Иранға аударды. Сылтау да табыла кетті - осы кезде Темірден тақтан
тайдырылған Сербедар мемлекетінің Хорасандағы билеушісі Али Муайд
(1381) көмек сұрайды. 1381 ж. Темір әскерлері Амудариядан өтіп Хорасанға
лап қойды. Жорық нәтижесінде бұл жерлер бағындырылып, оның
билеушілері Али Муайд пен Гийас ад-дин Күрт Темірдің вассалдары деп
жарияланды. Алайда Темір оларға сенбей үнемі өзінің жанында ұстады,
ақыры, кейінірек, екеуін де өлтіріп тынды.
Хорасанның сербедарлары Темірге бағынғысы келмеді. Алайда, 1383
ж. олардың Темірге қарсы көтерілісі аяусыздықпен тұншықтырылды. 2000
сербедар әмірдің бұйрығымен тұрғызылған мұнараға тірідей қаланады. 1383-
1385 жж. аралығында Темір бүкіл Шығыс Иранды бағындырады. Батыс
Иранды бағындыру қиындық туғызды, өйткені оған Алтын Орда ханы
Тоқтамыс та көз тіккен болатын. Жошы ұлысына Темірдің қолдауымен хан
болған Тоқтамыс өз қамқоршысына қарсы тұрып, опасыздық жасады.
Тоқтамыс Алтын Орда хандарының дәстүрін еске алып, Закавказье мен
Әзірбайжанға таласа бастады. 1385 ж. ол Тебризге жорық жасап, 90000
тұтқынды айдап кетеді. Бұдан кейін қаланы Темір басып алып, ойрандауды
жалғастырады. Сұлтан Ахмет Жалаири әрең қашып құтылды. Бұдан кейін
Темір Музаффаридтер билеген Оңтүстік және Орталық Иранға
шапқыншылық жасады. Темір әскерінің тонаушылық әрекеттері Исфахан
халқының көтерілісін туындатты. Көтеріліс аяусыздықпен тұншықтырылды.
70000 қала тұрғындарының басы минареттерге қойылды.
Иранды Темірдің жаулап алуы 1393 ж. аяқталды. Елді ойрандап,
ондаған мың тәжірибелі қолөнершіні Мәуереннахрға әкетті. Бүкіл ел екі
наместниктікке бөлініп, оларды басқаруға ұлдарын – Шахрухты Шығыс
Иранға, Миран шахты Батыс Иранға билеуші етіп қойды.
Темірдің Иранды жаулап алуының маңызды салдарының бірі елдің
әртүрлі аймақтарына, ең алдымен Әзірбайжанға қыпшақтарды көптеп
орналастыруы болды, бұған дейін бұл жерде негізінен түркімен тайпалары
қоныстанған болатын. Бұл Әзірбайжан халқының одан әрі түркіленуіне жаңа
серпін беріп, қазіргі әзірбайжан халқының қалыптасуына ықпал етті. XIV-XV
ғғ. бұл тарихи аймақтың ирантілді халқының көп ғасырға созылған түркілену
процесі аяқталды.
1405 ж. Темір кенеттен қайтыс болғанда Иран халқы бір жеңілдеп
тыныс алған еді. Өйткені Темір билігінен осы Иран халқы, әсіресе
сербедарлар ауыр зардап шекен болатын. Сондықтан да Темірдің
мұрагерлеріне қарсы Иран халқының көтерілісі бұрқ етті. 1408 ж. көтеріліс
кең қанат жайды. Темірдің ұлы Миран-шах «Қара қойлылар» жаңа саяси
бірлестігімен күресте қаза табады. Темірдің екінші ұлы Шахрух қара
қойлылардың билеушісі Джиһан шахты тимуриттердің номиналды болса да
жоғары билігін мойындауға көндіреді. Бірақ Шахрух өзінің Орта Азиядағы
иеліктерінің қамын көбірек ойлауға тиіс болатын. Өйткені осы кезде бұл
жерге Алтын Орда көшпелілері қауіп төндіріп тұрған еді.
Достарыңызбен бөлісу: