Бақылау сұрақтары:
1
Ылғалдылығы жеткілікті дала аймақшасы кәдімгі қара топырақтарының
морфологиясы және қасиеттері.
2
Кәдімгі қара топырақтардың түзілуіне орман екпелерінің тигізетін әсерін баяндаңыз.
3
Ылғалдылығы жеткіліксіз дала аймақшасы оңтүстік қара топырағының морфологиясы
және қасиеттері.
4
Күңгірт қара қоңыр топырақтардың морфологиясы және қасиеттері.
5
Қара қоңыр топырақтардың морфологиясы және қасиеттері.
6
Ашық қара қоңыр топырақтардың морфологиясы және қасиеттері
7
Күңгірт қара қоңыр топырақтардың морфологиясы және қасиеттері.
8
Қара қоңыр топырақтардың морфологиясы және қасиеттері.
9
Ашық қара қоңыр топырақтардың морфологиясы және қасиеттері
Ұсынылатын әдебиеттер:
1.
Тайжанов Ш.Т. Топырақтану және геология негіздері. - Астана: Фолиант, 2014.
- 392 б.
2.
Кенжеғұлова С.О. Топырақтану. - С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ. – Астана,
2016. – 106 бет.
9-Дәріс.
Қазақстанның таулы аймақтарының орман топырақтары
1. Тянь-Шань тауларының топырақтарына сипаттама
2. Алтай тауларының топырақтарына сипаттама
1. Тянь-Шань тауларының топырақтарына сипаттама
Тау топырақтары ТМД елдері бойынша үлкен аумақта алып орналасқан. Оларға
Карпат, Қырым, Кавказ және Орал таулары, сонымен қатар Шығыс және Оңтүстік Сібір,
Қиыр шығыс және Орталық Азиядағы тау сілемдер жүйесі жатады. Жалпы ауданы 650 млн.
га. болып, ТМД елдерінің жалпы жер қорының 28,8%-ын құрайды.
Ал Елімізде таулы өлкелер негізінен шығыс, оңтүстік шығыс және оңтүстік
аймақтарда орналасып, жалпы жер ауданының көлемінің 13,4%-ын (су айдындарын қоса
есептегенде) алып жатыр, оларға Алтай, Тарбағатай, Тянь-Шань таулары жатады.
Таулы өлкелерде топырақтардың қалыптасуы және таралуы В.В. Докучаев ашқан тік
аймақтық топырақ таралу заңдылығына бағынады. Таулы өлкелерде ауарайының өзгерісі
жазықтық жермен салыстырғанда өзгеше. Жауын-шашынның мол болуына байланысты
ауаның ылғалдылығы артып, температура төмендейді және күн сәулесі радияциясы
күшейеді.
Еліміздегі ең биік таулар Тянь-Шань сілемдерінде орналасқан. Олардың ішінде Іле
Алатауында топырақтардың тіктік бағытта таралуы анық байқалады. Оның ең биігі Талғар
шыңы 5017 м, шөл аймағының оңтүстігінде орналасқан, батыстан шығысқа қарай 300 км-ге
созылған. Жотаның Солтүстік-Батыс бөлігі абсолютты биіктігі 1600 м болатын Чу-Іле
таулары, шығысында Бұғыты және Торайғыр таулары орналасқан. Іле Алатауында Талғар
шыңынан өзге, биіктігі 4000-5000 м болатын шыңдарда кездеседі (Алматы шыңы және т.б.).
Іле Алатауының климаттық жағдайы - Биіктігі 605 м-де орналасқан Шелек аймағында
орташа жылдық температура – 8,9 0С, ал орташа жылдық жауын-шашын мөлшері 198 мм-ді
құрайды. Алматыда 848 м биіктікте орташа жылдық температура 8,7 0С, орташа жылдық
жауын-шашын 557 мм-ді құрайды. 1350 м биіктікте орташа жылдық температура – 8,1 0С,
орташа жылдық жауын-шашын 779 мм. Ал Іле Алатауында ең көп жауын-шашын 2254 м
биіктікте болып, орташа есеппен 881 мм құрайды. Сонымен қатар орташа жылдық жауын-
шашынның азайуына байланысты, температурада төмендейді, 2511 м биктікте орналасқан
Үлкен Алматы көлі маңында орташа жылдық жауын-шашын 753 мм болса, орташа жылдық
температура 0,8 0С.
Іле Алатауындағы топырақтардың тік аймақ болып таралуы - 600 м биіктіктен бастап,
тау етегінің боз топырақтарын ашық қара-қоңыр топырақтар алмастырады. Жазық жердің
ашық қара қоңыр топырақтарымен салыстырғанда таулы ашық қара қоңыр топырақ
кебірленуінің жоқтығымен және жалпы фосфор мөлшерінің көптігімен ерекшеленеді.
Таудың 700-900 м биіктігінде ашық қара-қоңыр топырақтар типшесі күңгірт қара-
қоңыр топырақтар типшесімен алмасады. Бұл топырақтарда қарашірінді мөлшері 3-4%,
жалпы азот 0,25-0,30%-ды құрайды. Күңгірт қара қоңыр топырақтарда кебірленген тектер
болмайды, бірақ карбонатты тектері кездеседі. 900-1500 м биіктікте таудың қара топырағы
орналасқан және оның үш аймақшасы бар. 900-1000 м биіктікте аз қарашірінділі (5-5,5%)
оңтүстік қара топырақтар кездеседі, жалпы азот мөлшері 0,4%, топырақтың алмаспалы
сіңген негіздерінің мөлшері жазықтық жердің оңтүстік қара топырақтарымен ұқсас болып
келеді. Одан жоғары 1000-1200 м биіктікте орташа қарашірінділі (7-8%) қара топырақ
орналасады. жалпы азот мөлшері 0,5% шамасында. 1200-1500 м биіктіктен бастап көп
қарашірінділі қара топырақ таралған, бұл топырақтың қарашірінді 10-12%, жалпы азот 0,6-
0,7%, жалпы фосфор 0,2%, сіңіру сыймдылығы 50-55 м-экв. 100 г. топыраққа.
Аймақшада орташа және көп қарашінділі қара топырақтардың ішінде кәдімгі және
сілтісізденген типшелері тараған. Сілтісізденген қара топырақтардың кәдімігі қара
топырақтардан айырмашылығы, карбонаттардың 90-100 см тереңдікте жиналуымен
ерекшеленеді. Олар көбінесе солтүстік беткейлерде орналасқан. Барлық таулы қара
топырақты аймақта, кебірленген қара топырақтар кездеспейді, оның себебі жауын-шашын
суларының төменгі қабаттарға жақсы өтуімен байланысты.
1500-1800 м биіктікте таулы орманды далалар басталады. Бұл жерде ағаштардан
қайың, көктерек және бұталар өседі. Осы ағаштардың астында күңгірт сұр ормандық және
күлгінденген қара топырақтар қалыптасады. Күлгінденген қара топырақтарда А мен В
қабаттары арасында сұр түсті дақтар болады (силикаттар шоғыры). Бұл топырақтардың
сіңіру кешенінде сутегі иондары 5%-ыз мөлшерінде кездеседі. Орманды дала аймағының
ашық далаларында қарашіріндісі мол (12%) сілтісізденген қара топырақтар қалыптасқан.
1800-3000 м биіктік аралығында Тянь-Шань шыршаларының астында таулы орман
топырақтары орналасқан. Бұл топырақтардың қарашірінді мөлшері қара топырақтардағыдай
жоғары болады, (9-10%). Бірақ қара топыраққа қарағанда, оның мөлшері төменге қабатта
күрт азайып 2-3%-дан аспайды, сонымен қатар бұл топырақтарда күлгінді қабат айқын
түзілмеген. Жалпы азот мөлшері – 0,4-0,5%, негіздер сіңіру сыйымдылығы 50-55 м-экв. 100 г
топыраққа
2800-3000 м биіктіктен субальпілі және альпілі шалғындарда таулы-шалғынды
субальпілі және альпілі топырақтар қалыптасқан. Бұл топырақтарда қарашірінді мөлшері 15-
16 пайыздан жоғары, жалпы азот 0,7-0,8%, негіздерді сіңіру сыйымдылығы 45-50 м-экв. 100 г
топыраққ. Сіңірген катиондар ішінде сутегінің үлесі 30 пайызға дейін жетуі мүмкін.
Іле Алатауының қара қоңыр және қара топырақты аймақтарында жауын-шашынның
мол (500 мм) түсуіне қарамастан негізінен суармалы егіншілік дамыған, оның себебі, жауын-
шашынның көп бөлігі көктем мен күзде жауатындықтан, жаз мезгілінде оның мөлшері күрт
азайуына байланысты.
Іле Алатауының боз, қара қоңыр және қара топырақтарында негізінен күздік бидай,
жүгері, жоңышқа, қант қызылшасы, темекі және т.б. дақылдар өсіріледі. Сонымен қатар
көкөніс және жеміс шаруашылығы да жақсы жолға қойылған.
Топырақ құнарлылығын сақтап оны арттыруда, тау етегіндегі және беткейлерде
кездесетін су эрозиясымен күрес шараларын жүргізудің маңызы зор. Су эрозиясымен
күресудің негізігі шаралары: беткейлерді көлденең жырту, террасалау (тік беткейлерде
тегістелген сатылы жолақшалар салу), беткейлерді шалғындандыру және орман екпелерін
отырғызу.
2. Алтай тауларының топырақтарына сипаттама
Еліміздігі Алтай тау жүйесінің негізгілеріне Тарбағатай, Қалба жотасы, Оңтүстік
немесе Кенді Алтай жатады. Алтай тауында ең биік шың Мұзтау, оның биіктігі 4620 м,
Қазақстан мен Моңғолия республикасының арасында орналасқан.
Алтай тауларының климаты Тянь-Шань тауларымен салыстырғанда салқын және
ылғалды болып келеді. Тау бөктерінде жылдық орташа температура +50 шамасында, орташа
жауын-шашын 560 мм-ді құраса, ал тауда бұл көрсеткіштер тиісінше 00 және 2000 мм-ге тең
болады.
Алтай тауларының тік белдеулік топырақ аймақтарының алмасуы келесідей
сипатталады. Тау етегінде күңгірт қара қоңыр топырақтар орналасқан, олардың ішінде жазық
жердегі күңгірт қара қоңыр топырақтарға ұқсас кебірленген түрлері кездеседі. Бұл
топырақтар Іле Алатауының қара қоңыр топырақтарымен салыстырғанда гранулометриялық
құрамы ауыр, делювийлі шөгінді тау жыныстарында қалыптасқан.
Абсолютты биіктіктің жоғарлануына байланысты күңгірт қара қоңыр топырақтар,
қара топырақтармен алмасады. Солтүстік Қазақстанның жазық жеріндегі және Тянь-Шань
тауларындағы қара топырақтармен салыстырғанда, Алтай тауындағы қара топырақтардың
айтарлықтай айырмашылығы бар. Алтай қара топырақтарының басты ерекшелігі - жауын
құрттарының тіршілік әрекетінің нәтижесінде, гумус қабатының ірі дәнді түйіртпекті
болуымен ерекшеленеді. Қарашірінді мөлшері өте жоғары, 10-15% жалпы азот 0,5-1,0%-ды,
сіңген негіздердің мөлшері 50 мг-экв 100 г топыраққа.
Таулы дала аймағының қара топырақтары, орман ағаштарының астындағы таулы
орманды дала аймағының кең тараған күңгірт сұр орман топырақтарына алмасады, сонымен
қатар ормансыз ашық жерлерде жоғарыда сипатталған қара топырақтарда кездеседі.
Күңгірт сұр орман топырақтарының жоғарғы қабатында гумустың мөлшері 12-14%-ға
жетеді, бірақ жазықтың жердің қара топырақтармен салыстырғанда төменгі қабаттарда гумус
мөлшері бірден азаяды. Жалпы азот мөлшері – 0,4-0,6%, ал негіздер сіңіру сыйымдылығы
гумус мөлшеріне байланысты 30-40 м-экв. 100 г топыраққа аралығында ауытқиды.
Таулы орманды дала аймағынан жоғары таулы орман басталады. Алтай тауының ағаш
түрлері Тянь-Шань тауына қарағанда көп болады. Олардың ішінде Сібір шыршасы, қарағай,
майқарағай, балқарағай, сағызқарағай, аққайың, көктерек, жөке ағашы және т.б. кездеседі.
Таулы орман аймағында, таулы күлгін топырақтар қалыптасқан, бұл топырақтардың
жазықтық жердегі күлгін топырақтардан айырмашылығы гумус мөлшерінің мол (6-8%)
болуымен ерекшеленеді.
Жалпы азот мөлшері – 0,4-0,5%, негіздерді сіңіру сыйымдылығы 15-20 м-экв. 100 г
топыраққа. Топырақ сіңіру кешенінде сутегі мөлшері 5-6 %-ға жетеді. Биік тау аймақтарында
таулы-шалғынды топырақтар тараған. Олардың арасында таулы тундра топырақтар
кездеседі. Жалпы азот мөлшері – 0,4-05%, негіздерді сіңіру сйымдылығы 15-20 м-экв. 100 г
топыраққа.
Достарыңызбен бөлісу: |