222
қатты ысқырып, зәр төгіп тұр екен. Майда қар ұйтқып, жабысып, көз
аштырмайды. Желдің соғуына қарап, Жидебайға беттерін түзеп алып, екі жігіт
жарысып кетті.
Таң атқанда жел басылып, жауа бораған боран айығыпты. Алыстағы ақ
белден жаңа көрінген күн қып-қызыл екен. Қысылып, қиналып шыққандай. Екі
жақтағы сұрғылт бұлттарға қызғылт-сары рең беріп, құлақтанып тұр. Маңайда
шаңыт бар. Бірнеше күн ұдайы соққан қатты жел енді бәсеңдеп, аяқтап
келгенде, жаяу борасындап қояды. Шытырлаған аяз білінеді.
Дәркембай Абай тапсырғап жұмысты дұрыс түсінген. Түннен бері, дәл таң
атып, ел тұрғанша тыным таппаған. «Өзіңдейлерге айт!» деген сөзді ол анық
ұнатқан. «Малы бардың несі құриды. Қолы ұзынның өрісі де кең.
Сыйластықпен, жегжаттықпен, немесе, тіпті, азнаулақ ақы берумен де
Ыргызбайға Құнанбай, Байсалдарға сыйысып кетеді. Бөксе бастыны көргенде,
көп көреді ғой. Азнаулақ талшығынан айрылса, шұбырып, қор боп кететін де
сол ғой!» деп, Дәркембай өзі көптен айтып келе жатқан осы сөздерін
Базаралыға да айтқаны бар.
Көптің күйін зілді қып айтқан Базаралы да осындай кісілердің аузынан
анық жайларға мейлінше қанған болатын. Сол Дәркембай Абайдың сәлемін
ылғи ғана Қарабатыр, Торғай, Борсақ, Жуантаяқ сияқты осы маңайдағы жерсіз,
малсыз елдерге таратты. Солардың ішінде де 15-20 қойлы, 30-40 қойлы
әлсіздерге барды.
Мұсақұл, Жидебай, Барақ сияқты үш үлкен қорықты жағалай отырған саны
көп, дәрмені азған ауылдарды күншығыс жақтан бастап, күнбатыска шейін
шарлап шыққан.
Аязды, боранды түнде асығып кеп, терезе қаққан жүргінші әдеттегідей
суық хабар әкелген жоқ. Үміт хабарын жеткізген. Жұрт үш күннен бергі боран
туралы: «Қолда барды әпкетті» деп қойған. Ышқынып кеп шуылдай түсіп,
терезені дүбірлетіп, үскіріп соққан жел ұйқыны қуған. Кәрі-құртаң
жалбарынуда. Шаруа иелері күрсінуде. Ер-азамат, қатын-қалаш бел шешуден
қалған. Күндіз-түні дамыл алмай, мал қораның ішін шарлайтын.
Маңындағы төбешіктердің боз қарағаны болса, шауып әкеледі. Жақын
жердегі ши атаулының басын күзеп, қолтықтап келген болады. Тіпті болмай
бара жатқанда, онсыз да жаман жыртық қораның төбесіндегі қамысын суырып
берген болады. Бірақ, ол талшықтары қарлығаштың қанаты әкелетін тамшыдан
да әлсіз еді. Арамза туған қойына бере ме? Сүтін күткен бірлі-жарым сиырына
бере ме? Болмаса, жапа-жалғыз түйесіне асата ма? Қайсысына берсе де қарқ
қылмайды. Тек, әйтеуір соңғы еңбегін, «өзге өлсе де, осы қалса екен» деген
шаруа сүйенішіне ұсынған болады.
Ауқатты көрші мен жері жақсы сыбайластан үміт ету бұл елдерде жоқ.
Дәркембай мына түнде сол сөнген үмітті сергіте келді.
Сонымен дәл күн шыға бере, Құнанбайдың үш қорығына қарай жан-жақтан
мал шұбырды. Бұл кезде Абай мен Ербол ат үстінде болатын. Ұзын қорықты
жағалап, желе шауып отырып, әр ауылдың шоғырларын қарсы алып жүр.
Азнаулақ қойлар мен төртті-бесті ірі қараның айналасында қатын-қалаш, кәрі-
құртаң, ер-азамат көп-көптен келеді.
223
Жарап, қатқан қойлардан ажар кеткен. Жүндері үрпиіп, ұйысып қалған.
Жамбастары сарала боп баттасып қалғандары бар. Анда-санда шыдамсыз
ешкілер бақырып-бақырып тұрып, омақасып жығылып та жатыр. Бірнеше
ауылдың өз қыстауларынан осы қорыққа қарай жүрген жолы қадау-қадау белгі
қалдырыпты. Ол белгілер: ұшып өлген ешкі, лақ, арық тоқтының өлімтігі. Ақ
қардың үстінде, кең жазықта қарауытып қалып жатыр.
Қой алты күн аштыққа шыдайды десуші еді. Мынау түрлеріне қарағанда
бұл малдардың аштығы әбден шыңына жеткен көрінеді. Енді екі-үш күн өтсе,
тегіс жусайтын халде екен.
Қарды бұзып жүретін мұршалары да жоқ. Сондықтан, бірен-саран көтерем
жылқы мен арық түйені, немесе жалғыз-жарым сиырды қойдын алдына салып,
соған қар бұзғызып келеді.
Ашыққан қойлар, алдарында әрең ілбіп келе жатқан ат пен сиырдың
құйрығын жалмап қояды.
Осындай тегіс кем-кетік, дімқас болып, ілбіген, сорлы малдың
айналасындағы адамдар да жүдеп, салдырап біткен екен. Қартаң жандардың
беттерінде ажым қалыңдапты. Барлык жүздер қуаң тартқан. Белдері жіңішкеріп
бүгілген.
Киімдері жыртык, жүдең. Бастарына ескі-құскы ораған әйелдер ғана емес,
сақалды ерлер де бар. Аяқтарында, көбінесе, сырған киіз...
Қорықтың шетіне ілінер-ілінбесте, барлық жұрт күрек, шоттарын омбы
қарға салып, шидің түбін, қорық үстін аршуға кіріседі. Абайлар әр топты бір-
бірінен алысырақ түсіріп, жер көлемін кеңірек беріп жүр. Үш қорықтың бір
қасиеті қалың шилі болушы еді. Шеңгел итмұрын сияқты бұталары да көп.
Омбы қар қорықтың шет-шетінде қалың болғанмен, дәл шилердің ішіне
кіргенде оншалық қатты емес, күпсек екен. Және аршыған жердің қай тұсынан
болса да, қалың шөп шығып жатыр.
Осындай жерлерге жетуге жараған мал тегіс талшық ала бастады. Абай
мен Ербол жұрттың көбін орналастырып болған кезде түс болды. Қорыққа
келген ауылдардың жиын саны елуден асты. Тәкежан жалғыз сиырдан қоритын
қорыққа, бүгін түскен қой саны мыңнан асып тұр. Ірі қара көп емес. Неше
күннен бері қарды қанша тепсе де, астынан құр тақыр көріп келген азынаулақ
аттар енді соңғы күштерін өлмес қамына салып жатыр.
Бүріскен мал мен жүдеген жандар бағанадан бері Абайға үлкен ауыр ой
салды. Жаз жайлауда, арқа-бас кең шақта ғана елдің іргесі бүтін, белі бекем
сияқты көрінеді. Мынау жұттың күндері қалың көптін соншалық панасыздығын,
корғансыздығын көрсетті.
Жиырма-отыз қойы бар, үш-төрт қорасы бар үй - қалың елдің көпшілігі.
Жыл он екі айда ішері, мінері сол. Сояры, сатары да сол. Киер киімі, бас панасы
да сол айналдырған аз тұяқ. Аман тұрған күннің өзінде бұл қандай тапшылық.
Ал, бүгінгідей қысылған шағында, мынандай апат, ауыртпалық көрген
шағында, қаншалық әлсіз, осал. Осы азынаулағынан айрылса, тірлік не болмақ?
Кешегі «іргелі ел» деген, «жұрағат, жұрт» деген осы-ақ болғаны ма?
Жұт деген жоқшылық, қысталаң, апат деген осындай боп қақ қасына
келгенде, Абай ел тірлігінің барлық қайғылы сорын көрді.
|