§ 4. Өмiр философиясы
Егер позитивизм ағымы ХХ ғ. ғылым саласында болып жатқан
күрделi үдерістердi зерттеп, танымның жаңа жолдарын ашуға барлық
күштерiн салса,
«өмiр философиясы»
, керiсiнше, өмiрдi ақтау мен
түсiнуге шақырып, ақыл-ой, логика, дүниетаным, экономикалық, саяси
т.с.с. зерттеулер адамның жан дүниесiн, өмiр сезiмiн кедейлетедi деген
пiкiрге келедi. Расында да, ХХ ғ. қарай «адам ақыл-ойдың негiзiнде
дүниенi өзгертiп, жер бетiне бақытты өмiр әкеледi» деген Жаңа
дәуiрдегi ағартушылардың романтикалық көзқарастары өткiр сынға
алына бастады. Оның бастамасын бiз сол ХIХ ғ. өзiнде-ақ өмiр сүрген
А.Шопенгауер мен С.Кьеркогердiң шығармаларынан байқағанбыз.
Бұл ойшылдардың философияға «еккен» ойлары ХХ ғ. әртүрлi «өмiр
философиясының» ағымдарын тудырып, өте жемiстi болып шықты.
Бұл ағымның негiзгi ұғымы ретiнде «өмiр» философиядағы бұрынғы
«болмыс» санатына қарсы қойыла бастады. «Болмыс жоқ, тек қана
қалыптасу ғана бар», – дедi Ф.Ницше. «Ал қалыптасу дегенiмiз өмiр», –
деп ары қарай өз ойын қорытты.
Өмiр философиясының шеңберiнде «өмiр» ұғымына әртүрлi ғалым-
дар әртүрлi мазмұн-мағына бередi.
Биологиялық-табиғи
көзқарас
ұстаған ғалымдар өмiрдi инстинктер, өмiр сүруге деген құштарлық,
ерiкке т.с.с. теңейдi.
Тарихи
көзқарасқа негiзделген бағыт өмiрдi
нақтылы-тарихи мәдениеттi бойына сiңiрген тұлғаның iшкi жан
тебiренiстерiмен ұштастырады.
Пантеистiк
тұрғыдан өмiр өне бойы
өзiнiң жаңа формаларын тудырып отыратын ғарыштағы күш ретiнде
түсiнiледi.
«Өмiр философиясының» алғашқы өкiлдерi
Вильгельм Дильтей
(1893-1911 жж.) мен
Георг Зиммель
(1858-1918 жж.) өмiрдi ерiк пен
iңкәрлік, сезiм мен тебiренiс деректерi деп анықтайды. Өмiр хаосты
тәртiпке келтiредi. Өмiрдiң организмдiк және одан да биiк формалары
бар. Өмiр организмдiк деңгейде өлiммен шектелсе, организмдiктен биiк
формалары
мәдениеттi
құрайды. Осы тұрғыдан алғанда, шындық –
өмiрден алған тәжiрибенiң өзi. «Өмiрлiк тәжiрибе» – зердеге тең емес,
ол ақыл-ойға сыймайды.
Достарыңызбен бөлісу: |