99
-сурет.
Шаянтәрізділер (А) мен трилобиттің (Б) аяқтарының құрылысы
Құрылысы мен физиологиясы.
Шаянтәрізділердің денесі негізінен
бас (cephalon), кеуде (thorax) және құрсақ (abdomen) бөлімдерінен тұрады,
бірақ бас бөлімі келесі кеуде бөлімімен бірігіп кетіп баскеуде (cephalothorax)
бөліміне айналған. Сондықтан шаянтәрізділердің басым көпшілігінде денесі
нақты дифференцияланған екі бөлімнен құралған: баскеуде және құрсақ.
Дене құрамына кіретін сегмент саны, басқа буынаяқтылармен
салыстырғанда алуан түрлі: 5-8-ден 50-ге дейін.
Бас бөліміндегі сегменттерінің саны тұрақты, яғни барлық
шаянтәрізділердің басы акрон және 4 сегменттен құралған. Акрон - болжам
бойынша, арғы тегінің (көпқылтанды буылтық құрттардың) простомиум
бөлігі, ал оның өсіндісі - антеннулалары немесе I антенналары пальпилерінің
гомологы. Антеннула - мұртшалардың бірінші жұбы басының алдыңғы
бөлімінде, ауыз тесігінің алдында орналасады, бірқатар буындардан тұрады
және негізінен бір бұтақты. Тек кейбір жоғарғы сатыдағы шаяндарда олар
екіге (мысалы, өзен шаянында), кейде тіптен үшке ажырайды.
Антеннулалар - сезу, әсіресе иіс сезу мүшелері, бірақ кейде жүзу үшін
де жұмсалады.
Акроннан кейінгі 4 сегменттердің әрқайсысында бір жұп түрі өзгерген
аяқтары болады. Солардың ішінде бірінші сегменттің аяғы ұзарып антенна
деп аталатын мұртшаға айналған. Бұлар мұртшалардың екінші жұбын
құрайды және антенна II деп аталады. Олар әр түрлі қызмет атқарады.
Phyllopoda отрядына жататын су бүргелерінде ол жүзу үшін қолданылады.
Жоғарғы сатыдағы шаяндардың көпшілігінде олар сезім мүшелері.
Сондықтан олардың антеннасының эндоподиті ұзын буындалған сезімтал
"қамшы" түрінде болса, экзоподиты қысқа қорғаныш тақта түрінде болады.
Бас аяқтарының екінші жұбы - мандибулалары - негізгі тамақ үгіту
қызметін атқарады. Көптеген шаянтәрізділердің личинкасы науплиуста ол екі
бұтақты және ерекше шайнағыш өсіндісі бар. Ересек түрлерінде
мандибулалардың осындай түрі сирек сақталады. Негізінен екі бұтағы
редукцияға ұшырайды (немесе эндоподит қыска қармалауыш түрінде
калады), ал протоподит өзінің шайнағыш өсіндісімен жуан, үшкірленген
жоғарғы жақ аппаратын түзейді.
Мандибулалардан кейін бастың 3-ші және 4-ші сегменттерінде 2 жүп
астыңғы жақтары немесе бірінші және екінші максиллалары орналасқан.
Олар негізінен протоподит буындарындағы шайнағыш өсіндері бар нәзік
жапырақ тәрізді аяқтар түріңде болады.
Аяқтарының қызметіне және орналасуына қарай бас сегменттері де
антеннальды, мандибулярлы, максиллярлы І-ІІ деп те аталады.
Шаянтәрізділердің басым көпшілігінде акрон және 4 сегменттері бір-бірімен
тұтасып бас қалқаншасына - гнатоцефалонға айналған.
Кейбіреулерінде бас қалқаншасы алдыңғы кеуде сегменттерімен
тұтасқан. Мысалы, өзен шаянында бас қалқаншасы үш кеуде сегментімен
біріккен, соған байланысты сол сегменттердің аяқтары қоректі үгіту
процесіне қатысады да жақаяқтары деп аталады (100, А-сурет).
Төменгі сатыдағы шаянтәрізділерде (мысалы, жапырақаяқтыларда)
акрон тек антеннальды (бірінші) сегментпен тұтас қосылып протоцефалон
деп аталатын алғашқы бас бөлімін құрайды. Қалған үш жақ сегменттері
басымен қозғалмалы түрде байланысқан, жігі айқын.
Шаянтәрізділердің әр түрлі формаларында кеуде және құрсақ
сегментерінің саны бірдей емес, тек жоғарғы сатыдағы шаяндарда (класс
тармағы - Malacostraca) сегменттер саны тұрақты: кеуде бөлімінде - 8, құрсақ
бөлімінде - 6. Бас сегменттерімен бірге санағанда жалпы саны 18-ге тең.
Құрсақ бөлімінде аналь тесігімен аяқталатын аналь қалқаны немесе тельсоны
бар. Кейбіреулерінің тельсонында айырша немесе фурка жасайтын жұп
өсінділері орналасады.
Шаянтәрізділердің кеуде аяқтары негізінде қозғалыс (локомоторлық)
мүшелері, сондай-ақ қорегін ұстау, тыныс алу процесіне де қатысады.
Аяқтарының атқаратын қызметіне байланысты, олар түрліше құрылған.
Мысалы, өзен шаянында кеуде аяқтарының үш жұбы жақаяққа, төртінші
жұбы жемтігін қысып ұстайтын күшті мүшеге - қысқышқа айналған,
қалғандары жүру аяқтары (100, А-сурет).
Құрсақ аяқтары тек жоғарғы сатыдағы шаянтәрізділерге ғана (класс
тармағы - Malacostraca) тән және олар екі бұтақты, аталықтарында түтікше
тәрізді шағылыс, ал аналықтарында жұмыртқаларын құрсағына жинап,
бекітіп қоятын мүшеге айналған. Онаяқты шаяндарда (Decapoda отряды)
құрсақ аяқтарының соңғы жұбы тельсонмен байланысты және артымен алға
қарай қозғалыста маңызды роль атқаратын күшті тақталы құйрық аяқтарына
- уроподаларға айналған.
|