емізікшелері бар. Тілдің ұшы – тәттіні, екі бүйірі – қышқыл мен тұзды, ал
түбі – ащыны сезеді. Сондықтан тіл дәм сезу мүшесіне де жатады.
Сонымен бірге тіл сөйлеуге және тамақты жұтуға да қатысады. Ауыз
қуысы тікелей аңқа (зев) арқылы жұтқыншақпен байланысады.
Жұтқыншақ
– түтік
пішінді қуыс, бұлшықетті мүше, көлденең
жолақты бұлшықет ұлпасынан тұрады. Жұтқыншақ мойын
омыртқалардың алдыңғы жағында орналасқан.
Ересек адамда оның
ұзындығы, шамамен 11–13 см. Жұтқыншақтың төменгі бөлігі әрі
өңешпен, әрі көмекеймен байланысады. Жұтылған тамақ жұтқыншақ
арқылы өңешке түседі (75-сурет).
Тыныс алғанда ауа жұтқыншақ
арқылы көмекейге өтеді. Жұтқыншақ арқылы тамақ та, ауа да өтеді.
Сондықтан ол әрі асқорыту, әрі тыныс алу мүшелер жүйесіне жатады.
Жұтқыншақ екі бүйіріндегі тесіктер арқылы ортаңғы құлақ
қуысымен байланысқан. Жұтқыншақтың
ауыз қуысына жалғасқан
жерінде бозғылт-қызыл түсті бадамшалар (миндалина) орналасқан.
Олар ірі лимфа түйіндерінен түзіліп, қорғаныштық қызмет атқарады.
Бадамшалардың іші лейкоциттерге толы болады. Олар тағам немесе
ауамен түскен микробтарды жояды. Егер бадамша қабынса,
қызметі
дереу бұзылады. Бадамшалар лимфа жүйесіне жатады.
Өңеш
– ұзындығы 25 сантиметрдей іші қуыс бұлшықетті мүше.
Оның жоғарғы бөлімі жұтқыншақпен, төменгі бөлімі асқазанмен
жалғасады. Өңешті астарлап жатқан кілегейлі қабықшасы көп қабатты
эпителиймен қапталған. Эпителийлердің ұзын қатпарлары тамақ өткен
кезде өңешті кеңейтеді. Өңештің ортаңғы бұлшықетті қабықшасының
көп бөлігі бірыңғай салалы бұлшықет ұлпасынан тұрады. Осы
бұлшықеттердің толқын тәрізді оқтын-оқтын
жиырылуы нәтижесінде
тағам асқазанға түседі. Өңеш көкеттің ортасындағы тесіктен өтіп,
құрсақ қуысындағы асқазанмен (қарынмен) жалғасады.
Достарыңызбен бөлісу: