Мәмлүк мемлекетінің қалыптасуы.
1204 жылғы төртінші кресшілер
жорығы рыцарьлардың Константинопольді басып алып, Латын империясын
құруымен аяқталды. Барлық крест жорықтары Константинополь, сонан кейін
Кіші Азия арқылы жасалатын. Оған қатысушылар Селжүк түріктерінің
қылышына тап болатын. Аман қалғандары Палестинаға азып-тозып,
жабырқап әрең жететін. Мұндай әскер Сирия үшін де, Египет үшін де қауіпті
болмады. Тек крест жорықтары Рум сұлтанаты арқылы емес, кемелермен
теңіз арқылы жүргізіле бастағанда және Еуропада Египеттің өзіне басып кіру
туралы сөз басталғанда ғана Египет сұлтаны өз әскерін ұлғайта бастады.
Халықты әскерге алып, шайқастарға шығару мүмкін болмады. Жергілікті
халық тек салықты уақтылы төлеп тұрумен қанағаттанып, сыртқы жаулардан
қорғану деген ойдан аулақ болды. Сондықтан да әскерді сатып алынған
кавказдық черкестерден және Қара теңіз бен Еділ жағаларынан әкелінген
қыпшақтардан құруға тура келді. Бұл әскер мамлюктер деп аталды.
«Мамлюк» деген арабтың «біреудің меншігі» деген сөзінен шыққан. Қыпшақ
мәмлүктер Ніл өзеніндегі ар-Рауда аралында (әл-Бахр) орналасып, Бахрилер
деп аталды. Олар египет әскерінің негізгі күші болды. Черкестер Каир
бекінісінде (әл-Бурдж) орналасқандықтан бурджилер деп аталды. Мәмлүктер
әскерінің саны 9 мыңнан 12 мыңға дейін жетіп отырды. Оларды 24 бейлер
басқарды. 1248 ж. Франция королі Людовик Әулие жетінші крест жорығын
бастады. 1249 ж. көктемде кресшілер Египеттің теңіз жағасындағы Дамиет
қаласына келіп түсе бастады. Нил өзенінің тасуы кресшілерді бірнеше ай
бойы Дамиеттен шығармай қойды.
Сұлтан ал-Мәлік ас-Салих бұл кезде қайтыс болып кеткен еді. Оның
өлгенін жесірі Шеджерет ад-дур құпия ұстап, хабарламады. Ол өзінің
Месопотамияны билеп отырған баласы Тураншахтың келіп жетуін күтті. Ніл
тасқыны басылысымен кресшілер Каир қаласына шабуылға шықты. Бірақ
әмір Бейбарыс басқарған мәмлүктердің ерлігінің арқасында қала аман қалды.
300 француздық, 80 тамплиер және барлық ағылшындар қаза тапты. Людовик
әулиенің өзі әрең қашып құтылды. Мәмлүктер бай кресшілерді құн
төлеткізіп, босатты да, төлей алмағандарын қырып тастады. Дамиет қайтадан
Египеттің қолына көшті. Кресшілер 800 мың алтын ақша төледі. Сегізінші
крест жорығы осылай аяқталды.
Түркілік мәмлүктер өз қожайындарын ұнатпады. Сондықтан да 1171 ж.
олар исмаилилік халифты сунниттік сұлтанмен ауыстыруға жол берді. Енді
олар Тураншах дұрыс басқармайды деп тапқан соң айюбилерге де, бұл елге
де қызмет қылуды тоқтатуды үйғарды. Олар енді елді өздеріне қызмет етуге
көндіруге кірісті.
1250 ж. 2 мамыр күні әмір Бейбарыс басқарған мәмлүктер Тураншахты
тақтан тайдырды. Мәмлүктер билікті ал-Мәлік ас-Салих сұлтанның жесіріне
берді. Оған мәмлүктердің әмірі, түрік Айбекті үйлендірді. Қызғаншақ
сұлтанның жесірі опасыздық жасаған күйеуі Айбекті моншаға түсіп жатқан
кезінде әтектеріне на өлтірткізді. Тақты жас Әмірге ұсынды. Әмір тақтан бас
тартты. 1257 ж. 2 мамыр күні сұлтанның жесірі өлтірілді. Билік ал-Мәлік ас-
Салихтың кәмелетке жетпеген жас баласының қолында қалды. 1259 ж.
мәмлүктер Бейбарыстың досы Құттызды Египеттің сұлтаны етіп сайлады
Мәмлүктердің билік құрған екі әулеті белгілі: 1. Бахрилер - түрік
халықтарының өкілдері; 1250-1390 ж.ж билік құрды; 2. Бурджилер - негізі
кавказдық черкестер, 1390-1517 ж.ж билік құрды. Кресшілер Египетке
мәмлүктер билік қүрып тұрғанда Таяу Шығысты бағындыра алмайтындығын
түсініп, монғолдармен одақ құру жолына көшті.
1258 ж. ақпан айында монғол әскері Бағдадты басып алды. Хулагу
халифтың сарайын христиан патриархына сыйлады. Мешіттерді де шіркеуге
айналдырды. Таяу Шығыстың христиандары мәз-мәйрам болып, қуанышқа
бөленді. Олар монғолардың арқасында өздерінің Таяу Шығыстағы
мақсаттарына жетуге ұмтылды. Сидонның еуропалық билеп-төстеушілері
монғолдарды арамдық қылықтарымен таңқалдырды. Олар монғолдардың қол
астына көшкен Сирияны әскер жоқ кезде тонап, талан-таражға салып, тайып
тұратын болды. Монғолдар еуропалықтардың одақтасына жасаған мұндай
опасыздығына қайран қалды. Шыдамы таусылған Сирияның билеушісі
Кетбұқа нойон Сидонды жермен-жексен етіп, еуропалық тұрғындарының
қашып құтыла алмағандарын қырып жіберді.
Египет сұлтаны Құтыз монғолдардың өз еліне шабуыл жасауын күтіп
отырмай, өзі шабуылға шығуға бекінді. Ол әскерімен Сирияға бет алды.
Құттыздың әскері ұзақ жолдан шаршап, Акраға жеткенде ондағы рыцарьлар
өз одақтастары - монғолдарға тағы да опасыздық жасады. Египеттің әскеріне
қарсы шықпай, керісінше олардың дем алып, көліктерін әлдендіріп
алуларына жағдай жасады. Бұл көмегі үшін мәмлүктермен сауда келісімін
жасады: монғолдардан қолға түсірген жылқыларын мәмлүктер рыцарьларға
арзан бағаға сатуға келісті. Бірақ кейін мәмлүктер бұл келісімді орындаудың
қажеті жоқ деп шешті.
Найман Кетбұқа басқарған монғол әскері Құттыз бен Бейбарыс
басқарған мәмлүктермен Назареттің маңындағы Айн-и Жалуд жерінде 1260
ж. 3 қыркүйек күні кездесті. Мәмлүк әскерінің алдыңғы сапында шайқасқан
Бейбарыстың жауынгерлері жеңісті қамтамасыз етті. Монғол әскері жеңілді.
Кетбұқа тұтқынға түсті. Ол Құттызды патша өлтіруші, опасыз деп айыптаған
соң өлтірілді. Құттыздың бұл әрекеті сол кездегі дәстүрге қайшы келетін
шара еді. Кетбұқа қылмыскер емес болатын. Олай болса ол өлім жазасына
кесілмеуге тиіс еді. Сөйтіп, Құттыз күнәкәр болды. Көп ұзамай ол осы күнәсі
үшін жазасын алды.
Мәмлүктердің жеңісі христиан әлемінің үмітін ақтамады. Оның үстіне
1259 ж. 11 тамызда монғолдардың ұлы ханы Мөңкенің қайтыс болуы да
Еуропа рыцарьларының мәмлүктер қаупінен құтылу үмітін біржолата үзіп
жіберді. Қарақорымда тақ үшін талас басталды. Монғол ұлысындағы азамат
соғысы олардың Египетті жаулап алу жоспарын бұзды. Түрік-монғол әскері
Тигрдің солтүстік жағына өтіп кетті. Сирия мен Месопатамияда
христиандарды жаппай қыру басталды.
Құтыздың жеңісі оның досы Бейбарысты қатты назаландырды. Ол өзін
тағдыр орынсыз ренжіткен адам деп санады. Оған дәлелі де жеткілікті
болатын. Шынында да ол 1244 ж. хорезмдіктерді басқарып, Газа маңында
франк-сирия әскерін талқандады, 1250 ж. Дамиетте француз королін тізе
бүктірді, сол жылы Тураншахты өлтіріп, Египеттегі айубилер әулетін тақтан
тайдырды. Соңғы соғыста да жеңісті қамтамасыз етті. Осындай ерліктеріне
қарамастан қыпшақтар сұлтан деп оны емес, Құтызды сайлады. Ал Құттыз
жеңістен кейін барлық қолбасшыларға өте бай сыйлықтар беріп, Бейбарысты
ескерусіз қалдырды. Осындай әділетсіздіктер Бейбарыстың 1260 ж. 24
қазанда Құтызды өлтіруіне, сөйтіп, мәмлүктер сұлтаны атануына әкеліп
соқты. Ол таққа әл-Мәмлүк аз-Захир Рукн ад-дунийа ад-дин Бейбарыс деген
атпен отырды.
Мөңке хан өлгеннен кейін Алтын Орданың ханы Берке Хулагудың қол
астында жүрген әскерінің басшыларына «егер елге қайта оралуға мүмкіндік
болмаса, Египетке кетіп, мәмлүктер жағына шығыңдар» деген нұсқау берді.
Ол жерлестердің өзара тіл табысып кететіндігіне сеніп еді, ол сенімі ақталды.
Түркілер Египетке өз еліне бара жатқандай лек-легімен ағылып келе бастады.
1261 ж. монғолдар мен мәмлүк сұлтанының қолдауына сүйене отырып,
Византия императоры Михаил VIII Палеолог (1261-1282) кресшілерді
Константинопольден қуып шығып, Византия империясын қайта қалпына
келтірді. Бейбарыс билігі орнағаннан бастап XV ғасырдың ортасына дейін
Египет пен Алтын Орданың арасында достық қатынастар үзілмей, нығая
түсті. Бейбарыс Берке ханның қызы Тәжі-Бақытқа үйленді.
Бейбарыс сұлтан 1265 ж. кресшілерге қарсы шабуыл бастады. 1265 ж.
кересшілер Цезарь мен Арзуфтан, 1266 ж. – Сафадтан, 1268 ж. Яффа мен
Антиохиядан, 1271 ж. – Хисн әл-Акрад бекінісінен қуылды. 1267 ж.
Бейбарыс монғолдармен одақтас Армения (Киликия) патшалығын
талқандады. Армян патшасы Египетке вассалдығын мойындап, жыл сайын
салық төлеп отыруға уәде берді. 1277 ж. Бейбарыс өзінің уәзірі, әрі құдасы
Қалауынның қолынан қазаға ұшырады. Қалауын 1280 ж. күйеу баласы
Сейтхан Мұхаммед сұлтанды да у беріп өлтірді. Сейтханды өлтіріп, оның
орнына таққа отырған Қалауын сұлтан (1279-1290) Бейбарыстың кресшілерді
қуып шығу ісін аяғына жеткізді, Сирия мен Палестинадағы христиандық
мемлекеттер толық жойылды.
1402 ж. Солтүстік Сирияға әмір Темір әскері басып кірді. Бұл кезде
Египет әскері әлсірей бастаған еді. Черкестік әулеттің билігі кезіндегі
маңызды уақиға Египеттің 1426 ж. Кипр аралын басып алып, оны еуропалық
қарақшылардан тазартуы болды. Алайда, осыдан кейін мәмлүктік Египет
өзінің құлдырау дәуіріне аяқ басты.
ХҮ ғасырдың ортасынан бастап мамлүк әскері Сирия шекараларында
Портаға иек артып отырған түркмен әулеттерімен тұрақты түрде күрес
жүргізді. Сұлтан Каитбей Түркиямен қақтығыстың алдын алу үшін 1491
жылы онымен бейбіт келісімге қол қойды, алайда мұнымен Түркиядан
төнген қауіп біржолата жойыла қойған жоқ. Сұлтан Кансух Гури (1501-1516)
Египеттің Қызыл теңіздегі басымдығын сақтап қалу мақсатымен
партугалдықтармен теңіз соғысын бастады, алайда ол 1509 жылы Диу
түбінде Египет флотының талқандалуымен аяқталды. 1516 жылы Осман
әскері Сирия шекарасын бұзып өтті. Мардж Дабик (1516) түбіндегі шешуші
шайқас мәмлүктік Египеттің жеңіліс табуымен аяқталды. Сирияны басып
алғаннан кейін түрік армиясы Египет межелеріне кірді. Соңғы черкестік
сұлтан Тұманбейдің басқаруымен жүргізілген Каридің қорғанысы жағдайды
құтқарып қала алмады, сөйтіп 1517 жылдың көктемінде Египет Осман
империясының қоластына қаратылды.
Достарыңызбен бөлісу: |