Күннің көзі екі жағынан да құлақтанып, ауа шаңытып тұрған суық екен. Сібірде қандай атақты суықтар болса, соның ең сойқандарының бірі болар. Осындағы асты сызылған фразеологизмнің
жалпытілдік қолданыстағы нұсқасы
күн құлақтанды, күннің көзі құлақтанды. Фразеологиялық түйдектің бұл нұсқасы
ай құлақтанса, әйелің ұл тапқандай сүйін, күн құлақтанса, еліңді жау шапқандай күйін дейтін фразеологиялық тізбектің (мәтелдің) құрамында да ұшырасады.
Әңгіменің тіл кестесі өзіне дейінгі сөз шеберінің қолтума тіл өрнектерін
дайын күйде қолдану арқылы да түрлене түседі.
Майра үш-төрт ән салғаннан кейін өзінің дағдылы қалпына түскендей, қарақшыға жақындаған еркін жүйріктей масайрап кетті. Жарқыраған көз нұры жүзіне төгіліп, жасарып барады. Бұл ән салғанда қуанатын, бақыт сезінетін әнші. Жазу үстінде «сылдырап өңкей келісім» ой мен көркемдік тең түсіп отырғанда ақын не сезінеді? Қуаныш сезінеді. Бұл оның ең бақытты кезі. Сылдырап өңкей келісім деген терең мазмұнды,
ықшам құрылымды тізбектің Абайдікі екенін айтпаса да жұртшылық
жазбай таниды. Мұндай ұшқыр сөздер дайын күйде қолданыла келіп,
халық арасына кең тарап, тілдің лексика-фразеологиялық жүйесін
байыта түседі. Жоғарыда айтылғандай, «Майрада» аударма
фразеологизм де кездеседі: -
Екі жеңгем мені шымылдық ішіне әкеліп кіргізді. Көзім бір түсіп кетіп еді, тани кеттім - күйеуім пенжек түймелері қарнын үш жерден буылтықтап бунап тұрған семіз жігіт екен. Өз ауылы басынып алған, «қой қасында қошқар, қошқар қасында өзі қой» - бір жігіттер болады осындай. Қасындағы жолдасы төменірек ысырылады да, күйеу жоғары ысырылып, маған екі аралықтан орын көрсетілді». Жазушы бұл жерде
«молодец против овец, а против молодца сам овца» дейтін орыс халқының мәтелін ұлттық
идиоматиканы сақтай отырып аударған. Бұл тізбектің
қойға шапқан батырың батыр көрсе, қой болар деген нұсқасы бар. Бірақ бұл нұсқа
жазушы қаламынан шыққан нұсқадай контекске үйлесімді көрінбес еді.
Өйткені қазақ ұғымында
«қойға шапқан қасқыр» бар да,
«қойға шапқан батыр»- дың «образы» жоқ.