Қамиева Г. Б. Орта ғасырлар тарихы оқу құралы АҚтау 2019



Pdf көрінісі
бет22/35
Дата08.02.2023
өлшемі1,41 Mb.
#167869
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   35
Байланысты:
ҚАМИЕВА Г.Б.-ОҒТ-ОҚУ ҚҰРАЛЫ-2019

Бақылау сұрақтары: 
1.
Француз шаруаларының ағылшын копигольдерінен маңызды 
айырмашылығы және қаналуының баяу сипатының себептері неде?
2.
Ерте абсолютизмнің негіздері кімнің кезінде қаланды?
 
3.
Реформацияның ерте кезеңіне қандай сипаттар тән болды?
 
4.
Франциядағы реформацияның екінші кезеңінің басталуына қандай 
оқиға әсер етті?
 
5.
Гугеноттар дегеніміз кімдер?
 
6.
Азамат соғысына испан интервенциясының араласуы неге байланысты 
болды?
 
7.
Нант эдиктінің дін мәселесіндегі маңызы қандай?
 
 
§ 7. 
ХVІ ғасыр – ХVІІ ғасырдың бірінші жартысындағы Польша 
 
ХVІ ғасырдағы Польшаның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуы. 
Пандар мен шляхтардың үстемдігі. ХV ғасырдың аяғынан бастап Польшада 
деревняларды басыбайлылыққа түсіру өсті. 1496 жылғы Сеймдік конституция 
бойынша толық үлесті шаруаның (кмет) помещикті тастап кетуінің шектеулі 
болса да, мүмкіндігі сақталды: қожайынның келісімінсіз жыл сайын бір шаруа 
деревнядан кетуге құқылы болды. ХҮІ ғасырдың ортасына таман бұның 
барлығына тиым салынды. Көпшілік бұқараны жерге бекітті.
Польшада феодалдық тәуелді шаруаларды басыбайлыға айналдырумен 
бірге феодалдық қанау жүйесіндегі еңбекпен өтеу рентасын кеңейту де 
жүргізілді. 1519 – 1520 жылдардағы Быдгощск-Торунь конституциясы 
еңбекпен өтеудің төменгі шегін қарастырды: ланьдық үлестен (шамамен 18 – 22 
га) аптасына бір күн. Жоғарғы шегі белгіленген жоқ, ғасырдың аяғында 2-3 
күндік барщина тарала бастады. Бұл кезде шаруа міндеткерліктерін жалпы 
мемлекеттік реттеу тоқтатылды. Деревняның толық құқылы қожайыны болып 
есептелетін помещик шаруаның мүлкіне де, өміріне де иелік етті.
145 


Басыбайлы шаруа-барщинашылардың еңбегіне негізделген домениалды 
шаруашылық – поляк фольваркі ХVІ ғасырда аграрлы дамыған доминантқа 
айналды.
1466 жылы Тевтон орденімен жеңімпаз соғыстан кейін өзіне Балтық 
теңізінің шығыс жағалауындағы жолды қайтарған Польша бидай экспортының 
ірі орталығына айналды. Польшадан тек бидай ғана емес, сонымен қатар көп 
мөлшерде зығыр, томар, орман ағаштары экспортталды. Сыртқы базардағы 
мұндай көрініс елдің экономикасына кері әсерін тигізді. 1454 жылы Нешава 
статуттарымен өздерінің саяси жағдайын бекітіп алған, сонымен қатар 1496 
жылы Сеймдік конституция және басқа заңдарға арқа сүйеген шляхтар нан, т.б. 
ауыл шаруашылық азық-түліктердің баж салығынсыз шығарылу құқығын 
өздеріне иемденіп алды. Үкімет дәл осы дворяндардың мүддесіне Батыс 
еуропалық өнеркәсіп өнімдерін енгізуді қолдады. Осылайша, поляк сыртқы 
саудасы отаршылдық реңге боялды: сыртқа шығаруда арзан шикізат пен азық-
түліктің үлес салмағы, ал, сырттан әкелуде жергілікті цехтық қолөнер мен ерте 
мануфактура өнімдеріне қауіпті бәсеке туғызған өнеркәсіп тауарларының үлес 
салмағы артты.
Фольварктік-барщиналық жүйеге көшумен орта поместьелік шляхтаның 
саяси күшею үрдісі және сословиелік монархияның рәсімделуі тығыз 
байланысты болды. 1505 жылы шляхтар Радом конституциясының 
шығарылуына қол жеткізді. Енді жаңа заңдар вальндық (жалпы) сеймнің 
(мемлекеттегі жоғарғы заң шығарушы орган; корольдің билігін феодалдардың 
пайдасына шектеп отырды) екі палатасының келісімімен ғана шығарылатын 
болды. Сеймнің төменгі палатасы шляхта өкілдерінен құралды және елшілік үйі 
деп аталды. Жоғарғы палатасы сенат болды. Уақыт өткен сайын мемлекеттік 
маңызды істерді шешуде елшілік үйі үлкен роль атқара бастады. Сеймдарда 
шаруалар мен қала халқының өкілдері мүлдем болған жоқ. Елді 
орталықтандыру ісі аяқталмай қалды. Поляк феодалдары шаруалар мен қала 
халықтарына бірлесіп қарсы шықты. 1543 жылы шаруалардың еркін өтуіне 
тиым салынса, қала халықтарына шляхталық имениелерді иемденуге тиым 
салынды. Сыртқы саудадағы табыстар пандар мен шляхтардың бюджетінде 
маңызды роль атқара бастады. Олардың бұл шаралары Польшаның 
экономикалық дамуына кеселін тигізді. 
Магнаттар мен шляхтардың католиктік шіркеумен шіркеу ондығы және 
шіркеу иелігін шектеу жөніндегі қақтығысы дүнияи феодалдардың арасында 
гуманистік және реформациялық ілімдердің таралуына қолайлы жағдай 
жасады. Реформациялық ілімдер поляк қалаларына да таралды. Алайда, 
реформация үшін қозғалыстар Польшада кең қарқын алған жоқ. Халық 
бұқарасына шляхтардың реформациялық идеялары жат болды, ал, шляхтар 
реформациялық қозғалыстағы радикалдық бағыттарға жаулық пиғылда болды.
ХVІ ғасырдың 20-жылдары-ақ Гданск мен өзге қалалардың неміс 
халқының арасында лютерандық таралды. ХVІ ғасырдың ортасында Кіші 
Польшаның шляхталық топтарында кальвинизм пайда болды. Польшаға 
сонымен қатар, «чехтық ағайындылар» ілімі де таралды, бірқатар қалаларда 
цвинглиандық пен ариандық пайда болды. 
146 


Ал, ХVІ ғасырдың аяғында шляхталар реформациядан кете бастады. 
Оның басты себептерінің бірі халық арасында басыбайлылыққа қарсы 
радикалдық реформациялық ілімдердің тарала бастауынан қауіптену болды. 
Қалаға да зардабын тигізген барщиналық басыбайлылықтың нәтижесі 
бірден байқала қойған жоқ. 
ХVІ ғасырдың 80-жылдарына дейін шаруашылық өрлеудің белгілері 
басым болды. Демографиялық өрлеу байқалды. 1580 жылға таман үш басты 
облыстардың – Ұлы Польша, Кіші Польша және Мазовияның халқы ХVІ 
ғасырдың 40-жылдарымен салыстырғанда 2,5 есе өсті немесе 3,1 млн адамды 
құрады. ХV ғасырдың ортасында Бугтан батысқа таман Поляк корольдігінің 
аумағында 450 қала болса, бір ғасырда 200 жаңа қала пайда болды. Ескі сауда 
қолөнер орталықтары өсті. ХVІІ ғасырдың басында Варшаваға елдің астанасы 
көшірілді.
Сыртқы саудаға байланысты олқылықтар жалпы поляктық нарықтың 
құрылуына кедергі келтірсе де, оның құрылуы жалғаса берді. Еңбектің 
аумақтық бөлінуі тереңдеді, базарлар кеңейді, олардың өзара қосылуы жүрді. 
Цехтық жүйенің қойнауында, сонымен қатар шұға жасау, кітап басу, т.б. 
салаларда мануфактуралық өндірістің элементтері туындап жатты. Австрия 
және Чехиямен салыстырғанда айтарлықтай деңгейде тау-кен өнеркәсібі 
дамыды. Мұндай өндірістік жағдайлар жұмысшы күшінің шоғырлануын және 
еңбек бөлінісін талап етті.
Көп ұлтты Речь Посполитаяның құрылуы. Экономиканың барщиналық-
басыбайлылық жүйесінің нығаюының маңызды тұсы Польша корольдігін Ұлы 
Литва князьдігімен бір мемлекет – Речь Посполитаяға біріктірген Люблин 
униясы болды. 1569 жылы Люблин актісінің әркелкі, жағымсыз нәтижесінің 
бірі бұрынғы саяси тепе-теңдіктің феодалдық ақсүйектердің пайдасына 
бұзылуы болды. Ұлы князьдықтың қуатты руларымен тоғысқан 
(Радзивилламдар, Вишневицкийлер, Острожскийлер) ескі поляк шонжарлары 
мен жаңа формацияның магнаттары ХVІ ғасырдың аяғы – ХVІІ ғасырдың 
бірінші жартысында Речь Посполитаяның ішкі-сыртқы саясатындағы бастаушы 
күшке айналды.
Жалпы, шляхталық конституцияның рәсімделуі көп ұлтты Польша 
мемлекетінің құрылуының аяқталуымен сәйкес келді.
ХV ғасырдың екінші жартысы – ХVІ ғасырдың басында Тевтон орденінің 
әлсіреуін поляк феодалдары оны жою мен Польшаның батыс жерлерін қосып 
алу үшін пайдалана қоймады. 1548 жылы король І Сигизмунд және поляк 
магнаттары тевтон орденінің магистрі Альбрехт Бранденбургскийге орденнің 
иеліктерін секуляризациялауға және мұрагер герцог болуға мүмкіндік берді, 
бірақ, әлі де Польшаның вассалы болып қала беретін болды. Соның 
нәтижесінде Бранденбург маркграфтарына Альбрехт тармағы таусылған 
жағдайда Прусс тағына отыру құқығы мойындалды. Бранденбург 
маркграфтығы мен Прусс герцогтығының бір әулеттің қолында шоғырлану
қаупі пайда болды.
Поляк феодалдары Поляк-Литва униясын нығайтуға, Ұлы Литва 
князьдығын Польшаның құрамына қосуға тырысты. Унияның нығаюын поляк 
147 


шляхтасының қолындағы артықшылықтарды иемденуге тырысқан Литва 
шляхталары да қолдады. Инкорпорацияның (қосылу) қарсыластары Польшамен 
тек әулеттік унияны ғана сақтап қалуды қалаған Литваның магнаттары болды.
Литваның Ливон соғысы кезіндегі ауыр жағдайын пайдаланған поляк 
шляхтасы 1569 жылы Люблиндегі сеймде литвалық пандарға келісім шартын 
таңды (Люблин униясы), шарт бойынша Польша мен Литва орталық органы – 
вальндық сеймі бар бір мемлекетке – Речь Посполитаяға бірікті. Речь 
Посполитаяның басшысы бір мезгілде поляк королі, әрі Ұлы Литва князы 
болып есептелді және ортақ сеймде сайланатын болды. Біріккен 
мемлекеттердің әрқайсысы – Литва (князьдық) және Польша (тәж) – өздерінің 
ішкі автономиясын, жеке әкімшілігін, сотын, бюджетін және әскерін сақтап 
қалды. Люблин униясы жасалғанға дейін сол 1569 жылы поляк феодалдары 
тәждің құрамына Литваның украиндық жерлерін қосып алды.
1569 жылы құрылған Речь Посполитая Шығыста басқыншылық саясат 
жүргізді. Поляк және литвалық феодалдар Орыс мемлекетін Балтық теңізінен 
үзіп тастауға және оның одан әрі күшеюіне жол бермеуге тырысты. Иван 
Грозныйдың, алдымен, Литвамен, одан кейін Речь Посполитаямен ұзаққа 
созылған және шиеленіскен күреске (Ливон соғысы) түсуіне тура келді. Ол Ям 
Запольскийдің кезіндегі (1582 ж.) бітім шартымен аяқталды. Шарт бойынша 
Орыс мемлекеті шын мәнінде Балтық теңізінен үзіліп тасталды, ал, 
Ливонияның көп бөлігін Речь Посполитая жаулап алды.
Орыс мемлекетін тәуелді елге айналдыруға тырысқан поляк үкіметі ХVІ 
ғасырдың аяғы – ХVІІ ғасырдың басында Ресейдің басынан өткеріп жатырған 
дағдарысты тиімді пайдаланып қалуға ұмтылды. Ол Лжедмитрийді қолдады, ал, 
1609 жылы король ІІІ Сигизмунд орыс аумағына тікелей интервенция бастады. 
Бірақ халық-азаттық соғыстың нәтижесінде 1612 жылы интервенттер 
талқандалды және елден қуылды. 1618 жылы Деулин келісімі поляктардың 
шығысқа жүргізген ауқымды басқыншылығының сәтсіздікке ұшырағандығын 
байқатты, ол 1634 жылы Полянов бітім-шартымен тұжырымдалды.
Бранденбург пен Пруссияның 1618 жылы Гогенцоллерндер өкіметінің 
қол астына біріктірілуі батыстағы поляктық позицияның күрт әлсіреуіне алып 
келді. ХVІІ ғасырдың басында Швециямен Прибалтика үшін басталған күрес те 
сәтсіз өрбіді. 1635 жылы Штумдорм бітім-шарты бойынша бүкіл Ливония 
дерлік Швецияның қолында қалды.
Жалпы, Речь Посполитая көп ұлтты мемлекет болды. Литвадағы, 
Украинадағы және Белоруссиядағы феодалдық төбел топтардың поляктануы, 
Украина мен Белоруссияға поляк феодалдарының енуі мемлекеттің шығыс 
облыстарындағы таптық қайшылықтардың ұлттық және діни қайшылықтармен 
шиеленісуіне алып келді.
Олигархтардың жүгенсіздігі онсыз да жағдайы мәз емес фольварктық 
шаруашылықты ұзаққа созылған дағдарысқа, тіпті ұлттық экономиканың 
құлдырауына киліктірді. Фольварктік тәртіптің қыспағына тықсырылған шаруа 
бұрынғымен салыстырғанда аз сатты және аз сатып алды. Бұдан зардап шеккен 
немесе үзіліп қалған нарықтық байланыстар болды. Көптеген темір жасаушы 
заводтарды дворяндар күштеп тартып алып отырды. Қиындықтар билеуші 
148 


тапқа да әсерін тигізбей қоймады: деревня мен қаланың құлдырауынан 
помещиктердің табысы азайды. ХVІІ ғасырдың ортасына таман орта және ұсақ 
дворяндардың кедейленуі басталды. Жүріп жатырған өзгерістер әлеуметтік 
күрестің жарықшануын туғызды. Оның негізгі ошағы Украина болды. Ұзақ 
жылдар бойы жабайы алқап («Дикое поле») феодалдық қанаудан қашқандарға 
пана болған еді. Феодалдық реакция бұл жерге де келіп жеткен кезде украин 
халқы үкіметтің қанау саясатына қарсы бірнеше көтерілістерге шықты.
1591 – 
1593 жылдардағы қозғалыстар Киев, Брацлав, Волынь 
воеводаларын қамтып, солтүстікке қарай таралды. Олардың ізімен Северин 
Наливайко (1595 – 1596 ж.ж.) бастаған және казактардың, шаруалардың, қала 
халқының төменгі бөлігінің өзге де көтерілістері болып өтті, оларды басып 
үлгерген өкімет ХVІІ ғасырдың 30-жылдарында қауіптің бұлты сейілді деп 
есептеді. Алайда, үзіліс ұзаққа созылған жоқ. Шиеленісіп келе жатырған 
таптық, ұлттық және діни қақтығыстар 1648 жылы Богдан Хмельницкий 
бастаған ұлт-азаттық соғысқа ұласты. Оған шаруалар, казактар, қала халқы, дін 
өкілдері және православиелік украин шляхтасының орта және ұсақ бөлігінің 
өкілдері қатысты.
Негізгі қозғаушы күші басыбайлы шаруалар болды. Олар Украинадағы 
Речь Посполитаяның билігінің жойылуына және Украинаның Ресеймен 
қосылуына қол жеткізді. Соғыс 1654 жылы аяқталды. Осы жылғы Переяславль 
Радасында Украинаның Ресейге қосылғаны жарияланды.
Украин халқының азаттық күресі поляк шаруалары мен қала халқының 
төменгі бөлігінің арасында кең қолдау тапты. 1648 жылы шамамен 3 000 шаруа 
көтерілісшілер Варшаваның айналасында әрекет етті, ал, астананың өзінде қала 
кедейлерінің көтерілісі дайындалып жатты. 1651 жылы шаруа-плебейлік 
қозғалыс поляк жерлерінің елеулі бөлігін қамтыды. Шаруалар көтерілісінің кең 
қанат жайған жері Ұлы Польша жері болды. Әсіресе, поляк феодалдарын қатты 
үрейлендіргені Краков воеводасының (Кіші Польша) оңтүстігіндегі көтеріліс 
болды. Алайда, поляк феодалдары көтерілістерді басуға қол жеткізді.
Польшаның сәтсіздіктерін тиімді пайдаланған Швеция болды. 1655 жылы 
ол Польшаға қарсы шықты. Орыс мемлекетіне қарсы күресте одақтас табу 
мақсатымен Швеция жағына шығып кеткен поляк-литва феодалдарының 
сатқындығын пайдаланған швед басқыншылары бүкіл елді басып алғысы келді. 
Бірақ швед интервенциясы поляк халқының батыл тойтарысына тап болды.
Шведтерге қарсы 1656 жылы Речь Посполитаямен Вилен бітім-шартын 
жасаған Орыс мемлекеті де күресті. Алайда поляк магнаттары мен шляхтары 
Украинаның Ресейге қосылуын қаламады, сондықтан Ресеймен соғысуда 
одақтас табу үшін 1660 жылы Речь Посполитая Швециямен Оливо бітім-
шартын жасасады.
Ресеймен соғыс қимылдары Польша үшін қиын қаржы дағдарысы 
жағдайында өрбиді, ол армиядағы ыдырауды одан әрі күшейтеді. Король Ян 
Казимирдің Украинаның сол жағалауына жорығы да сәтсіздікпен аяқталады. 
Речь Посполитаяда жекелеген магнаттық топтардың арасындағы күрес өршіді. 
1667 жылы Польша Орыс мемлекетімен Андрусов бітім-шартын жасасады, 
149 


шарт бойынша Киев пен сол жағалаулық Украинаның Ресейге өткені 
мойындалды және оған Смоленскіні қайтарып берді. 
Ал, елдің саяси тұрақсыздығының басты себебі экономикалық дамудағы 
дағдарыстар болды. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   35




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет