Есте ұстау арқылы көшіру.
Мұнда тақтаға жазылған
мәтін оқылады, талданады, сонан соң жазылады. Оқушы есінде
қалғандарын жазады. Кейде мәтін талданғаннан кейін үйге
беріледі. Жазып болған соң мұғалім мәтінді ашып, жазғандарын
салыстырып, тексеруге мүмкіндік береді. Көшіріп жазудың бұл
көрсетілген түрі диктант болғандықтан, мұны көру диктанты
деп атайды. Бұл әсіресе «қиын» сөздердің жазылуын өткенде
пайдалы. Әдетте, жазылуы қиын сөздердің тізімі оқулықтардың
соңында беріледі. Мына әдіс-тәсілдер қолданылады: 1) зейін
қойып, іштеріңнен және дауыстап оқып шығыңдар; 2) мағынасына
көңіл бөліңдер (үй жануарларын білдіретін сөздерді бір топқа
тізіңдер т.с.с.); 3) буындап оқыңдар және жазыңдар; 4) әсіресе,
сөздің қай бөлімін есте сақтағыларың келеді, сол бөлімнің астын
сызыңдар; 5) жазғандарыңды сөздік бойынша тексеріңдер; 6)
сөзді екі-үш рет қайта жазыңдар немесе екі-үш түбірлес сөз
ойлап тауып жазыңдар; 7) «я» әрпі бар сөздерді топтаңдар т.б.
34
Жазылуы қиын сөздер жаттығуларға кірістіріледі, бірнеше
рет қайталанады. Жаттығулардың ішінде әсіресе, сөздік
жасауға байланысты жүргізілетін жұмыстар қиын сөздердің
орфограммасын есте қалдыруға жақсы жәрдемдеседі (сөздік
дәптері бірнеше бөліктерге бөлініп, цифрмен белгіленеді (1, 2,
3,...). Мысалы, оқушылардың дәптерлерінің 5 бетінде «в» әрпі
кездесетін сөздер түзіледі.
Еркін көшіру.
Балалар әуелі мәтінді оқып шығып, талдайды,
сонан соң кітапты жауып қойып, мәтіннен есте қалғандарын,
қалай ұғынса, солай жазады.
Грамматикалық тапсырмаларға байланысты көшіру.
Сөздің немесе сөйлемнің бір бөлігі өзгеріссіз сол қалпында,
екінші бір бөлігі өзгертіліп көшіріледі: қалып қойған жерін ойлап
тауып немесе қосып, өзгертіп жазады: қалып қойған әріптер мен
буындарды тауып қосу, сөздерді тауып қосу немесе сөйлемдерді
аяқтау, берілген сөйлемнің немесе сөздің тұлғасын өзгертіп жазу
сияқты тапсырмалар орындалады.
Мұнда мәтінді көріп қабылдау жеткіліксіз, сонымен қатар
оны ойланып, анализ-синтез жасау керек. Көшірмес бұрын
балалар алдарында тұрған міндетпен танысады, мәтінді іштен
және дауыстап оқиды, тапсырманы әуелі ауызша шешіп алып,
жазуға сонан соң ғана кіріседі. Жұмыстың бұл түрін кейде бақылап
көшіру деп те атайды. Қазіргі оқулықтарда жаттығудың бұл
түрі көп қамтылып жүр.
Көшіру жұмыстары тіл дамытумен байланысты, сұрақтарға
жауап беру (жазбаша) түрінде де кездеседі. Бұл жұмыс балаларды
мазмұндама мен шығарма жазуға дайындау мақсатында
қолданылады.
Балалардың орфографияға үйренген біліктері мен дағдыларын
байқау мақсатында диктант жаздырылады. Мұнда мұғалім
мәтіндегі сөйлемдерді немесе жеке сөздерді оқиды. Оқушылар
оны аяғына дейін тыңдап, естерінде ұстайды, жазады.
3.
Бастауыш сынып оқушылары орфографияны игере отырып,
сауатты жазуға дағдылану барысында графикалық түрде қарым-
қатынас жасау мүмкіндігіне ие болады, яғни өзінің сөйлеуін
және таным мүмкіндіктерін жетілдіре береді, жеке басының
жалпы даму деңгейі жоғары дәрежеге көтеріле береді. Міне,
жазуға үйренудің басты маңызының өзі анықталды.
Ол үшін жазуға мынадай шарттар қойылады:
35
- әріптердің негізгі элементтерінің және сөз ішіндегі
әріптердің бір-бірінен қашықтығы біркелкі болуы.
- әріптердің биіктігі біркелкі болып шығуы.
- әріптердің негізгі элементтерінің біркелкі келбетпен
жазылуы.
- сопақша және жарты сопақша құрсау түріндегі әріп
элементтерінің, сондай-ақ қисық, түзу сызықтан құралатын әріп
элементтерінің бір-бірімен кілт жалғастырылмай, бірте-бірте
созылыңқырап барып, жіңішкеріп жалғастырылуы.
- әріптердің кескіні қабылданған үлгіге сәйкес дұрыс
жазылуы.
- сөздерді жазғанда әріптердің дұрыс жалғастырылуы.
Жазуға үйретуде көзделетін тағы бір мақсат – балаларды
шапшаң жазуға үйрету. Өйткені, практикада шапшаң оқудың
қандай маңызы болса, шапшаң жазудың да сондай маңызы болады.
Жазу барысында орындауға тиіс ережелерді мұғалім
балаларға оларды жазуға үйретуден бұрын көрсетіп, түсіндіреді:
мысалы, екі аяқ тік бұрыш қалыпта бүгіліп немесе жазылыңқырап
еденге (үстелдің кергішіне) тіреліп тұрсын; жазғанда көкіректі
үстелге тақап тіремей, үстелдің шетінен 3 см қашық ұстап, түзу
отыру керек.
Екі иық кеудемен бірдей, түзу тұруға тиіс. Жазғанда оқушы
өте еңкейіп, үстелге көкірегін тіреп отырса жақыннан көруге
дағдылана отырып, бірте-бірте сәл алыстағыны да көре алмайтын
болады.
Дәптерге жарық сол жақтан түсіп, көлеңкелемейтін болсын.
Екі қол шынтаққа дейін үстел үстіне қойылсын. Дәптерді сол
қолмен ұстап, жазу төмен түскен сайын жоғары жылжытып
отырған дұрыс. Қолдың қалам ұстаған жері көкіректің дәл орта
тұсында болу керек. Дәптер де оқушының көкірегінің дәл орта
тұсында жатсын. Әйтпесе, басты оңға-солға қисайтуға немесе
дәптерге көздің қиығымен қарауға тура келеді.
Жазуға үйретуден бұрын бірнеше рет дайындық жаттығуларын
жүргізіп, балалардың қолын қимылға, көзін шамалауға үйрету
керек болады. Дайындық кезеңінде балаларды жазу сабағына
қажет материалдармен және жазу аспаптарымен таныстыру,
партаға қалай отыру, дәптерді қалай қою, қаламды қалай ұстау
ережелерімен таныстыру, саусақтарды қимылдатуға жаттықтыру
керек. Әріп элементтерін, әріп кескіндерін дұрыс меңгеріп,
36
жазу дәптеріне төселе бастаған кезде балалар бірте-бірте қолды
жүргізіңкіреп, такт бойынша жазуға үйренулері қажет.
Оқушыларды дұрыс жазуға үйрету барысында мұғалім
мыналарға көңіл бөлуге тиіс: материал тәртіппен өтіліп, жазуға
берілетін мәтін алдын ала таңдалады. Каллиграфиялық жағынан
дұрыс жазу үлгілерін мұғалім тақтаға, оқушылардың дәптерлеріне
жазып көрсетіп отырады. Балалардың дәптерлері күн сайын
қаралып, тексеріліп, кемшіліктері, оны қалай түзету жолдары
көрсетіліп отырады. Айына бір рет болса да байқау жұмысы
жүргізіледі.
Жазу сабағы шамамен мынадай жоспар бойынша жүргізіледі:
1. Жазғанда партаға қалай отыру ережелерін балаларға
ескертіп, мұғалім өзі аралап көріп, дұрыс отырмағандарын
дұрыстап отырғызады.
2. Сабақтың мақсатын, алда тұрған міндеттерді көрсете
отырып іс-әрекетке жетектейді.
3. Сабақтың мақсат-міндеттерін қаншалықты ұққан-
ұқпағандарын анықтап алып, жазуға көшеді.
4. Мұғалім партаны аралап жүріп жазу әрекетін бақылайды.
5. Жазу аяқталғаннан кейін оқушылардың кемшіліктері
мен жіберген қателері айтылады, түзетіледі, жақсы жазғандары
мадақталады.
Бастауыш сынып оқушылары үшін орфографиялық
танымның әсіресе алғашқы басқышы ерекше рөл атқарады. Олар
сан алуан сөздер мен олардың формаларының әсерінен аз да
болса білім, тәжірибе жинақтайды. Кейбір сөздерді дұрыс жазу
дәрежесіне жетеді. Бірақ неге олай жазғанын әлі айтып бере
алмайды. Мұндай құбылысты кейде орфографиялық сезім деп
те атап жүр. Кейінірек грамматикалық білім алғанда мұндай,
орфографиялық құбылыстарды саналы түрде түсініп, сауатты
жазуға дағдыланады.
Алфавит – тіліміздегі әріптердің белгілі бір жүйемен
орналасу тәртібі. Графика – дыбыстың, буынның немесе сөздің
айтылуы қалай болса, солай таңбалануы. Ал орфография тілдің
белгілі бір нормаға келтірілген ережесін сақтап жазу.
Алфавит пен графиканы меңгеру – оқу мен жазудың (сауат
ашудың) ең алғашқы, ең қарапайым, бірақ ең маңызды дағдыларын
қалыптастыруды көздейді. Алайда жазуды меңгеру оның тағы
бір басты бөлігі орфографияны (немесе жазу, сауатты жазу)
игеруді қажет етеді.
|