3.3. Фразеологизмдердің стильдік қолданысы
Фразеология – грек тілінен
phrasіs
– «сөйлемше» және
«ұғым, ілім» сөздерінен шыққан. Белгілі бір тілдегі тұрақты сөз
тіркестерінің барлық жиынтығы – фразеология деп аталады.
Стилистика мәселесімен орайлас өз шешімін табуға тиісті мін-
деттер қатарына фразеологизмдер, оның қолданылу тәсілдері,
контекст ішінде фразеологизмнің стильдік реңкінде болатын
нәзік құбылыстар жатады. Олар – халық тіліндегі айшықты
ойды білдіретін мәнерлілік, көріктік қасиеттерге ие бөлшегі.
Жалпы фразеологизмдерді басқа тілдік бірліктерден ажырату-
дың айырма белгілері деп зерттеушілер мынадай ерекшеліктерін
атап көрсетеді:
1) дайын «тілдік бірлік» ретінде жұмсалады;
2) мағына тұтастығы сақталады (белгілі фразеологизмнің
ішіндегі сөздер бастапқы мағынасынан түгел немесе ішінара
жартылай айырылып қалады да, шоғыр тіркес тек біртұтас ма-
ғына береді);
3) тіркес тиянақтылығына ие болады (белгілі фразеоло-
гизмнің ішіндегі сөздер бір-бірімен жымдаса байланысады,
олардың орын тәртібі тұрақты, барлық жағдайда тиянақты тір-
кесу қалпын сақтайды);
4) экспрессивті мәнерлілік, бейнелілік сипаты басым бо-
лады.
Фразеологизмдердің тілдік табиғаты және олардың қыз-
меті, сондай-ақ көркем шығармадағы стильдік қолданысы жай-
лы В.Виноградов, А.Ефимов, І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев,
А.Ысқақов, К.Аханов, Р.Сыздық, Ә.Хасенов, Х.Кожахметова,
Г.Смағұлова, Р.Авакова, Қ.Сарекенова, Ж.Қоңыратбаева, т.б.
еңбектерінде ғылыми түрде сараланып, зерттелді.
Қазақ тіліндегі тұрақты сөз тіркестерін көп жылдар бойы
зерттеген, ол туралы сөздік шығарған академик І.Кеңесбаев
9
фразеологизмдердің стильдік мүмкіндіктерінің зор екендігін
былайша сипаттайды:
«Стиль – өлгенді тірілтіп, өшкенді жандандыратын дүние
десе де болады» дей келіп, сөздің орнын тауып қолдану да
стильдік тәсілге апарып соғады, мысалы, «аузын айға білеген»
деген әсірелеудің, «атау кереңді іш» деген қарғыстың, «ұлық
болсаң, кішік бол» тәрізді нақылдың, «жұмыртқадан жүн қы-
рыққан» («қу бастан қуырдақтық ет алған» немесе «иттен де бір
сүйек қарыздар») деген кекесіннің сыр-сипаты стильдік функ-
циясында жатыр» – дейді. Сондықтан стилистика ғылымы үшін
фразеологизмдердің мәнерлеу, көріктеу тәсілі ретіндегі қызметі
зор.
Фразеологизмдер тілімізде екі түрлі қызмет атқарады:
Бірінші, фразеологиялық тұрақты сөз тіркестерінің негізгі
қызметі – ол зат, құбылыстардың атын білдіреді
(қызыл алаң,
құрмет тақтасы, қырғи қабақ соғыс)
және сөйлем түрінде
келіп, пікір алысу құралы ретінде жұмсалады
(көзім ашылды,
аузын ашып қалыпты, жақсыдан жаман туған).
Екінші, бұл фразеологиялық сөз орамдары тілімізге об-
раздылық, бейнелілік сипат беруде, тіліміздің эмоционалды-экс-
прессивті бояуын арттыруда мәні зор. Осы қызметінің стилис-
9
Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. А.,1977, 601-б.
тика үшін ерекше маңыздылығы бар. Яғни, экспрессивті мәнер-
лілік, бейнелілік – тұрақты сөз тіркестеріне тән қасиет. Мысалы,
белінен бесік табы кетпеген
(жас),
тақырға отыру
(алдану),
үріп ауызға салғандай
(сұлу) т.б.
Фразеологизмдердің құрамындағы сөздің көбі ауыс ма-
ғынада болып келеді:
ашық ауыз, жүрек жұтқан, көзі ашық,
қоян жүрек
т. б. Мәселен,
қабырғаңмен кеңес
– бұл ауыс мағы-
надағы метафоралы сөз тіркесі ғана емес, образды ойға құ-
рылған және жеке тұрып жұмсалатын нұсқасы бар
ақылдас
сөзі-
нің мағынасын білдіреді.
Эмоционалды-экспрессивті бояу тұрақты сөз тіркестеріне
де тән. Құрамында бұрыннан қалыптасып тұрақталған айрықша
экспрессивті бояуы бар сөз тіркестері бар. Ондай сөз тіркестері
сезімге айрықша әсер етеді.
Үріп ауызға салғандай, жүрек жұт-
қан
деп жағымды образ туралы айтылса,
қоян жүрек, тас ба-
уыр, жұмыртқадан жүн қырыққан
дегендер жағымсыз образ
тудыруда әсері айрықша көрінеді.
Экспрессивті тұрақты сөз тіркестері әр түрлі көңіл-күйге
байланысты жұмсалады. Мысалы,
Көзімнің қарашығы!
Іске
сәт! Неткен сұмдық! Қара басқыр! Жан қалқам!
Сонымен, экспрессивті-эмоционалды бояуы бар тұрақты
сөз тіркестерін мынадай топтарға бөлуге болады:
1)
жағымды, жағымсыз образ тудыру үшін жұмсалатын
тіркестер:
іші-бауыры елжіреген, қу табан, сор маңдай
т.б.;
2)
адамның әр түрлі көңіл-күйін білдіретін тұрақты сөз
тіркестері, жақсы көру, еркелетумен байланысты сөз тіркестері;
3)
тілек мәнді, қарғыс мәнді тіркестер:
мұратқа жет!,
көк соққан, жер жастанғыр!
Фразеологизмдер стильдік, экспрессивтілік ерекшеліктері-
не қарай мынадай түрлерге жіктеледі:
1) стильаралық (бейтарап) фразеологиялық бірліктер;
2) сөйлеу тілінің фразеологиясы;
3) қарапайым фразеология;
4) кітаби не жазба тіл фразеологиясы.
Стильаралық (бейтарап) фразеологизмдер
жалпыға ор-
тақ, функционалды стильдердің барлық түрінде жұмсалады.
Олардың экспрессивті-эмоционалды мәні бәсең көрініп, көбі-
несе зат, құбылыстардың атын білдіреді. Көбінесе термин сөз-
дер, жалпы қолданыстағы бірліктер болып келеді:
соқыр ішек,
қыл тамақ, көгілдір тың, жетіқарақшы, қызыл алаң, қара
қазақ, аталы сөз,
т.б.
Сөйлеу тілінің фразеологиясы
тек ауызекі сөйлеуде,
күнделікті тұрмыстық қарым-қатынаста жұмсалады, сондықтан
экспрессивті бояуы басым келеді: ит сілесі қату – шаршау, көк
ми – ақымақ, жел беру – қоздыру, миын ашыту – мазалау, тайып
тұру – жылдам кетіп қалу. Сондай-ақ көркем әдебиет стилінде
кейіпкер тілінде стильдік мақсатпен жұмсалатын тұстары да жиі
кездеседі: көзді ашып-жұмғанша, жер мен көктің арасында,
қолды болу,
сөзге қалу, бетіне айту, іске сәт,т.б. Мәселен, Уа,
қайдасың, төскейде малым қосылған теңдесім!
Төсекте басым
сенімен қосылсын да!..
(Ғ.Мүсірепов). Бұл мысалдағы төскейде
малы, төсекте басы қосылу деген фразеологиялық тіркесті автор
компоненттерінің арасына жаңа сөз енгізу арқылы сөйлеу ті-
ліне тән сипат бере отырып, кейіпкердің ішкі психологиясын
аша түсуде тиімді қолданған.
Сөйлеу тілінің фразеологиясы бірде образдылық мән бе-
реді, бірде қарапайым да болып келеді:
ит қорлық, құлағының
етін жеу
т. б.
Сөйлеу тілі фразеологиясының синоним қабаттары бо-
лады, әр түрлі жағдайда құбылып қолданылады:
тайып тұру,
табанын жалтырату, жонын бір-ақ көрсету, шаңына ілес-
тірмеу, қырық жамау, қырық құрау, балық басынан шіриді, су
басынан бұзылады.
Қарапайым фразеология
құрамында дөрекілік сипат бере-
тін, жағымсыз мәні басымырақ тұрақты тіркестер кездеседі.
Мұндай тілдік бірліктер көбінесе сөйлеушілердің нақты қол-
данысында олардың әр түрлі психологиялық жай-күйін жет-
кізуде жұмсалады. Оған дәлел боларлық мысалдар жеткілікті:
қуанышқа емес, сорға; қараңды өшір; барар жер, басар тау
жоқ; ақылға қонбайды; жаны жай таппады; кәрі қойдың жа-
сындай жасым қалды; өтірікті соғу; бетіне түкірсін; пыс-
қырып та қарамайды; тілде тиек жоқ,
т.б.
Жазба тіл фразеологиясы көбінесе кітаби стильдердің бар-
лық жанрлық түрлерінде кеңінен қолданылады. Көркем шы-
ғармада поэтикалық сипат беруде, публицистикалық стильде
салтанаттылық басым, ғылыми шығармаларда логикалық,
дәлдік үшін жұмсалады. Жазба тілдің негізінде қалыптасқан
барлық кітаби тұрақты тіркестер қоғамдық өмірдің сан сала-
сында қолданысқа енеді әрі әр түрлі экстралингвистикалық
жағдаяттармен байланысты жаңа, тың тұрақты тілдік бірліктер
пайда болып, әдеби тілімізде орнығып қалыптаса түсті. Әсіресе,
публицистикалық, ресми, ғылыми стильдерде кітаби сипаттағы
фразеологизмдер жиі қолданылады. Мәселен,
Тіл туралы заң;
әмір (бұйрық) беру; баға беру; есеп беру; бағын сынау; дәріс
оқу; баяндама жасау; оқырман қауым, тілшілер қосыны; фило-
логия факультетінің деканы; азаматтық неке; дауыс беру;
еңбегі жану; жарық көрді; сыбайлас жемқорлық; келелі кеңес;
қол сұқты; маңдай алды; қызмет бабында; ұрпақтар сабақ-
тастығы.
Көнерген фразеологиялық тіркестер көбінесе діни ұғым-
мен, салт, әдет-ғұрыппен байланысты болып, тарихи жанрда
жазылған шығармалар тілінде де кездеседі:
а) сегіз жұмақ, қыл көпір, ақыр заман, құрбан шалу;
ә) ірге көру, ұрын бару, аузы қисық болса да, бай баласы
сөйлесін, құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас,
шынжыр балақ шұбар төс, үйірімен үш тоғыз
т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |