Әдеби KZ
Оқиға былай болған еді. Әбілқайырдың Маңғыт руынан алған бәйбішесінен
туған он жеті жасар, аппақ жұмыртқадай, жастық желікті ерте бастаған жеңіл
мінезді, ерке қызы Ғайып-Жамал-Сұлтан-Бегімнің сұлу жүзді, арыс тұлғалы
Жәнібекке көңілі кеткен. Хан қызына қолы жете алмай өліп жүрген өзге батыр,
сұлтандарға көзі түспей, төрт әйелі бар Жәнібекке неге сонша құмар бол-
ғанын кім білсін, әйтеуір қыздың өзі ортаға жеңгелерін салып, ұзатылғанша
сұлтанмен көңіл қосуға тілек білдірген. Бұл кезде Әбілқайырмен арасы іштей
әбден суып болған Жәнібек: «әкесінің кеудесіне міне алмасам да, қызын тоят
етсем, о да ханнан бір өшімді қайтарғаным емес пе» деп, алдымен хан қызымен
жақындасады да, артынан қыздың оңашадағы сан түрлі назды қылықтары ұнап,
оған үйленбекші болады. Ханға қызын берсін деп, шөбере ағасы Керейді салады.
Жайшылықта қастарымен татуласу үшін қыз алып, қыз беруге оңай баратын
Шыңғыс тұқымы, бұл жолы қасара қалады. Жәнібекпен, түбі бірге от жағып, түтін
түтете алмайтынын сезген хан, қызын беруден үзілді-кесілді бас тартты. Бірақ
жауабын тікелей айтуға, Тоқай Темір ұрпағын біржолата шамдандырып алармын
деп ойлайды да, «Жақсы, ойланып көрелік, шешімін күз қыстауға қайтқанда
естірсіңдер» дейді Керейге. Ханның бергісі келмей отырғанын түсінген Керей
намысқа шауып, Ғайып-Жамал-Сұлтан-Бегімнің бетінің ашылып қалғанын алыстан
тұспалдап сездіреді. Енді қызының абыройы үшін Жәнібекке бергенің дұрыс деген
сыңай білдіреді. Қызының мұндай күйге ұшырағанына намыстанып қалған хан,
сырттай сыр бермей:
— Жақсы, жауабын күз қыстауға барған соң аларсыңдар, — дейді жаңағы сөзін
қайталап, сазарған қалпында, Керей кеткеннен кейін, дәйекші Инелікті жіберіп,
шымшып алар еті жоқ, қан-сөлсіз сұп-сұр боп қатып қалған Құрыбай жан алғышты
шақыртып алады.
— Менің қызым Ғайып-Жамал-Сұлтан-Бегім бабалары заңы бойынша «қан
төгілмей» өлуге тиісті! — деді оған.
16
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Достарыңызбен бөлісу: |