279
Қарттың бәрі өздерінің қатты жеңілгенін сезді. Үй іші осыдан соң күлкіден
де, бейпіл әңгімеден де іркіліп, томсарып қалды. Абайға ішінен сүйсінген кісі
Қаратай қасында отырған Жақыпты түртті де, күңк етіп:
- Мынау өзі аттатар емес! Бас салып, қарап тұр ғой! - деп қалды.
Аздан соң ет желінді. Абай мен Ербол енді жүрмек боп киіне бастады.
Құнанбай да тысқа шықты.
Шығысымен Абайды шақырып алды да, жақын жердегі тастақ төбешікке
отырды. Әке мен бала оңаша. Көптен бергі бетпе-бет кездесулері осы.
Құнанбай салқын жүзбен, кінәлай қарады:
- Сен окыдың да, білім алдың, ұстаз көрдің. Біз надан өстік. Бірақ сол
білімің жұрт алдында ата сыйлауды неге білдірмейді саған?
Көп көзінше
таласып кеп, әкеңді сүрінткенде не мұратқа жетпексін?
Әкесі жеңілгенін біліпті. Енді суық жүзі солғындап, үлкен бойы басылып,
кішірейіп қалған. Әлдеқандай бала сияқты, кіна тағып, өкпе айтып отыр. Үлкен
алдында жас қарызы, ата алдында бала қарызы - әдеп пен сый екені рас. Абай
бұған дауласқысы келмеді.
- Ол кінаңыз орынды. Айып менде екені рас. Ғафу етіңіз! - деді.
Осымен сөз біткен шығар деп ойлады. Бірақ әкесінің тағы да бір айытпағы
бар екен. Ол азырақ бөгеліп отырды да, қайта сөйледі:
- Орайы келгенде, айтармын деп жүр едім. Сенің басыңнан үш түрлі мін
көремін. Соны тыңда! - деді.
Абай:
- Айтыңыз, әке! - деп, Құнанбайдың жүзіне тура қарады да, тосып қалды.
- Ең әуелі, арзан мен қымбаттың парқын айырмайсың. Өзіңдегі барынды
арзан ұстайсың. Бұлдай білмейсің. Көп күлкіге,
болымсыз ермекке асылыңды
шашасың. Жайдақсың! Жайдақ суды ит те, құс та жалайды. Екінші, дос пен
қасты сараптамайсың. Досқа досша, қасқа қасша қырың жок. Ішіңде жатқан
сыр ұшығы жоқ. Жұрт бастайтын адам ондай болмайды. Басына ел үйрілмейді.
Үшінші, орысшылсың. Солай қарай ден қойып барасың. Дін, мұсылман жат
санайтынын ескермейсің! - деді.
Бұл сөздердің түкпірін Абай оңай таныды. Жас жігіттің өз жүрегіндегі
нәрім мен барым деп жүргендеріне шабуыл жасалып отыр. Әкеге ермей, өз
өмірін өзгеше беттетем дегендегі көп сырлары осы арада болатын.
Баласының
басындағы басқалықты Құнанбай да танып, тауып айтты. Бірақ Абай ендігі өз
ішін дүниенің қай күшіне болса да көндірмек емес. Намыскер жүректің ызалы
толқыны білінді. Жаңа үйде отырған шақта, пайда болған шабыт, қызу қайта
келген еді. Бұл тұста әкесін аяп қала алмайды. Сөйлеп кетті:
- Осы үш айтқаныңыздың үшеуіне де
дау айтам, әке. Өзімдікі дұрыс деп
айтам. Ең әуелі, жайдақ суға теңгердіңіз. Қолында құралы бар жалғыз-жарымға
ғана пайдасы тиетін шыңыраудағы су болғанша, құралды, құралсыз, кәрі, жасқа
түгел пайдасы тиетін жайдақ су болғанды артық санаймын. Екінші, ел алатын
тәсілді айттыңыз. Ел билейтіндердің мінезін айттыңыз. Менің білуімше, ел бір
заманда қой сияқты болған. Бір қора қойды жалғыз қойшы «айт» десе өргізіп,
«шайт» десе жусататын болған. Бертін келе, ел түйе сияқты болды. Алдына тас
лақтырып «шөк» десең, аңырып барып қана бұрылады. Ал, қазіргі ел бұрынғы
көрбалалықтан, нашар, момындықтан сейіліп, көзін ашып келеді.
Ендігі ел