219
Көріссе, суық амандасатын.
Түнделетіп, борандатып кеткен Ербол аз уақытта қырауланып, ызаға толып,
қайтып келді. Қысқалау тығыз
қара сақалына қар тығылып, шал беттендіріп
апты. Үлкен, жуан тұмсығы қызарған. Қоңырқай өткір көздері жиреніш, реніш
сызын жасырмай білдіріп тұр.
Тымағының бауын шешпей бір тізерлеп отырып, сақалының қарын аршып
жатып:
- Тәкежаннан күткенше тәңірден күткен жақсы ғой! Мұсақұл, Жидебай,
Бараққа мен мал түсіртпеймін деп, Жұмағұлды қайта жұмсады. «Сабап-сабап
айдап таста Дәркембайды» деп, көзімше бұйрық берді. Жұмағұл құдай ұрған,
сол сөзді арқаланып, жаңа менімен ілесе шауып келіп,
әлгі Дәркембайдың
қойын сойылдап қуып жүр! - деді.
- Дәркембай ше? Ол енді қайтеді?
- Түн ішінде мына боранда қайда барады?
- Қуғында өлгенше, Жұмағұлдың қолында өлсеші!.. - деп, үйдегі жігіттер
жаман ширықты. Ербол тағы бір көргенін жеткізіп:
- Жұмағұлдай ит болмас, қаныпезер! Елді қан қақсатып жүретін
атшабарлыққа жаратқан ғой өзін кәпірдің. «Тым құрса, сен аял берсеңші, таңға
шейін тоқтасаңшы!» деп ем, өзіммен ерегесіп, аузына келгенін айтты! - деп,
тоқырап қалды.
Ербол бар есітіп, бар көргенін айтқан жоқ.
Тәкежан Абай туралы қатты
сөйлеген. Жұмағұл Ерболдың өзін де сабамақ боп ұмтылған.
Бірақ сол кезде Дәркембай қаны қайнап, қатты ашуланып: «Енді тек қолың
тарт! Болмаса, екеуміздің біріміз қан-жоса боламыз!» деп, араға түсіп барып,
Ерболдан бетін қайтарған.
Бұл жайларды Абайға айтса: «Екі туысқан арасына от тастаған» боп
саналатыны бар. Өз басы ондай жан-жалды сүймейтін Ербол мұндайда
тартыншақ болушы еді. Абайды ұшқары істерге арандатпаймын дейтін.
Ондайын артынан біліп, неге айтпадың? деп, күйіп сөйлеген Абайға, бұл сыр
ашпайтын. Өзінше, Абайдың жақсы досын, тату жолдасын «сақтағаным» деп
білетін.
Бірақ қазір оның ішіне іріккен үлкен ашуы Абайға ап-айқын боп білініп тұр.
Жолдасына сырмінез болғандықтан Абай қазір айт деп қысқан жоқ. Тек
жаңағының ар жағында жатқан басқа зіл бар екенін таныды да, аса қатты
долданып кетті. Екі беті бір сұрланып, бір қарауытып, түнеріп алды. Азғантай
уақыт шұғыл ойланып, Ерболға оқтай қадалып, кірпік қақпай түйіліп отырды да,
бір сәтте атып тұрды.
Базаралы, Асылбектер Абайдың байлауын ұқпай аңтарыла қалды. Абай
демі дірілдеп, тістене сөйлеп:
- Тұр, Ербол! Менімен бірге жүр! - деді де, өзі шапшаң киіне бастады.
Жеңіл күпі кие сап,
шарт буынып, қолына қамшы алды да, есікті қатты ашып,
атқып жөнелді. Ербол артынан кетті.
Қамшы алғаны үйдегілерге Абайдың атқа мінбек болғанын білдірді.
Тыста екі көк ат ерттеулі күйде бораннан ықтап, қораны жанасалап тұр
екен. Абай ең жақын тұрған біреуін шешіп жатып жолдасына: