АБАЙ ЖОЛЫ
1
Бірінші кітап
(Роман-эпопея. Ықшамдалған)
Қайтқанда
Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне бала шәкірт барын салды.
Қорықтан күн шыға: «Атқа мінейік!» – деп асыққан-ды. Бұны қаладан
алып қайтқалы барған ағайыны Байтасты да таң атар-атпаста өзі оятып,
тұрғызып еді.
Күнұзын аттан да түспей, өзге жүргіншілерден оқ бойы алда отырған...
Арттағылар – Байтас пен жорға Жұмабай:
– Мына баланың ауылға асығуын-ай!
– Сорлы бала қыстай іш құса болып қалған-ау, – деседі.
Бала шәкірт ұзап кеткенде, бұлар да еріксіз желе шоқырақтап шауып
отырып, қуып жетеді... Тақырбұлақ тұсына келгенде, Байтастар баланы
жеке шабудан тежеп:
– Енді бізден ұзап кетпе! Анау Есембайдың жырасын білесің ғой!.. Ұры
жатады... – деді...
– Олар – самсаған сары қол. Бұл Есембайда ұдайы жау жатады... – деп,
Жұмабай шошыта сөйлегісі келеді.
1
Әуезов М. Абай жолы: Роман-эпопея. Бірінші кітап. – Алматы: Жазушы, 2014. – 376 бет.
113
Баланың қытығына тиетіні – осы жері.
– ...Ендеше, бірге жүрдім не, жеке жүрдім не? Ал кеттім! – деп, соқтыр-
та жөнелді. Бұл – Тақырбұлақтан өте бергенде бастағаны еді...
Жұмабай әбден болмаған соң:
– Қап, мынаның баласы!.. «Мен бөрінің бөлтірігімін» деп келеді-ау!
Қой, не де болса, қалмайық енді. Байтас, жүр! – деп, шаба жөнелді. Екеуі
де жарыса бастады...
Бір белден асып, екінші белдің өріне қарай тоқтамай, жарысып келе
жатты. Осы өрде бурыл ат есік пен төрдей алға түсе беріп еді... Сөйтіп,
осы белдің ойына қарай құлай бергенде, жорға Жұмабай арт жағынан, сол
иығы тұсынан тасырлатып кеп қосылған бір дүсірді есітті. Дәл Есембай
биігінің тұсы. Және дәл Есембай жырасының өзі екен.
– Әй, кәпір, содан қосылған жау болды-ау. Баланы алып, бізді баққан
екен-ау! – деп, ақ көк атты тепкілей берді. Артына қорқақтай қарап, шала
бұрылып, көз қиығын тастап көрді.
– Мас көзіңді, мас! – деп, әзірейілдей төніп келе жатқан бірдеме. Атын
да, кісісін де болжай алмады. Әдейі танытпайын деп, бет-аузын таңып
алыпты. Бұл өңірдегі күндіз шабатын ұрының әдеті. Байтаста үн жоқ, өз
бетімен замғап барады. Қолды болса, болатын – жорға Жұмабай.
Енді не де болса, жанды қармайын деп, тақымындағы шоқпарына жа-
бысты... Қуғыншы... жырынды жау мұның жаңағыдай сасқалаңымен пай-
даланып, шоқпарды да тартып алды.
Енді ақ боз ат та бірдемеге тіреліп тоқтағандай, Жұмабай зорға дегенде,
бойын түзеп ап, жаңа ғана тымағын кейін қайырып қап еді. Қараса, бұ-
ның шоқпарын тартып ап, ақ боз аттың алдынан көлденең шығып, қазір
ішек-сілесі қатып, үнсіз күліп тұрған – бағанағы бала шәкірт. Өзі айтқан
«Құнанбайдың бөлтірігі» – Абай екен.
Баладан қорыққанына Жұмабай ұялды да, ыза болды.
– Өй, балам-ау, мына жер – жау жатағы. Бұл ұрының ойнағына кеп
алып, жаман ырым бастағаның не қылғаның? – деді.
Байтас та күлген бойында қайта оралып келеді екен.
...Байтас қорықса, қорықпаса да, сыр алдырған жоқ. Сондықтан Жұма-
байдың ашуын алыстан танып, мәз болып күліп келе жатып:
– Құла бестінің төбелін де жоқ қыпты, қарай гөр өзін! – деді.
Жұмабай да жаңа байқады. Бала бестінің төбелін саз балшықпен баттас-
тырып тұрып сылап қойыпты...
...Абай енді күлкіден тыйылып, жаңа қатарласқанда:
– Жол ұзақ. Ұйқыашар болсын деп ойнап ем, ғайыпқа бұйырмаңыз,
Жұмеке! – деді. Енді, тіпті, сыпайы. Сызылып тұр...
114
Бала шәкірт ауылға асыққан... Тағы да шапқылап, қара үзіп, алыстай
берді...
– ...Бұл қорлықты көргенше кел, Жұмеке, біз де аттың басын қоя бе-
рейік, – деп, Байтас бурыл атты ағыза жөнелді. Жұмабай да еріксіз шапты.
Аздан соң Абай бұларды тосып алып, енді үшеуі бірдей ұзақ-ұзақ жа-
рысуға айналды.
Қорықтан шыққалы таңертеңнен бері бөгелместен тартқан үш салт
атты, аттарын қан сорпа қылған қалпында, кешкі екінді кезінде Көлқай-
нардағы Құнанбай аулына, Абайдың өз шешесі Ұлжанның отырған аулы-
на кеп жетіп еді.
...Жүргіншілер бұлақтың дәл қасына ең жақын қонған ауылға келе жа-
тыр. Ортасында бес үлкен ақ үйлер бар, көп үйлі ауыл – Абайдың екі ше-
шесі Ұлжан мен Айғыздың ауылы.
Осы ауылдың шеткі үйлерін сырттап, кешкі жайылымға, батыс жаққа
қарай жаңа өріп бара жатқан бойдақ қойдың ішін аралап, ортадағы үлкен
үйлерге қарай беттеп келе жатқан үш аттыны бұл ауыл тез таныды...
– Қалашылар, қалашылар келеді!
– Анау – Абай, Абай ғой, айналайын-ай! Апасына айтайыншы, – деді
бір қартаң қатын.
– Бәсе, Телғара ғой... жаным-ау, мынау... Телғара! Әпкеме айтайын-
шы, – деп, тағы бір жас қатын, жеңге де үлкен үйге қарай ұмтылысқан...
Аттылар үйдің сыртына келе бергенде, алдарында, сол үлкен үй мен
күншығыс жағына тігілген қонақ үйдің екі арасында бұларды күткен бір
топ жан тұр екен...
Осы жиынға қараған бетімен, екі жолдасынан озып кеп бұрын түскен
Абайдың атын біреу алып кете берді. Бала көп ішінен, ең алдымен, өзінің
шешесін көріп, соған қарай жүре беріп еді, шешесі анадай жерде тұрып:
– Әй, шырағым, балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр... Сәлем бер! – деді.
Абай жалт қарап барып, жаңа көрді. Анадай жерде, қонақүйдің сыр-
тында, қасында екі-үш үлкен кісі бар – әкесі Құнанбай тұр екен. Ыңғай-
сыздықпен қысылып қалған бала шешесінің сондайлық салқын сабыры-
ның мәнін ұқты да, әкесіне қарай тез бұрылды. Байтас пен жорға Жұма-
бай да анадайдан аттарынан түсіп, жаяулап жетектеп, Құнанбайға қарай
келеді екен. Бірақ өңі сұп-сұр, зор денелі, бурыл сақалды Құнанбайдың
жалғыз көзі бұларда емес. Батыс жақтан 4-5 атты жолаушы келеді екен...
Ол соларға қарап тұр.
Байтас пен Жұмабай тақай бергенде, Абай да қасына кеп қалып еді.
Үшеуі бірдей жамырай сәлем берді. Құнанбай тез бұрылып, сәлемдерін
115
алды да, қысқа ғана амандық сұрады. Тұрған орнынан қозғалған жоқ. Ба-
ласын қасына да шақырмады. Азғантай уақыт Абайға қарап алып:
– Балам, бойың өсіп, ержетіп қалыпсың-ау! Молда болдың ба? Бойың-
дай боп білімің де өсті ме? – деді. Кекету ме, жоқ, күдік пе?..
Бала ес білгеннен бері қарай әкесінің қабағын жұтаң қыста күн райын
баққан кәрі бақташыдай бағып, танып өскен. Әкесі де бұл баласының сон-
дай сезгіштігін өзге балаларынан артық санаушы еді. Ұялғанды, жауап
айтпағанды кешірмейтін әке мінезі Абайға мәлім. Ол сабырлы, момын
пішінмен:
– Шүкірлік, әке, – деп, біраз тұрды да, – ат барған соң, дәріс тамам бол-
маса да, хазіреттің рұқсатын, фатихасын алып қайттым, – деді.
Тіпті, ересек адамша сөйлеп қапты. Баланың бұл ерте әзір леген жауабы
еді.
Әкесінің қасында тұрған Майбасар мен соның атшабары екен. Майба-
сар – Құнанбайдың тоқал шешесінен туған інісі... Бұны биыл Құнанбай өзі
аға сұлтан болғаннан кейін осы Тобықтыға болыстық старшын еткен-ді.
Майбасар Абайдың жауабын ұнатып тұрып:
– Өзі, тіпті, көшелі кісі боп қапты! – дей беріп еді, Құнанбай оның сөзін
аяқтатпастан Абайға:
– Бар, ана шешелерің жаққа бар, амандас, балам! – деді...
Бала енді асығып, өз шешесіне қарай жақындай беріп еді, Жұманның
қатыны, Қалиқа деген бір жеңгесі:
– Телғара! Айналайын Телғара! Соқталдай азамат боп кетіпсің-ау! – деп,
мойнынан құшақтай алып, бетінен сүйді. Тағы бір жеңгесі – Ызғұттының
қатыны Тобжан да сүйді...
Барлық үлкеннің құшағына амалсыз кезек-кезек кіріп болып, енді сы-
тылып, шешесіне қарай баса берді. Абайдың өз шешесі Ұлжан мен екінші
шешесі, сұлу жүзді Айғыз қатар тұр екен...
Кезек өз шешесіне келгенде, ол сүйген жоқ. Қатты бір қысып, бауы-
рына басып тұрды да, маңдайынан иіскеді. Абайдың әкесін дегі тартымды
салқындық шешесіне де көптен бергі мінез болған. Бала осыдан арғыны
күтпеуші еді. Бірақ бауырына басқанның өзінде де, Абайдың жүрегін қат-
ты-қатты соқтырған аса бір өзгеше жақындық білінді. Ана құшағы!.. Ұл-
жан көп ұстаған жоқ.
– Әжеңе бар, әнеки! – деп, үлкен үйдің алдына қарай бұрып жіберді.
Кәрі әжесі Зере бәйбіше таяғына сүйеніп, ұрсып тұр екен.
– Жаман неме, маған бұрын келмей, әкеңе кеттің-ау! Жаман неме! – дей
беріп, қасына, құшағына немересі барғанда, «жаман неменің» артынан
116
лезде: – Қарашығым, қоңыр қозым... Абай жаным... – деп, кемсеңдеп,
жылауға айналып кетті.
Әжесі құшақтаған бойында үлкен үйге кірген Абай ымырт жабылған-
ша, осында болды... Ас бере отырып, бойлары үйреніскен сайын шеше,
жеңгелері баладан:
– Елді сағындың ба, кімді сағындың?..
– Оқып болдың ба? – деген сияқтыларды қайта-қайта сұрасады. Абай
өзге сұрақтарға жөнді жауап берген жоқ. Жалғыз-ақ кімді сағындың де-
генде:
– Оспан қайда? Ол қайда жүр? – деп, өзінің кіші інісін, тентек Оспанды
бірнеше рет сұрап еді.
Ұлжан басында ол сұрауын елеусіз қалдырып, артынан тағы бір айнал-
ғанда:
– Е, жүр-дағы, жынды неме. Бүгін осында маза бермеген соң, әжең
екеуіміз қуып шыққамыз
1
, – деп, әжесіне нұсқады.
Әжесі өзіне байланысты бір нәрсеге ишара қып отырғанды көріп:
– Не дейді? Не деп жатырсыңдар, естімедім, – деп еді, Абай Оспан жа-
йын айтып кеп, қатты сөйлеп:
– Әже-ау, былтыр мұндай емес ең... Құлағыңа не болған, неге есті-
мейсің? – деді. Көптің ортасында отырса да, еріксіз жапа-жалғыз боп,
оқшауланып қалған әжесіне жаны ашып, құшақтап, алдына жантайды.
Әжесі түсінді де, азғана босаңсып...:
– Үшкірсе, кейде ашылып қалады. Үшкірген жағады, – деді.
– Үшкірсе, мына балаң молда боп келді ғой. Үшкірт балаңа, – деп, Ай-
ғыз күлді...
– Сорлы кәрінің көңіліне о да болса, демеу ғой!.. – деп, үйдегі үлкендер,
әсіресе, жеңгелер Абайдан шын бірдемені дәметкендей.
Абай... Кәдімгі молдадай шарт жүгініп алып, түсін томсартып жіберіп,
шешесіне төніп отырып:
Юзі раушан, көзі гауһар,
Лағылдек бет ұшы ахмар,
Тамағы қардан әм биһтар,
Қашың, құдрәт, қоли шига, –
деп, көпшілік ұға қоймайтын өлеңді шұбырта беріп, даусын «тәбарак»
оқыған молдаларша ұзайта созды...
1
Шыққамыз–шыққанбыз. Жазушы кейіпкердің сөз қолданысына мән беріп, осылай жазған.
117
Тағы да көзін жұмып, түсін томсартып, Құран аударған молдадай, іл-
гері-кейін теңселе беріп:
Ұшады бозша торғай көдені ықтап,
Басасың аяғыңды нықтап-нықтап.
Кәрі әжем естімейді, нана берсін,
Берейін өлеңіммен шын ұшықтап... –
деп кеп, тағы да «Су-ф-ф!» – деп қойды. Үйдің іші енді сезіп, ду күлісті.
Соңғы өлеңнің тұсында әжесі де түсінген. Ол үні өшіп, сүйсініп күліп, ба-
ласын арқаға қағып, маңдайынан иіскеді...
Ұлжан тартымды болумен қатар, сыншы да ана. Баласының жаңағы мі-
незіне біраз ойлана қарап отырды. Биыл денесі өскелеңдеп қалған баласы
мінез жағынан да ересек тартқан сияқты. Ұлжан көппен бірге күлген жоқ
еді. Енді байқай отырып, ақырын мырс етті де:
– Балам-ау, қаладан молдалық әкеледі десем, нағашыңа тартып қайт-
қанбысың, немене? – деді.
Үлкендердің бәріне бұл өте түсінікті еді. Жаңағы бала мінезінің дәл ше-
шуі сияқты болып, қайта күлдірді.
– Бәсе, Шаншар!
– Битан, Шитан!
– Тонтекеңнің жиенімін деп тұр ғой! – десіп, Абайдың нағашыларын
есіне алысты...
Дәл осы кезде Майбасардың атшабары кеп кірді. Бұл бағана, кеште Құ-
нанбайдың қасында тұрған қаба сақал, қара Қамысбай еді. Келді де:
– Абай, шырағым, сені әкең шақырып жатыр, – деді.
Үй іші де, Абай да үн қатқан жоқ. Бағанадан бергі еркін, ойнақы, бала
мінездің бәрінен тартынып, бойын жиып, бала шәкірт үндемей, үйден
шықты да, әкесі отырған үйге келді.
Қонақ үйі шешелер үйіндей емес, сыртынан да салқын, үнсіз. Абай есік-
тен кіре, үйде отырған үлкендерге ашық дауыспен, айқын етіп сәлем берді.
Үлкендер де мұның сәлемін дауыстап алды. Кісі көп емес, Құнанбай мен
Майбасар, Жұмабайдан басқа осы өңірдегі Тобықтының белгілі үлкендері:
Байсал, Бөжей, Қаратай, Сүйіндік екен. Және осылардың жанына ерткен
жас жолдасы тәрізді Байсалдың немере інісі – бала жігіт Жиренше бар...
Абай келіп отырысымен, анау үлкендер бұдан қала жайын, оқу жайын,
саушылығын сұрастырды. Өзге үлкендер ішінде Абайға, әсіресе, көңіл бөл-
ген сөзуар, жарқын жүзді Қаратай...
118
Үндемей түйіліп, сұп-сұр боп отырған Құнанбай ол сөздерге көп шімір-
кенген жоқ. Қайта, теріс көргендей мойын бұрып, Абайға қарап:
– Одан да, не күтсеңдер де, осы жаман қарадан күтсеңдерші! – деді.
Құнанбайдың мына баласын осында шақыртып алып отырған және жа-
ңағыдай етіп бұларға танытқалы отырғанын өзгеден Қаратай бұрын аңғар-
ған...
Сөйткенше, сырттан Оспан кіріп келді. Кішкене інісі. Ауылға келгелі
көп сұраса да, көре алмаған тентек, содыр інісі.
Ол сәлем беруді ұмытқан жоқ. Бірақ әкесі мен өзге ешкімге қарамастан,
келе Абайды құшақтай алды. Өзінің де ең жақсы көретін туысқаны Абай
еді. Екеуінің арасы – 5-6 жас...
Ол «Қайда жүрдің?» деп, ақырын сұраған Абайға жүресінен отырып,
ағасының мойнынан құшақтап, өзіне қарай тартты да, құлағына бір нәрсе
сыбыр етті. Бұнысы бір қатты нашар боқтық сөз еді. Шеткі үйде өзінің
ағасы Тәкежаннан үйреніп кепті. Сағынған ағасымен ең алғаш тіл қатқа-
нының өзі – осы. Абай сескеніп, құлағын тартып қап:
– Өй, не дейсің? – дей беріп еді, Оспан атып тұрып, мұны бас салып
құшақтап:
– Айтпа, айтпа деймін анаған!.. – деп, әкесі жақты нұсқап, Абайдың
аузын аштырмай, шалқалатып жыға берді...
Құнанбай атшабарға қатты әмір етіп:
– Бар, алып кет, қарғыс тигенді! – деп, Оспанның бетін бұрды да, итеріп
қалды. Бала сүрініп құлай бергенде, атшабар да қармап көтере берді...
Сонымен біраз томсарып отырып барып, қайта қыбырласқанда, Құнан-
бай ойдағы сөзін бастады.
* * *
...Абай әкесінің сөз желісін, түп мәнісін түсінген жоқ. Кейбір мақалда-
рын ғана таңдана шешіп отыр... Кейде ұғымсыз сөзден іші пысып, әкесінің
пішін, тұлғасына қарап, қадалып қалады.
Тегінде, ертекші, өлеңші не басқа әңгімеші адамға талай уақыт тап-
жылмай, тесіле қарап қалу Абайдың кішкентай күнінен бергі әдеті еді.
Адам пішіні әрдайым бұған бір тамаша, өзгеше қызық сурет тәрізденетін.
Әсіресе, әжімі мол үлкендер пішіні бір қызық хикая тәрізді...
Әкесінің ат жақты келген, ұзын сопақ басының құлақтан жоғарғы жері
қаз жұмыртқасындай көрінеді. Онсыз да ұзын, үлкен бетіне ұп-ұзын боп
дөңгелей біткен сақалы қосылғанда, басы мен беті бір өңірдей. Сонда Құ-
119
нанбайдың жалғыз сау көзі, оның көтеріңкі жал-тұмсығының сол иығына
шығып алып, қалғымай, сақшыдай бағып, осы өңірді қалт етпей күзетіп
тұрған сияқтанады. ...салғырттығы жоқ сергек, қатал күзетші.
Жалғыз көз шүңет емес, томпақша. Тесіле, сыздана қарайды. Кірпігін
де сирек қағады. Иығына бота ішігін жамылып, шалқия отырып сөйле-
ген Құнанбай осы үйде әркімге қарамайды. Қарсысына таман отырған
Сүйіндікке ғана қадалып сөйлейді.
Құнанбай ұзақ сөйлеп отырған кезде Бөжей қыбыр етіп қозғалған жоқ...
Құнанбайға бұлардың ішінен көз алмай, қырандай қарап отырған – дәл
төрдегі Байсал...
Бұлардан басқа барлық салқын, томсарған жандар ішіндегі ең жанды-
сы, ең шапшаң, қағылезі – Қаратай мен Абай қасындағы Майбасар.
Үлкендер тобына бір жақтан, әкеден төмен отырып, телміре қараған
Абай болса, дәл осы тәрізденіп, барынша бой салып қарап отырған – ана
шеттегі жас жігіт Жиренше.
Бұл – Көтібақ ішінде Байсалдың жақын туысқаны Шоқанның баласы.
Байсал әрдайым қасына ертіп жүреді. Әрі жігіті, әрі сөз ұғып, адам болар
деген жасы. Ол әңгіме атаулыны көп біледі...
Жиренше қабағын бір шытып, қозғалақтап қалды. Абай енді байқады,
әкесі сөзін аяқтап келеді екен.
– Қодар сұмның қылығы сырт елдің алдында менің бетіме салық болса,
осы елге, өз келеңе келгенде, осы отырған бәрімізге салық. Мынау отыр-
ған сендерге салық! – деп, аз тоқтап, Сүйіндікке қадалып отырған жалғыз
көзін енді төрдегі Байсалға аударды. Одан өзінің оң жағында отырған Бө-
жейге қадалды.
Бірақ Бөжей мен Байсал мызғыған жоқ...
– Ендеше өлімнен ұят күшті. Ел көрмеген сұмдыққа, ел көрмеген жаза
керек! – деп, Құнанбай байлауын айтты...
Құнанбайдың бұлай беттеп алғанда, қайта оралар қайырымы жоқ, оны
бәрі біледі...
Бөжей білсе, Қодар жайы – Құнанбайдың тағы бір қыры. Осал емес,
үлкен қыры болғалы тұр...
Бірақ Құнанбайдың мықты жері Тобықты іші болса, әлсіз жері де осы
Тобықтының ішінде. «Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады». Сол
қанаты мен құйрығы – ел ішінде өзі тұстас рубасылар. Осы Байсал, Бө-
жейлер.
...Тобықты көп рулы көп ел болғанымен, барлық үлкен шеңберінің
таразысы осы отырған бес-алты адамның руларымен өлшенеді. Әсіресе,
120
рубасы осы адамдардың өздерімен сал мақталады. Сонда Құнанбайдың оң
жағында отырған Бөжей – қалың Жігітектің адамы. Бұрын орталарынан
Кеңгірбайдай теріс азу, мықты биі шыққан ел... Байсал да сондай мол
ру – Көтібақтың тұрғысы. ...Сүйіндік – осы ағайынды елдер ішінде ең азы
Бөкеншінің кісісі. Мал, дүниеге шағыны да осылар. Бөкеншінің кірмелеу
туысы – Борсақ. Жаңағы бұлар сөз қылған Қодар – сол Борсақ болатын.
Құнанбай болса – Ырғызбай руынан. Бұл – бас жағына келгенде, Жігі-
тектен де, Көтібақтан да аз. Бірақ әрі малды, әрі көптен бері Тобықтыны
билеп-төстеп келе жатқан ауылдар.
Туыс жағын алғанда, Бөжей мен Сүйіндіктен гөрі Құнанбайға Байсал
жақын. Сойыл соғарға келгенде, қолға, санға келгенде, Құнанбайдың
мықтап сүйенетіні сол Байсал елі – Көтібақ. Оны әлі күнге өз ырқынан
шығарған емес.
Қаратай болса, бұлардың барлығына алыстау. Ара ағайын тәрізді Көкше
деген рудың атқамінері... Осы отырған рубасылардың мінезі, артта жүрген
үлкенді-кішілі атқамінер, ақсақал, қарасақалының бәріне де мінез, тәсіл
бола жүреді.
Құнанбай қасындағы қой көздеу, сұлуша Майбасар стар шын болды да,
өз достарынан да, Құнанбайдың жақындарынан да ажырай бастады. Қазір
Құнанбай алдында, жастан бергі дағ ды сы бойынша үндемей отырғанымен,
бұл ерен бүлік, сотқар адам...
Бүгін Бөжейлердің Құнанбаймен іштей суысуына себепші болған да
осы – Майбасар...
Осы кезде Жиренше Абайға ым қақты да, тысқа шығып кетті. Абай
Қодардың қылмысы не, өзі кім екенін білмеген қалпында болатын. Ол
жалғыз-ақ «дарға асу» деген жерде ішінен біртүрлі тіксініп қалды. Әкесіне
сене алмай, сескене қарап, «соны істейді-ау» деп бір ойлады. Бірақ бай-
қап, болжап көрсе, дар деген қырда, бұл елде, әсте, болмаған нәрсе. Естіп
көрген де емес...
Бұл уақытта Жиренше соңғы атқа шідер салып, отқа жіберіп жатыр
екен. Есік ашылған жерден Абайды көрді де, ақырын дауыспен:
– Абай, бері кел, мұнда кел... – деді.
Абай бұған жетер-жетпестен:
– Өй, Жиренше, жаңағы осы Қодар кім? О не қылған? Айтшы, – деді.
– Қодар – жақыны жоқ, жалғыз үйлі бір Борсақ...
– Ал ол не қылған?
– Сол биыл қыстыгүні жалғыз баласы өлгеннен кейін келінімен жақын
бопты дейді...
121
– Сол рас па екен? – деп, Абай қадала сұрады.
– Бәсе, сол анық-танығы мәлім емес... Сүйіндіктің, жаңағы, анығын
білейік деуі сол ғой, – деп, Жиренше салмақты болып сөйлеп еді.
– Ендеше бекер жала-дағы?
– Тіпті, солай десетіндер де көп...
Абай әкесінің жаңағы «дарға асу» деген жердегі аяздай суық пішінін
еске алды... Шешесінің үйіне қарай беттеді. Жиренше басқа да бірдеңелер
сөйлеспек боп, бөгемек еді, қайырылған да, үндеген де жоқ. Кете берді.
* * *
Келіні жаңа ысытып әкелген, құрт қосқан қонақ көжені анда-санда бір
ұрттап отырып, Қодар:
– Қарағым, Қамқа, бүгін күн жұма ғой осы, – деді...
Аздан соң екеуі де тысқа шықты...
Бұлардың алдында, кішкене көк төмпешік үстінде құбыла жақтағы се-
рек тасы шошайған жалғыз жас бейіт қана тұр. Көздері де, көңілдері де
сонда...
Қодар батыр денелі, алпысқа жаңа кірген, бурыл қарт еді. Жалғыздық
пен осы қаралылық иықтан баспаса, өмірдің мұны мойытар өзге күші жоқ-
тай. Ол жасында найзагер батыр болған. Осы жасына шейін өз қасиетін
жоятын жаман аттан да аулақ...
Соңғы алты ай ішінде барлық жалын атқан қайғысы – жалғыз баласы
Құтжан жайы.
Ендігі үміт не? Құлазыған қу өмірде тірек не?.. Жалғыз жанкүйері мы-
нау қайғыдан сөніп бара жатқан, санадан солған бейшара келін...
Бір кезде бұлардың сырт жағынан дүрсілдетіп келіп қалған бірнеше
аттының дабыры естілді.
Қодар да, Қамқа да бұрылған жоқ. Аттылар мінбелеп кеп, түсіп жатты.
Бұлар бес кісі екен. Бастығы Майбасардың қара сақал атшабары – Қамыс-
бай. Қалғанының екеуі – Бөкенші, екеуі – Борсақ...
Қодар мыналардың әдейі келген жайын байқап, бұрылды да, сабырлы
суық жүзбен:
– Нелерің бар, жандарым? – деп еді.
Қамысбай тепсініп кеп:
– Неміз болушы еді? Сендерді ұлық шақыртып жатыр. Мына Қарашо-
қыда елдің игі жақсысы жиналып отыр, тосып отыр! – деді.
– Жақсың кім? Ұлығың кім өзі?
122
– Ұлығым – старшын Майбасар, бастығы – Құнанбай. Мына келінің мен
екеуіңді жауапқа шақыртады. Тұр, жүріңдер!..
– Құдай жүзін көрмегір, мынау кім өзі әкіреңдеген?! – деп, Қамқа қаны
қайнап, қатты ашуланды...
* * *
Қарашоқы Қодар қыстауынан алыс емес. Шыңғыстың үлкен биігінің
бірі...
Қамқа жиыннан шошып кетті. Жолшыбай сұрамаса да, енді ауылға та-
қала бергенде, Қамысбайдан:
– Жаным-ау, адам баласысың ғой... Осы айыбымыз не? Не қылмақсың-
дар? Айтып өлтірсеңші, – деген.
Бұған шейін «ләм» деп, жауаптаспай келген Қамысбай енді ғана тіл
қатты. Бірақ тілі зәрдей еді:
– Анау атаңмен – Қодармен жақын болғаның үшін қазір екеуің де жай-
райсың! – деді. Ол осыны айтып, «Қамқа не дер екен?» деп еді, байқаса,
Қамқада үн жоқ. Бір ғана ыңыранды да, сылқ етіп, аттан құлап барады.
Қамысбай өзі де аттан жығылып қала жаздады. Қамқаны құшақтап, қы-
сып алды да, желіп отырып, жиынның алдына келді.
Алдыңғылар Қодарды түсіріп жатыр екен. Бұ да кеп, Қамқаны сүйе-
мелдей ұстап тұрып, өзі бұрын түсіп, артынан келіншекті түсірді. Қамқа
түскен жоқ. Былқ етіп құлап жығылды да, талған бойында жерде сұлық
жатып қалды.
Қодардың алдында жүз қаралы жиын тұр. Ортасында Құнанбай, Бөжей,
Байсал, Қаратай, Сүйіндік, Майбасар – бәрі бар...
Қодар сәлем бермеді, өзі таңулы. Ішінде удай қайнаған ыза мен ашу бар.
Жиын ортасында жалғыз көзі бұған оқтай қадалып тұрған Құнанбайды
танып, соған қарап түйіліп, қатты ақырып:
– Уай, Құнанбай, мені Құдайдың жылатқаны аз ба еді? Бұ не қырсы-
ғың?.. – дей бергенде, Майбасар бастаған әулекі жуандар:
– Тарт тіліңді!
– Жап аузыңды! – деп арс-арс етті. Құнанбайға жаңағы Қодарша зекіп
сөйлеген қарсылық сөздерді олар естіген емес.
Қодар аз үндемей тұрып, аналар басыла бергенде:
– Ел-жұртқа масқара етіп, қор етіп, анау соқыр көзіңнің құнын менен
алайын деп пе едің! – дегенде, Құнанбай:
– Шығартпа үнін! Жоғалт көзін! – деді...
123
Қодар саспастан тұрып, қарсы ақырды.
– Иә, мен көк ит болсам, сендер көп итсің! Жабыларсың, таларсың да
жерсің! – дегенде, Қамысбай мен бағанағы төрт жігіт Қодарды сүйрей жө-
нелді. Сүйретіле бара жатып, Қодар зор дауыспен барынша шырқап:
– Ақ, қарамды тексермедің бе, өңшең қан жұтқан, қарабет?! – деп, қан-
талаған көзімен Құнанбайға бұрылып, атып жіберердей қарады.
Бірақ осы кезде мойнына шылбыр түсіп қалып еді... Бес-алты кісі тап-
жылтпай, түйенің қабырғасына басып, жығып ұстап тұрды. Қодар тағы
лағынет айтып, айқайлай беріп еді, сыртынан бір қатты күш тарпып,
серпіп жібергендей болды. Тұрып бара жатқан түйенің қабырғасы қаққан
екен. Осыдан әрі мойнынан «лық» етіп, темірдей қысып, жанын суырып
әкетіп бара жатқан таудай ауыр күш басты... Көзінің оты жарқ етті де,
сөніп ба ра жатты. Жиында үн жоқ. Түйенің ар жағына Қодармен тең қып
асқан Қамқа түйе тұрысымен, бір сәтте үзіліп кетті...
Бөжей:
– Арысыңды ендеше арыстан жеді, – деп, сырт айналып кетті...
Құнанбай жұрттың күбірі көбейіп бара жатқанын енді сезді. Өлтірген-
нен де қинау бататын тәрізді. Оң қолымен қатты ишарат қып, түйені шө-
гер деп бұйырды.
Түйе шөккенде, Қамқа серейіп сұлық түсті де, Қодар өлмеген екен, бүк-
тетіліп түсті. Сол арада жұрттың есін жиғызбастан, Құнанбай қасындағы
құзды көрсетіп:
– Шық алып мынаның басына! Құлатыңдар содан кәпірді! Бітсін соны-
мен! – деді.
Бағанағы Қамысбай мен сол жігіттер үнсіз Қодарды түйенің үстіне көл-
денең салып, арқанмен байлады да, тау басына тарта жөнелді...
Азап пен қорлық шеккен онсыз да өлі дене... ауыр салмақпен гүрс етіп
бір-ақ түсті... Шетірек тұрған кісілерге естілгендей боп, ақырын ғана күтір
етіп сүйек-сүйегі сына түскендей болды.
Дәл осы кезде Жексен аулына төменгі тоғай ішінен шығып, қатты
жүріп кеп, екі салт атты түсіп еді. Денелері ықшам, біреуі бала бейнелі.
Олар аттарын шеткі үйге байлай сала, жылдам басып келе жатқан Абай
мен Жиренше болатын.
Аттан түсе бере, бұлар тас басына тегіс аңырып, қарап тұрған жиынды
көріп, өздері де солай қадалды. Бір кезде шекпенінің етегі қанаттай боп
шалқи шашылып, құлап келе жатқан дене көрінді. Жиренше атты байлай
сала, топқа қарай жүгіргенде, Абай көзін басып, отыра кетті... Бітті, өлді...
Мезгілімен жетсе, әкесіне өмірінде бірінші рет жалынып, аяғын құшса
да, өлтіртпей алып қалмақ еді. Кешігіп қалды...
124
Қодар құласымен Құнанбай:
–...Енді... өз жанымызды ақтап, аулақ әкету үшін қырық рудың қырық
кісісі кесек атсын. Ал, осы жиындағы әр атаның баласынан бір-бір кісі,
кесек алыңдар қолдарыңа! – деген...
Абай жеткенше, жұрт бірі артынан бірі тас жіберіп, ұрып жатыр. Топ-
тың шетіне Абай келе бергенде, Жиренше қолынан ұстай алып, бетіне
бетін тақап:
– Ананы қара! Мынау ұрғалы жатқан шалды қара! Осы Қодардың жақы-
ны. Өзі шал. Өзі Борсақ. Жексен!.. Бұған не жоқ екен көк төбетке?! – деді.
Абайға нағыз өлтіруші осы сияқтанды. Ентелей ұмтылып, Жексеннің
желке жағынан тақай бергенде, Жексен Қодардың өлігіне қарап:
– Кет, бәлекет, жүзіқара! Кет! – деп, үлкен тасты жіберіп қалды... Қодар-
дың денесін Абай жаңа көріп еді... Жүрегіне қан төгілгендей қайнап кеп:
– Өй, кәрі малғұн! – деп, Жексенді желкеден қойып жіберді.
Жексен Қодарды ұрған біреудің топшысы тиді ме деп, сырт айналып
қарағанда:
– Не деген имансыз едің, кәрі төбет?! – деп тұрған Құнанбайдың бала-
сын көрді. Абай сырт айналып кете беріп еді, Жексен бұған зекіп:
– Өй, бала!.. Ой, сен өзің! – деп тұрып, дауыстап: – Мен бе екен?.. Ер
болсаң, әне... әкең! – дей берді.
Жұрт: «О не, о не?» десіп жатты. Абай жылдам басып, атына жетті...
Осы кезде Құнанбайға Жексен шаққан болу керек, әкесі Абайға айқайлап:
– Ей, Құдай ұрған, тұра тұр! Көрермін бәлем! – деді. «Ұстаң дар, алып
келіңдер» деп, айта алмай қалды. Абай атына міне сала, ауылға қарай
шаба жөнелді...
* * *
...Жиреншеге жеткізбеген күйінде Көлқайнарға жетіп, шешесінің үйіне
кеп түсті.
Ұлжан тыста тұр екен... Сабырлы Ұлжан осыдан әрі еш нәрсе сұрап
тақымдаған жоқ. Үйде әжесін де, өзгені де үркіткен жоқ. Абай жайын бір
жанға білдірмеді...
Абай кешкі қозының жамырауынан оянды...
Абай шешелерінің күндізгі жайды білгенін байқады да:
– Әкем... Әкем!.. – деп, әкесін еске алып, күрсініп, кеудесін сипап, ше-
шелеріне құпия қып шаққандай боп. – Не деген қатал, не деген қатты
еді! – деді...
125
Әжесі ұқты да, күрсініп, Абайдың бетіне таман төніп кеп, маңдайынан
ұзақ иіскеп отырды.
– Айналдым, қарашығым, қоңыр қозым! – деп алып, – Аямайды, ая-
майды ол! – деп келіп, көзін жұмыңқырып, басын жоғары көтере берді.
– Я, Құдая, зар тілегім босын. Бейуақтағы тілегім. Осы қарашығыма
әкесінің осы ит мінезін бере көрме!.. Тасбауырлығын бере көрме!.. – деп,
құрысқан әлсіз қолдарымен әжімді, мейірімді жүзін сипап, бата берді. Ұл-
жан да ішінен «Әумин», – деп, бата қылды.
Екі ана ортасында жаны ауырған бір бала. Бейуақтағы үшеуінің құпия
тілегі – зор шындықпен еміреніп тілеген тілегі осы еді.
Абай өзі де бетін сипап, ана тілегін барынша қабыл алып, бата қылды...
Сондай шеше әңгімелеріне бар бейілін беріп жүрген күндердің бірінде
бұл үйге екі бөгде қонақ келіп қонды. Бірі – қартаң, бірі – жас қонақ. Жа-
сын Абай біледі. Таныған жерде қуанып кетті. Ол былтыр жайлауға келіп,
осы үйде үш күндей жатып, «Қозы Көрпеш – Баянды» жырлап берген
Байкөкше деген жыршы. Қасындағы қартаң кісіні Абай өзі білмегенмен,
шешесі әбден таниды екен. Қонақтармен жай сұрасып, амандасып болған
соң, Ұлжан Абайға қарап жымиып:
– Ал, балам, әжеңмен екеумізді қажай беруші едің, әңгіме-жырдың дү-
кені, міне, жаңа келді. Мына кісі Барлас деген ақын! – деді.
...Үй іші тегіс қош алған соң, екі ақын да оңай шешілді. Осы түнде ас
піскенге шейін Барлас «Қобыланды батыр» жырын жырлады. ...Абай:
– Мұны айтқан кім? Осы өлеңді шығарған кім екен?! – деп, бағанадан
бері өзін сүйіндірген ақынның атын білмек еді.
– Әріден келе жатқан деседі-ау, балам, бұның түбін. Бірақ осы дәл әлгін-
дей қып айтқан Кіші жүз Марабай деген ақын деуші еді Жанекең, – деді.
Жанекесі – Жанақ еді.
Қобыландының қоштасқаны, Тайбурылдың шабысы, Қазан мен Қобы-
ландының жекпе-жегі Абайды, әсіресе, елтіткендей болатын. Жатқанда
көпке дейін алағызып ұйықтай алмады.
Ертеңіне Ұлжан Барлас пен Байкөкшені жібермеді.
– ...Асықпай әлі біраз күн қонақ боп, жатып кетіңдер, – деді. Бұл –
Абайдың тілегі. Абай бұрын тағылым, үлгі – кітапта; білім, өнер медресе-
де ғана деп түсінетін. Оған дастан шебері – Низами, Науаи, Физулиде; мұң
нәзі гі – Шайх Сағди, Хожа Хафизде, батыр жыры Фирдоусиде көрінетін.
Қазақта нелер «Баян – Көрпеш», талай «Ақбала – Боздақтар» барын
анық білмеуші еді... Абай бұл күнге шейін өмірінде дәл осы Барлас, Бай-
126
көкше баян еткен дастан, жырларға барабар еш нәрсе есітпеген сияқты
болды...
Ертеңінде ақындар аттарын ерттеп, жүрерге тақағанда, Абай шешесін
тысқа шығарып алып:
– Апа, екеуіне де жақсы қып тұрып сый беріп аттандыршы! – деді...
Абай, шынында да, дәл осы кезде өзін-өзі бар сырқаттан құлантаза боп
арылғандай, нық бір қайрат жиып алғандай сезді...
Назар аудар!
Достарыңызбен бөлісу: |