, көптеген қару-жарақты қолға түсірдік! Войсковой старшина
Симоновтың өзі бізбен бір айқасқанында он тапанша, тоғыз мылтық, он үш
қылыш, жеті, найза, төрт жүз тоқсан бес мылтық оғын, төрт жүз тоқсан тапанша
оғын тастап қашты. Қазір біздің қолымызда осындай ұрыстан түскен жүз елу
мылтық, тоқсан тапанша, екі жүз он қылыш бар. Кенесары батыр бастаған қолдың
қаһары әсіресе халқын сатқан сұлтан, билердің ауылдарына тігілулі. Биылғы
жылдың жеті айының ішінде орта есеппен мұндай жағдайда қолға бір миллион
сомнан астам мал-мүлік түсті.
— Соның бәрі тек сұлтан ауылдарынан ғана тоналған ба?
101
— Жоқ, бұның ішінде ұсталған керуендердің мүлкі мен патша қызметіндегі
тілмәш, пристав, урядник секілді шенеуніктердің және Ақтау бекінісіндегі
адамдарының да мал-мүлкі мол.
— Орыс қарашекпендерінен қанша ақша кірді? — Кенесары тесіле қарады.
— Азғантай. Бар болғаны жүз сомға жетер-жетпес, онда да Қарқаралы
маңынан..
— Дұрыс, — деді Ағыбай Кенесарымен құрдастығын пайдаланып, еркін
сөйлеп, — жазығы жоқ орыс мұжықтарын шабудың қажеті қанша. Бұдан бізге
зияннан басқа түсері жоқ, бұқараны босқа өшіктіріп аламыз.
— Жөн, — деп екі-үш батыр басын изеді.
Кенесары үндеген жоқ.
— Негізгі үлес халқын сатқан аға сұлтан, ел тонап жүрген саудагер, патша
қызметкерлерінікі, — деді сөзін қайта жалғап Сидақ қожа. — Бір ғана Құдайменді
балаларының аулынан жиырма мың жылқы қуып алдық. Қазір сәйгүлік жүйрік
мінбеген бірде-бір сарбаз қалмады.
Кенесарының иіні көтеріле түсті.
— Қоңырқұлжа Омбыға жазған хатында бізден он екі мың жылқы алынды
депті ғой...
Сидақ қожа мұртынан күлді.
— Енді не десін? Қоңырқұлжа қазақтың қара бұқарасы түгіл, генерал-
губернаторлардың өздерін де алдап жүрген саудагер, патша єызметкерлерінікі, —
деді сЈзін бес мыңнан асса аға-сұлтандарға да салық салатын болған соң
Құдайменді балалары барымыз он екі мың жылқы деп көрсеткен. Ал біз тайлы-
таяғына дейін айдап алдық десек, арғы түбекте әлі де үш мыңдай кілең ақ шағала
асаулары қалыпты. Ағыбай батыр сол жылқыны қуып әкелуге Кенекеңнен қашан
рұқсат болады деп күнде сұрайды...
Кенесары байсалды жауап берді.
— Арғы түбек бізден шалғай... Әзірге оны қоя тұрыңдар, қазір басқа шаруалар
да жеткілікті. Тағдыр жазса алысқа кетпес.
— Япырай, — деді шын таңданған жалғыз атты Бұқарбай батыр, — адам
баласының да Қоңырқұлжадай байы болады екен-ау!..
— Ақ патшаға жағынып, жаны шығып жүргенінің өзі де сол емес пе? — деді
Бопай сәл қабағын шытып, — патша жанаралдары бекініс салып, келімсектеріне
аздаған үлес бергені болмаса, жердің шұрайлысы әлі де Сәмеке, Нұралы, Бөкей,
Уәли хандардың ұрпақтарында ғой. Мал үшін олар қазақтың жері түгіл, жанын
берер. Бірі бүкіл Есіл, Нұра бойын жайласа, бірі сонау Сырымбет тауының
Құсмұрын мен Шұбарға дейінгі кең алқабын алып жатыр. Ал өзгелері бір Уәли
ханның ана Айғаным қаншығы жайлап отырған бөктерге үш болыстың малы
сыяды, — Бопай кенет ағасына ашулана қарады. — Қашанғы ол қаншықты
басымызға шығарып қоямыз? Қоңырқұлжадай оны да шабатын мезгіл жетті,
жібермейсің бе бір батырыңды.
Кенесары қасқыр көрген бүркіттей түйіле қалды.
102
— Қатын аулын батыр шаппас. Қайын атам жұрты демесең, өзің шап!
Табылған сөзге үйдегілер шу ете қалды.
— Жөн.
— Тапқан ақыл.
— Қатынды қатын шаппаса, батыр шапқаны ерсі.
— Уәлиханның аулына жолай соғасың, — деді Кенесары аз сөйлей, — ең
алдымен арғы беттегі Аманқарағай приказының малын бері айдап өтесің.
Қуанғаннан Бопайдың екі көзі жарқ етті.
— Мен дайын. Қарамағымдағы алты жүз адаммен мен бүгін түнде жүруге
бармын.
— Жөн, — деді Кенесары, сөйтті де Сидақ қожаға қарады, — солай деп
жарлық берілсін. Аманқарағай приказына жетуге бес күн керек. Бір күн төмендегі
тоғайда тынығуға мұрсат берілсін. Жетінші күні приказ шабылсын. — Сұлтан
бірдеме ойланғандай сәл бөгеліп қалды да, жұртқа бұрылды. — Аманқарағай
приказы шабылғаннан іле-шала біз де Ақмола бекінісіне ат қоямыз.
— Дұрыс, — деді күндікке үндемей отырған келбетті, ақсары жүзді Жанайдар
батыр, — Аманқарағайды Кенесары әскері шауыпты деген лақапты естісімен
Омбыдан Ақмолаға шыққалы жатқан әскер солай қарай бұрылады. Дәл осы кезде,
алла жазса, біз Қоңырқұлжа мен Қарапұшық Иванның да сазайын тартқызармыз.
— Менің де ойлағаным осы, — деді Кенесары.
Батырлар тағы да қошеметтеді.
— Ақыл.
— Жөн.
— Құба-құп.
Кенесары енді Ереуіл Кеңесінің бүгінгі жиналған себебіне тікелей кірісті.
— Ал Ақмола бекінісін алу оңайға түсе ме? — деді ол отырғандардың
әрқайсысының бетіне сәл тоқтай қарап, — қорғанының биіктігі әжептәуір, және
оны жүз қадамдай жерден қоршай қазылған ордың кеңдігі он құлаш, тереңдігі бес
құлаш. Тек қорғанға кірер екі қақпаның алдында ғана төрт салт атты қатар өте
алар жіңішке жал бар...
— Сол жал жетпей ме бізге? — деді Наурызбай, — жау өтер жерден біз де
өтерміз.
— Қоңырқұлжа мен Қарапұшықтың қарамағындағы бес жүз карабін мылтықты
солдат пен төрт зеңбірек бізге құр қарап тұрады дейсің бе, Науанжан? Олардың да
аңдығаны осы екі жіңішке жал менен ордың жағасы болар. Ордан өткенменен
қорғаннан өте алмайсың. Көптігімізге сеніп топырлап шапсақ құр қырғын
боламыз. Сонда Ақмола бекінісін қалай аламыз? Кімнің қандай ақылы бар? Бірден
он адамның ақылы артық, кеңеселік.
Жиһазды, дүниелі ақбоз үйдің ішінде өлік жатқандай, жұртта үн жоқ. Бас-
тарын салбыратып, төмен қарап, көбі жер шұқылай береді. Әркімнің ойы әр
тарапта. «Қол болып жиналуына жиналдың ғой, ал енді жауды қалай жеңеміз?
Бәсе, қалай жеңеміз? Ақмола бекінісі — алғашқы қамал. Ал бізге деген мұндай
103
ондаған қамал бар... Төрт зеңбіректі, бес жүз карабінді бекіністен осыншама
абыржығанда, бұдан әрі күйіміз не болмақ? Ал ақ патшада мыңдаған зеңбірек,
жүз мыңдаған карабін бар... Осы біз көл үстіндегі қаз-үйректей бір мылтықтың
даусынан зәреміздің кетерін білмей тым босқа еркінсініп жүрген жоқпыз ба?»
Жұрттың еңсесі түсіп кеткенін Кенесары көріп отыр. «Қамалға шабуыл
жасамай жатып қас батырлардың түрі мынау, ал қамалды ала алмасақ күйіміз не
болмақ?»
Кенесары тұнжырай түсті.
— әлде «жеткен жеріміз осы болды» деп Қараөткелден бас тартамыз ба? —
деді ол сәл қабағын шытып. — Сондай да күйлерің бар ма, қалай?
— Жоқ, төре, — деді басын көтеріп алып Ағыбай, — бүйірден қадалған
тікендей болып отырған Ақмола бекінісін қалай да алуымыз керек.
— Қалай «алу керек?»
— Ел бастаған дана емеспін, қол бастаған батырмын. Демек, қыран жете алмас
қия жоқ, жаужүрек өте алмас мия жоқ, маған салсаңдар Ақмола бекінісін қоршап
алып сыртқа, жан шығармай аңду керек. Қорған үстінде көрінгеніне садақ оғы
жалынсын...
— Тағы қандай ой бар? — Кенесары қолын сәл көтерді, — көсе ақылы жақсы
ақыл, бірақ онымен Қарапұшық пен Қоңырқұлжаны жеңе алмайсың... Біз
қоршағанмен, сырттан келер көмек бар, тұзақ құрып ұзақ күтер жай жоқ. Бекіністі
алар болсақ, шапшаң, тез алуымыз керек. Ақмола маңында бір күннен артық
аялдау күнә. Өзге бекіністерден жәрдем келулері сөзсіз.
— Бекініске түнде шапқан жөн бе деймін, — деді Бұқарбай батыр, — Тентек
төре Сайрам мен Созақты алғанда қалың қолмен түнде кірген екен.
— Түн сөзсіз жау, екі жаққа бірдей, — деді Кенесары, — Созақ пен Сайрамда
Тентек төренің бекініс қақпасын ашқан адамдары болды. Ал біздің кіміміз бар?
Қарапұшақ пен Қоңырқұлжа тек өздерінің сенімді нөкерлері мен сыпайларын ғана
қалдырып отыр. Қарасу бойындағы балықшы мұжықтарға біздің тимейтінімізді
біліп, бекініс ішіндегі аздаған келімсек қатын-балаларды сонда жіберіпті деген
сыбыс бар.
— Төре, — деді есік жақта отырған өзгелерден анағұрлым шоқтығы биік,
еңгезердей Басықара батыр, — алдымен құдай, содан кейін өзің деп соңыңнан еріп
едік, ақылын өзің тап. Салған жеріңнен алып түспесек айып бізде, сала алмасаң
кінә сенде! Сыбырлағанды құдай естімей ме дегендей, Ақмола алынбайтын күйде
болса, оны ашып айт!
Кенесары сәл кідіріп отырды да, алдына ақ дастарқан жайғызып, үстіне уыстап
тәспінің қара, ақ бұршақтарын төгіп салып, Ақмола бекінісін қалай алу керек
екенін тәптіштеп айта бастады. Кенесарының айтып отырған әдісі отырғандарға
бірден ұнады. Бекіністі алатындарына енді алдын ала көздері жеткендей, иықтары
көтеріліп, жүздеріне жігер енді.
— Мақұл десеңдер осы тәсілдерге тоқтайық, — деді Кенесары жайбарақат
пішінмен сөзін аяқтап.
104
— Тоқтадық, — деді үйде отырғандар бір дауыспен, — еншалла, жолымыз
болар.
— Іске сәт!
— Олай болса... — Кенесары сәл кідірді де тағы да Сидақ қожаға қарады. —
Жаз. Бұл біздің екінші жарлығымыз болсын. Ертеңнен бастап мың басылар, жүз
басылар әлгі айтқандарды бұлжытпай орындау үшін әскер ойынына кіріссін. Бір
жетіден кейін аттанамыз.
— Мақұл.
«Дана шешім, деді Ақмола бекінісін қалай алмақ болғанын айтқан
Кенесарының ойларына таң қалған Жүсіп, әліпті таяқ деп білмейтін қазақ...
Қандай ақылды айла тауып отыр. Заты сұлтан болса да, халық өзінің көсемін
дұрыс тапқан екен».
Үйдегілер енді тарай бастаған кезде, кенет сырттан шу естілді. Батырмұрат пен
Николай беліндегі тапаншаларын суырып алып үйден ата жөнелді. Аздан кейін
Батырмұрат қайта кірді.
— Арыстан ақын ұсталған екен. Қараүлек пен жаңа келген қашқын жігіт әкеп
тұр. Қатын-қалаш өшімізді өзіміз аламыз деп тап-тап береді. Шу соныкі екен.
— Алып келіңдер! — деді Кенесары қысқа бұйырып.
Арыстан деген Атығай руынан шыққан кедей ақын. Бір кезде Саржанның
жасағына да ерген. Тілге шешен, сөзге бай, әсіресе қазақтың қисса, дастандарын
жақсы білетін, түні бойы жыр айтуға болдырмайтын қарадан шыққан дарын.
Кенесарыға жоқ жерден өкпелеп, аға сұлтан Қоңырқұлжа жағына шығып кеткен.
Соңғы кездері қазақ ауылын шабатын патша жасақтары мен қазақ жерін картаға
түсіретін орыс саяхатшыларына жол көрсетіп әбден байып алған. Өз арасынан
шыққан опасызды өте жек көретін жұрт, Арыстанға әбден тісін қайрауда еді.
Шабылған ауылдардың обалы да, жылаған кемпір-шалдың, қатын-баланың көз
жасы да осының мойнында деп ойлайтын. Адамы оққа ұшқан кейбір ер жүректі
жігіттер Арыстаннан кек алатын күн болар ма екен деп кіжінетін. Бірақ үнемі
патша жасағымен бірге жүретін Арыстан олардың қолына түсе қоймайтын. Ал
расында Арыстанда жер көрсетуден басқа еш жазық жоқ еді. Ол бірде-бір
адамның қанына ортақ емес-ті. Сондықтан өзін бәлендей айыпты санамайтын.
«Біреу малымен, біреу жеріменен күн көреді. Ал менің күн көрер нем бар?
Жалғыз атты кедеймін. Мейлі, жұрт қалай ойласа олай ойласын, есек құйрығын
жусаң да мал тап дегендей, земтемірлерге жол көрсетіп күнімді көрсем оның несі
айып. Мен істемесем мұны басқа біреу істейді» деп ойлайтын ол. Арыстанның
мұндай жолға түсуіне өзі кінәлі болса да, Кенесары оны сатылған санап, егер
қолыма түссе басын алармын, өзгелерге үлгі болсын деп әлдеқашан шешкен.
Үсті-басы қан-қан болған шоқша сақалды тұрымтайдай кішкентай қара кісіні
екі адам екі жағынан қолтықтап үйге алып кірді. Оң жағында Қараүлек —
Кенесарының бас жендеті. Бұл әр саусағы жаңа туған баланың білегіндей, сала
құлаш кеудесінің жүні көдедей, салпы ерін, кірпік қақпайтын мысық көз,
аяушылық дегенді білмейтін қатыгез, алпамсадай қара кісі. Ұрлық істеп қолға
105
түсіп, Созақтың бір байы дарға аспақ болып жатқан жерінен Кенесары сатып
алған. Құнына бір қарақшыдан тартып алған жетектеп келе жатқан қара үлегін
берген. Мылқау ұры аты-жөнін айта алмаған соң, жұрт оны өзінің құнына берілген
түйенің атымен байланыстырып Қараүлек деп атап кеткен. Үлек десе үлектей.
Шуда көкіректі, түйе тірсек бір алып. Атына денесі сай. Оның үстіне өзін ажалдан
аман алып қалған Кенесарыға жан-тәнімен берілген. Иесі шаш ал десе, бас алады.
Айтқанын екі етпейді және сұлтанның әмірі дұрыс па, бұрыс па ол жағында
шаруасы жоқ, «қожам айтты мен дайын» бір ноқай. Кенесарының ымынан ойын
түсінеді.
Таяқтан аяғын әзер сүйреткен Арыстанның сол жағынан қолтықтаған Ожар.
Бұл келгелі де айға таяп қалған, Сейтеннің үзеңгілес серігі, Тайжанның жалғыз
қызына үйленіп, абақтыдан қашып шыққан Ожарды Кенесары құшағын жая қарсы
алған. Отау тігіп, алдына мал салып берген. Бұл жақсылықтың есесіне ол
келгеннен соң күн өтпей жатып... жылпық сары Сәмен арқылы Қоңырқұлжаға
Кенесарының қарамағында қанша сарбаз барын хабарландырған. Бүгін таң-
ертеңнен бері де Кенесары ордасында болып жатқан мәжілістің жайын біле алмай
әбден мазасы кеткен. Мың басы, жүз басы батырлардың тегіс келгенінен, бұл
мәжілістің тегін мәжіліс емес екенін іштей сезген. Қанша білгісі келгенмен,
алыстан торлағаны болмаса, жақын баруға біреу-міреу кім екенімді сезіп қалар
деп көңілі дауаламаған. Осындай күйде жүргенінде сойылға жығылып қолға
түскен Арыстанды ауыл адамдары бір қараша үйге қамап қойғанын естіді. Ол енді
өшіктіре сөз тастап, жұртқа Арыстанды Кенесары ордасына апарудың керек
екенін айтады. Ондағы ойы Кененің көзіне түсумен қатар, ыңғайы келсе, мәжіліс
жайын аңдау. «Кім біледі, біреу болмаса біреу абайламай бір сөз айтып қалар.
Зирек жанға о да жеткілікті». Арыстан Кенесарыны көрісімен, ең соңғы күшін
жинап, еңірей аяғына жығылды.
— Жаздым, жаңылдым, Кенесары. Күнім үшін жер зерттеуші земтемір орыс-
тарға жөн көрсеткенім рас. Бір жолға кешір. Өмір бақи құлың болып өтейін.
Кенесары сазарған қалпынан өзгерген жоқ. Қанын ішіне тартып, тіпті
сұрланып алды. Ол аяғына жығылып жатқан Арыстанға қарамастан:
— Елін сатқан адам, жылқы ішіндегі маңқамен тең. Өзге жылқыны сау алып
қалу үшін оған аяу болмасқа тиісті. Үкім біреу-ақ — өлім!
«Халқыңның қамын ойлар болсаң, ең алдыменен оның бірлігін ойла» деп
ішінен Жүсіп, «опасызға Кенесары дұрыс үкім айтты».
«Қатал, әйтсе де әділетті».
Бірақ бұл не? Өзге батырлар әдеттегідей Кенесарының шашбауын көтеріп неге
«дұрыс» деп бастарын шұлғымайды? Бәрі бірдей неге төмен қарап қал-
ған? Ағасының айтқанын тұмар тұтатын Наурызбайдың өзі де неліктен тұнжырап
кетті?
Жүсіп таңданғандай үйдегі адамдардың бетіне тағы бір көз тастады. Ешкім
басын көтерер емес. Өздері өлім жазасына бұйырылғандай қабақтары түсіп
кеткен.
106
«Ғажап халық, деді ішінен тағы да Жүсіп, майданда кездессе жаудан қорқу,
немесе оны аяу дегенді білмейді. Ал айыбын мойнына алып аяғына жығылса,
қанды кекті қасы болса да кешіргісі келіп тұрады. Қандай үлкен, абзал жүректі
жұрт. Бұрын атуға оғы жоқ боп жүрген Арыстан қолдарына түсіп еді, оның
сақалды басымен жасын сорғалатып кешірім сұраған түрін, кенет аяп, ажалға
қиғылары келмей тұр. Үкімін өзге жұрттың қостамағанын Кенесары да сезген
тәрізді. Енді не істер екен?»
Кенесары тұнжырай қалған батырларының бетіне көзін бір салып өтті де,
қабағы бұрынғысынан да түксие түсіп, қолымен Арыстанды меңзеп:
— Қазір, осы арада ал мынаның басын, Қараүлек! — деді зілді үнмен.
Жұрт бұрынғысынан бетер тұнжырай қалды. Бірақ Кенесарыға үкімің дұрыс
емес деуге ешкімнің де батылы бармады. Қостамағандықтарын сазарған
түрлерінен ғана аңғартып отыр. Ал сұлтан серіктерінің ойына түсінсе де, бір
айтып қалғаннан кейін, өзінің абыройын сақтап, кесімінен қайтар емес.
«Дұрыс, — дұрыс, — дейді ішінен Жүсіп, осылай қатал болсаң
қарамағыңдағыларың да тәртіпке, әдепке үйренеді. Айтқанынан қайтпайтын
қолбасшы қашанда жауынгерлері алдында абыройлы».
Кенесарыдан үміт үзген Арыстан ақын енді басын көтеріп, тізесінен отырды.
«Өлсем де адамдығымды жоғалтпай өлейін» дегендей бойын жинап, үстіндегі
киімін жөндеп Кенесарыға қарады. Үлкен бұйда пышағын жалақтатып, тамағынан
орып жіберейін деп, жанына келіп, сақалынан ұстай берген Қараүлектің қолын
қағып жіберіп:
— Менің қаныма жерік болсаң ішерсің әлі-ақ, сәл шыдай тұр, — деді. Сөйтті
де Кенесарыға тағы да қарады. — Дат, тақсыр! Бас кеспек болғанмен, тіл кеспек
жоқ деген. Төре, бір ауыз сөзге мұрша бер.
— Айт датыңды.
Қараүлек те түсініп кейін шегінді. Арыстан қанатын сілкіп қомданған ұшар
құстай, сәл бой түзеп алды да, екі көзі жаудырап Кенесарыға қарап ән шырқап қоя
берді.
Кенеке, жақсы көрсең қарашыңмын,
Жек көрсең де өзіңнің алашыңмын.
Атаңа алты қатын алып берген
Атығай Қарауылдың баласымын.
Кенесары «болды» дегендей қолын көтерді.
— Аталы сөзге арсыз тоқтамас. Абылай атама бабаларының істеген
жақсылығын алдыма тартты ғой, қоя беріңдер, — деді.
Бағанадан бері үндемей тұрған батырлар кенет жадырап, бір дауыстан:
— Уа, пәле, міне аталы сөз! — десіп шулап қоя берді.
107
«Қандай ақылгөй жан еді, деді ішінен тағы Жүсіп, ел билейтін серіктерінің де
көңілін таба білген жөн. Ағылшындар «патшаны патша істейтін патша емес,
жанындағылар» деп тегін айтпаған ғой».
Бірақ Жүсіп Кенесарының мейлінше рақымсыз жан екенін білмейтін. Қазір
босатылып тұрған Арыстан ақын, сұлтанның бұйрығы бойынша, үш күннен кейін
«ат теуіп өлтіріпті» деген лақаппен Қараүлектің қолынан қаза табатыны дәл осы
сәтте оның ойына мүлде алмаған іс еді. Сондай-ақ Кенесарының қолға түскен
солдаттарға да бірден қатты келмейтіні өз жағына шығару саясаты екенін Жүсіп
көп ай өткен соң барып бір-ақ түсінді. Ал алғашқы кезде мұны сұлтанның
кеңпейіл, ақ көңілдігінен деп ұққан-ды.
Төре шешіміне риза болған батырлар сыртқа шықты. Әрқайсысы өзінің
атқосшысы ұстап тұрған атына қарай беттеді.
Байтабын мен Ақбөкен сонау Елек пен Ырғыз өзенінің бойынан Қарақойын
Қашырлыдағы Кенесары әскеріне келіп қосылғалы, Байтабын Наурызбай
жасағына, батыр қыз Ақбөкен Бопай тобына берілген. Байтабын мен Ақбөкен
қосылады екен деген сыбыс болатын, бірақ неге екені белгісіз, бұл сыбыс сол
сыбыс қалпында қала беретін. «Біз қосыламыз», — деген сөз қыздың, немесе
жігіттің аузынан шыққан емес, екеуі ағалы-қарындастай сыпайы сөйлесіп қана
тілдеседі. Мұндай мінездеріне қарап кейбір жұрт «бұлары несі?» деп таңданса да,
ақылға салған бағда біреулері «Бөтен елде жүрген соң қымсынатын шығар, өз
елдеріне барған соң да уақыт жетер», — дейтін де қоятын.
Наурызбай үйден шыққанда ең алдымен апасы Бопайдың атын ұстап тұрған
шашақты найзалы, еркекше киінген қызды көрді. Ақбөкен еді бұл. Ол батыр
Бопайдың әрі қасындағы серігі, әрі атқосшы нөкері. Наурызбайдың жүрегі кенет
дүрсілдей соға жөнелді. Ақбөкенді алғашқы кездестірген күннен бастап кіші
сұлтан осындай бір ауруға шалдыққан-ды. Наурызбай ауруының өрши түсуіне
Ақбөкеннің өзі себеп болған. Патша әскері шабуылынан ауылдың бір тыныш күні
Көшек сұлтанның Айғанша атты тоқалы ұл тауып, жұрт ұлан-асыр тойға
жиналған. Жастар жүрген жерде көкпар, балуан күресі ежелгі салт. Осы қан базар
қырғын мерекеде Наурызбай мен Байтабынға күресуге тура келген. Өзінен екі жас
үлкен Наурызбайдың күші басым болды ма, әлде ел аузына ілінген жас батырдың
мысы жеңді ме, бие сауымындай мезгіл алысқаннан кейін Байтабын жығылған-ды.
Наурызбай бас бәйгіге тігілген сүліктей қара су жорғаны өзі алмай, бөтен елдің
қызы еді, жанындағы жолдасын жыққан айыбым деп, Ақбөкенге тартқан-ды.
— Батыр, бұл айыбың ба, әлде құрметің бе? — деген Ақбөкен қара жор-
ғаның шылбырынан ұстап жатып.
— Айыбым.
— Бәсе, — деген Ақбөкен тостағандай көзі жарқ ете күліп, — ауылыңызға
келген бауырыңызға күш көрсететіндей өкпеңіз жоқ секілді еді...
Ол кезде әзілге әзіл қайтару жастық салты.
108
— Өкпешіл үніңізге қарағанда, менің жығылғанымды тілегендейсіз ғой,
қарындас, — деді Наурызбай күлімсірей, — ондай тілегіңіз болса күні бұрын
құлағыма неге сыбырлап қоймадыңыз?..
Ақбөкеннің қарақаттай қара көзі күлімдей түскен.
— Сыбырлағанды орындайтын болсаңыз, әлі де кезі келер.
— Уәде,— деген Наурызбай қолын беріп.
Ақбөкен екі беті дуылдай қызара, ұзын ақ саусақтарын қымсына ұсынған. Неге
екені белгісіз Наурызбай оның қолын алып жатып, қыздың саусақтарының
дірілдеп кеткенін сезген.
Шынында Байтабын Наурызбайдан күші жетпей жығылған жоқ еді. Бие
сауымындай алысқанда Наурызбайдың күшінің оң жамбасы мен оң қолында
екенін аңғарып қалған Байтабын, егер шынтуайтқа келсе онымен пара-пар
түсетініне көзі жеткен. Бірақ жоқ жерден аяғы көде шөптің үстінен тайып кетіп,
ерлік намысын сақтай алмай жығылған-ды. Бірақ мұнысына ол пәлендей
қорланған жоқ. «Наурызбайдан мендей көп батырдың бірі жығылғанына жұрт
күлді де қойды. Менен қолбасы Наурызбай жығылса, абыройы айрандай төгілер
еді», — деген ол ішінен.
Ал Ақбөкенге Байтабынның жығылуы үлкен әсер етті. «Ел мақтаған жігітті
қыз жақтаған», жиырмадан аспай жатып атағы алты алашқа жайылған, әрі әнші,
әрі сал, өзі төре Наурызбайды Ақбөкен жақын көруге құштар еді. Оны
Байтабынды жыққан жеңіс үстінде көрді, және Наурызбайдың өзінің шеттен
келген жас балуанды жығуын «айып» санаған кең пейіл мінезі, ерлікті,
адамгершілікті дәстүр етіп өскен қазақ қызына үлкен ой салды. Махаббат деген
күн сәулесінен құрылған алтын тор секілді емес пе, Ақбөкеннің жүрегін сол тор
кенет шырмай бастады.
Бұл не сезім? — Ақбөкеннің өзі де бірден ұқпады. Ал Байтабынға деген жүрегі
бұрынғыдай лүпілдемей, күннен-күнге баяу соға түскендей. Мұны қыз анық
түсінеді. Бірақ бұл не? Бір кезде жақсы көрген Байтабынын ұмытуға айналғаны
ма? Бір мінезді, уәдеден айнымас қазақ қызына лайықты қылық па бұл? әрине,
лайықты емес, әсіресе жас кезінде көңілің шын кеткен болса... Бірақ соның өзі рас
құлай берілу ме еді? әлдеқалай соққан жастық желі емес пе екен? Кәрі Серғазыдан
құтылудың жолын іздеп арпалысқан жас көңілдің қолдан жасап алған махаббаты
болып жүрмесе нетсін! Шын сүйген жүрек бөтенге бұрылмаса керек еді,
мұнысына қарағанда Байтабынға деген сезім махаббаттың шын отынан тумаған
жай әшейін балалық сезім тәрізді. Ақбөкен шын махаббатты енді ғана
түсінгендей, сондықтан да оның қиялы көкке шарықтап, жүрегі лүпілдеп, жиі-жиі
соғады...
Осыдан бір ай бұрын Байтабын жорықта жүргенінде Наурызбай мен Ақбөкен
бір шілдеханада кездесіп қалған. Екеуі қарама-қарсы отырып шаршы топ алдында
айтысқан... Сол айтыстың аяғында бәсекелесіп тобық алысқан. Қазақ дәстүрінде
қыз бен жігіттің тобық алысуы құр ғана ойын емес, мұнда екі жас-
тың өздері ғана түсінетін бір терең сыр да бар...
109
Осының бәрін Байтабын біле ме? Білсе қорланбай қалай шыдап жүр? Бұндай
іске шыдау үшін қандай жүрек, қандай ұстамдылық керек? әрине, Байтабын өзіне
төнген жамандықты сезбей жүрген жоқ. Бірақ «ел басына бұлт түнеріп тұрғанда,
бір қыз үшін әлек болуымның реті келмес» деп өртенген жүрегін ақылмен басуда,
Наурызбай мен Ақбөкеннің арасында басталған ойынның аяғын күтіп, өзіне өзі
сабырлық айтып шыдай беруде еді.
Ақбөкенге ордадан шыққан Байтабынның да көзі түскен. Бірақ кіші сұлтанның
қызға қарай беттегенін көріп орнында тұрып қалған.
Ал қызба көңілді Наурызбай өзін өзі ұстай алмай Ақбөкеннің жанына жетіп
келді.
— Арсың ба, қарындас?
— Барсың ба, батыр?
— Наурызбай қалжыңдай күлді.
— Ақбөкеннің бір қапы кезіне кездескен-ақ шығармын, тобығымды бер!
— Сіз секілді арыстандар Ақбөкеннің қапы кезін үнемі аңдиды. Бірақ Ақ-
бөкен оңай қолға түсе қойса жарар еді. — Қыз күлді де тілінің астынан тобықты
алып берді, — мінекейіңіз...
— Япырмай, тым берік жерге сақтайды екенсіз...
— Қадірлі адам берген соң...
Осы кезде ақ ордадан Бопай шықты. Ол анандай жерде тұрған Байтабынға
бірдеме деді. Екеуі бұлардың қасына келді. Байтабын сыпайы ғана амандасты.
— Арсың ба, Ақбөкен?..
— Барсың ба, Байтабын...
Байтабын Бопайдың желдей жүйрік атақты кербестісінің айылын босатып, ер-
тоқымын жөндеп қайтадан ерттеді. Бопай Ақбөкенге көз қиығын тез аударды да
Наурызбайға қарап:
— Байтабын батырды менің жасағыма берсең қайтеді, Науанжан? — деді
күлімсірей.
Наурызбай қабағын шыта қалды.
— Неге?
— Керегі бар.
— Жақсы, — деді Наурызбай апасының өтінішін жерге тастаудың ретін таба
алмай, — Ақмола бекінісін алғаннан кейін Байтабынды сіздің жасағыңыз-
ға мүлдем берейін, оған дейін қинамаңыз. Байтабынның менің жасағымдағы орны
бөлек...
— Болады.
— Қашан аттанбақ ойыңыз бар?
— Бопай ері түзелген кер бестісіне еркектерше жеңіл мінді.
— Бүгін түнде.
— Жолдарың болсын.
— Айтқаның келсін.
110
Бопай мен Ақбөкен жөнеле берді. Олардың соңынан анандай жерде тұрған
төрт салт атты қарауылы желе аяңдай ерді.
Наурызбай мен Байтабын:
— Қош болыңдар, — деді кетіп бара жатқан әйелдердің соңынан дауыстап.
Бірақ ана екеуі жауап қайырмады. Шашақты найзаларын желкілдете, ауылдан
шыға өздерінің жасақтарына қарай құйындата шаба жөнелді.
— Батыр, Ақтастағы қолға барсақ қайтеді? — деді кетіп бара жатқан
әйелдердің соңынан әлі қарап тұрған Наурызбайға Байтабын.
Наурызбай тез бұрылды.
— Неге?
— Алтайдың бір жас мергені келді. Екі жүз қадам жерден лақтырған тымақты
садағымен қағып түсіреді. Соны көрсетейін деп едім.
— Жоқ, Байтабын, — деді Наурызбай, — мерген мен жүйрік ат, қыран бүркітті
тамашалап серуен құратын уақыт енді бізде жоқ. Бір жетіден кейін Қараөткелді
алуға аттанатынымызды өзің естідің. Қарамағымыздағы мыңды соған
дайындауымыз қажет. Күні ертеңнен бастап қамал алу тәсілін үйренуге кірісеміз.
— Ұқтым.
— Ал бүгін Миколай екеуің бар әскерді сасырлы ойпатқа көшіріңдер. Таң-
ертең қару-жарақтарымен дайын тұрсын.
— Миколайдың өзі қайда?
— әне келе жатыр.
Наурызбай мен Байтабын Николайға қарсы жүрді. Бірақ жетер-жетпестен бір
қараша үйдің есігінің алдында тұрған Алтыншашты көріп екеуі бірдей кілт тоқтай
қалды. «Адам баласының да мұндай әдемісі болады екен!» деді ішінен таңданған
Байтабын. Ойламаған жерден жүрегіне оқ тигендей аяғын баса алсайшы енді ол.
Жуан қос бұрымы жерге шұбатылған, аппақ бетінің ұшы сәл қызара үлбіреген,
танадай көзі қарасудай қап-қара боп тұна мөлдіреген Алтыншаш есік алдында сәл
тұрды да бұлт астына қайта кірген күміс айдай жоқ болып кетті. Ар жақтарынан
Николай келіп жетті де үшеуі аттарына қарай аяңдады.
Байтабынның кенет өзгере қалған қалпын сезген Наурызбай езу тартып күл-
ді де:
— Алтыншаш десе Алтыншаш екен әлгі келіншек! — деді Байтабынға қарап.
Байтабынның қабағы кенет салбырап кетті. Ол Алтыншашты басы бос қыз ғой
деп ойлап қалған еді.
Үш жігіт енді өзара сөйлесе ауылдың шетіне шыға берді.
... Бір жеті өтісімен алты жүз жасақ ерткен Бопай алдымен Аманқарағай
приказын, содан кейін Сырымбет тауындағы Уәлиханның бәйбішесі Айғанымның
ауылын шапты. Кенесары қолы Көкшетау жақты шауыпты деген хабар келесі
күні-ақ бүкіл Сарыарқаға жамырай тарады. Бұл хабармен бірге войсковой
старшина Симонов басқарған Ақтау бекінісінен шыққан екі жүз солдат Бопай
алып келе жатқан малды алып қалмақ боп алдынан кетіпті және Омбыдан Ақмола
гарнизонына көмекке аттанған жүз солдат та Көкшетауға қарай бұрылыпты деген
111
хабар ұзын құлақтан дереу бар елге тарады. Кенесарының күткенінің өзі де осы
еді. Ақырғы екі-үш күннің ішінде ол суыт жүріп, әскерінің тең жартысын
Қорғалжын көлінің төменгі саласына әкеп қостатқан. Ал қалған жартысын
Атбасар жақтан орағытып, Есілді жағалата Қараөткелге иектете орналастырған.
Күніне жүз жиырма-жүз отыз шақырым жерді жай алатын қазақы жылқыға енді
Ақмола бәлендей алыс емес-ті. Кенесары осы ат тынықтырып жатқан жерінен
тамыз айының алтысы күні сәскеде көтерілді де, ымырт үйіріле Ақмоланың
маңына шоғырланды. Қоңырқұлжа мен Қарапұшық ертеңіне таңертең
төсектерінен тұрғандарында кеше ғана тып-тыныш жатқан кең даланың, бүгін
құжынаған қол екенін көрді.
Кенесары Ақмола бекінісіне шабуылды осы тамыздың жетісі күні таңсәріден
бастады. Ең алдымен бекініс оңтүстіктен солтүстікке дейін иілген тағадай үш
шақырымдай жерден қоршалды. Бекіністің күншығыс жағы бос — жарты
шақырымдай жерде Есіл өзені. Содан кейін барып қолдың сегіз тұсында сегіз
батыр тұрып алған. Оң жағында Кенесарының өзі, одан кейін Ағыбай, Ағыбаймен
үзеңгілес Бұқарбай. Қолдың шаңқай ортасында Басықара. Басықарамен қатарлас
Төлебай. Төлебаймен үзеңгілес Құдайменді. Құдаймендіден солырақ Жанайдар.
Сол қанатта Наурызбай. Таң құланиектеніп келе жатқанда бес мың атты әскер
«Абылайлап» бекініске лап берді. Бір ғажабы қалың қол үзеңгілесе ат қоймай,
дорбадан шашып жіберген бұршақ секілді, әр салт аттының аралары он-он бес
құлаштай тым-тырақай шауып келеді. Екінші ғажабы, шапқыншылардың алдыңғы
қатары зеңбіректер нысаналанған орға жақындамай, садақ оғы жетер жерден
оқтарын ата сала кейін қарай бұрылып шаба жөнеледі. Бекініске тіпті
ұмтылмайды. Көкпар, сайысқа үйренген қазақ бірі кейін шапса, бірі алға ұмтылып,
оқты қардай боратты. Алдыңғы қатары орға жетпей кейін шегінгенде, көк жиектен
лықылдап көрінген артқы жағындағы бытырай шауып келе жатқан қалың қол
ұшы-қиыры жоқ құмырсқаның илеуі тәрізді. Мұның тағы бір кереметі,
қамалдағылар қол бастаған батырларды жекелеп нысанаға алайын десе, төгілген
тарыдай жер қайысқан жанның қайсысының басшы, қайсысының қосшы екенін
ажырату қиын. Бәрі бірдей киінген. Әр топ өз батырларын тек өздері ғана біледі.
Қорған басында тұрған Қоңырқұлжа мен Қарапұшыққа Ақмоланы қоршаған
мынау қара нөпір қол — бес мың емес (солай деп Ожар күні бұрын хабар берген),
бес жүз мың адамдай боп көрінді.
— Япырмай, — деді таңданған Қоңырқұлжа, — мына Қасымның көкжалы үш
жүздің бас көтерер жігітін тегіс жиған ба?
Қарапұшық аға сұлтаннан да бетер сасуда еді. Оның ойынша Кенесары
сарбаздары лықылдап келіп алдыңғы қатары орға тірелгенде, артқы қатары
оларды орға құлата-мұлата өздері амалсыз топырлап тоқтауға тиісті еді. Сол сәтте
төрт зеңбірек бірдей оқ жаудыруы керек. Қарапұшық күні бұрын зеңбіректерді де
әдейі осы ордың арғы қабағына көздетіп қойған.
Ал Кенесары сарбаздары оның бұл ойынан шықпады. Орға келіп тірелмек
түгіл, тіпті оған жуымай, анандайдан садақтарынан жебе қарша боратқан
112
қалыптары жалт береді. Бір қызығы, сарбаздар оқты қанша атса да, бірлі-жарым
солдатқа ғана тигені болмаса бәрі бірде асып кетіп, бекіністің ішіне түсіп жатыр.
Егер қолдарынан келері осы болса, мейлі, оқтарын жаудыра берсін! әйтсе де
Қарапұшық өте сасуда еді. Бұл оның көрмеген соғысы. Ол қазақты зеңбіректің
аузына байлап атып үйренген. Ал мына қу Кенесары оны істетер емес. Зеңбіректі
сонау тым-тырақай ерсілі-қарсылы шауып жатқан сарбаздарға атқаныменен
қаншасын қирата алады? әр салт аттының арасы он-он бес құлаш, көп болса екі-
үш адамды оққа ұшырады. Ал зеңбіректі оқтап, білтесіне от беріп атудың өзі
қаншама уақыт алар бір қияпат іс!
Қарапұшық Кенесарының сарбаздары осылай құр текке шауып жүрген жоқ-ау
деген ойдан да күдікті еді. Көп кешікпей бұл күдігі де анықталды. Кенет
Қоңырқұлжаның:
— Ойбай, үйлер жанып жатыр! — деген үрейлі даусы шықты. Осы сәтте
Қарапұшықтың дәл қасына кеп қорған ернеуіне бір садақ оғы шаншыла түсті.
Қарапұшық қолын созып суырып алды. Қауырсынына қара майлы білте шүберек
байланған. Заматта білте шүберектегі кіп-кішкентай қызыл шоқ пысылдай жана
бастады. Қарапұшық енді түсінді! Жүрегі бір сұмдықты текке сезбеген екен!
Кенесары сарбаздары бағанадан бері садақты босқа беземепті.
Олардың атқандары мынау оқ тәрізді, әдейі бекініс ішіндегі ағаш үйлерге өрт
салуға арналған оқ боп шықты. Қарапұшық бекініс ішіне қарап еді, әр жерден
көкке лаулай көтерілген өртті көрді. Халдерінің қиынға айнала бастағанын енді
түсінді. Өрт молайса оқ-дәрі, азық-түлік қоймасын да алады, онда бұлардың
шаруасы біткені! «Зұлым Кенесары қулығын асырды! Бірақ тұра тұр әлі, көресіңді
көрсетермін!».
Қарапұшық бағанадан бері Кенесары сарбаздарына оқ жаудырып жатқан
солдаттарының қырыққа таяуын амалсыздан өрт сөндіруге жіберді. Қалғандарына
жолдастарын жоқтатпауды бұйырып, зеңбірекшілерге:
— Зеңбіректеріңді ордың ернеуінен алып, анау қалың қолдың дәл ортасына
меңзеңдер, — деп ақырды.
Бес минут өтпей зеңбірекшілердің:
— Дайынбыз! — деген дауыстары естілді.
— От! — деді ызаланған Қарапұшық қолын төмен сілтеп.
Аралары елу метрден қойылған төрт зеңбірек, бірден күндей күркіреп гүрс-
гүрс етті.
— Солай ма екен! — деді қуанып кеткен Қарапұшық.
Түс кезі болып қалған-ды. Ортадағы зеңбіректің оғы дәл тиген бір атты сарбаз
ат-матымен көкке ұшқанын Қарапұшық анық көрді. Екі-үш жігіт шет жақтан
құлап түсті. Өз тұсынан да екі жігіт ат-матымен омақата оққа ұшып қаза болды.
Қарапұшық зеңбіректерді тағы да аттырды. Бірақ бұ жолы оның оғы далаға кетті.
Өзі де түсінбей қалды, бұ не ғажап! Зеңбірек даусы шыққаннан кейін, сарбаздар
қорқып кейін қашудың орнына, кенет бес қатар боп бірінің соңынан бірі
тізбектеліп, араларын тағы да он-он бес құлаштан салып, бекініске лап қойды. Бұ
113
жолы олар нағыз бір шыр көбелек айналған құйын тәрізді көпшілігі ордың арғы
қабағын қоршай шауып, қауырсын жебелерді тағы да қардай боратты. Жақын
жерден көзделген мерген оқтары қорған үстіндегілердің басын көтертер емес.
Ал Басықара, Төлебай басқарған әскердің бір тобы, зеңбіректерді солдаттар
қайтадан ордың қабағына меңзегенше, оңтүстік пен солтүстіктегі қақпа алдындағы
жіңішке жолдардан бері өтіп, қорғанның іргесін айнала шауып, бекіністің үстінде
тұрған солдаттарға қыл арқан-бұғау лақтырды. Қорғанның әр жерінен басын
қылтың еткізіп көтерген бес-алты солдатты лақтырған бұғау іліп те әкетті. Екі
жақтан бірдей атылған мылтық, тартылған садақ, әлем-тапырық бір қияпат. Дәл
осы кезде айқай-шу, жан таласқан айқасты пайдаланып, бекіністің солтүстік
жақтағы шойын топсалы, шананың табан темірімен шандылған, шынжыр құлыпты
қарағай қақпаның сыртынан бір топ сарбаз шелектеп қара май жағып, түбіне қара
маймен ысталған қызыл тобылғыны үйіп, өрт қойып жатты. Бықси жан-
ған тобылғының үстіне бірнеше шелек қара май тағы құйылды. Жалын алғаш-
қы рет лап етіп көкке көтерілген кезінде, ор қабағына қайтадан меңзелген
зеңбіректердің де жер жарған гүрсілі естілді. Бұ жолы да жиырма шақты
жауынгерді оққа алдыртып жарлық бойынша Кенесары сарбаздары кейін шапты.
Бірақ бұл кезде бекіністің іші қалың өртке айналған еді. Қоңырқұлжа мен
Қарапұшыққа енді бар әскерін екіге бөлуге тура келді. Өрт сөндіруге жіберген
жауынгерлерді қоспағанда, бекіністі қорғауға жарайтын не бары екі жүздей ғана
солдат қалды. Оның үстіне екі зеңбірекшіні Кенесары сарбаздары арқанмен
тартып әкетіп, бұлардың күші тіпті азая түсті. Қоңырқұлжа мен Қарапұшық
халдарының мүшкіл бола бастағанын сезіп не істерге білмей әбден сасып тұрған
кездерінде солтүстік қақпаның лапылдап жанып жатқанын көрді.
Бесіннен өте өртене бастаған қақпа ағашы екіндіге жетпей жанып болды. Енді
темір қоршаулар саудырап жерге түсіп, қорғанның солтүстік жағының жиырма
құлаштай жері үңірейе қалды. Қауіп қай жақта екенін көздері көрген Қоңырқұлжа
мен Қарапұшық осы қақпаның қарсысына дереу құм салған қаптардан кедергі
істетіп, отыз карабін мылтықты солдатты сол қаптардың тасасына отырғыздырды.
Бағанадан бері құр садақ тартып, мылтық атып, алыстан тиіп-қашып жүрген
Кенесары сарбаздары да, енді қамалға кірудің мүмкіншілігі барын көрді. Бәрі
бірдей лап қоюға қақпаның алдындағы жол жіңішке, жау бар зеңбіректерін,
қаруын осы араға меңзер болса, топырлап шапқан жұрт босқа қырылады. Осыны
ойлаған Кенесары, ұрыстың түйіні шешілетін жерге өзі келіп:
— Қайсың барсың жүз адамменен бекініске кіретін? — деп айқай салды.
Атын ойнатып Басықара батыр шыға келді.
— Жолың болсын! — деді Кенесары. Өзге батырларға да: жау көңілін бұру
үшін, сендер де бекіністің жан-жағынан оқ жаудырыңдар деп бұйырды.
Басықара батыр Кенесарының ризалығын алысымен өзінің мың әскерінен
таңдап жүз сарбазды бөліп алып, жау қамалына қарай лап қойды. Өзі ат жалын
құшып, ер үстіне еңкейе жатып алды. Астындағы кер төбелі қалың шөпті
бауырлай ұшқан құс тәрізді. Соңынан құйындата шұбырған жүз сарбазы.
114
Басықараны мұндай шапшаң қимылдайды деп солдаттар да ойламаған болуы
керек, мылтықтарын оқтап кезенгенше, Басықара сарбаздарын соңынан шұбырта,
бекіністің ішіне кіріп те үлгірді. Қақпаның дәл қарсы алдындағы үйілген
қапшықтан кер төбелін секірте өтіп, қарама-қарсы келіп қалған бір-екі солдатты
кеспелтек сойылмен доптай қағып қайта оралғанында, ұзын бойлы қара бұжыр
солдат орнынан ұшып тұрды да, мылтығын шапшаң кезеп Басықараны дәл көкірек
тұсынан дәлдеп атты. Аңғал батыр сауытсыз еді, «қош бол елім» деп ат үстінен
сүйретіле біраз жер барды да, сылқ етіп құлап түсті.
Қол бастаған батырларының оққа ұшқанын көрген жүз жігіт кейін қарай шаба
жөнелді.
Қашқан жауға қатын да ер, соңдарынан атылған оқ бұлардың да он шақтысын
алып қалды.
Шегінген тобырдың соңынан иесіз ойнақтап шыққан Басықараның кер төбелін
көргенде Кенесары шыдай алмай:
— Тастамаңдар Басықара батырды жау қолына! — деп тұлғасы бөлек көк
буырыл бестісін ойната әмір беріп, ешкім шықпаса өзім шабайын деп ыңғай-
ланғанша, қамыс құлақ, бөкен сан, бүкіл Арқаға әйгілі «ортеке» аталған
сәйгүлігімен Төлебай батыр, жұрттан сытылып шығып жеке сала берді. Бұл кезде
Кенесарының қасында өзге батырлардың ешқайсысы да жоқ еді. Наурызбай да,
Ағыбай да, Бұқарбай да бөтен шепте болатын. Екі жүз қадамдай жерде жеке кетіп
бара жатқан Төлебайды көргенде Кенесарының өзі де шыдай алмады.
Көкбурылдың үстіне тік түрегеліп тұра қалып «Абылайлап» қамалға қарай
құйындата жөнелді. Көкбурылдың үстінде ажалдан қорықпай түрегеліп шауып
бара жатқан Кенесарыны көргенде өзгелері де орындарында тұра алмады.
«Абылай!», «Ағыбай!», «Атығай!», «Қабанбай» деп ұрандап бекініске лап қойды.
Айқай-шудан жер сілкінеді. Күн батып қара көлеңкеленіп бара жатқан кез еді.
Таң сәріден нәр татпай күні бойы Кенесары сарбаздарымен екі жақтан алысқан ер
жүрек солдаттар да, енді шыдай алмады, біртіндеп шегініп үй-үйді тасалап
атысуға мәжбүр болды. Әйтсе де белдесіп келгенде қаптаған сойыл, сыңсыған
найза қоя ма, түн ортасы аумай Ақмола бекінісінің әскері жеңілді. Тек қара түнді
пайдаланып азғантай әскерімен Қоңырқұлжа Қарапұшық бекінісінің Есіл жақтағы
қақпасынан қашып шықты.
Жеңіске мастанған қатігез жауынгерлер қорғансыз қалың қойға тиіп қанға
құныққан аш қасқырлардай, жұрттың жазықты-жазықсызына қарамай, түні бойы
ойран салды. Таланбаған мүлік, былғанбаған абырой қалмады. Қандай ұрыс болса
да ең алдымен бүліншілікке ұшырайтын халық. Бұ жолы да солай болды.
Жыламаған бала, боздамаған ана жоқ. Бұл қырғын тек таң ата ғана толас-
тады.
Сөйтіп Кенесары сарбаздары Ақмола бекінісінің үйлерін тегіс өртеп, қорғанын
құлатып, жермен-жексен етіп, орларын топырақпен бітеп, кешегі Шығыс Сібірдің
отаршылық қамалы тұрған жерді тып-типыл етіп, ертеңіне қайтадан Ұлытауға
қарай шегінді.
115
Осы жолы Ақмола бекінісін алуда еткен қаһармандық қайраты үшін Кенесары
Төлебайды Жеке батыр атады. Көп кешікпей Ағыбай, Наурызбай, Бұқарбай, Жеке
батыр бастаған Кенесары сарбаздары Ақтау, Ортау бекіністерін алды.
Зеңбірек пен карабинді, аға сұлтан мен старшинды жеңуге болатынын көрген,
әзірге үндемей келген кейбір рулар енді Кенесары ордасына қарай ағыла түсті.
Кенесарының абыройы да, қадірі де артты. Бірақ жан аямас қаталдығы көп елді
өзінен үркітті. Алайда соңынан ерген батырлары оны ұлт қаһарманына
айналдыруға тырысты. Ал Кенесары өзі болса «Аяз, әліңді біл, құмырсқа
жолыңды біл» дегендей, әлі де ақ патшамен шын белдесіп күресуге күшінің
жеткіліксіз екенін жақсы түсінді. Енді ол бұлаң құйрық түлкі қулыққа салып
патша солдаттарымен жата-жастана ұрысып, қазақтың ереуілге қосылмай жат-
қан басқа руларын өзіне тартуға кірісті.
ІІІ
Ақмола бекінісінен айырылған түні Қоңырқұлжа Қарқаралы өкірігімен шектес
Есілдің Ертіске қарай бұрылар түбегіндегі Зейнеп ауылына беттеген.
Кенесарының көтерілісі дами бастағаннан-ақ оған дәт беріп отырған жер-суынан
айырылған қалың елдің қаһарынан сескеніп шын көңілмен қосылған Азнабай
балаларынан басқа да Едігенің Шоңы, Күшіктің Шорманы, Шорманның Мұсасы,
Сандыбайдың Ердені, Дүзені, Сайдалының Аққошқары секілді Арқаның мыңды
айдаған бірнеше шынжыр балақ, шұбар төс байлары Кенесарыға «Біз сендер
жағындамыз» деп жалған ниет білдірген. Тіпті сол патша отаршылығына мойын
ұсынып, шен алып, шекпен киген сұлтан тұқымдарының кейбіреулері Кенесарыға
қосылып кеткендей болды. Уәлиханның екінші баласы әбілмамбет (Мәмке)
Кенесарыға еріп, жорықта қаза тапты. Тұрсынханның Сарманы «Қара қазақтан
шыққан Көшеннің Тұрлыбегін аға сұлтан қойдың» деп ақ патшаға қарсы
көтеріліп, Қасым балаларына келіп қосылған. Абылайдың туған ағасы
Жолбарыстың баласы Қошай, Уәлиханның туған інісі Шыңғыстың баласы Сартай
секілді Абылай тұқымынан шыққан бірнеше сұлтандар Кенесары жағына бірден
ауған... Осындай аласапыран кезде, артында сөзін тыңдар елі бар, Ар-
ғынның биі Шегеннің Мұсасы, Қыпшақтың биі Жаңбыршының Балғожасы секілді
табанды бай, би, сұлтандар болмаса, «Кенесары малымды айдап алады» деп
қорыққандары, уақытша болса да ереуілшілерді жақтағандай көрінген, Арқадан
Ақмола аға сұлтаны Қоңырқұлжаға сүйеніш болар тек Қарқаралы аға сұлтаны
Жамантай, Аманқарағай аға сұлтаны Уәлиханның Айғанымнан туған баласы
Шыңғыс, Баянауыл аға сұлтаны Абылайдың Маманы орнынан алынғаннан кейін,
қарадан шығып осы Баянауылға аға сұлтан болған Тұрсынбайдың Боштайы,
Көкшетаудың аға сұлтаны Атығайдың Аңғал руынан шыққан мыңды айдаған
Қаратоқаның сотқар Зілқарасы мен Құсмұрын тұсындағы Ашамайлы Керейдің
баукеспе ұрылар ұстаған, бықыған бай Есеней.
116
Бұлардың ішінен әсіресе арқа сүйері, жері жақын және Қоңырқұлжаның
қайын-жұрты Тәукенің Құсбегі мен Жамантайы. Бұлардың түбі — Арқаға сіңіп
кеткен Орақ ханның баласы Бөкей сұлтанның немере-шөберелері. Құсбек пен
Жамантай жайылымға, билейтін елге, аға сұлтандыққа таласып өзара күнде
қырылысып жатқанмен азуы алты қарыс Қоңырқұлжаны күйеу санап екеуі бірдей
жақын тұтады. Жас тоқал Зейнеп Тәукенің ең кенже қызы. Ақмола өкірігіне
Қоңырқұлжаның қандай беделі жүрсе, Қарқаралы өкірігіне Тәуке балалары
Жамантай мен Құсбектің де сондай беделі бар. Сондықтан да Қоңырқұлжа Зейнеп
пен баласы Шыңғыстың арасындағы оқиға жанына қанша батса да төрелердің ескі
дәстүріне салып, жас тоқалын төркініне көшіре алмаған. Өз басына қауіп төнген
осынау аласапыран кезде Тәуке балаларымен шатысуды қажет деп таппаған.
Қасым төре көкжалдарын жеңіп алсам, со да менің тақияма тар келмес деп өзіне-
өзі жұбату айтқан. Оның үстіне төре тұқымы бір әке-шешеден туып, бір емшектен
сүт ембесе, бірінің қызын, қарындасын бірі алып, күйеуі өлсе оның әкесіне немесе
ағасына тиіп шатысады да жатады. Қара қазақтай әйел мәселесінде «ұят», «обал»,
«ата жолы» деп ар-намысты сылтаулап төрт тағандап жатып алмайды, қашан да
болса бос белбеу, көйлек етегі жеңіл, сыпырма, босаң келеді. Сондықтан да қалың
қазақ арасына Бұқар жырау айтқан:
Қатын алма төреден,
Қатын алсаң төреден:
Еркегі болар жау жанды,
Ұрғашысы — ер жанды, —
деп басталатын өлең кең тараған. Төре тұқымынан шыққан сұлу әйелдің «ер
жанды», «еркек құмар» салтына еті үйреніп кеткен сұлтандар, егер ел билеу,
мансап сақтау тілектеріне шипасы тиер болса, қатын, қыздарының үй арасындағы
бозбалашылығына мән бермейтін, көргенін көрмегендей боп, жауырды жаба
тоқып жүре беретін.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», Қоңырқұлжа да тұқымының
ауызданған салтынан аса алмаған. «Мың жылқы суарылғанда лайланбайтын көз
бір тентек баланың ыш еткенінен бүліне қоймас», — деп, еркек жанды тоқалдың
қылығын баласы Шыңғыс қаза тапқаннан кейін, тіпті ұмытуға айналған.
«Кенесарының ойы Ақмола бекінісін шабу секілді», — деген Ожардың алғашқы
хабары жеткен күні-ақ Қоңырқұлжа тоқалының аулын төркін жұртының жерімен
шектес Есіл өзенінің төменгі жағына көшірген. Өйткені Кенесары жалғыз
Қоңырқұлжаға ғана емес, Жамантайға да өшігулі, тек Қарқаралы шалғай болып,
әзірге сондықтан ойран сала алмай жүр, ал реті келсе жақын жердегі Тәукенің кіші
қызының аулын ең алдымен шабары анық. Осы жағдайды ойлаған аға сұлтан
Зейнепті өзінің еншісіне тиетін үш мың жылқымен төменгі түбекке көшіріп
тастаған. Бұл жер Құдайменді балаларының анда-санда көшетін тың жайылымы
болатын.
117
әлі ыстығы толарси қоймаған Желтоқсанның аяқ кезі еді. Қызғалдақ,
сарғалдақ, бақбақ, лала, жаушымылдықтар гүлденіп бітіп, бетеге, көкпек сарғылт
тартып, ит мұрын, жуа, қарабауыр, жалбыз, қара қарақат, қызыл қарақаттар қата
бастаған. Арқа жерінде сирек кездесетін түйе тікеннің жапырақтары түсіп, сабы
серейіп, басы домалана ербиіп, шытыр, қарабауыр, шырғанақ тарамыстана түскен.
Есіл өзенінің жағасында ойдым-ойдым боп бітетін тал, шетен, сары-
ағаш, қайың, аршалардың жазғытұрымғы жасыл жапырақтары сарғылттанып, ал
кейбіреулері үнемі соққан желдің екпініне шыдай алмай сидия қалған. Соңғы екі
жылдың ішінде Құдайменді балалары Ақмола бекінісінен ұзап көшуден қорқып,
бұл араға қонбағандықтан күзгі шөп әлі тың. Оның үстіне Есіл өзені жазғытұрым
тасығанда кіші-гірім көл болып қалатын қамысты қарасулардың беті мен жағасы
құсқа толы. Бұл арада кішкентай көкторғай, бөдене, көксерке, жағалтай кекілік,
балтатұмсық, шілден бастап, үлкендігі анау-мынау қозы-лақтан кем емес, қарақаз,
бірқазан, дуадақ, қарабай, қырғауыл мол болатын. Қазақ даласының өзге жерінде
сирек кездесетін жайра, тағанақ, сақалта, алақұмай, көк қарға, қодас қоңылтырды
да іздеген адам табатын. Көлдерінде қаз-үйрек, аққу, қарақу тыным алмай сыңсып
ән салатын.
Қазақ даласында жайшылықта мол кездесетін қоян, қасқыр, түлкі, қарсақ,
борсық, суыр, ақтиін, күзендерден басқа, бұл арада ақкіс, қарағанның қара түлкісі,
қырдың қызыл түлкісі, көл, өзендерінің жағасында сусар, құндыз, бұлғын да
ұшырайды. Кейде әлдеқалай жем іздеп келген сілеусін мен шиебөрі де кездеседі...
Осы араға Зейнептің аулы келіп қонған. Қоңырқұлжа ұры-қарыдан тоқалының
мал-мүлкін қорғау үшін, сойыл сүйреткен елу жігіт күзетші берген.
Қарындасының көші Қарқаралы шетіне келіп тоқтағанын естіген Жамантай
«Кенесарының сарбаздары аш қасқырдай жортқан мезгіл ғой, ел шетіне келіп
қонған қарындасымды шауып кетсе, Құдайменді тұқымының бетіне қарай
алмаспын», — деп Зейнептің аулын күзетуге тағы да жүз жігіт жіберген.
Жамантайдың сескенетін де қисыны бар. Осының алдында ғана Кенесарының көк
бөрілері Есеней аулын шауып кетті деп естіген.
Осындай бір жағы қорған, бір жағы аңдушы жүз елу жігіті бар жас тоқал ойын-
сауығын құрып, көк Есілдің жағасында қаннен-қаперсіз жата берген. Оған жан-
жағындағы екі елдің қыз-бозбалалары да жиі қатынасуда еді. Зейнепке
«Пәленшенің болыс баласы сені бір көруге құмар екен», «Түгеншенің Бұқарға
керуен айдатып жүрген мырзасы, бір түндік ұйқыңды қиюың үшін төрт тай шәйі,
бес бас қант жіберіпті», — деп бой жете бастағаннан-ақ сөздерін жеңіл өткізіп
үйренген жеңгелері де келіп-кетіп жатқан-ды. Бәрі де жас құлынның етін жеп,
сары қымыз бен қою шайын ішіп «Еркежан-ау, бөксең әбден толып, өзің
Төлегеннің қырық күн шапса болдырмайтын көк жорғасындай жалпақ жаурын
болыпсың ғой», — деп қалжыңдап, не болмаса «төрт түлігің түгел, тек енді аға
сұлтан байыңа бір ұл тауып беріп, оның дізгінін мүлде қолыңа ал», — деп ақыл
айтып көңілін көтеретін. Бұрынғыдай «Еркем-ау, бәленшенің аузының суы құрып
жүр, бір түнге көңіл бөлсең нетеді?» не болмаса: «Жас кезде қызық көргенге не
118
жетеді, ағаңның көзіне шөп салмай, етегіне намаз оқып жүр дейсің бе бізді. Сен де
құр қалма», — деген секілді Зейнептің жанына майдай жағар сөзді бірде-бірі
айтпаған. Ал ауыл ішіндегі көз тоқтайтын төлеңгіт, не болмаса өзін қорғауға
берген сарбаздардың бірде-бірі не күндіз, не түнде Зейнептің ақ отауының есігін
ашпайды. Ал есігін ашар болса, іштерінде нелер боздақ, нелер саңдақ бар. Оны
Зейнеп сырттай аңғарып қалған. Кім біледі, ол жайсаңдардың ішінде де «шіркін-
ай, оңашада қолыма бір түсер ме еді!» — деп Зейнепке сыртынан құмартып өліп
жүргендер де аз емес шығар, бірақ Қоңырқұлжаның кәрінен қорқады. Жамантай
да, Қоңырқұлжа да жігіттеріне «ауыл ішіне кіруші болмаңдар, қостарыңды далаға
тігіп, тыныштықтарын сырттан барлаңдар» деген.
Бұл шартты бұзғысы келген, Зейнепке қызыққан кейбір өжет жігіттер,
Қоңырқұлжаның сақ құлақ тыңшыларынан сескенетін. Түн жасырғанды тыңшы
көреді, жас тоқалдың ебін табамын деп жүріп, кеудесіне қанжар қадауға кім
құмар...
Ал күнде сан мезгіл жас қуырдақ пен балбыраған уыз етке тойынып, балқаймақ
пен сары қымызға ғана сусынын қандыратын Зейнеп, күйеуге шыққалы еркексіз
үш күн жатып көрмеген жас денесінің күйіп-жандырған қызуын баса алмай,
құшырлай қысқан жүнді кеуде, бура сан жігіттерді аңсап, өліп-өшіп барады... Оған
мауқын басар еркек құшағы болмаса, мынау үлде мен бүлдеге бөленген ақ қозы
жүнінен бастырған алты қанат ақ отау, көл жағалай жусаған үйір-үйір көк ала көп
жылқы, құрметтеп бас иген қыз-келіншек, төлеңгіттердің бірде-бірі қызық емес.
Барлық ойы, тілегі, мейлі соқыр болсын, ақсақ болсын тек құмарлық айызын
қандырар еркекте ғана... Мауыққан мысықтай көзі тұманданып, ал қызыл бүрте
ерні кеуірсініп кеткен.
Ақмолада болып жатқан уақиғадан Зейнеп бейхабар. Шабарман ертең келмек.
Әрине, ол байы Қоңырқұлжаға тез жетсін деп әмір жібереді. Кәрі тарланның кей
қимылы, жас тұлпарға бергісіз. Сондықтан да Зейнеп оны аңсай түскендей. Бірақ
Қоңырқұлжа келгенше де шуда жіптей созылған ұзақ екі-үш күн бар алдында...
Зейнеп ызадан құшақтап жатқан ақ мамық жастығын түйгіштеп-түйгіштеп
жіберді. Сәске болып қалған кез еді. Енді ол орнынан тұрмақ боп аяқ жағындағы
кебісін киіп көтеріле бергенде, кенет үй сыртынан ат дүбірі естілді. Жүрістері
өктем емес, баяу. Жай ауыл адамдары секілді. «Бұл кім болды екен?» деп Зейнеп
сәл ойланды да, әдеті бойынша есігінің сыртында отыратын күңді шақырды. Есікті
ақырын ашып үйге кексе қара бұжыр әйел кірді.
— Төре қызы, — деді күң, — жиеніңіз келіп түсіп жатыр.
— Қай жиенім?
— Масан би ауылындағы.
— Қойшы?!
Зейнеп орнынан атып тұрды. Масан Қарқаралыға аты шыққан би, Қаракесек
қаз дауысты Қазыбектің ұрпағы, Жамантайдың ақылшысы. Масанның аталас
ағайыны, арғы бабалары «жалғыз көз» Орақ, Қияқ, Тұяқ батырлардың жауынгері
болған, Атығай Құсбектің немере қарындасы Гүлбаршынды алған-ды. Осы келіп
119
тұрған сол Атығайдың баласы Есіркеген еді. Баянауылда орыс мектебінде оқып
жүрген он алты-он жеті жасар бала жігіт. Зейнептен төрт жас кіші.
Зейнептің Есіркеген атын естігенде төсектен атып тұрмасқа амалы жоқ. Зейнеп
он беске шығып, Қоңырқұлжа биыл ұрын келеді екен деп жүргенде Құсбек
ауылына барған-ды. Сол жылы Есіркеген де нағашысының ауылына келген. Үріп
ауызға салғандай аппақ жүзді, үлкен қой көзді он бір жасар баланы нағашы
апалары қызық көріп, бірінен соң бірі үйлеріне шақырып қондыратын. Ол кезде
әлі әжетке жарамаған еркек баланы бой жеткен, немесе бой жете бастаған қыз
балалардың бір төсекте жанына алып жатуы ерсі емес. Тіпті әке-шешелері бой
жеткен қыздарына қорған болсын деп ондай баланы әдейі жатқызады. Есіркегенге
Құсбек нағашысының үйіне қонған күні оң жақтағы кең болыскей керуетте екі
апасының ортасына ұйықтауға тура келді. Бір апасы осы бой жетіп қалған Зейнеп.
Екіншісі Атбасар дуанының бір сұлтанына ұзатылған, енді төркіндеп келіп жатқан
Құсбектің үлкен қызы Қадиша деген сұлу келіншек. Қысты күні еді. Үйде сол күні
қасқыр қуып, аттары болдырып қонып қалған бір-екі бекзадалар да бар болатын.
Құсбек төренің өзі үйде жоқ. Бозбалашылықты басынан талай өткізген сарықарын
бәйбішесі, үйінде жатқан қонақтарынан қауіптенді ме, әйтеуір екі қызының
ортасына
жиен
баласын
жатқыз-
ған. Қыз ояту ол күнде дағдылы әдет. Шам сөнген соң біраздан кейін қара сақалды
қонақтың ертегісін тыңдап жатып Есіркеген ұйықтап кеткен. Қанша ұйықтағаны
белгісіз Ўлден уақытта оң жағындағы Зейнептің Есіркегенді «сен былай жат» деп
құшақтай іргесіне салғанында ғана оянып кетті. Болыскей керует ақырын
қозғалып,
түйіршік-шиыршықтарының
күміс
қоңыраудай
әлсін-әлсін
шылдырлағандарына қарағанда төсектеріне үшеуінен бөтен тағы біреу келген
секілді. Мұның нендей мәні барын білетін бала кенет ызасы келіп, қызғаншақтығы
ұстап «бұл кім-ей?» деп айқай салып жібермекші де болды. Өйткені бағана
төсекке жатқызар алдында үлкен нағашы апасы ойыны-шыны аралас «байқап
ұйықта, апаларыңды біреу-міреу ұрлап әкетіп бара жатса, айқай сал», — деп
күлген. Бұнысы «байқа, күзетшің бар», — деп қыздарын қорқытқаны еді. Осы сөз
есіне түскен Есіркеген бірден айқайлауды ерсі көріп «бұл кім-ай?» деп қолын
созғанда, алақаны ертекші қонақтың қара сақалына барып тиген. Баланың бір
сойқан шығарарын сезіп қалған Зейнеп дереу Есіркегенге бұрылып, тентек жиенін
бауырына қысып, бетінен сүйе бастаған. Дәл қасында жатқан келіншек апасының
қуанышы қызықтырды ма, әлде ұзақ созылған кереует дірілі, қауызын ашуға жаңа
жеткен гүл жайнаған жас денесінің сезімін оятты ма, Зейнеп «біз де сөйтейік» деп
Есіркегенді бұрынғысынан да құшырлана бауырына қыса түскен. Нағашы
апасының сөзін жыққысы келмеді ме, әлде оның ыстық лебі өн бойын қытықтап,
бұрын білмеген бір ғажайып дүниеге бөледі ме, Есіркеген әйтеуір Зейнептің
қолын қақпаған, дегеніне көне берген.
Ертеңіне Есіркеген апаларынан ұялып үйден таң атпай зытып отырған. Тіпті
аулына кеткенше бұл үйге енді қайтып басын да сұқпаған. Содан бері нағашы
апасы Зейнепті көргелі келгені осы. Арада алты жыл уақыт өтіпті. Алты жыл жас
120
баланың ер жетіп, ал ер жеткен қыздың дүниенің нелер ыстық-суығын басынан
өткізіп үлгіретін уақыты. Зейнеп тез киініп, шымылдықты түрді. Сөйткенше
болған жоқ, қамшысын бүктей ұстап Есіркеген «Ассалаумағалейкүм» деп үйге
кіріп келді. Бұл баяғы ешкінің асығындай кішкентай Есіркеген емес. Булығып
өскен денесі сұп-сұңғақ. Бозғылт беті сәл сопақтанып, ет жеңділеу мұрны
шеміршектеніп, қырланып, жоғарғы ернінің үстінде азырақ ұлпа жүнді мұрт та
көріне бастапты. Қалада оқып жүрсе де ауыл жігіттерінше киінген. Басында —
сырты көгілдір пайы, қара көк елтірі бөрік, үстінде — жағасы көгілдір барқытпен
көмкерілген, ақ ботаның түбітінен өрмектеп тоқылған қысқа етекті шапан,
шалбары да осындай ақ бота түбітінің өрмегінен. Кең балағына екі елідей,
бөркінің тысы мен шапанының жағасы тәрізді, көгілдір барқыт ұстаған. Белінде
патсайыдан ызған шашақты белбеу, қисық жаға қара атлас көйлегінің азғантай
ғана өңірі көрінеді. Аяғында шоңқайма қара былғары етік. Есіркегеннің он жетіге
жаңа шықса да кәдімгідей қыз қызығар жігіт болып қалғанын Зейнептің ойнақы
көзі бір көргеннен-ақ таныды. Ол құшағын жайып қарсы жүрді. Жиенін бауырына
қысып екі бетінен кезек-кезек сүйді. Нағашы апасының ыстық ерні, апалық
ылтипаттан гөрі ыстығырақ тигенінен қысылып Есіркегеннің екі беті дуылдай
жанып қызарып кетті. Әлде бұдан алты жыл бұрын өткен оқиға есіне түсті ме, ол
әйтеуір Зейнептің құшағынан қымсына қимылдап тез босанды.
— Ауыл-аймағың, әке-шешең аман ба? — деді Зейнеп жайраңдай, — өзің де
үлкен жігіт болып қалыпсың! — Сірә мұның да есіне баяғы түн түскен болу керек,
ол сылқ-сылқ күлді, — оқуда деп еді, қала қыздары өздерінің өнегелеріне
үйреткен шығар?
Нағашы апасының салған жерден әзілдесе сөйлегені Есіркегенге ұнаған жоқ.
Сөйтсе де жылы жауап қайырды.
— Оқуда екенім рас, бірақ қыздардан емес, мұғалималардан өнеге алып
жүрмін.
— Қойшы? Олардың өнегесі біздердікінен өзгеше болады ма екен?
Қой сойылып, самауырын қойылды. Қыстан шыққан сүр қазы салынған, таң
асқан уыз қымыз ішілді. Ет пісер кезде ауылдың бір-екі ақсақалдары шақырылды.
Ет жеп, қымыз ішіп, аз уақыт әңгіме құрып олар да кетті.
Оңаша қалған жиенінен қаланың жайын сұрап нағашы апасы өліп барады.
«Қатынды қаладан аласың ба, даладан аласың ба?» — деп қояды сөз арасында.
«Қала қыздары біздей емес бапты келетін шығар, көрдің бе өздерін», — деп сылқ-
сылқ күледі. Есіркеген ұялғанынан жалтара жауап береді. Он жетіге келіп қалды
деген аты болмаса, ол әлі де қауызын жарып шашылмаған гүл тәрізді,
қалжыңдаған боп көңіліне шоқ сала сөйлеген нағашы апасына кейде ренжіп
қалғандай өкпелей қарап, әзіліне көз жасындай таза мөлдір бұлақ сезіммен жауап
береді. Ал Зейнеп болса... бала жігіт ыңғайына көнбеген сайын, бұрынғысынан да
өршелене түседі. Төр алдында шәйі көрпе үстінде мамық жастықты шынтақтай
сұлаған оқыған жиеніне әлденені дәметкендей әлсін-әлсін телміре қарап, оны отты
көздерімен ішіп-жеп барады. Ірге жақта көлбей, ақ жастықты бауырына қысып
121
етпетінен жатқан күйі, кейде екі аяғын кезек-кезек көтеріп қояды. Аяғын көтерген
сайын тығыршық аппақ балтыры әлсін-әлсін жарқ етіп көрінеді. Әлденені сылтау
етіп, ақ саусақтарымен басына басы таяй түскен жиенінің біресе бетінен сипап,
біресе ойнағансып тамағынан қытықтайды.
Нағашы апасы мен жиенінің оңаша шүйіркелескенін қазақ қашан ерсі көрген,
ешкім бұл екеуінің күні бойы ақ отаудан шықпай әңгімелескеніне көңіл бөле
қойған жоқ. «Бейшаралар бауырлас емес пе, бірін-бірі сағынып қалған ғой», —
деді де қойды. Ал ақ үйдің ішінде әңгіме тіпті бөтен түрде. Еріккен жас келіншек,
оқыған жас бала жігіт. Бірі арсыз нәпсі қызығын ойласа, екіншісі бөтен ойдан
мүлде аулақ. Зейнеп пен Есіркегеннің арасы ересек қаншық иттің жас күшікпен
ойнағанындай. Ойлары мен тілектері шалғай жиені мен нағашы апасы ананы-
мынаны әңгіме етіп, ит тартыста отырғандарында екінді әлеті де болып қалды.
Есіркеген атасы Масан бидің «Нағашы апаңа сәлем беріп қайт»деген ақылымен
келген еді, енді еліне жүрмек болды. Бірақ Зейнеп жібермеді. «Сағынып-сарғайып,
күтіп жатқан қатының жоқ, бір күн қонып кет», — деп өлердегі сөзін айтып
жалынды. Есіркеген сыртқа шығып, ағайын-туыстарының үйлеріндегі өзге
серіктерімен ақылдасып еді жас шіркіндер көңілдерін жықпас құрбы-құрдас тауып
алған ба, тегіс осы ауылда бір түнеп кетуді мақұлдады. Амал жоқ, бала жігіт те
қонуға көнді. Зейнеп Есіркегеннің өзге серіктері мен бір-екі ауыл кісіні үйіне
шақырып кешкі қонақ асын берді. Олар біраз уақыт әңгіме-дүкен құрысып, түн
ортасы ауа тарқасты. Енді төсек салатын мезгіл де жетті. Нағашы апасы жиенінің
үстіне қызыл жібек түбіт көрпе жауып, астына ақ мамық жұмсақ бөстек жайып,
төрге жатқызды. Сегізінші шамды күндегісінен кеш сөндіріп, Зейнеп
шымылдығының ішіне кіріп шешіне бастады. Жалғанда нәпсісі қозған жас әйелге,
қара тастай мызғымас еркекпен бір үйде оңаша жатқаннан артық азап бар ма екен,
Зейнепке де бұдан артық азап болмады. «Ат соғып тастаған екен» деп ойласын деп
басы жастыққа тиісімен жорта қорылдауға айналған бала жігітке не дерін білмей,
іші алай-түлей жанып барады. Неше бүгін қара бет болса да «жаныма келіп жат»
деп үйіне келген жиеніне қалай айтсын, қойнына өзі кіріп баруға тағы да дәті
шыдамады. Ал дәл қасындағы жігіт оған қолға түспес жұмақ ішіндегі рахаттай,
жүрегін удай өртеп маза берер емес. Үстіндегі көрпесін аяқ жағына сырып тастап,
ақ мамық төсегінде әрі аунады, бері аунады. Түн де бүгін әлдеқалай тымырсық
ыстық бола қалар ма, іштегі жалын мен сырттағы ыстық леп бірге қосылып жас
әйелдің еркек құмар денесін оттай өртеп қоярға жер таптырмады. «Бұл күшік
еркек кіндікті емес пе!» деп біресе жиеніне ашуланады, бір ретте «жаныңда
жатқан қуанышты көрмейді екенсің, несіне еркекпін деп жүрсің», — деп оны
үйінен де қуып шыққысы келді. Көз қиығын аударған жігіті көңілдегі мүддесін
орындап әбден дағдыланған жас қатын, Есіркегеннің мұны тіпті әйелге санап былқ
етпегеніне біресе намыстанды, біресе алдында тізесін бүгіп жалынбақшы болды.
Бірақ әйелдің мұндай жағдайына көңіл қояр жігіт жоқ, ол енді пысылдап шын
ұйықтауға кірісті.
122
Шешім ойда жоқтан өзі келді. «Бәлем тұра тұр, еркек болсаң мықтылығыңды
көрейін!» — деді ішінен Зейнеп. Ол шапанын жамыла салып тысқа шықты. Теріс
қарап, ұйықтап бара жатқан Есіркеген «бұл не істеп жүр» деп аунап түсіп, көзін
ашты да қайтадан ұйықтамақ болды. Сол екі ортада ересек баланы шомылдыратын
үлкен жез легенді көтерген күңді ертіп Зейнеп үйге қайта кірді. Күң легенді үйдің
ошақ тұратын орта тұсына қойды да, сыртқа шығып, жез құман мен бір шелек су
алып келді. «Не істер екен бұл?» — деп жігіт енді таңдана бастады. Ұйықтаған
боп көзінің астымен қарап жатыр. Зейнеп кенет иығындағы қара мақпал шапанын
жерге лақтырып тастады. Тырдай жалаңаш екен. Семізіне жаратылған байталдай
жұп-жұмыр аппақ денесі, шаңырақтан түсіп тұрған ай сәулесімен шағылысып,
жарқ ете қалды. Қою қара шашын толқындата жайып, бір тізерлей легеннің ішіне
барып отырды. Күңі жез құманмен үстінен су құя бастады. «Бәлем қалай екен?
Енді де қызықпайсың ба», — дегендей Зейнеп, көлге шомылған аққу қаздай,
қолтығын, екі санының арасын, мықынын, жұпар сабынның иісін бұрқырата
баптай жуына бастады. Әдейі көр дегендей баланың басындай толық, тып-
тығыршық сүйір ұшты қос анарын біресе оңға, біресе солға қарай сипай итеріп,
немесе қолымен жоғары көтеріп-көтеріп қояды. јолаң шашын біресе алдына,
біресе артына түсіреді. «Бәрібір сен көрмейсің, ұйықтап жатырсың ғой», —
дегендей ернінде кекесін күлкі пайда болып, біресе теріс қарап жотасы мен
бөксесін қимылдата ойнатып, біресе бері қарап, аппақ қара санын балтырына
дейін ақ көбікпен сылап, қымсынар емес. Жалғанда әлі бала таппаған әйелдің
жалаңаш денесінен сұлу не бар, Есіркегенге де солай көрінді. Зейнептің аппақ
денесі бір ғажайып сурет тәрізді, балтыры да кеудесі де жұп-жұмыр.
Енді Есіркегеннің көзінен ұйқы біржола қашып, тамағына бір жылы, тәтті
толқын келіп тірелгендей болды. Жас әйелдің бағанағы азабы енді бала жігітке
ауғандай. Ол өзінің қалай ыңырсығанын білмей қалды. Оғының көздеген
нысанасына дәл тигенін сезген Зейнеп, дереу легеннен шығып, күңіне бәрін алып
кет деп ишарат етті. Күң легенді көтеріп, заматта далаға шығып жоқ болды.
Зейнеп жез құман мен шелекті табалдырықтың арғы жағына шығарды да,
есіктің тиегін салып қайта келді. Енді үй ортасында тұрып алып жалаңаш денесін
үлкен түкті орамалмен сүртуге кірісті. Бұрын мұндай суретті көрмеген Есіркеген
аң-таң... «Бұл періште ме, әлде басын айналдырғалы тұрған перінің қызы ма?
Пісмілда, пісмілда, деді ол ішінен, адал жолыңнан адастыра көрме, құдірет! Кет,
шайтан, кет, шайтан!» Есіркегеннің жүрегінде екі дай сезім тайталаса кетті, бірі
Масан ақсақал баулыған әдептілік, ақ жүру сезімі, екіншісі мынау жан дүниесін
оятқан ғажайып көріністен туған жастық күш. Бұл екі сезімнің қайсысы жеңерін
бала жігіт дәл қазір өзі де білмейді, тек ақыл мен сезім жанталасып арпалысуда.
Есіркеген осылай не істерін білмей жатқанында кенет ауыл сыртынан ат дүбірі
естілді. Кім болса да жедел жүріп келе жатыр, ит біткен арсылдай үріп заматта
ауыл іші дүрліге қалды. Зейнеп сып беріп шымылдық ішіне кіріп кетті. Сөйткенше
болған жоқ, көп салт атты тыныш даланы дүрліктіре үй сыртына келіп те қалды.
Дабырласа сөйлесе, аттарынан түсіп жатыр. Аға сұлтан аулына жау болмаса,
123
бүйтіп түн ортасында жұртты оятып ешкім келмесе керек еді, шошынған
Есіркеген үрпиіп төсегінен басын көтеріп алды, дәл осы сәтте сарт етіп есіктің
тиегін жұла-мұла үйге Қоңырқұлжаның өзі кіріп келді.
— Тоқал, барсың ба, әй? — деді ол түтіге.
Келген байы екенін білген Зейнеп, шымылдықтан басын шығарып еркелей:
— Бармын ғой, — деді. — Немене соншама түн ортасында жұртты үркітіп...
— Ер өліп, Есіл бұзылып жатқанда, бұл қай ұйқы сенікі?
— Байының ашулы үнінен шошып кеткен Зейнеп төсегінен ұшып тұрды.
— Не боп қалды?
Қоңырқұлжа жауап берген жоқ. Иығында подполковник погоны бар сары ала
оқалы сүртігін шешіп жатып, не қыларын білмей төсегінің үстінде көйлекшең
шошайып отырған Есіркегенге көзі түсіп кетті. Дереу қабағы түксие
қалды.
— Мынау үрпек басың кім? — деді. Оның даусында тағы бір қосымша ашулы
дыбыс пайда болды.
— Масан би аулындағы жиен ғой...
— әй, осы сенің жиен, нағашың-ақ, бітпейді екен... — деп тоқалының сыры
өзіне мәлімдігін бетіне басқалы келе жатты да кілт тоқтады, — әлгі Жамантайдың
қарындасының оқудағы баласы емес пе?..
— Иә, сол Есіркеген ғой.
— ә... онда жата бер. Таң атқасын сөйлесерміз. — Аға сұлтан төсегінің шетіне
отырды да, аяғындағы шпор тағылған қара хром етігін созды, — тоқал, мынаны
тартып жібер...
Зейнеп байының етігін аяғынан суырып алды да, анандай жерге қойды. Содан
кейін ғана ананың қап-қара боп түтігіп кеткен түріне қарап:
— Өзіңде өң жоқ қой. Не болды, айтсаңшы? — деді жаны ашығандай пішін
көрсетіп:
Қоңырқұлжа қабатын төбеттей арс ете қалды.
— әй, не болғанын қайтесің? Өзіңе керегіңнің аман келгеніне қуан! Саған со да
жетпей ме! Одан да қымызың болса бер...
Зейнеп үлкен сырлы аяқпен мөлтілдете тоңазыған сары қымызды төсегінің
үстінде көйлекшең отырған байына әкеп берді.
Қоңырқұлжа сырлы аяқты ала беріп:
— Сыртқа шығып келші, — деді тоқалына, — жігіттер жайғасты ма екен?
— Қоңырқұлжа қымызын ішіп бола берген кезде Зейнеп үйге қайта кірді.
— Ауыл сыртындағы күзетшілерден бөтен ешкім көрінбейді.
— Жұртты дүрліктірмей тез жайғасқандары дұрыс болған екен. Жә, біз де
жаталық.
Қоңырқұлжа қисая беріп шымылдықты түсіріп, қасына таяған тоқалын
білегінен ұстай алып, бір жері ауырып қалар-ау деп аямастан, жанына құлата
тартты. Үйде жатқан жиен-миенге мән бермей, көжекті бас салған арлан төбеттей,
124
жұмыртқадай жұп-жұмыр жас тоқалын алпамсадай бауырына қысып умаштай
жөнелді.
Аға сұлтанның күні бойы қанды ұрыста боп, ажалдан тек қараңғы түсе ғана
аман құтылғанын тоқалы білмейді, тек ананың жайшылықтағысынан гөрі ашулы,
екпінді қимылына риза болып «бейшара-ай, әбден шөлдеп қалыпсың ғой» деуге
ғана мұршасы келді, әр жағында үніне үн қосып, байының бабын тауып
аймалаумен болды.
Жұрт таңертең тұрғанында Ақмола бекінісін Кенесары әскері алғанын біле
тұрды. Қапаланған да, қайғырған да бар. Қуанғандары да жоқ емес. Бұл ауылдың
жігіттерін Қоңырқұлжа бекіністі қорғауға алмаған, тоқал тыныштығын күзетуге
қалдырған. Қазаны бөлектің — қайғысы бөлек. Өз жігіттері сау қалғандықтан,
нелер жақсы менен жайсаң қаза тапқан кешегі қанды ұрыс, сырт қараған адамға,
бұл ауылға соқпай өткен сұрапыл дауыл секілді көрінді. Қайғысы, қуанышы болса
да жұрт сыртқа лақылдатып шығармай, іштен тынды.
Қоңырқұлжа таңертеңгі шай үстінде тоқалына қарап:
— Ақмола құлады деп қан жылар жайым жоқ, — деді. — Бекініс керек болса,
ана Қарапұшық кетті ғой қалған солдаттарымен Омбыға, Талызин өзі қайта салар,
менің өз шаруам да жетеді. — Сөйтті де Есіркегенге бұрылды. — Сен орысша оқи
білесің бе?
— Білем.
— Менің қатшым кеше Ақмолада оққа ұшты. Патша адамдары Омбыға кетті.
Кісі тауып алғанымша сен осында бол.
Зейнеп жорта сөз тастады.
— Оқуынан қалып қоймай ма? Одан да үлкен баланы шақыртсайшы.
Зейнептің «үлкен бала» деп отырғаны Жәнәділ еді.
— Кіші балаңды құртып едің, енді үлкен балаңа ауыз салайын дедің бе? Жә,
сөзді бөлмей, артыңды қысып жайыңа отыр. Қатыныңның ақылымен қоңсы
қонсаң, көршің жау шығады. Жәнәділ де алысқа кетпес, оған да шаруа табылар. —
Қоңырқұлжа қайтадан Есіркегенге бұрылды, — қаласың ба?
— Қалайын...
— Онда мына қағазды оқып, не дейді екен аударып берші. Омбыдан алдыңғы
күні келіп еді, әлгі қанішер Кенесарының әуресіменен ашуға да қолым тимеді...
Өзім оқуға түндегі ұрыстан кейін көзім ауырып отыр...
Бар жылқысын Кенесары айдап әкеткеннен кейін Қоңырқұлжа жәрдем сұрап
Омбы облысының бастығы Талызинге хат жазған.
Бұл сол хатқа жауап екен. Бұл күндері өзінің Кенесары көтерілісін басу
жайында үлкен жоспар үстінде отырғанын айта келіп, ол хатының аяғында: «Қазір
тартып алған малыңды қайтартып беретін еш күш жоқ, болған шығынды
қарамағыңдағы қазақтардан өндіріп алуға рұқсат етемін», — депті.
Талызинның мұнысы қара қазаққа қосымша салық салып, Кенесарыға кеткен
малыңды солардан өндіріп ал деген сөз еді. Есіркеген хат сөзін аударып берді.
Қоңырқұлжа тұнжырай қалды. «Бір Кенесарыға күші жетпесе, Омбыда кілең сары
125
ала түймелі жанаралдар не бітіріп отыр? Салық сал дейді. Айтуға оңай. Биыл
Көкшетау, Қарқаралы дуандары жиырма екінші жылғы ереже бойынша жүз
қарадан бір қара жасақ жинай бастап еді, мал ашуы — жан ашуы дейтін қазақ
Кенесарыға қарай ағыла түскен жоқ па? Жау қолында кеткен он жеті мың
жылқыны қайтарып алу оңай ма? Оның үстіне ел биыл қыстан жүдеп шықты.
Жұрт маған малын оп-оңай бере қоя ма? Рас, Қараөткел қазағын қырқыншы жылға
дейін патша салығынан өзім құтқардым. Жақсылыққа — жақсылық дегендей
мүмкін өздері түсінер, жауға кеткен малымның орнын толтырар. Ал түсінбейді
екен... Өз обалы өзіне, қолынан бермесе жолынан алармын. Бірақ дәл қазір
бүйтуіме бола ма? Неге болмайды? Қоңырқұлжа жылқысын Кенесары алғанда,
қара қазақтың жылқысын Қоңырқұлжа алмайтын не жыны бар. Аламын. Алғанда
шырылдатып отырып тартып аламын. Бермей көрсін. Кенесарыға әлім
жетпегенмен, қарамағымдағы бастары бірікпей талан-тараж болып жүрген қара
қазаққа әлім жетер!».
Қайда барса да сорлайтын халық. Айналып келгенде Кенесарының
Қоңырқұлжадан шапқан жылқысының ауыртпалығы тағы да қара халыққа түспек.
«Малымды тартып алды десе қазақ обалын Кенесарыдан көрсін! Оны
қолпаштап, дем беріп отырған өздері ғой, тартсын жазасын. Бұл шаруаны бір
ыңғайлағаннан кейін Омбыға өзім баруым керек. Жанарал-губернатор
Горчаковпен ауызба-ауыз сөйлесуім қажет. «Баянауылдың қазақтары Кенесарыға
қосылмақ, мені қабылдаңыз, деп өтінгенде, аға сұлтан мен түгіл қара қазақ
Тұрсынбайдың Боштайын да қабылдап, керемет құрмет көрсетіп, Баянауылға
арнаулы кәрлі қылыш-жасақ шығарған жоқ па еді? Менің Боштай құрлы бағам бар
шығар. Горчаковтың өзімен сөйлеспесем, мына Талызин дегені, асықпай ұшатын
мамырлап қалған бірқазан секілді, арты ауыр бір сорлы көрінеді»...
Осындай шешімге келген Қоңырқұлжа шайдан кейін Есіркегенді оңаша алып
Ақмола өкірігінің он сегіз болысынан Кенесарыға ермей, аға сұлтанның
қарамағында қалған тоғыз болысқа он жеті мың жылқыны салық етіп бөлді.
Жетеуіне екі мың жылқыдан қойды да, Кенесарыға қарай иек көтеріп қобалжи
бастаған Атбасар мен Қорғалжын болысына мың жарым бастан белгіледі. Ол бұл
салығын «Төтенше салық» деп атады. Және болыстарға берген бұйрығында бұл
малдар құлынды бие, үйірге салуға жарайтын айғырдан бастап, тек құнажын
дөненге дейін ғана алынсын. Және асыл тұқымнан болсын. Қыршаңқы, маңқа
жылқы алынбасын деп анықтай тапсырды.
Поштабайларын шақырып алып, мөрін басып қолын қойған осы бұйрықтарды
тез болыстарға жеткізуді міндеттеді де өзі кенет Омбыға жүрмек болып
дайындала бастады.
Қоңырқұлжа Омбыға жүргенше он шақты күн өтіп кетті. Осы екі ортада үлкен
баласы Жәнәділ келіп, Қайниса мен Аққағаз бәйбішелердің де ауылдарын бері
қарай, осы Есілдің төменгі жағына көшіруге бұйрық алды. Қоңырқұл-
126
жа: «Омбыға жүремін. Маған жолығып кетсін», — деп Қарқаралының аға сұл-
таны Тәукенің Жамантайына, Көкшетаудың аға сұлтаны Қара Тоқаның
Зілқарасына, Аманқарағайдың аға сұлтаны Уәлидің Шыңғысына ат шаптырды.
Ондағы ойы кілең мықты қол қойып, Омбы генерал-губернаторынан қазақ
даласына зеңбіректі мол әскер шығар деп өтіну еді. Ал егер Омбы шын қол ұшын
бермейтін болса, амалын тауып, уақытша Кенесарымен келісімге келмек. Түбі
жауласып өтетінін Қоңырқұлжа жақсы біледі, бірақ басқа жол қалмаса қалай жол
табады? Кенесары шыдатар емес. Бостан-бос қырылғанша, беттің арын белге
түйіп, бас иген боп, оны алдай тұрып жан сақтаған жөн. «Жаздым, жаңылдым»
десе, Кенесары тимейді. Қоңырқұлжа мұны да жақсы түсінеді. Өйткені
Кенесарының бар тілегі қазақтың басын қосып ақ патшаға қарсы шығу деп
түсінеді. Ақмола аға сұлтаны. Бұл тілектің ар жағында бақ құмар Қасым
баласында қандай ой жатқанын дөрекі Қоңырқұлжа қайдан сезсін. Ол тек
мақсатына қарсы шықпасаң, Кенесары қандай күнәң болса да кешеді деп
болжайды. «Ер шекіспей бекіспейді деген, шекістім — сен жеңдің деймін, — дейді
ішінен Қоңырқұлжа, — міне қолым». Ал реті келген күні Құдаймендінің қанішер
ұлы шімірікпестен Кенесарыны сол қолымен өзі бауыздамақ. «Аллатағала, —
дейді ол тағы да ішінен жалбарынып, — сол күнге жетер болсам, сол сәтте
жанымды алсаң арманым жоқ!».
Қоңырқұлжа жол дайындығын тез бітірсе де, аға сұлтандарды күтіп көп кідірді.
Ақырында олардан да хабар келді. «Ел арасы бүліншілік, қазір орыс солдаттары
қорғап тұрған приказдардан тыс шығу қауіпті. Келмеді деп өкпелемесін. Бізден
жалғыз тілек: «Омбы тез әскер шығарып Кенесарыны құртсын. Ал Кенесарыны
құртуға ең ыңғайлы кез қыс. Қыста ол жаздағыдай алысқа бара алмайды. Және бар
сарбаздарын таратып, тек ең жақын батырларымен, қарамағындағы үш жүз үй
төлеңгітімен ғана қалады» депті. Ауыздарына түкіріп қойғандай бәрі бірдей осы
сөзді айтып жіберіпті. Патша солдаттарының артына тығылып, приказдарынан
шыға алмай отырған аға сұлтандардың сөздерін естігенде Қоңырқұлжа
Кенесарының қаншалық күш ала бастағанын анық сезінді. Енді шын қорқайын
деді. Сөйтсе де өзінің қайсарлық мінезіне салып:
— Кілең қоян жүректер, — деді жанында қағаз жазып отырған Есіркегенге, —
суыр секілді інімізге кіріп алып, көзге түспей тығылып жатсақ, жанымыз қалады
деп ойлайды ғой. Мен білетін Кенесары болса, қасқыр соққан аңшыдай
әрқайсысын жекелеп соқпаса қара да тұр!
Кенесары батырларының ерлігі соңғы кезде жұрт арасында аңыз болып тарала
бастаған. Жас жігіт атаулысының батырлықты, ерлікті даңқ тұтатын әдеті емес пе,
Есіркеген де мұндай әңгіме-жырларды ұйып тыңдайтын. Оның үстіне үлкен атасы
Масан ақсақалдың да бір бүйірі Кенесарыға тартып тұратынын сезетін. Шүу
дегенде Кенесарыға қарсы шыққан аға сұлтан Жамантай осы кісінің ақылы
арқасында соңғы кезде ереуілшілерге қарсы келмей, бұғып қалуға көше бастаған.
Масан ақсақал туған немересі жас Есіркегенге де осындай тәлім-тәрбие беретін.
«Не болсаң да жұртыңмен бол, егер жұртың Кенесарыға еріп кетсе, айдалада
127
қаңғып қалған жалғыз қаздай не қызық көресің? Одан да су ішсең де, суан ішсең
де өз үйіріңнен айрылма!» — дейтін. Осындай рухта тәлім-тәрбие алып жүрген
бала жігітке Қоңырқұлжаның аға сұлтандары «Кенесары аш қасқырдай біртіндеп
соғады», — дегені өте ұнап қалды. Бірақ сыр берген жоқ, жәй әшейін күлімсіреді
де қойды.
Қоңырқұлжа да дәл осы сөзді айтып отырған кезінде екі жылдан бері ғана
орысша оқи бастаған Есіркегеннің өсе-өне келе қазақ деген елінің ұлттық туын
көтеретін ең алғашқы оқығандарының бірі болатынын білген жоқ. «Бұл неге
күлімсірейді?» деп оның бетіне ожырая қарады да, аға сұлтан бір шабарманын
шақырып алып, өзімен бірге Омбыға жүретін он жігіттің жолға дайындалуын
бұйырды.
— Күн түске аумай жүріп кетеміз, — деді ол.
Бұл таңертеңгі кез еді. Күн ашық, Сарыарқаның күзгі салқын желі тұра
бастаған. Кейде аспанды қалың сұрғылт бұлт та шырмайды. Бірақ күзгі қалың
жаңбыр мезгілі әлі келе қоймаған уақыт.
Шабарман шығып кетті де қайта оралды.
— Аға сұлтан, сізге жолығам деп бір бейтаныс жігіт келіп тұр.
— Қайдан екен?
— Онысын айтпайды. Тек аға сұлтанның өзімен ғана сөйлесем дейді.
— Кіргіз. Тек қару-жарағы болса алып қал...
Баласы Шыңғыс өлгеннен бері Қоңырқұлжа бейсауат адамнан қатты
сескенетін. «Кім біледі, — деп ойлайтын ол, — Кенесары бір жындысын жіберіп,
ол қарныңа қара пышағын сұғып алса не істейсің? Маған өшіккен адам аз ба?»
Сондықтан да Қоңырқұлжа беймәлім біреу-міреу жолықпақшы болса нөкерлеріне
ең алдымен оның қару-жарағын алуды тапсыратын.
Үйге шегір көз, бетінде қан жоқ, сөл жоқ, қатқан сары жігіт кірді. Түрі кісі
өлтірген адамдай сұсты екен. Есіркегеннің бойы әлденеге дірілдеп кетті.
— Ассалаумағалайкүм, аға сұлтан.
— Уағаликум ассалам. Сөйле, жігітім.
Қоңырқұлжа мен Есіркегеннің көзі бірдей жігіттің белбеуіне түсті. Киімі
нашар болғанымен, белбеуі әсем екен. Оның үстіне оң жақта тұратын құты,
оқшантайы сол жағына шығып кетіпті.
— Өзі қайда? — деді Қоңырқұлжа кенет алдында тұрған — Ожар жіберген
адам екенін түсініп.
— Өзі Байтабынның жасағында. Келе алмады. Кенесары... — деп келе жатты
да ол «мынаның көзінше сөйлеуге бола ма» дегендей Есіркегенге қарады да, тына
қалды.
— Айта бер. Бұл бала өзіміздің адам.
Кенесары екі топ жасағын аттандырды. Бірін Ағыбай, екіншісін Байтабын
бастап келеді. Ағыбай тобы қазір Қаражар шатқалында. Ертең Қарқаралыға өтпек!
Аға сұлтан Жамантайдың ойдағы жылқысын айдап әкетпек! Кене оған ақ патша
жағына шықты деп өте ашулы.
128
— Ал Байтабын қолы қайда? Оның беті қай тұс?
— Мен Ағыбай жасағындамын. Батыр алдымызды барлап кел деп жіберді... Ал
Байтабын жасағы кейінірек. Шамасы бүгін түнделетіп жүріп, таң ата осы араға
жетпек. Беті сіздің ауыл. Кенекең оны Қоңырқұлжаның қалған малын айдап кел
деп жіберді.
Қоңырқұлжа күп-күрең боп кетті.
— Өздері қанша адам?
— әрқайсысында жиырма бес сойылдан.
— Бар болғаны сол ма? — Қоңырқұлжа қаһарлана қалды. — Басынған екен
әбден! Көкелерін танытамын мен әлі? Ағыбай жасағы Қаражар шатқалында дедің
бе?
— Иә, бүгін түнде сол арада ат тынықтырып алмақ. Ертең Қарқаралы аспақ...
— Жарайды, — деді Қоңырқұлжа, сөйтті де сыртта тұрған шабарманына
дауыстап, — Асылкерейді шақыр, — деді. Ол қайтадан сары жігітке бұрылды. —
Байтабын менің жылқымның қайда екенін біле ме?
Есіркеген әңгіменің түп нұсқасын бірден түсінді. «Ана кісісі кім екен?
Байтабын тобында Қоңырқұлжаның көз-құлағы болған ғой». Әйтсе де, «ана
кісілерің кім?» деп сұрауға бата алмады. Үн-түнсіз тыңдай берді.
— Сонда, менің жылқымды қай тұста деп жорамалдайды Байтабын? —
Қоңырқұлжа өзінің түбектегі тығулы жылқысын ешкім білмейді деп ойлаған
болуы керек.
— Есілдің Ертіске қарай бұрылатын жерінде деседі...
— Алда әкеңнің аузын ұрайындар-ай, бәрін біліп отыр екен ғой!
— Ана кісі өзі жасақтан бөліне алмайтын болған соң, маған сізге айт деген
тағы бір құпия сыры бар...
— Оның тағы не сұмдық?
— Осы ауыл маңайында сізді торып әбдіуақит деген Кенесарының бір кісісі
жүр. Оған сіздің басыңызды алу тапсырылған.
Қоңырқұлжа енді тіпті шошып кетті.
— Қай әбдіуақит?
— Бұрынғы өзіңіздің төлеңгітіңіз. Күміс деген қызын... — Сәмен ыржия күл-ді,
— бозбалашылық етіп... нетіп жіберген көрінесіз...
Ел құлағы елу, Күміске істеген Қоңырқұлжаның жауыздығын Есіркеген де
естіген. Туған қарындасын қорлағандай, іштей өте қынжылған. Өйткені ол былтыр
оқуға бара жатып, мал басында отырған әбдіуақиттың үйінен сусын ішкен. Сонда
Күмісті де көрген. Жас қызбен бір-екі ауыз сөзге де келіп, тіл қатысқан. Оның
көркіне риза болып кеткен. Сол Күміске Қоңырқұлжаның істеген қорлығын
естігенде, Есіркеген аға сұлтан дәл сол сәтте қолына түссе ішке тепкілейтіндей
боп ашуланған. Сол Қоңырқұлжасы мынау. Оны ішке тепкілемек түгіл, өзі оған
хатшы болып жұртқа істемек қиянатына көмектесіп отыр. Есіркеген
Қоңырқұлжаны балағаттап жібере жаздап өзін-өзі әзер басты.
129
Қоңырқұлжа бірдеме айтпақшы болып келе жатыр еді, үйге аға сұлтанның
жасағының бастығы, ұзын бойлы, қара мұртты Асылкерей кіріп келді.
Аға сұлтан Сәменнің сөзін оған тегіс айтып берді де, ойын тұжыра бұйрық
берді.
— Ағыбайды Қарқаралыға өткізбей, жатқан жерінде күн бата басу керек. Біздің
істеген жақсылығымызды мына жігіт Жамантайға айта барар. Бұ да қазір жүріп
кетеді. — Ол Есіркегенді нұсқады. — Елінің шетіне жау жеткенін хабарлар.
Сосын сен бар сарбаздарыңмен Байтабынды түбектің аузында күт. Біреуін
жібермей қырып сал. Оны жайғастырған соң осы ауылдың маңын тегіс сілкіп
шық. Мені өлтірмек боп торып жүрген әбдіуақит құлды қайтып келгенімше ұстап
алып, кісендеп қой. Жазасын келген соң өзім берем.
— Ел шетіне жау келіп жатқанда... — Асылкерей күмілжи сөйледі, — мүмкін
сіз жүрмессіз...
— Жау ел шетіне бүгін келіп тұр ма? — Қоңырқұлжа жасақ бастығының сөзін
жақтырмай қалды. — Жиырма адамға күштерің жетпесе, несіне ат мініп, қару
асынып жүрсіңдер? — Ол «әбдіуақит аңдып жүр» деген сөзден сескеніп қалған-
ды. «Мен келгенше ол итті жігіттерім ұстап алар, оған дейін бой тасалай тұрған
жөн болар», — деген ойға келген. Сол себепті аға сұлтан Омбыға тез жүріп кетіп,
қалың орыс арасына жетуді дұрыс көрді. — Біз Омбыға тез баруымыз керек, —
деді ол жасақ бастығына. — Онда бізді бұдан да зор іс күтіп тұр.
Барлық жауапкершілікті Асылкерейге жүктеп, Қоңырқұлжа аттанып кетті. Жол
бойындағы әлі Кенесары құрығы түсе қоймаған бай ауылдардан ат ауыстырып
мініп, суыт жүріп үшінші күні таң ата Омбыға жетті.
Қоңырқұлжа бұл қалада бірнеше рет болған. Бұрын мұнда нелер ақжарқын
күндері өткен. Патша ағзамның ең жоғарғы сатыда тұрған мәртебелі адамдарының
талайымен кездескен. Аға сұлтанның есінде осындай кездесулердің екеуі мәңгі
ұмытылмастай сақталған еді. Бірі 1829, яғни қазақша Сиыр жылы, осы Омбы
қаласындағы тілмаштар мектебінің қырық жылдық мерекесіне арналған
салтанатты кеш. Онда Сібір қазақтары жайындағы ережені шығарған патшаның оң
көзі Сперанскийдің өзі бар. Кең залда ойнаған оркестр, би, ойын-күлкі...
Қоңырқұлжаға ең алғашқы рет орыс офицері — штабс-капитан аты берілгені осы
жолы еді. Содан бері тоғыз жыл өтіпті. Қазір ол подполковник. Екінші есте қалған
күн — алдыңғы жылғы күз. Бұл күні бір шеті мен бір шеті тай шаптырым төрт
қабат ақ үйде Омбының кадет копусы ашылды. Бұл тойға да қазақтың аға сұлтан,
асқан
байлары
шақырылды.
Тойды
князь
Горчаковтың
өзі
бас-
қарған. Өзге аға сұлтандардан гөрі князь Қоңырқұлжаға ерекше көңіл бөлген.
Тіпті би біткен кезде, зәулім биік залда ерсілі-қарсылы әңгіме құрып жүрген аққу-
қаздарша сылаңдаған орыс дворяндарының әйелдері мен сыптай боп сәндене
киінген орыс офицерлерінің алдында Горчаков оны қолтықтап өткен. Өзге аға
сұлтандар қызғанғаннан іштері жарыла жаздаған. Сол жолы ғой Горчаков оған:
— әрі кетсе бір жиырма бес жылда қазақтың ұл-қыздары да мыналардай
болады, — деген жан-жағындағы әйелдер мен офицерлерін көрсетіп.
130
Сары далада көшіп жүрген қазақтар жиырма бес жыл ішінде мыналардай
болады деген князь сөзіне Қоңырқұлжа таң қалған. Ол ойын жасырмай:
— Егер қазақ бұлардай болғысы келмесе не істейсіз? — деп сұраған.
— Онда, — деп Горчаков ойланбастан жауап берген. — Аюға ақыл үйреткен
таяқ деген мақалды естігенің бар ма? Жерінен, билігінен айрылған қазақ айтқанға
көнбей қайда барады? Күшпен көндіреміз. Арқасына қамшы ойнатып, соқа жегіп,
жер жыртуды үйретеміз. Қол-аяғын матап шіркеуге кіргізіп, Иисус Христосқа
шоқынуға мәжбүр етеміз.
Горчаковтың осы бір адуынды тік жауабы Қоңырқұлжаға ұнаған. «Өз басымды
хан етсе, мейлі, қара қазақты пісіріп жесін. Одан менің нем кетеді? Ал сонда...»
Аға сұлтан ойлана қалды. «Сол күштеуден не шықты? Арқа қазақ атаулысының
жартысына таяуы осы күштеуге көнбей қарсы көтеріліп отырған жоқ па? Жақсы.
Кенесарыны жоямыз, бірақ қазақ Горчаковтардың айтқанына көніп, айдауына оп-
оңай жүре қояр ма екен?».
Қоңырқұлжаның есіне тағы да бір уақиға түсіп кетті. Ол кезде Қоңырқұлжа
жас. Тобыл қаласында 1789 жылы тілмаштар дайындайтын мектеп ашылған. Он
бесінде соған кеп түскен. Оның алдына әкесі Құдайменді шоқынған бір татарды
жалдап Қоңырқұлжаға әзер-мәзер орысша хат танытқан. Сол шоқынған татар
мұғалімі қызық адам болатын. Құдайменді байдың баласынан кім шығатынын
қайдан білсін, күйген томардай қара-қошқыл, дөрекі Қоңырқұлжаның басынан
сипап: «Оқы, оқы, қазақ малайы. Рус языкысыз жить булми. Қазір пушкасы килсә,
соңынан Пушкині килә, бізге күн рус культурасымен шыға», — дейтін.
әрине, Қоңырқұлжа ол кезде пушканың зеңбірек екенін ұқса да, Пушкиннің кім
екенін түсінбеген. Бес жыл өткеннен кейін ғана барып Пушкинді де білді. Бірақ
бұл кезде ол қазақ даласында өз үкімін жүргізу үшін оған Пушкин емес, пушка
керек екенін ұқты. Сондықтан да ол Горчаковтың «Аюға ақыл үйреткен таяқ,
қазақ елін де күшпен көндіреміз», — деген сөзіне намыстанбаған. Өзінің тілегі
мен Горчаковтың тілегі бір екеніне көзі жеткендіктен қазақ даласына пушканың
көбірек келуін мақұл көрген.
«Міне қазір өзі де осы тілектің айдауымен келе жатқан жоқ па?» Аға сұлтан
ауыр күрсінді. «Иә, иә, Қараөткел бекінісіне сол пушкалардың көбірек жетуін
тілек етпек. Ал сол тілегін губернатор орындар ма екен? Орындауға тиісті.
Өйткені екеуміздің де арманымыз бір, жолымыз бір».
Расында да бұл кезең осы екі сұмырай тілектің аса бір ұштасқан кезеңі еді.
Қоңырқұлжаның есіне кенет әкесі айтқан бір ескі аңыз түсіп кетті. «Дүниеде не
қызық?» деп сұрапты Шыңғысхан бір күні өзінің нөкер, нояндарынан. Бір батыры:
«Дүниеде бүркіт салып, түлкі ілген қызық». Екіншісі, «ғашық бол-
ған сұлуыңды құшқан қызық». Ал үшіншісі, «алтын тақта отырып жұртқа әміріңді
жүргізген қызық», — депті. Сонда Шыңғысхан: «Жоқ, білмедіңдер. Қастасқан
жауыңды алдыңа салып айдап, қатын, қызын бауырыңа басып құшып, мал-мүлкін
талан-тараж етіп тартып алғаннан дүниеде қызық ештеңе жоқ», —деген екен. Осы
аңыз есіне түсіп кеткен аға сұлтан атын тебініп қалып кенет күбірлеп жіберді:
131
«Ата жауым Кенесарыны табанымның астына салып, Күнімжан бәйбішесін
бауырыма бір бассам, бүгін өліп кетсем де арманым жоқ».
Екі жағы бірдей ұйыса ағаш өскен даңғыл жолмен Қоңырқұлжа қала шетіне
жеткенде қайда түсерін ойлап сәл кідірді. Қарсы алдында минарет, Омбы
мұсылмандарының мешіті, оның ар жағында Ғабдырахманұлы Мұхамед Шариф
ахонның қызыл кірпіштен салған кең сарай үйі. Жолдың кіре беріс сол жағында
ғажайып салтанатты, төрт күмбезді, бастарында алтын жалатқан кіресі бар зәулім
шіркеу, одан солырақ, алаңның ар жағында қасына азырақ тал еккен генерал-
губернатордың екі қабат ақ үйі — салтанат сарайы. Көк темір төбесінде татар
қыздарының басына киетін тақиясы тәрізді, жіңішке терезелері төрт жаққа бірдей
шыққан, төрт бұрышты, губернатордың жұмыс істейтін бөлмесі... Төменде
бірнеше жұпыны келген, ағаштан салған жатақ үйлері. Одан әрі шіркеумен
жалғаса тастан, күйдірген кірпіштен қалаған сәнді-салтанатты екі қабат, үш қабат
үйлі үлкен қала жатыр...
Қоңырқұлжа ахондікіне түсуді ұйғарды. Мұхамед Шариф үйінде екен.
Құшағын жая қарсы алды. Сол күні-ақ Қоңырқұлжа ахоннан Омбы облысының
бас-
тығы Талызинның ауырып жатқанын естіп, генерал-губернатормен жеке сөйлеседі
екенмін деп қуанып қалды.
Қоңырқұлжаны ертеңіне генерал-губернатордың өзі шақыртып алдырды.
Ақмола бекінісін Кенесарыдан қорғай алмағанын айып көрген аға сұлтан кенет
жүрексініп, губернатордың салтанат сарайына Мұхамед Шарифты ерте барды.
Бірақ Горчаков тек Қоңырқұлжаны қабылдады. Генералдың атұлтанты
1
— ұзын
бойлы корнет «кіріңіз» дегеннен кейін, қабылдау бөлмесінің қара былғарымен
қапталған есігін аға сұлтан қобалжи ашты. Бөлме өзіне бұрыннан таныс. Қырық
құлаш кең, биік зал. Сары сафьян былғарымен тысталған, арқа ағаштары оюлан-
ған жұмсақ орындықтар. Ең түбінде, жасыл шұғамен жапқан, өрнекті, зілдей стол.
Қабырғасында Бірінші Николай патшаның полковниктік дәрежеде түрегеліп
түскен суреті. Әшекейленген төбеден төмен салбыраған жалтыраған жез баулы
шам қоятын аспалар... Стол үстінде алтын жұмыртқа тәрізді сия сауытын
тұяғымен басып тұрған, қос қанатын кере жайған қара мрамор тастан жасалған екі
басты самұрық құс. Келген адамның сұсын алайын дегендей генерал самұрықты
есік жаққа қаратып қойыпты. Егер қарсылық етер болсаң, тырнақтары қанжардай,
қанқұйлы, айбынды қыран «шаңқ» етіп көтеріліп, бас салғалы тұрғандай. Кең
залдың іші қандай ызғарлы болса, құс түсі де сондай ызғарлы. Иесі осал кісі емес.
Россия патшалығының Сібірдегі аузынан от бүріккен қанды балақ жендеті.
Бөлме иесі князь Горчаков — Батыс Сібірдің генерал-губернаторы. Кірпідей
тікірейген қысқа шашты, едірейген жирен мұртты, ақ боз, түсі суық кісі. Ол
Қоңырқұлжаны столының ар жағындағы Бірінші Николай суретінің аясында
тұрып қабылдады. Өзі де отырған жоқ, Қоңырқұлжаға да отыр демеді. Басын изеді
1
А т ұ л т а н т — адъютант деген сөздің қазақша түрі.
132
де қойды. Аға сұлтанға ол бірден «қазақ даласында болып жатқан бүліншілікке
сен де айыптысың», дегендей сұс көрсетті. Қоңырқұлжа іштей әбігерлене қалды.
«Бәсе, мені келмей жатып неге іздетіп жатыр деп едім-ау, ұрыспақ екен ғой, тек
ұрсып қойса ғана жарады...».
— Подполковник Құдаймендин, — деді Горчаков бірден ресми сөзге кірісіп, —
Омбыға жай келмегеніңді біліп әдейі шақырттым. Қазақ даласында болып жатқан
бүліншіліктің жәйі бізге әбден мәлім. Хорунжий Қарбышев Ақмола бекінісінен
қалай айырылғандарыңды баяндаған. Патша ағзам алдында борыштарыңды ақтай
алмағандарың үшін сендерді сотқа беру керек еді, бір жолға кешірдік. Енді бізден
не тілейсің, соныңды айт. Және қысқа түрде. Ұзақ жырды тыңдауға уақытым жоқ.
Князь дәл қазір шынында да асығуда еді. Генерал-губернатор ит құмар жан
болатын. Былтыр Лондоннан әдейі алдырған ағылшын сеттері тұқымдас қаншығы
кешеден бері ауырып қалған. Томскіден арнайы шақырған дәрігер Омбыға жаңа
ғана жеткен еді. Оны итіне өзі апарып көрсетпек. Князь соған асығулы. Сүйікті
қаншығы ауырып жатқанда, қазақтың бір аға сұлтанымен мылжыңдасып, уақыт
өткізуді жөн көрмеді. Сондықтан генерал-губернатор әңгімені тікесінен қойды.
Мұндай келте қабылдауды күтпеген Қоңырқұлжа сасып қалды. Горчаков тіпті
сөйлеспей кетіп қалар деп қорқып:
— Генерал-губернатор мырза, — деді аға сұлтан келген шаруасының тоқ
етерін айтып! — Кенесары күннен-күнге күшеюде. Биыл қыс оны құртпасақ,
келесі жаз бой бермей кетуі мүмкін.
— Қалайша?
— Торғай бойын жайлаған қалың Қыпшақ пен Ырғыз, Елек, Ембі өзендерінің
маңындағы Кіші жүздің көп руларының оған қосылып кету қаупі туып тұр. Бүйте
берсе бар қазақ Кенесары туының астына жиналуы мүмкін.
— Мұндай ақымақ халықты көрсемші, — деді Горчаков мысқылдай күліп, —
Россия патшалығы қазір қазақ жерінде мықтап тұрып орын теуіп алған жоқ па?
Маңызды деген аудандардың бәрінде де біз өзіміздің бекіністерімізді,
форпостарымызды салып болдық. Енді патша солдаттарын бұл арадан бір
Кенесары түгіл, мың Кенесары да қуа алмайды. Абылай кезіндегідей емес, қазір
қазақ еліне деген Россия патшалығының саясаты өзгерген. Осыны ақымақ қазақ
білмей ме? Ал сенің Кенесарыңда ақыл болса, қазақ халқына емес, Россия
патшалығына қолайлы жол іздеп, бізге бас ұрмас па! «Россия патшалығына
протекторат ретінде бағынуға қарсылығымыз жоқ, бірақ біздің елдігімізді сақтап,
саяси бостандығымызға, жерімізге тимейтін болсаңдар екен» деп ол маған
бірнеше мәрте хат жазды. Бұндай есалаңды көрсем бұйырмасын! Патша ағзамға
бағыну деген сөз — саяси бостандығымды жоғалттым деген сөз емес пе?!
Сондықтан да мен біздің тыныштығымызды бұзған адаммен келісім сөз жүргізуді
өзіме ұят көріп және патша ағзамға үн-түнсіз бағынудан бөтен басқа шарт қоюына
ешбір үміті қалмасын деп әдейі хаттарына жауап бермей қойдым.
— Дұрыс еткенсіз, губернатор мырза.
133
Горчаков алдында тұрған Қоңырқұлжаны адамға санар емес. Сүзетін бұқадай
басын төмен тұқыртып, өз ойын ашық айтып жатыр.
— Біз қазақ елін тек отарымыз деп қана санаймыз. Кімде-кім бұған көнгісі
келмесе, оны қарудың күшімен көндіреміз. «Азаматтармен келісімге келудің ең
дұрыс әдісі — оларды қорқытып ұстау». Бұл пікірді соғыс министрі Чернышев
мырза да мақұлдайды.
— Біздің де тілегіміз сол емес пе? Тек қарулы күшті тезірек шығарсаңыз
дейміз.
— Кенесары көтерілісін түп-тамырымен құрту жөнінде қазір арнаулы соғыс
жоспары жасалып жатыр, — деді Горчаков, — көп ұзамай қарулы күш те
шығарылады. Қазақ даласы Кенесары қарақшыларынан да тазартылады. — Кенет
генерал-губернатордың есіне ауру қаншығы түсіп кетті, ол енді асыға бастады. —
Өзге шаруаңызды облыс бастығы Талызин мырзамен сөйлесіңіз. Қош болыңыз.
Қоңырқұлжа салы суға кетіп үйден шықты. Ауырып жатқан Талызинның
пәтеріне барып жолығып, үш күннен кейін еліне қайтты.
Аға сұлтан бұ жолы Талызиннен көмекке небары жүз солдат алғанымен, келесі
жаз Кенесарыны біржолата құртатын қалың әскер шығатынын естіп, көңілі сәл
орнығайын деді. «Қыс болса келіп қалды, ал Кенесары қыста шабуылға
шықпайды. Бірен-саран жасаққа мына жүз солдат пен өз күшім де төтеп бере
алады». Бірақ ол ел шетіне жетер-жетпестен-ақ әнеукүнгі Ағыбай мен
Байтабынның ауылды шауып, түбектегі бар малын айдап әкеткенін естіді.
Оқиға былай болған еді.
Есіркеген жас та болса санасы ерте оянған жігіт еді. Қалада орысша оқып, хат
танып, көзі әжептәуір ашылып қалған. Өзімен бір мектептегі кей балалардың
«жайлауымызға биыл солдаттар бекініс салыпты, енді аулымыз әрі қарай құмға
көшетін шығар», — деген сөздерін естіп, түбі патша отаршылық саясаты еліне
қолайлы тимейтінін түсіне бастаған. Оның үстіне Кенесары мен оның батырлары
жайында естіген ерлік әңгімелері де бала жігіттің көңілін еліктіретін. Әсіресе
Шұбыртпалы Ағыбай батыр жайындағы аңыздар кәдімгідей қанын қыздырып,
қиялына от тастайтын. Ағыбайдың сондай жау жүрек батырлығын мақтаныш
ететін, өйткені Шұбыртпалы оған аталас ру. Енді сол Ағыбайдың басына қауіп
төнгенін біліп, не істерін білмей, әбден күйінген-ді. Әйтсе де, нағашы апасының
аулында бұдан әрі жата берудің жөнсіз екенін біліп, Қоңырқұлжа Омбыға
аттанысымен бұ да серіктерін ертіп, өз еліне жүріп кеткен-ді. Бұлар ауыл шетіне
шығар-шықпастан-ақ алдарынан бір қоян ойға қарай зыта жөнелді. Кілең
есерсоқтау жас жігіттер әлгі қоянды қуып берді. Есіркегеннің аты өзгелерінің
атынан ұшқырлау болғандықтан, серіктерінен озып кетіп, қоянды жеке қуды.
Ақырында қоян Есіл жағасындағы бір қалың талдың ішіне кіріп жоқ болды. Бірақ
Есіркеген қояннан айырылғанмен, шоғыр талдың түбінде түні бойы
Қоңырқұлжаның аулын торып, қазір тынығып ұйықтап жатқан әбдіуақиттың
үстінен шықты... Тарсылдатып келіп қалған ат дүбірінен әбдіуақит шошып оянып
жанындағы шоқпарына жармасты. Кілт тоқтаған Есіркеген сәлем беріп өзінің жау
134
емес екенін айтты. Әбдіуақит жас жігітті шырамытып, танығандай секілденді. «ә...
Масан бидің ұрпағы тәріздісің... Асылдың сынығы, шұғаның қиқымы екенсің ғой,
алдамассың», — деді. Бұл кісінің кім екенін білген Есіркеген өзінің таңертеңгі
жылпық сарыдан естіген сөзін, Ағыбай тобын Қаражар шатқалында жатқан
жерінде басыңдар деп нөкерлеріне Қоңырқұлжаның бұйырғанын жасырмай айтып
берді. Сөзінің аяғында: «Жанымда жолдастарым бар. Маған бұрылуға болмайды,
сіз Ағыбай батырға жетіңіз. Және Байтабын жасағында Қоңырқұлжаның адамы
бар, соны да құлағына салыңыз. Өзіңіз де сақ болыңыз, ауыл торып жүргеніңізді
Қоңырқұлжа жігіттері біледі», — деді. Есіркеген естігенін айтып бола берген
кезінде ойпаттан жолдастары да көрінді. Бала жігіт әбдіуақит аналардың көзіне
түспесін деп, серіктеріне қарай тұра шапты.
Қоңырқұлжаға барған жігіттің түсін сұрауға үлгірмегеніне өкініп, әбдіуақит,
Есіркеген кетісімен-ақ көп кешікпей, қалың тал ішіндегі байлаулы атына міне сала
Қаражар шатқалындағы Ағыбайға жөнелді. Ағыбай сол күні алды-артын барлауға
төрт адам жібергендіктен, қайсысының Қоңырқұлжамен хабардар екенін ажырата
алмай, амалсыз Қаражардан жедел көтеріліп, күн бата Байтабынның жасағына
келіп қосылды.
Ат құлағында ойнаған елу жігіт таң сыз беріп келе жатқанда түбектегі аға
сұлтанның жылқысына тиді. Ақылағын ағызған Ағыбай мен Серкесанын секірткен
Байтабынға кім шыдасын, қос батыр алғашқы айқасқанда-ақ сойылды оңды-солды
сілтеп, қарсы шапқан Қоңырқұлжаның жүз нөкерінің он шақтысын бірден түсіріп
кетті. Сөйткенше шұбатыла артындағы елу жігіт те жетті. Тек суыр ініне аяғын
сұғып алып, астындағы аты ақсап Ожар ғана кейін қалды. Кенесарының ұрысқа
әбден шыныққан жігіттеріне жеме-жемге келгенде аға сұлтандардың нөкерлері
шыдап көрген емес. Бұл жолы да солай болды. Бетпе-бет кеп қарсы шапқанда
Ағыбайдың мысы жеңді, Асылкерейдің бірнеше қайратты нөкерлері сойылға
жығылды. «ә» дегенше болған жоқ бірнеше ат ойнап шыға берді. Сұлтан
нөкерлерінің алыспай жатып-ақ берекесі кетті. Көп кешікпей олар тым-тырақай
қаша жөнелді.
Өз жасақтарынан тек он шақты сарбаз ғана жараланған Ағыбай мен Байтабын
түбектегі көк аланың тайлы-таяғын қалдырмай айдап елдеріне бет алды. Жасынан
аға сұлтан Жамантайға өшпенді Ағыбай бұ жолы Қарқаралыны шаба алмайтынын
біліп, амалсыздан Байтабын жасағымен бірге кейін қайтты.
Бар малынан айырылған Қоңырқұлжа жаман қиналды. Оңашада ат жалын
құшып жылап та алды. Малсыз аға сұлтан боп ұзақ отыра ала ма, әсіресе осы қауіп
жүрегін удай ашытты. Тек айқаста әбдіуақит төлеңгіттің сойылға жығылып
қайтыс болғанын естіп, көңілі орнықты.
ІV
Ақмола, Ақтау, Ортау бекіністерін алғаннан бері Кенесарының көңілі көтеріңкі
тәрізді еді. Оның үстіне асығы алшысынан түсіп, Ағыбай мен Байтабын батырлар
135
қас жауы Қоңырқұлжаның ең соңғы үш мың жылқысын айдап әкелді. Ескі кек
қайтқандай. Ал батыр қарындасы Бопай Сырымбет саласындағы Уәлиханның
жесірі Айғанымның кең сарай алты ағаш үйінің күлін көкке ұшырып
қоймасындағы басулы кигіз, иленген терісіне дейін қалдырмай барын сыпырып
әкеп, ата кекті бір қайтарды. Енді Кенесары көңілденбегенде кім көңілденбек?
Құдай абырой беріп Ақмола, Ақтау бекіністері де тез алынды. Осы жеңістердің
арқасы ғой, енді Қараөткел, Қарқаралы, Көкшетау, Баянауыл өкіріктерінің кей
ауылдары бірден Кенесары жағына шыға бастағаны. Әрине, осыдан. Кенесарыны
әсіресе қуантқан Кіші жүзден келген хабар. Жақында екі айдай уақыт жүріп Елек,
Ембі, Ырғыз, Жем бойын аралап Таймас қайтқан. Ұрыс десе жаны кіретін Кіші
жүздің Жоламан батыры бастаған Тама, Табын, Шөмекей, Шекті, Төртқара
руларының көп ауылдарымен Иман, Жәуке батырлар соңынан ерткен Торғай
өзенінің жағасын жайлаған қалың Қыпшақтың Кенесары көтерілісіне қосыламыз
деп дайын отырғанын айтып келген. Және Орта жүз бен Кіші жүзді біріктіріп ақ
патшаға қарсы шығу үшін, Кенесарының бері қарай, Торғай өзенінің бойына
көшіп келуін өтінгендерін де жеткізген. «Егер Қоқан хандығына қарсы Сыр
бойында жеке алысып жүрген Нұрмұхамедтің Жан-қожасы басқарған Кіші жүздің
бір қауым қарашысын, Атыраудың күнгей қапталындағы Адайды, әлі де Шеген
бидің қарамағынан шыға алмай келе жатқан Арғынды өз жағыма тарта алсам, бар
қазақтың басын қосқаным емей немене», — деп ойлайтын Кенесары... Таймас
жақсы хабар әкелгелі бұл ойынан өзі де үміттене бастаған. Сол себепті ол соңғы
кезде тас қабағы ашылып, дүниеге сәл күлімсірей қарауды шығарған. Тек соңынан
ерген рулардың кейде қонысқа, жайлауға, мал өрісіне таласқан бірен-саран реніш-
жанжалдары ғана көңіл күйін аздап бұзатын. Бірақ бұ да ұзаққа бармайтын.
Қысқасын айтқанда, қазіргі жағдайда Кенесары жабығардай ештеңе жоқ секілді
еді. Әйткенмен олай болмай шықты. Ел басы бір үлкен қауіп-қатерге тірелгендей,
соңғы кезде Кенесары түнере түсті. Оның бұлай өзгеру себебін хатшысы және
ақылгөй серігінің бірі Жүсіп-Иосиф Гербурт қанша ойласа да таба алмады. «әлде
жақында өткен Наурызбайдың тойында бір сыр жатыр ма?» деп ойлады ол.
Осыдан бір жеті бұрын, Байтабын Қоңырқұлжаны шабуға жүріп кеткен шақта
Наурызбай мен Ақбөкеннің қосылу тойы болған. Тойды Кенесарының өзі
басқарған. Ақын айтысында да, балуан күресінде де адал төрелік істеп, жұрттың
көңілін өзіне бір аударып тастаған. Сөйткен жағасы жайлау, төсі қыстау Кенесары
күрт өзгерді. Төренің көңіл райының құбылғаны түрінен сезіліп тұр... Өйткені
сұлтан бірдемеге ренжісе, қапаланса, не шешім таба алмай қиналса, еш адаммен
сөйлеспей қабағын қарс жауып сыр шашпай қара судай тұна қалады, не болмаса
қауіп-қатер басына төнген қорқынышпен ойнай бастайды. Мұндайда ол ажал-
сыннан тек өз басын ғана емес, соңынан ерген қарашысын да, қасындағы
батырларын да, ағайын-туысқанын да сақтап қалмайды, ешқайсысын аямайды.
Бұл Кенесарының жүрек толқынының қобалжуының, жанына батқан ауыр сырдың
шешуін таба алмай қиналуының ең анық белгісі. Кенесарыда мұндай жағдайда
136
мәймөңкелеу, біреудің көңіліне қарау деген болмайды, тік кетеді. Ол бүгін де осы
әдетіне көшті.
Күн батып бара жатқан кез еді. Малдың у-шуымен ауыл үсті күндегісіндей
азан-қазан. Ауыл сыртында тартқан қурай күйі, белестен аса күрсіне салған
жылқышы әні, батып бара жатқан алтын күнге жоқтау айтқандай біртүрлі мұңлы,
қасіретті еді.
Жапар, Тайшық, Ахмет, Омар, Оспан, әубәкір, Сыздық, Жәкей атты сегіз
ұлының бірі бес жасар Сыздықты ертіп Кенесары ақ ордасынан шықты. Үстінде
түйе жүн жеңіл шекпен, кішкентай кездікті былғары қыналы белінде күміс
белбеу. Сыздық тұрымтайдай шапшаң, Кенесарының аузынан түскендей ақ сары
бала. Әкесі бұны өзге ұлдарынан жақсы көреді. Тентек, кішкентайынан жау
жүрек, пышақ, таяққа үйір-ақ.
Есік алдында анандай жерде тұрған Жүсіпті көрді де:
— Жүсеке, жүріңіз, ауыл сыртына шығып азырақ серуендеп қайтайық, — деді
Кенесары қой мініп ойнағысы келіп тұрған Сыздықтың білегінен ұстап жібермей.
— Мақұл.
Жауға аттанғанда болмаса, Батырмұрат ауыл арасында Кенесарыны
күзетпейтін, мұндайда сұлтанды бақылаушы, күзетуші Қараүлек. Ол ауыл
сыртына қарай кетіп бара жатқан ана үшеуді көрді де, үн-түнсіз соңдарынан ерді.
Кенесарының баласының білегінен ұстап жібермей келе жатқанын аңғарған
Жүсіп арт жақтарындағы бас жендетті көріп кенет абыржи қалды, жүрегі аттай
тулай жөнелді. «Япырмай, мына жас баланың бір жазығы болмаса нетті?..
Қараүлек бостан-бос ермесе керек еді...»
Бұл үшеуі қара шұғадай майлы топырақты сайдың жағасындағы бір адырдың
үстіне кеп тоқтады. Кенесары кейінірек қалған Қараүлекті қолын бұлғап шақырып
алды да беліндегі күміс кездігін суырып:
— Ұшын жоғары қаратып мынаны ана жерге көм, — деді.
Құл айтқанындай етіп алмас кездіктің ұшын ғана қылқитып тегіс топыраққа
көмді.
Кенесары енді баласына бұрылып:
— Батыр болғың келе ме, Сыздық? — деді.
Баланың жүзі жайнап кетті.
— Наурызбай көкемнен де асқан батыр болам.
— Онда жүгіріп келіп, мына өткір кездіктің үстіне кеудеңді төсей құла! Егер
қорықпасаң батыр боласың.
Бала көзінде сәл сескенгендік бір сезім жарқ етті де, заматта сөне қалды.
— Кеудеме кіріп кетпей ме кездік?
— Батыр болар адам кеудеме кездік кіреді деп қорқа ма?
Сыздық теріс бұрылды да жүгіріп келетін жерге қарай жүре берді. Жүсіп
терлеп кетті. «Япырмай, мұндай да тас жүрек әке болады екен-ау! Бес жасар
баланың батырлығын жалаңаш кездікке құлатып сынай ма екен кісі? Жазым болса
қайтеді?... Жоқ, баланың көңілі дауаламас!»
137
Сыздықтың жүрісі сылбыр, әлі жерден басын бір көтерместен кетіп барады.
Кенесары кенет тез қимылдап кездікті суырып алды да, орнын кездік тұрғандай
томпайта қойды. Жүсіп енді ғана «үф» деп демін алды. «Бәсе, неше бүгін тас
бауыр болса да әке деген көрер көзге өз баласын пышаққа жығар ма! Енді
түсінікті. Әйтсе де балаға бұл үлкен сын екен. Әкенің қатігез мінезін біледі,
расымен жүрегі дауалап кездікке құлар ма екен? Құламаса, әрине, Кенесарыға бұл
баланың еш қадірі қалмайды. Ондай баланы ол балам деп санамауы мүмкін.
Сұлтан тұқымы қасқыр тектес деп жұрт неге айтатынын енді ұқтым. Бұлар
қатарларында тек күштілерін ғана сақтайды екен...»
— Жетеді, Сыздық, — деді дауыстап Кенесары. — Кәне жүгір!
Бала дереу бұрылды да, жүгіре жөнелді. Тоқтар емес, жайшылықта
серіктерімен жарысқандай ағып келеді. Жүсіп байқап тұр, тек таяй беріп, кездік
шаншылған томпиған жерді мөлшерлеп қараған кезде ғана көзінде сескенгендік
бір сезім пайда болып сәл жұмылып кетті де өзінің осы бір болмашы
қорқақтығына ызаланғандай, екі көзі қайтадан шоқтай жайнап алға қарай атыла
түсті. Сол жүгірген бетінен тоқтамастан томпайған жердің үстіне дәлме-дәл жетіп
көкірегін төсей құлады. Құлағаны аз болғандай бір-екі рет аунап-аунап жіберді де
түрегелді. Кенесары баласының ерлігіне риза болғанын жасыра алмай, жанына
барды. Бірақ сүйген жоқ, тек ұзын саусақтарымен маңдайынан бір-екі мәрте
сипап:
— Апаңа бара ғой, — деді.
Сыздық нағыз бір желіден босанған құлындай ауылға қарай ойнақтай жүгіре
жөнелді. Кенесарының ымына түсінген Қараүлек те енді ауылға қарай беттеді.
Төбе басында тек сұлтан мен хатшысы ғана қалды. Жүсіп өзін-өзі ұстай алмай:
— Нағыз көкжал болады! — деді зымырап жүгіріп бара жатқан Сыздықтың
соңынан қарап.
Кенесары мырс етіп күліп жіберді.
— Неге күлдіңіз?
— Өзім де Сыздықтан көп үміттімін. Өзге балаларым бір төбе де, Сыздығым
бір төбе. Ал күлген себебім: Абылай атамның түсін жорыған Бұқар жыраудың сөзі
есіме түсіп кетті. Сенің Сыздықты көкжал бөрі болады дегенің сол кісінің
айтқанына дәл келіп тұр...
Жүсіп-Иосиф Гербурт қазақ арасындағы сан алуан ертегі, ұлағатты сөздің көп
екенін бұрыннан білетін. Және оларды құмарта тыңдайтын. Реті келсе жазып та
алатын. Бұ жолы да сондай бір жәйттің шеті көрініп қалғанына қуанып кетті. Төре
тұқымы өздерінің құпиясын басқа жұртқа көп айта қоймайтынын білсе де:
— Қандай түсті айтасыз? Бұқар жырау не деген екен? — деді сұлтанды
сөйлеткісі келіп.
Кенесары бәлсінген жоқ, әңгімесін бастап кетті.
— Атамыз Абылайды үш жүздің игі жақсылары боз биенің сүтіне
шомылдырып, ақ кигізге орап, хан ғып көтерген күнінің түнінде ол бір ғажайып
түс көріп шығыпты. Бұқар жыраудан жоруын сұрапты...
138
«Астымда Жалынқұйрық жүйрігім бар. Сарыарқада серуендеп келе жатыр
едім, — депті хан Абылай, — алдымнан бір арыстан тұра қашты, қуып жетіп,
алдаспаныммен ішін жарып жіберіп едім, арыстанның ішінен бір жолбарыс
шықты да тұра жөнелді. Жолбарысты да қуып жетіп аш бауырынан орып жіберіп
едім, ішінен бір көкжал қасқыр шыға келді де тұра қашты. Көкжал қасқырды да
қуып жетіп, ішін тіліп жібергенімде, одан бір қызыл түлкі ата жөнелді. Қызыл
түлкіні де қуып жетіп қарнын осып қалғанымда ішінен құрт-құмырсқа, бақа-шаян,
жылан-кесіртке ақтарыла түсті... Бірақ бұлар менен қашпады, бәрі быжнай келіп,
атымның сауырына, жалына жабыса бастады. Шошынғанымнан айқайлап жіберіп,
оянып кеттім. Жоруын айтшы осы түсімнің, жырауым», — депті Абылай хан.
Сонда Бұқар жырау былай деп жорыған екен:
«Жалынқұйрыққа мінгенің — хан тағына мінгенің. Ал алдыңнан арыстан
қашса, сенен арыстандай айбарлы ұл туады екен. Одан туған бала да жолбарыстай
қайратты, жүректі болады екен. Жолбарыстан туған шөберең де көкжал қасқырдай
жүректі жаратылады екен. Ал көкжал қасқырдың баласы, төртінші ұрпағың,
қызыл түлкідей заманына қарай қу, тәсілқой келеді екен. Ал қызыл түлкіден әрі
қарай тараған тұқымың бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жылан-кесіртке секілденіп
уақтанып кетеді екен», — депті.
Егер Абылайдан туған арыстан менің әкем Қасым төре болса, одан туған
жолбарысты өзім десем, менен туған көкжал қасқыр әлгі Сыздық емес пе? Жаңағы
қылығы Сыздықтың көкжал бөрі болатынын көрсетпей ме? Өзің де соны аңғарып
қалған жоқсың ба?
Кенесары әлденеге көңілі бөлініп кенет тоқтай қалды. «Ал көкжал қасқырдан
түлкі тууға тиісті ғой, түс жоруы дұрыс болса, солай тәрізді... Өзіңіз соған сенесіз
бе?» — деп сұрауға Жүсіптің батылы бармады. Ол әрине дәл осы минутте
Сыздықтан туған Жүністің қызыл түлкідей қу келетінін қайдан білсін, тек Бұқар
жыраудың Абылай түсін әлгідей жорығанына таң қалуда еді. «Түс жоруы дұрыс.
Қасым төре — арыстан, одан туған Кенесары жолбарыс, ал бұл Жолбарыстан
туған әлгі Сыздық шын көкжал болғалы тұр. Одан кім туады? Шыныменен Бұқар
жырау айтқандай күнін көру үшін заманына қарай бейімделген, жалтарма бір
қызыл түлкі дүниеге келер ме екен?» Жүсіптің ойын тағы Кенесары бұзып
жіберді.
— Жә, Бұқар жыраудың әңгімесін қоя тұрайық, — деді ол кенет, көптен бері
көңілінде жүрген бір сырды қозғағысы келіп, төбе үстіне жантая жата беріп, —
сен де отыр, Жүсіп, — деді. Сөйтті де әңгімесіне қайта кірісіп кетті. — Сен бөтен
жұрттың баласысың, Жүсіп... Жасың кіші болғанмен көпті көрдің... Ақ патшаның
таяғын Бөлше халқы қазақтан бұрын жеген тәрізді. Сондықтан сендер бізден гөрі
білгірсіңдер... Білгір болмасаң Россия патшасы сені сонау ит өлген жерден мынау
қу далаға айдар ма еді.
— Күш қолында тұрғанда, өзіне қарсы адамды патша неге аясын...
— Иә, ол солай ғой... Ал мен сенімен кеңескім келеді. Шын дос болсаң
ойыңдағыны жасырмай айт.
139
— Сұраңыз. Жалған айтпауға ант етейін.
— Жоқ, антыңның керегі жоқ. Мен саған онсыз да сенемін. Өйткені екеуміз де
Россия патшасынан қорлық көрген жандармыз. Тілегіміз бір, ниетіміз бір,
бірімізді біріміз алдауға тиісті емеспіз. Ал сұрайын дегенім... Өзің көріп жүрсің,
Жүсіп, от сала білсең патшаға қарсы қазір бүкіл Сарыарқа көтерілуге бар... Ереуіл
жалыны бұдан да өршіп кетуі мүмкін...
— Дұрыс айтасыз.
— Ал біз де ширыға түсеміз. Егер Орта жүз тегіс көтеріліп, оған Кіші жүз
қосылса... Бұның өзі қыруар күш қой. Сөйтсе де... — Кенесары ойын айта алмай
тағы да үндемей қалды. Тек аздан кейін ғана барып қинала, — осынымыздың бәрі
түбі босқа қан төгу болмай ма? — деді, — жарайды бар қазақ бірлестік делік,
сонда ақ патшаға айтқанымызды істете аламыз ба?
«Кенесарының бұл күмәндануы бос күмәндану емес екенін Жүсіп бірден
түсінді. Әрине осы биылғы жаздағы жеңістерден кейін басқа адам болса, лепірген
үстіне лепіре түсер еді. Ал Кенесары... Жоқ, жоқ, бұл жай қазақ емес, бұнда бір
елге аға боларлық ақыл бар. Әттең! әттең! Елі кішкентай жұрттың ардақты
ұлдарының даңқы да кішкентай. Дәл осы шоқша сақалды, шегір көз қазақ, Европа
елдерінің қолбасшыларының қайсысымен салыстырсаң да батырлық, айлақорлық
жағынан кем соқпас еді, бірақ кішкентай халықтың ұлы... Ал жері көп... Сол көп
жерді осынау аз ғана жұрттың басып отыра алмайтынын білмей ме бұл? Бұлардың
ажалдарының өзі де осы қорғап жүрген жерлерінде емеc пе? Бүгін үйтіп-бүйтіп
аман алып қалғанмен, ертең бәрібір сол жерден айырылады. Өйткені бұлар саны аз
халық... Осыны неге түсінбейді бейбақ? Дос жылата айтады, дұшпан күлдіре
айтады. Шын көңілден сұрап отыр ғой, не болса да шындықты алдына ашып
салайын».
— Ақ патшаға, — деді Жүсіп Кенесарының сөзіне жауап беріп, — бәрібір
айтқандарыңды істете алмайсыңдар.
— Неге?
— Қазіргі Россия бұдан жүз жыл бұрынғы Россия емес. Қазір ол қазақ жеріне
әбден бауыр басып алған. Қаруы да, әскері де көп. Қазақ халқы қанша ер жүрек
халық болғанменен, Россия патшалығына қарағанда аждаһа алдындағы көжек
тәрізді, қалай жұтам, қашан жұтам десе де қолынан келеді. Сенің ереуіліңе қарсы
айына бес жүз солдат шығарып, он жыл күресу де, әлде бір жолы он мың әскер
шығарып бір айда құрту да — оған бәрібір. Сендер көгендеулі қойсыңдар, қай
уақытта сойып жегісі келсе ақ патшаның еркі. Дәл бүгін Россия патшасы сенің
көтерілісіңе шын мән беріп отырған жоқ, тентек бала әрі ойнайды, бері ойнайды,
сосын қояды деп ойлайды. Сені ол шын қауіпті жау санамайды. Сондықтан
хаттарыңа да жауап бермейді. Бәрібір түбі жеңетініне оның көзі анық жетеді.
— Өзім де солай ойлаймын...
— Онда неге ұрыс аштың?
Кенесарының көзі кенет жарқ етті.
140
— Сонда сен маған бауыздағалы тұрған қой тәрізді үн-түнсіз өле ғой дейсің
бе? Жоқ, мен олай өле алмаймын. Жолбарыс қой емес. Ең болмаса жауына шауып
ажал табады. Егер мен Айшуақ, Құдайменді, Жантөре, Уәли балалары секілді үн-
түнсіз Россия патшасына мойын ұсынсам, ертең үрім-бұтағым не дейді? Мені де
сатылған көп сұлтанның бірі еді демей ме? — Кенесары кенет шаршап кеткендей
көзін жұмды, — қазір жеңіліп ажал табуға бармын, бірақ ұрпақтарым алдында
атымды адал сақтағым келеді.
Жүсіп мырс-мырс күлді.
— Үш жүздің басын қосып қазағымды жеке мемлекет етемін деген арманыңыз
үшін ұрпақтарыңыз алғыс айтады деп сенесіз бе?
— Сенемін. Сол үшін жан беруге бармын. Әлде менің мұным қате ме?.. Менің
ерлігіме ұрпақтарым қарғыс айтады деп ойлайсың ба?
Жүсіп тіке жауап қайырмай ақырын күрсінді.
— Меніңше Абылай ханның түсін Бұқар жырау дұрыс жорыған тәрізді.
— Жоқ, — деді Кенесары кенет түнере түсіп, — Абылай атам Үш жүздің
басын қосып, қазақтың еркіндігін сақтап, жеке ел етемін деген хан. Оның түсіне де
осы халық тұрғысынан қарау керек.
— Иә, сонда?
— Абылай ханның алдынан қашқан арыстан — ол баласы Қасым төренің
кезіндегі халық. Оның ішінен шыққан жолбарыс — ол мынау менің кезімдегі
батыр жұрт. Бұл жұрттың жолбарыстай жүректі екені бәріңізге де аян... Бұдан
кейін, әлгі Сыздық тентегімнің ер жетіп, жауымен алысқан кезінде де қазақ халқы
елдігін де, ерлігін де жоғалта қоймайды... Көкжал қасқырдай жауына талай
шабады. Бірақ, қасқыр арыстан да, жолбарыс та емес, қанша көкжал болса да
ауыл-аймақтан ұзай алмайды... Одан кейінгі елім «сабасына қарай піспегі,
сақалына қарай іскегі» дегендей заманының ықпалына қарай түлкі болмасқа
амалы бар ма? Ал ол түлкі қулықты елімнен кейінгі ұрпақ бақа-шаян, құрт-
құмырсқа, жылан-кесіртке тәрізді кәкір-шүкірге айналады. Ол ол ма, Абылай
ханның осы бесінші ұрпағы кезіндегі осы құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жылан-
кесіртке секілді жұрт, ертең осы менің ісіме қарсы шабады. Сондықтан қазір
халқымның уақтанбай тұрған жолбарыстай қажырлы кезінде армансыз қимылдап
қалуым керек!
Кенесарының көзі қанталап, ақ сары жүзі күреңітіп кетті. Жүсіп баяу жауап
қайырды.
— Бұқар жырау Абылай ұрпағының бесінші буыны уақтанып кетеді десе, ол
бір сәрі. Хан ұрпағы десек те, ол болжау бір тұқымға ғана жатады... Ал бүкіл
қазақты сондай болып кетеді деуге қандай себебіңіз бар? Егер себебіңіз жоқ
болса...
Кенесары өзіне қарсы келген қашқын сөзіне ашулана қалды.
Ал ашу үстінде Кенесарыға қан төгу оңай шаруа екенін Жүсіп жақсы біледі.
Әйтсе де Кенесарымен біраздан бері талай тар жол, тайғақ кешуді басынан бірге
өткізген нәсілі ер жүректі жігіт тақа саса қоймады. Сабырмен сөйлеп:
141
— «Болғанда ашу пышақ, ақыл таяқ. Сол таяқ кеми берер жонған сайын»,
батыр ашуды ақылға жеңгізіңіз! Мен тұтас бір халық уақтанып, ер жүректігі
жойылып, илеген терідей болбырап кетеді дегенге сенбеймін... Тікенек шыққан
жерге тікенек шығады, гүл өскен жерге гүл өседі.
— Ал гүл жайылымын арам шөп басып кетер болса не істеу керек?
— Онда... отау керек.
— Дұрыс айтасың. Өзіме ермеген ауылдарды шапқанымда мен де сол арам
шөптерді отап жүрмін деген ойдамын. Бірақ өз саусағыңды өзің тегіс кесе аласың
ба? Оның да бір жауабы бар емес пе?
— әрине.
Кенесары күрсінді.
— Ал жауаптан қорықсаң, жеріңді арам шөп басып кетеді.
— әйтседе, — деді Жүсіп. — Алмас наркескенді қанша бөлшектесең де әр
бөлшегі сол алмас қалпында қалады. Батыр елден батыр ер туады. Бірақ әңгіме
онда емес, басқада. Көп қорқытады, терең батырады. Сол көптің қорқытатынын
алдын ала болжаған қарт Асан Қайғы да түсінген. Қол бастаған ақылды, батыр
Кенесарының қалай ұқпайтынына таң қалам. Россия империясы қазір Қытай,
Қоқан, Хиуа, Бұқардан анағұрлым күшті. Және қазақ жерінің дені қолында. Түбі,
әрі кетсе бір елу жылда бүкіл Сарыарқа, Сыр бойы, Маңғыстау, Үстірт, Жетісудың
бәрін бауырына басатыны сөзсіз. Сонда не дейсің? Кім күшті болса, жұрт соның
сөзін сөйлейді. Ал күшті кім? Ақ патша! Ол өзіне қарсы сойыл көтерген
Кенесарыны мақтай ала ма? әрине, мақтамайды, жамандайды. Патша жамандаған
адамды Абылай ұрпағының бесінші буыны да жамандауға мәжбүр болады.
Өйткені кімнің қолында күш болса, өзгенің соның сөзін сөйлеуі өмір заңы, қоғам
заңы. Тек бұл қасіреттен құтылудың бір-ақ жолы бар. Ол жол — уақ халықты
қанаушы патша үстемдігін Россияның өзінде жою. Ал ол күн қашан келеді? Міне
әңгіме қайда! Оған дейін Абылай хан атаң тәрізді патшаға бағындым деген сөзбен
көз бояп, қазақ елінің тәуелсіздігін сақтатып, жеке мемлекет етемін деуің, құр бос
қиял. Ондай еркелікті қазіргі заман көтермейді.
Кенесарының ашуы сәл тарағандай, бірақ әлі де қабағы қатыңқы.
— Дегенімізге жете алмайтынымызды біледі екенсің, бізге неге қосылдың?
Далаға тастай алмай жүрген жаның бар ма?
— әрине, тастай алмай жүрген жаным жоқ, — Жүсіп ақырын күрсінді, —
тәуелсіздік үшін күресудің не екенін мен жақсы түсінемін. Өз жұртымның
басынан өткен қайғылы хал... Ал сендерге жаным ашиды. Қолымнан келсе
ақылымды айтып, жәрдемімді беремін бе деп едім... Бірақ оным болар емес.
— Неге? әлде біз дұрыс ақылыңды тыңдамадық па?
— Жоқ, айып сендерде емес. Көтерілістеріңе қосылғандағы ойым, екі ұлттың
жақындасуына дәнекер болу еді. Жерінен, тәуелсіздігінен айырыла бастаған қазақ
халқының қанының босқа төгілмеуін арман етіп едім. Бірақ ол ойым қолға түспес
сағым екен. Батыс Сібір генерал-губернаторы князь Горчаков та, Омбы
облысының бастығы граф Талызин де сендермен бейбітшілік бітім жасар түрі жоқ.
142
Олар қазақ даласын тек қана мылтықтың күшімен алып, бейшара елді табанының
астына салуды көксеп отыр. Мұндай жағдайда талас қан төгіспей шешілмейді.
Қазір қазақ халқының басына ең бір ауыр күн туғалы тұр. Ал мұндай жағдайда
мен сендерді қалай тастап кете аламын? Бір кемеге міндік, өлсек бірге өлеміз.
Иосиф Гербурт Кенесарының сырын анық білмейтін. Оны сұлтан болса да ұлт
бостандығы қозғалысының қолбасшысы деп қана ұғынатын. Кенесарының жан
аямас қаттылығы, көзсіз ерлігі бәрі тек елінің еркіндігін аңсап патша отаршылық
қиянатынан құтылу тілегінен туған ерекше қасиеттері деп түсінетін. Осынау
шоқша сақал, шегір көз, ақ сары адамның ел мүддесінен шығу арқылы жетпек
болған жеке басының мақсаты да бар екенін аңғармаған. Ал Кенесары болса,
тоқсан тілектің түйінінен жаралған адам. Оның мінезі де, ішкі дүниесі де сала-
сала, онда Абылайдың ақ туын құлатпай ұстайын деген арман да бар, бір руды
емес, бар қазақты билесем деген баққұмарлық та мол, атадан әкеге, әкеден балаға
мұра боп қалған өзге сұлтандардан алмақ кек те жүректе сақтаулы, соңынан ерген
жұрттың құрметіне бөленсем деген сезім де күшті. Осының бәрі бір Кенесарының
басында. Ал Иосиф Гербурт оны тек отаршылыққа қарсы күрестің қолбасшысы
деп қана ойлайды. Ол Кенесарының жүрегінің қалай соғатынын кейде мүлде
түсінбейді. Бұл түсінбестіктен Жүсіп-Иосиф Гербурт тек екі жыл өтіп, Кенесары
өзін хан деп атағаннан кейін арылды. Оған дейін... Ол Кенесарыға өзінің ойын
ақтарыла айтып келді. Қазір де сол адал көңілін ашып отыр. Ал Кенесары болса
тек тыңдауда.
— Жоқ, — деді Кенесары кенет басын жоғары көтеріп, Гербурт сөйлеп болған
кезде, — болашақ ұрпақ кімнің айыпты, кімнің айыпсыз екенін өзі тауып алар, ал
біз өз борышымызды ақтауымыз керек. Қазақта «Алпыс күн атан болғанша, алты
күн бура бол» деген мақал бар, зорлыққа мойын ұсынар жайым жоқ, өмірім
жеткен жерге дейін алысып өтем!
Сұлтанның алған жолынан қайтпасын Гербурт анық сезді. Ішінен аяп та кетті.
«Халқы үшін жан қиюға шешінген екен, күші жетпес аждаһамен алысып, елін де,
өзін де қан етуге бел буынған екен. Мұны апаттан аман алып қалар қандай жол
бар?»
— Батыр, бетіңізден қайтпауға белді бекем буынған екенсіз, алдыңыздан
жарылқасын, — деді Жүсіп, бірақ тағы да айтар бір кеңесім бар. Батыс Сібір
губернаторы сіздің тілегіңізді орындамайды және өзіңізді жазым етпей
тоқтамайды. Олармен арамыз тым әріге кетті. Жоламан мен Иман батыр шақырып
отыр ғой, мүмкін Торғай, Ырғыз өзендерінің бойына ауысқан жөн болар?.. Соңғы
кезде Орынбор мұжықтары қатты толқуда, бізге ақ патшамен күресуге сол жақ
қолайлы тәрізді. Оның үстіне өзімізге қаншама тың елді қосамыз. Арқа қазақтары
бір жағынан ру бастықтарының дегенінен шыға алмай және патша солдаттарымен
жиі алысып, қалжырап қалғандай.. Бұ да еске алатын жағдай.
Жүсіп Кенесарының ойлаған жерінен шықты. Сұлтанның соңғы кезде күрт
өзгеруіне де себеп болған осы бір тілектен туған ауыр ойлар еді. Наурызбай мен
Ақбөкен қосылар кезде Бопай Аманқарағай приказын шабуға тағы да кеткен-ді. О
143
жақтан жақында олжалы болып оралған. Сол күні Кенесарының ордасына келген.
Қараөткелді алар кезде, Тамыздың басында шабылған Шыңғыс, Кенесары
сарбаздары енді жортуылға шыға қоймас деп бейқам жатқан екен. Бопай жоқ
жерден қойға шапқан бөрідей астан-кестеңін шығарыпты. Қарындасы соны
баяндап болды да «Науанжан мен Ақбөкенді бекер қосыпсыз. Ағаттық еткен
екенсіз», — деген. «Неге?» деп сұраған Кенесарыға Ақбөкеннің Байтабынға
кішкентайынан айттырған қалыңдығы екенін, біріне бірі кет әрі еместігін, тек
осынау аласапыран кезде жат жерде қосылудың ретін таба алмай жүргендерін айта
келіп «жиенінің қалыңдығын ініңізге алып бергеніңізді Жоламан батыр қалай
көреді. Бір шүйкебас үшін бір тайпы жұртты өкпелетіп алып жүрмесеңіз нетсін.
Серғазы ханның зорлығынан қашып келген Байтабын бұ жақтан да қиянат көріп,
бізден безер болса, бұған өзге жұрт не айтады? Жоламан батыр не айтады?» деп
жауап қайырған тәкәппар Бопай.
Осы күннен бастап Кенесары күрт өзгерген. Орта жүз бен Кіші жүздің басын
қосамын ба деп қатты үміттеніп тұрғанында көңіліне күдік кірген. Қазақтың қай
батыры намысқа шаппаған? әрине, ел басқарған сұлтан Жоламанның да қорлануы
табиғи жәйт. Егер Байтабын Орта жүзден көрген қиянатын шағым етіп барса,
бүкіл Табын болып Кенесарымен жауласып кетуі ғажап емес. Қазақ мұндайда
үлкен тілекті, зор арманды жеке бастың мүддесіне де айырбастай салады. Сонда
не істеуі керек? «Байтабынды әлдеқалай жазым болды деп біржолата көзін жойып
жіберсе қайтер еді? әрине, Қараүлек мұны оп-оңай орындар еді. Бірақ
жаманшылық жата ма, бір күні болмаса бір күні шындық шығып қалса не айтам?
Оның үстіне жесір дауы тағы бар. Бұл қазаққа ажалдан кем жоқтау емес».
Кенесары Жоламан бастаған Кіші жүздің белді руы Табыннан қол үзгісі
келмеді, ал қол үзбеймін деп бір анадан туған, жанындай жақсы көретін
Науанының қойнынан сүйген жарын тартып алуға көңілі дауаламады. Ел арасына
бүлік салмау үшін Ақбөкеннің өзін бір түнде жоқ етіп жіберуге тағы да дәті
шыдамады. Ал Кенесарының ойынша бұл қиындықтан құтқарар жалғыз жол —
осы екі жігіттің арасындағы Ақбөкеннен құтылу... Бірақ ағасының сыры өзіне
мәлім Науанын қалай жұбатады? Егер ол жұбанбай қойса не істейді? Наурызбай
Кенесарының оң қолы, оң көзі — онсыз ол жарты жан емес пе? Ойлай-ойлай келіп
Кенесары Байтабынның көңілін табу, соның дегенін істеу керек деген шешімге
тоқтады. Сонда ғана екі ел бүлінбейді. Жоламан бастаған жұрт та Кенесарының
жасыл туының астына кіреді. Сұлтан осы шешімге тоқтасымен енді Байтабынның
оралуын күтуде болды. Жүсіптің мына ақылы да Кенесарының түпкі ойынан
шығып тұр. Әрине бір қыз үшін екі елді алыстатпау керек және соңынан ерген
Арқа елі мақұл көрсе Торғай, Ырғыз өзендері бойына қарай көшу жөн-ақ. Бүйту
Кенесарының ақ патшамен алысу әдісіне де қолайлы. Бір жерде ұзақ тұруға
болмайды, Ұзақ тұрсаң патша әскерінің өзіңді қоршап алуына мүмкіндік бересің...
Ал қоршалдым дегенше шаруаңның біткені. Жоқ, жоқ, қайткен күнде де жеріңнің
кеңдігін пайдалану керек. Қыс Есілде болсаң, жаз Торғайда бол, қашқан түлкідей,
аңдыған жауға із тастап, әр жерден бір көрініп, қақпанына түспе...
144
— Сібір генерал-губернаторының қолы жетер төңіректен кету керек, — деді
Кенесары, — бізді енді бұл арада зорлықтан басқа ештеңе де күтпек емес. Ел
болып бірігер күн туса, түбі қайта бір соғармыз. Қоңырқұлжа, Шыңғыс, Зілқара,
Жамантайларда қалған өшті сонда алармыз.
— Дұрыс.
Осы кезде бұлар ауыл жақтан өздеріне қарай беттеген үш-төрт кісіні көрді.
Кенесары бір қарағаннан-ақ тани кетті.
— Байтабын батыр келген екен!
Көзінде қобалжығандай болмашы бір сәуле пайда болды да, кенет жоғалып
кетті.
Иә, бұл Байтабын еді. Жанындағылары Жеке батыр, Құдайменді, Таймас.
Бұлар қыр басына жетіп те қалды. Өзі жоқта Ақбөкенді Наурызбайдың алғанын
Байтабын естіген тәрізді. Әзер жүріп келеді. Бетінде қан жоқ, сөл жоқ, тістеніп
алған. Ал Кенесары жаққа тесіле қараған көзінде бір ғажайып қайғы тұна қалған.
Қарашықтары әдеттегісіндей ұшқын атып селт етер емес. Қабағы тастай түйілген.
Оң қолында садағы. Жақ ағашынан, ортан белінен ұстап келеді. Бұлар Кенесарыға
жете бергенде, кенет бір дүбір естілді. Жүсіп бұрылып қарап еді, аң аулап қайтып
келе жатқан Наурызбай тобы екен. Олар да Кенесарыны көріп, тез аттарынан түсіп
төбеге қарай беттеді. Алдарында Наурызбай, оның оң иығында тұғырға
қондырған «Қанды көз» аталған бүкіл елге әйгілі аппақ сүттей жібек балдақты
ақсұңқар...
Кенесары мен Жүсіптің қасына бұл топ та асыға жақындады. Наурызбай
Байтабынды көрді де кенет тоқтай қалды. Байтабын Кенесарыға жақын келіп
қалған еді, тізе бүгіп сәлем берді.
— Батыр, барып қайтқан сапарымның қиындығын айтайын ба, әлде елімнен
алыс жерде жүргенімде көрген қиянатымды айтайын ба? — деді.
Кенесары жігіттің жүрек соғысын бірден түсінді. Бүркіт қанатындай жирен
қастары көзінің ортасына түйіліп:
— Екеуін де тыңдайтын уақыт болар әлі. — деді ол жігіттің жүзіне тесіле
қарай, — алдымен бір өзара талас жәйді шешіп алалық... Байтабын, сені жұрт
мерген деседі... Шын мерген болсаң жүз қадам жерден ана Наурызбайдың
қолындағы ақсұңқарды атып түсірші!..
— Батыр, оқ ақымақ келеді, ақсұңқарға тимей... — Байтабын Наурызбайға
жалт етіп бір қарады да сөзін аяқтамай тоқтады.
Кенесары кесімін пышақ кескендей тұжыра айтты.
— Ақымақ оққа сен айыпты емессің!
Наурызбай мен Байтабын арасындағы әңгімеге Жүсіп те қанық еді. Және
Наурызбайды Кенесарының жанындай жақсы көретінін де білетін. Сұлтан сөзінен
туған інісін қанша жақсы көрсе де, ел бірлігін одан жоғары бағалайтынын тағы да
аңғарып қалды. «Ел бірлігі үшін соңынан ерген батыр інісін оққа байлау — құр
ғана қатігездік емес, одан да жоғары, одан да биік қасиет. Байтабынға: «Ақбөкен
үшін кеткен өшің болса, Наурызбайдан ал, кегіңді қайтар, бірақ Жоламан
145
екеуміздің арамыздағы жаңа бірлесіп келе жатқан одақты бұзба деп тұрған жоқ па!
Байтабын бұған не демек? Расымен Наурызбайды оққа қияр ма екен?»
Кенесарының ойын жалғыз Жүсіп емес, Байтабын да, Наурызбай да, қала
берді, қоршап тұрған жұрттың бәрі де түсінді. Осындай ерлік кесіммен
шешілмесе, Наурызбай мен Байтабын арасындағы жағдай екі елді жауластырар
қанды жанжалға айналып кететінін болжаған батырлар ара түсіп ештеңе демеді.
Өзге жұрт не айтарын білмей қысылып үн-түнсіз тұрған шақта Наурызбай кілт
бұрылып, жүз қадамдай жерге барып «Қанды көзді» тұғырымен иығынан сол
қолына қондырды да қырындай қасқиып тұра қалды. Ажал дәл осы сәтте тепкелі
келе жатқан қанды тұяқтай ыңғайлана берсе де міз бақпады. Тек сұрғылт жүзі
атып келе жатқан таң бозындай қуқылданып кетті.
Байтабын да ұзақ күттірген жоқ, қабағын шытып сәл бөгелді де, бір шешімге
келген адамдай тез оң жақ белбеуіндегі түйе тері қорамсақтан қозыжаурын жебені
алды да, оң қолындағы жақты кеуде тұсына көтере беріп садағына асыға оқтап
ойланбастан тартып қалды. Сол сәтте... Наурызбайдың созылған қолының
басында тұрған ақ сұңқар жалп етіп жерге құлады.
Ақбөкенінен айырған Наурызбайға қанша ашулы болғанмен, Байтабын
бақастықтан, намыстан ел бірлігін жоғары көрді. Көкірегінің көзі ашық жас
батырды Кенесары өзі келіп құшақтап баурына қысты да:
— Байтабыным, шын мерген екенсің! — деді. — Бүгінгі маған көрсеткен
құрметің үшін қарамағымдағы елдің өзің таңдаған ең сұлу қызын ал.
Қайғы, ашу жүрегіне шаншардай қадалып тұрса да бойды алған қам көңілдікті
ақылға билеткен Байтабын ілтипатпен басын иді де қойды.
Жаңа ғана кенет қара түн келіп, сұрапыл дауыл жерге ұрып кетердей
қобалжыған Наурызбай айыбын кешірген Байтабынға қатты риза болып, жақсы
көрген сұңқарды бір жігітіне сол өлген жеріне көмуді тапсырды да (соңынан осы
төбе «Сұңқар өлген» төбе деп аталып кетті) өзі қыр басына көтерілді.
Байтабынмен қол алысып амандасты. Қастары түгіл, достарының қатты сөзін
кешірмейтін өркөкірек екі батыр жігіттің арасындағы махаббат таласы мен намыс
таласы осылай бітті.
Бірақ ел бірлігін сақтауды інісі Наурызбайдан артық ұғынған Байтабыннан
Кенесары іштей кенет сескене қалды. «Қарашыдан шықса да хан тұқымына
бергісіз ақылы бар екен. Бұл қасиетін еске алу керек. Және мұндай жанды өзіңе
дос ете білген жөн. Ал алда-жалда қарашылығы жеңіп, жолымыз екі айырылатын
күн туса тағдырын Қараүлек шешсін... Қасыңнан жау болып кеткен ақылды батыр
шабайын деп тұрған қалың қолдан қауіпті».
әйтседе Кенесары қатар тұрған інісі мен Байтабынға сүйсіне қарап:
— Байтабын батыр, — деді жылы шыраймен, — ал енді қиын-қыспақ, қауіп-
қатерден аман қайтқан алыс сапарың жайын баянда.
Байтабын бастан өткен оқиғасының бәрін тегіс айтып келді де:
— Қоңырқұлжа жігіттерінен ұққаным, олар биылғы қысқа қатты дайындалуда:
Омбыдан да қалың әскер шығады деседі... Қыс түсе сарбаздар ауыл-ауылдарына
146
тарап, сіз қыстауда төлеңгіттеріңізбен қалған кезіңізде ордаңызды шаппақ
көрінеді, — деп сөзін аяқтады.
Жылдағы әдеті бойынша ол қыс түсе бар әскерін елді-еліне таратып, жаз шыға
қайта жинайтын. Биыл да сондай ойда еді. Бес мыңнан асып кеткен салт атты
жауынгерлерді азық-түлікпен, аттарын шөппен қамтамасыз ету оңай ма? Қыс көзі
қырауда, өздері де бұл маңайға келіп орналасқалы жылдан асқан жоқ. Жау
ереуілшілердің әлсіз кезін дәл тапқан тәрізді. Егер Омбыдан солдат шығып бес
жүзге жетер-жетпес төлеңгіті, батыры бар сұлтан аулын қысты күні қоршар болса,
құтылып кету қиын. Арлан қасқырды аңшылардың омбы қарға қамап
соғатынындай, патша генералдары да бұдан өш алар кезін дұрыс көздеген екен.
«Жоқ, жоқ, олай оп-оңай қолға түсуге болмайды. Батыс Сібір генерал-
губернаторы әскер шығарып қысты күні ұстаймын деп жүргенде біз Орынбор
жаққа, Кіші жүз жеріне ауысып кетуіміз керек. Ойламаған жерден пайда болған
ереуілшілерге Орынбор соғыс губернаторы не қылады? Ол қамданып бізбен
айқасқанша қыс та өтер. Ар жағын тағы көрерміз. Мүмкін тіл табармыз. Ұлық
атаулының бәрі Горчаков секілді қанішер емес шығар...»
Кенесары дәл осы арада жұртқа бұл ойын ашқан жоқ. Ол Байтабын шапқан
малды Ағыбай айдап келе жатқанын, Ожар екеуінің көштен бөлініп жақсы
хабарды айтқалы бұрын жүріп кеткенін естіп болды да, жадырай түсіп тас қабағын
қайта ашып:
— Біраз шаруа бітіріп қайтқан екенсің, көп-көп алғыс, — деді, — Ожар осында
ма?
— Жоқ, ол жолдағы бір Қарауыл аулына бұрылып кетті.
— Неге?
— Онысын айтқан жоқ. Маған жүре бер деді. Шамасы әлі де тың тыңдамақ
тәрізді.
Ожардың атын естігеннен-ақ Таймас елере қалған.
— Қай Ожар? — деді ол кенет сұрлана түсіп.
— Қубеттің Ожары.
— Ол сұм бұл жақта қайдан жүр еді?
— Омбы абақтысынан қашып шығып, Тайжанның қызымен бірге бізге келіп
қосылған, — деді Кенесары.
— Марқұм Тайжанның қызы бар ма еді?
— Орыс қолында күңдікте жүрген қызы бар екен. Әкелерінің жолдасы деп
Ожарға ерге шығыпты.
— ә-ә!
— Ожарды неге сұм дедің?..
— Бұл бір ұзақ оқиға... Кенеке, соңынан айтармын, — Таймас Наурызбайдың
жігіттеріне қарады. — Тайжанның қызы қайда?
Шеткерірек тұрған жатаған қара жігіт жауап берді.
— Осы ауылда. Анау шеткі ақ отау соныкі.
— Япырмай, ә?..
147
Бұл кезде күн де батып кеткен. Ымырт үйіріліп қараңғылық түсе бастаған.
Кенесары әлденені ойлап сәл тұнжырап тұрды да:
— Байтабын мерген, алыс жолдан қайттың ғой, бір-екі күн демал, сосын маған
соғарсың, — деді, — сөйлесетін шаруа бар.
— Құп.
Кенесары ауылға қарай беттеді. Өзге жұрт соңынан ерді. Тек Байтабын ғана
орнынан қозғалмай тұрып қалды.
Кенесары ордасына келгеннен кейін Таймаспен екеуі оңаша отырып, ұзақ
сөйлесті. Тайжанның жалғыз қызының әкелерін жауға ұстап берген адамның
қойнында жатуын екеуі де сұмдық көрді. Кісі жіберіп Алтыншашты ордаға
шақыртып алды. Таймас қинала отырып, уылжыған жас бала мінезді Алтыншашқа
күйеуі Ожардың кім екенін айтып берді. Бір ғажабы, жас келіншек еңірей
жыламады, «мені одан құтқара көріңдер» деп жалынбады. Тек суықтан
қалтырағандай дір-дір етіп, тостағандай мөлдір көзінен екі-үш тамшы жас домалап
кетті. Осылай қозғалмай ұзақ отырды да, әлден уақытта барып, керегеге көзін
аудара шиедей қызыл еріндерін сәл ашып:
— Өзім де сондай бір сұмдықты сезіп жүр едім, — деді. — Ағажан,
күмәніміздің бетін аштыңыз. Ал әкем мен Сейтен көкем үшін Ожар әлі маған
жауап береді. Оған кегімді жібермеске алдарыңызда ант етемін!
— Қарағым, — деді бағанадан бері Алтыншаштың сұлулығы мен
ұстамдылығына таң қалып отырған Кенесары. — Кек алу — еркектің ісі, ақ
саусақтарыңды қанға малма! Тайжан мен Сейтеннің құнын өзіміз де аламыз.
— Жоқ, — деді Алтыншаш тіл тартпай, — көкетайлар, бұл кекті өзіме
қалдырыңыздар!
Талдырмаш жап-жас келіншектен Кенесары құр ғана қайсарлық емес,
әкелеріне деген бір мөлдір таза сезімді байқап қалды.
— Мейлің, — деді кенет ол, — тек қапы қалып жүрме.
Ал Байтабын мана төбе басында үн-түнсіз отырып қалған-ды. Өткен-кеткенді
елестетіп, қиялы көк бетінде жүзген айдай ұзақ кезді. Сұлтан тұқымы қараға қыз
бермейді екен, Тіленшінің ерке қызы Дәметкенді Байтабынның әкесі Қожыға
қалай бергенін кім білсін, әйтеуір осы ел аузына іліккен жау жүрек әкенің
арқасында Байтабын да бұлаң өсті. Сол әкеден он жасында қалды. Содан бері не
көрмеді? Он алтысында ат жалын тартып мініп, нағашысы Жоламан батырдың
соңынан ерді. Қазір жиырма үште. Осы жеті жылдың ішінде ат үстінен бір түскен
жоқ. Талай қанды ұрысқа қатысты. Сан мәрте ажал деген аш арыстанның аузында
болды. Сонда... Осыншама шыбын жанын жүлдеге тігердей бұған не жоқ? әлде
малын, дәулетін, бағын қорғаймын деп жан таласып жүр ме? Жоқ. Бар малы —
астындағы жалғыз аты. Дүние-мүлік деген тіпті ныспысымен жоқ. Әкеден қалған
қазына — шешесі Дәметкен паналап отырған жалғыз қараша үй. Сонда бұл
әлділермен неге жауласады? Байтабынды алыс-жұлысқа айдаған екі арман. Бірі
бота көз, оймақ ауыз Ақбөкен. Бүкіл Кіші жүзде ажарына жан тең келмес, айдай
толықсыған сұлуды алу үшін Байтабынға құр Жоламан батырдың жиені болу
148
жеткіліксіз. Хор қызын тек періштелер ғана құшады. Ал Ақбөкен секілді сұлуға
қол созуға жұрттан асқан дәулетің, немесе көпке әйгілі атағың болу керек. Дәулет
оңай қолға түспейді, ал атақ... Ол ер жігіттің өзінің қолынан келер іс. Бақ уысқа
сыймағанмен, атақ уысқа сыяды. Жауыңнан жасқанбас батыр болсаң атақтың өзі
келеді. Тек дұшпаныңмен алыса біл. Байтабынның әйгілі жан болуын Ақбөкеннің
өзі де тілейтін тәрізді. Сол себептен емес пе, бұның қосылайық деген тілегіне
Ақбөкен соңғы кезге дейін «әлі ерте, сен ең болмаса жұрт аузына ілігетіндей халге
жет», — деп келген жоқ па? Қарадан шықса да Ақбөкеннің хан қыздарының
арманын көксейтініне бұл жазықты ма? Бала жаста жақсы көрген албырт жүрек
қыз көзіне қадірлі болып көріну үшін оны кейде көзсіз ерлікке де жетектеген жоқ
па? әрине сөйтті. Тек соңғы кезде ғана Байтабын қайнардай төңкерілген тұнық
көзге көзі түсіп кеткендіктен туған бұл арманның орынсыз екенін, қыз үшін
ерлікке ұмтылуы уақ әрекет екенін түсінді. Сол себептен де өзі соңғы уақытта
Ақбөкенге өзгеше қарай бастаған жоқ па? Сүйген адамынан ерлік тілеген
махаббаттың таза махаббат емес екенін аңғарды емес пе? әрине сөйтті. Шын
жақсы көрген адам бірін-бірі сол тұрған қалпында жақсы көреді. Ақбөкендікі
өзгеше арман, өзгеше тілек. Мүмкін бала кезінде Ақбөкен мұны шын ұнатқан
шығар. Серғазының ауылынан қашып шыққанында да Байтабын есінде болған
шығар, бірақ өзгермейтін жан бар ма, ерлікті, атақты қадір тұтатын қазақ дәстүрі
мұны да өзгерткен болар. Оны айыпқа санау қылмыс емес пе? Бұл жалған түсінік
кейде жұрт қадірлер есімді ардақтар Ақбөкен түгіл, өмір бақи құлдықта өскен, тек
жоқшылықпен ғана көзін ашқан адамдарды да өзгертіп жатады. Ал сұлу жанды
Ақбөкеннің, сүйген жарының әйгілі болуын жақсы көретін Ақбөкеннің бала
жастағы сезімнен өзгеруі күнә ма? Күнә деген күнде де оған ренжіп, оған
ашуланып, өз өміріңді қор еткенде не түседі? Кім ренжиді, кім жылайды? Қасың
қуанып, досың өкпелейді. Тек сені тапқан анаң ғана көз жасын көл етеді.
Ана! Атың қандай жақсы. Байтабынды батырлық жолға салған екінші себеп
осы ананың сөзі, ананың тілегі емес пе еді? әрине, солай.
Иә, сол адуынды қара кемпір еді ғой, бұл он алтыға жеткенде, Қожының кәрі
кертөбелін алдына тартып: «Қарағым, ел шетіне жау тиді, найза ұстар ер-азамат
атқа қонып жатқанда Қожы баласының шешесінің жанында отырғаны келіспес,
әкеңнің атын жоқтатпай нағашыңның аулына бар», — деген. Иә, осы сөзді айтқан
сол қара кемпір. Байтабынға осыдан кейін «ана», «ел», «туған жер» деген сөздер
бір ұғымда болып кеткен. Оған туған жерін қорғаса — анасын қорғағанмен бірдей.
Елінің тәуелсіздігін қорғағаны — анасының тілегін орындағанына пара-пар.
Байтабын
бертін
келе,
осы
Кенесары
тобына
қосыл-
ғаннан бері ғана өзінің туған халқына, кір жуып, кіндік кесіп өскен жеріне қандай
қауіп төнгенін анық білді. Бұл қауіптен тек ел болып тізе қосса ғана құтыла
алатынын да түсінді. Ол енді осы ел біткен біріксек деген тілекке шыбындай
жанын, бар тілегін бағындырды. Өзге сезімнің бәрін былай тастады. Соның
арқасында да Байтабын Наурызбай екеуін жауықтыратын қиянатын кешті. Ер
намысын ел намысына жеңгізді. «Қыз махаббаты деген алдыңнан қаша жөнелген
149
қызыл түлкі емес пе, жете алмай қалсаң оған кім айыпты? Халқың зары жүрегіңе
шаншудай қадалған шақта, өз ойымдағым орындалмады деп көңіліңді сезімге
булықтырғаннан не түседі!?»
Байтабын қиялы енді Ақбөкеннен біржолата сусып, Алтыншашқа ауды.
Алтыншашты екі-ақ рет көрген. Бірақ көз алдында пайда болған сурет қараңғы
меңіреу түнде адасып жүрген шағында көрінген от тәрізді көңілін серпілтіп
тастады. Әйтсе де біреудің қосағы туралы ойлаудың күнә екенін Байтабын жақсы
біледі, сондықтан ойламайын деп Алтыншаштың бейнесін өзінен сан қуды. Бірақ
онысына ақылға бой бермес қиял деген асау күш көнбей-ақ қойды. Жалғыз қалса-
ақ Алтыншаш қасына жетіп келеді, сезімін еріксіз оятып, өзімен бірге бір ғажайып
жастық-шаттық дүниесіне ала жөнеледі...
Қазір де Байтабын осындай жағдайда еді. Өзі жерде, қиялы көкте. Ай бағана
туған, ел жата бастаған. Осы отырғаным жетер енді деп Байтабын орнынан
түрегеле беріп еді, кенет Алтыншаш бейнесі тағы да көз алдына тұра қалды. «Мен
келдім ғой, қайда барасың?» — деп күлкіге көмілген күміс тісін көрсете еркелей
төбе басынан жібермеді. Байтабын кенет бойын билеп ала жөнелген көңіл
дауылын баса алмай, сезім кемесіне мініп, шаттық теңізінде жүзе берді. Жас батыр
осындай топ жарып ұлан-асыр қимыл етердей қуанышты жағдайда отырғанда
түнгі салқын жел әлдеқайдан көкірегін күйдірген арманына шипа болар бір әдемі
үнді жеткізді. Ынтыға тыңдай қалды. Қыз әні. Оқта-текте шыққан дауыстардан
төменгі тұста қыз-бозбала алтыбақан теуіп жатқанын Байтабын бағана аңғарған.
Бірақ қиялында пайда болған Алтыншашты айдалаға жалғыз тастап кетуге қимай,
қыз-бозбала қуанышына мән бермей өзімен өзі болып отыра берген. Ал мынау ән,
бұрынғы әндердей емес, жас жігіттің онсыз да лепірген көңілін ушықтырып әкетіп
барады. Бұл «Төбе басында неге жалғыз отырсың, мен сені тастап кеттім ғой.
Қазір алтыбақандамын, жет жылдам», — деп бұйырған Алтыншаштың даусы
тәрізді. Бұл үн май қарағай тастаған оттай, жүрегіне бір жалын лап беріп, енді
отырғызар емес. Ол Алтыншаштың даусын әлі күнге дейін бір рет те естіген емес,
ал мынау оған сол Алтыншаштың даусы секілді көрінді. Жүрек солай жорыды.
Естіп тұрғаны Алтыншаштың әні екеніне жас батыр енді күмән келтірмеді. Соның
үні деп бар сезімі, жаны, тәні ырық бермей «жүр-жүрлей» бастады. Әйтсе де
Байтабын орнынан қозғалмай «тек ән бітіп қалмаса екен» деп тыңдаған үстіне
құмарлана тыңдай түсті. Дауыс шынында да ерекше еді. Әнші қыздың көмейіне
тоқсан бұлбұл қонып алып, толықси сайрағандай. Жалғыз шыққан ән қобыз,
домбыра, қурай дыбыстарының бәрінің сұлу ырғағын бір сазға түсіріп тынық
түнді әлдилегендей... Қыз үнінен біресе өзінің қызық дәуренімен қоштасқалы
тұрғандай қайғы естіледі, біресе жаныңды алмас қылыштай кекке қайрар жігер, ал
кей шақта көңіліңе сая болар қуаныш толқиды... Бір адам бүкіл әлемнің бар
сұлулық бейнесін өз даусы арқылы өзгеге жеткізгісі келгендей... Ән бірде
асқақтап, көкті шарықтай, бір мезет жел құлпыртқан көгал шөптің басындай
құлпыра түсіп, немесе жарды ұрған теңіз толқынындай күшейе қарқындап, ал
150
әлден уақытта барып, қара тасты әзер жарып шыққан тас бұлақтай ақырын ғана
сылдыр қағып әлсірей, мың бұралып жүз құбылды.
Байтабын енді шыдап отыра алмады, алтыбақан жаққа жүре берді. Ән салған
шынында да Алтыншаш еді. Ол бағанағы Кенесары ордасынан шыққаннан кейін,
үйінде шыдап отыра алмай, алтыбақанға келген. Жастық деген бір лаулаған жалын
емес пе, жүректегі қайғыны да, Ожарға деген кекті де, қорғасындай ерітіп, өзінің
ыстық құшағына аймалай қысып, бөтен дүниеге ала жөнелген. Алтыншаш дәл осы
сәтте Ожарды ұмытып, құрбы-құрдастарының қуанышына ере, алтыбақан тепті,
ән салды. Қайғы көлкіген көңілді қызыл шоқ жастықтың қызуына жеңгізді.
Байтабын
қыз-бозбалалардың
жиынына
жеткен
кезде,
Алтыншаш
алтыбақаннан түсті. Айлы түнде айдаладан пайда болған жас батырды көріп
Алтыншаш Байтабынның қасына келді. Ожармен бірге кеткен жігітті бірден
таныды. Қуанып қалғандай.
— Сау-сәлемет қайттыңыз ба батыр? — деді ол Байтабынға жақындай.
Күле қараған Алтыншаш Байтабынға хор қызынан бірде-бір кем көрінген жоқ.
Жастық мерейін, сұлу көркін жас батырға әдейі арнап ашқандай, Алтыншаш та
айлы түнде бозаңқы тартқан ақ бетін тақай, үлкен қарақат көздері күлім-күлім
етеді. Байтабынның жүрегі лүпілдеп, бар денесі күйіп-жанып барады. Бойын
билей жөнелген жалын сезімді әзер басып:
— Өзіңіз де амансыз ба, Алтыншаш, — деді, — Ожар аға бір шаруасы болып
жолдағы ауылда қалды.
Келіншек сылқ-сылқ күлді.
— Ағаңыз туралы қам жемеңіз. Жолын тауып қайтар.... Мен сіздің сау-сәлемет
келгеніңізге қуаныштымын... Жүрегім тым алаңдаулы еді.
— Неге? — деді Байтабын сөз астарына түсінбей.
Бұл кезде Байтабынды қоршаған қыз-келіншектер қайтадан алтыбақанға қарай
беттеді. Алтыншаш пен жас батыр аз уақыт оңаша қалды.
— Неге деріңіз бар ма, — деді күрсініп Алтыншаш, — жаныңыздағы
серіктеріңіз маған қауіпті көрініп еді.
— Япырмай, сіз де солай ойлап па едіңіз...
Алтыншаш пен Байтабын сөйлесе келіп бірін бірі енді шын танығандай.
Бойды билеген асау сезім қоя ма, таң сыз беріп келе жатқан шақта, ауылға
қайтқан қыз-бозбаладан ебін тауып бөлініп, бұлар кейін қалды.
Бір апта өте, шықтана бастаған қалың көденің арасында, екі жас бірін-бірі
аймалай құшақтап, жастық мауықтарын басты.
Күміс кеседей боп жарқырай туған Шолпан жұлдызы, сендер де мен тәрізді
әлем бетінде жарқырай түсіңдер дегендей, құмар құшағындағы екі жасқа алыс-
тан жымың қағып қарап тұрды.
Байтабын бұл қылығын жүрегімді өртеген ләззат қуанышының қалауы десе,
Алтыншаш қастасқан еріме деген кектің алғашқы қайтуы деп ұқты.
Осы бір бақыт түнгі кездескен екі албырт жүректің жібек жіптей нәзік
сезімдері бірте-бірте үлкен махаббатқа айналды.
151
Ертеңіне, ел жатқан кезде Байтабын мен Алтыншаш осы арада тағы кездесті.
Арғы күнгі түндері де осылай өтті. Ожар келе қоймады. Біріне бірі құмарта түскен
екі жас, аңдыған көз бар екенін аңғармады. Күнде ел жата Алтыншаштың қара
шапанын жамылып қара түнде сай бойына баратынын және оның таң сыз бере
қайтатынын Ожардың оң көзі мен сол көзі Сәмен байқап қалған. Ләззат
қуанышына беріліп, тас қайнардай ыстық қандары бұлқысып ойнаған екі жас
мұны сезбеген. Күндегі кездесетін уақыттарын аңсай күтумен болған.
Сөйтіп жүргенде арада он шақты күн өтіп кетті. Байтабын бүгін де дағдылы
әдетінше сайға барып Алтыншашты күтті. Бірақ келіншек келмеді. Түн ортасы да
ауып кетті. Ожардың әлі қайтпағанын білетін Байтабын, таңға жуық қалғанда
«Алтыншашқа не болды?» деп шыдай алмай ұрлана келіншектің үйіне қарай
беттеді. Үй маңында суытқан ат, не болмаса түнде келген көлік көрінбейді. «Ожар
әлі оралмаған екен» деп өз ойына сенген Байтабын ақ отаудың іргесіне етпеттей
жатып, үй ішіне құлақ салды. Аздан кейін ол әйелдің талмаусыраған, қиналған
даусын естіді. Бір сұмдықтың болғанын жүрегі бірден сезді. Атып тұрып, есіктің
ішінен ілген тиегін жұлып түсіріп, үйге кіріп келді. Байтабынның бірден көргені,
қара көлеңке үйдің ортасында теріс қарап тұрған Ожар болды. Білегіне дейін
сыбанып алған. Оң қолында жүзі суық ақ қанжар. Анандай жерде тобылғы сапты
жуан өрімді қамшы... Аяғының астында, үстіндегі көйлегі пара-пара болған, ұзын
қолаң шашы үйдің тең ортасына дейін жайылып, аппақ денесі қан-қан боп
етпетінен Алтыншаш жатыр...
Ожар әнеукүні Байтабындардан әдейі бөлініп қалған. Ол Таймастың бүгін-
ертең келетінін білетін. Таймастың Сейтен екеуінің сөзін естіген-естімегеніне көзі
анық жетпейтін-ді. Сондықтан бір сыбыс білінгенше бой тасалағанды жөн көрген.
Хабардар болып тұруды Сәменге тапсырған. Көрші ауылдың қыстауында
тығылып жатқан Ожарға сазды жердің сары жыланындай сыбдырын білдірмей
жүрген сары жігіт әнеукүні Кенесары мен Таймастың Алтыншашты шақырғанын,
Алтыншаштың олардан қатты жүдеп шыққанын, ал қазір Байтабынмен көңіл
қосып жүргенін жеткізген. Ожар өзінің әшкереленгенін түсінген. Бірден
Қоңырқұлжа аулына қайтып кетуге Алтыншашқа деген ашу тұсау бола берген.
Жансыз келіп оны өлтіріп, Кенесары жасағынан біржолата қашуды ойлаған. Сол
тілегін орындауға атын сайдың ар жағына тастап, ел әбден ұйқыға кіргенде ұрлана
үйіне келген. Бұл кезде Алтыншаш жаңа ғана Байтабынға жетпекші боп киініп
жатқан-ды. Қатыны оңашада қолға түскен Ожар, оған төсегінің ірге жағына тығып
қойған қанжарын алуға мұрша бермей, іштен теуіп бірден есінен тандырып
тастаған. Содан кейін Алтыншаш көзін ашқан кезде аузына орамал тығып үнін
шығартпай, Тайжан мен Сейтенді қалай ұстап бергенін естіртіп, «Байтабынмен
ойнас болдың» деп қамшының астына алған. Ол Алтыншашты енді қанжармен
бауыздамақ боп тұрған мезгілінде үйге Байтабын кіріп келді. Мұны күтпеген
Ожар, артында тағы кісілер бар ма деп қауіптеніп сәл кідіріп қалды. Осы кідіру
Байтабынға жетті, ол атылған арыстандай секіріп барып, Ожардың қолындағы
қанжарын жұлып алды. Содан кейін екі батыр жігіт арыстан мен жолбарыстай
152
айқаса кетті. Байтабынның қолы Ожардың тамағына бұрын жетті. Ожар қанша
бұлқынғанмен, құрыштай берік қарулы қол босатпады. Қос қолымен Ожардың
өңешін қысқан қалпында Байтабын қатты да қалды. Тынысы тарылып, бойынан
қуаты қашқан Ожар әлден уақытта Байтабынның кеудесінен итерген қос қолын
босатып жіберіп, опырылған томардай дүңк ете құлады. Байтабын Ожардың
өңешін сол қолымен қыса түсті де, оң қолымен жерде жатқан қанжарды алып, нақ
жүрек тұсынан құлаштай ұрып сабына дейін кіргізді. Ентіге демін алып аздан соң
орнынан түрегелді. Ол енді ұшып барып Алтыншаштың аузына тыққан орамалды
жұлып тастап, кеудесіне қолын салды. Талықсып жатқан келіншектің жүрегі баяу
соғуда екен.
Осы кезде адыр басына қызғылт нұрын шашырата төгіп көкжиектен күн шеті
көріне бастады. Аздан соң өрісі кең, шалғыны мол дала тойға дайындалған қыз-
келіншектей, қызылды-жасылды жаз аяғының гүліне бөленіп, салтанатты сәнімен
шыққан күнді қарсы алды. Мөңіреген сиыр, маңыраған қой, оянған ауыл өзінің
әдеттегі тіршілігімен жаңа ғана тыныш жатқан даланы у-шуға бөледі.
Енді Байтабын ауылдың үрейленген қатын-қалашын, мал өргізуге ерте оянған
кәрі-құртаң кәрия-ақсақалдарын соңынан ерте, қанға боялған Алтыншашты жас
балаша екі қолымен бауырына қыса құшақтап ұзын қара шашын жерге шұбалта,
Кенесарының ордасының қасына келді.
Сергек ұйықтайтын сұлтан даладағы у-шуды естіп, сырттағы күзетшілердің
хабарын күтпей, иығына қара құндыз ішігін іле сала асыға үйден өзі шықты.
— Батыр, — деді Байтабын тізе бүгіп, Алтыншашты қолынан түсірмей, —
басымды алсаң мінекей, мен жаңа өз қолыммен Ожарды өлтірдім. Жазығы болды.
Кенесары сәл ойланып қалды. «Ожардың бөтен де жазығы бар. Өлтіргенің
дұрыс болған. Бірақ сен де маған борыштар болуың керек».
— Жақсы, Байтабын, кештім бір күнәңді, — деді сұлтан әлден уақытта.
— Егер ол күнәмді кешсеңіз, — деді Кенесарының бетіне тіке қарап,
қуанышын әзер жасырып Байтабын, — Арқадан таңдаған қызыңды беремін деген
уәдеңіз бар еді. Таңдағаным осы Алтыншаш болсын, қиыңыз маған.
— Қидық, Байтабын.
Адам баласының сан алуан қиын жағдайына еті үйренген Кенесары,
Алтыншаштың мұндай күйге қалай жеткенін сұраған жоқ, Байтабынның тілегін
орындады да, қайтадан ордасына кіріп кетті.
Алтыншаш екі жетіден кейін жараларынан айығып, төсегінен басын көтерді.
Терісаққан мен Ұлытау маңын жайлаған қалың Алтай, Қарауыл, Тарақты,
Төртуыл, Қозған, Бағаналы болып жиналып, Алтыншаш пен Байтабынды ұлан-
асыр той жасап қосты. Ат шаптырылып, балуан күрес те болды. Бұл тойға
жорықтан қайтқан Ағыбай, Жекебатыр, Жанайдар, Құдайменді, Бұқарбай
қатынасты. Тойды Кенесары өзі басқарды.
Кенесары кей жағдайда «Көппен кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген ескі
қағиданы ұмытпайтын. Бұл оған тек дұрыс шешім табуға ғана емес, алда-жалда
түскен жолдары қауіп-қатерге апарып соға қалса, жалғыз өзі айыпты болмас үшін
153
керекті еді. Бұл жолы да сөйтті. Той біткен түні жасырын кеңеске үзеңгілес
серіктерін, өзіне бағынышты ру басшыларын шақырды. Оларға Кіші жүздің
жеріне көшудің керектілігін айтты. Ақылдарын сұрады. Жиналғандар, қара
бұқараға туған жерден кетудің қиын екенін түсінсе де, бөтен лаждары
болмағандықтан, күз көшуге көнді.
Кенесары мәжілісті бітіріп далаға шыққанында таң құланиектеніп атып қалған
екен. Бірақ той әлі тарамапты. Төменгі сайдан қыз-келіншектердің, бозбалалардың
алтыбақан теуіп жатқан дабырлары, күлгендері, сөйлегендері тынық түнде
сампылдап естіліп тұрды. Кенет бір қажырлы дауыс ырғақты әнді шырқай
жөнелді. Кенесары тыңдай қалды.
Ұшар көлің, сағынып, қонар көлің,
әрқашанда, ер жігіт, туған елің.
Соның ғана жүрегін тебірентер
Қуанышың, шаттығың, қайғы-шерің...
Оны тастап кеткенде алыс жаққа,
Созған қолың жетер ме атақ, баққа?
Қанша жүйрік болсаң да, өгей жердің
Өз шабысы саналар арғымаққа...
Өлең дәл өзіне арналғандай, Кенесары кенет тұнжырап кетті. «Иә, өз еліңде, өз
жеріңде сенің құның бөлек. Ал бөтен жақ бұны қалай бағалайды? Көсеміміз деп
соңынан ере ме, жоқ па? Шақыруын шақырса да, бұларды әлі Жоламан қалай
қабылдайды? Өз елі, өз жері...»
Демек, «Тәуекел, не болса да барған соң көрерміз!» дегендей, Кенесары қолын
бір-ақ сермеді де, өз ордасына қарай беттеді.
Осы тойдан екі апта өткен соң, жапалақтап ең алғашқы қар жауа бастады. Дәл
осы кезде оңтүстікке құлағы тігулі сұлтан Қаратауда ата-мекен жеріне ие боп
қалған азғантай Қоңыраттан бір жылы хабар алды. «Мәделіхан өгей шешесі
Ханпадшайым сұлуға үйленіпті. Ташкентке көзін тігіп жүрген Бұхар әмірі Қоқан
ханының бұл шариғатқа жатпайтын күнәкар ісін шіркеу етіп Мәделіханға бүкіл
мұсылман қауымын қарсы қоймақ әрекетіне кірісіпті. Сірә, бұл айқас түбі
соғыспен бітетін шығар» деген. «Үр-рит соқ, үр-р-рит соқ, соқ! — деді екі өзбек
төбелессе азбан қошқарлардай маңдайлары жарылмай тоқтамайтынын білетін
Кенесары ішінен, — егер Бұхар мен Қоқан соғысар болса бірін бірі әлсіретпей
қоймайды. Міне дәл сол кезде Қоқаннан бүкіл Сыр бойын бөліп алуға болады.
Бірақ өйту үшін өзің де күш жинауың керек. Ал күшті Кіші жүзсіз жинай
алмайсың».
Кенесары осындай шешімге келді. Ол маңайына жиналған қалың әскерін жаз
шыға табысармыз деп ауылдарына таратты. Өзі үш жүз төлеңгіті мен қасына ерген
бес батырын алып, күздің қар аралас қара суығында Торғай мен Ырғыз бойындағы
Кіші жүз бен Қыпшақтың жеріне қарай көшті.
154
Достарыңызбен бөлісу: |