275
Ербол күліп жіберді. Абай сөзін Ақбастың білгісі келді. Тілмәшқа Абайдың
өзі де: «Осы сөзімді жеткізші» деген.
.
Ақбас Абайдың сөзін түгел естіп болды да, күліп жіберді.
- Рас, бұл дұрыс айтады! Мәстек түйеден үркеді. Түйе де оған жоламайды.
Біздің хал солай екені рас!.. - деп, тағы күлді де, -
жалғыз-ақ сен екеуміз ғана
сондай емеспіз. Қазір Россия патшалығындағы закон-тәртіп пен қырғыз
сахрасының арасындағы барлық тұтас халдың өзі сондай. Сен жақсы айттың! -
деді.
Осыдан кейін Ақбас пен Абайдың кездесулері көп болды.
Өйткені қырдың аласапыраны молайып кетіпті. Жігітектен көрсетілген
отыз кісінің тағы бірнешеуі ұсталып кеп, абақтыға түсіпті.
Базаралы, Қараша
болса, қашып жүр деседі.
Елдегі әрекет асқындап кеткен соң Байдалы да қалаға келген.
Әр жерге
түртініп жүріп кеп, бір күні Абайға шынын айтты.
- Қарағым Абай-ай, көшеде жүрсек атымыз үркіп, қаласына сыймайды.
Үйіне беттесек, есігінен тон-күпіміз сыймайды. Жалтыраған тақтайынан көн
етігіміздің табаны тайғанайды. Адамына тілдесейік десек, саңырау мен
мылқаудай боп, ымдасудан әрі бара алмаймыз. Бұл қыр сорлыға қала деген
қамау екен ғой. Жалтыр мұзға айдап салған кәрі түйедей, мүгедек боп
жүргеніміз мінеки... - деген.
Отырған жұрт күліп тыңдады. Бірақ Байдалы күлдіріп айтса да, күйігін
айтқан. Абай осыдан соң Жігітек тобын өзі бастап, өзі басқарып жүрді.
Енді бар жаңалықты Ақбаспен ақыл қосып, тауып жүр.
Тәкежандар тың адамдарды тоғытып жатқанмен, істің беті адвокат
кіріскелі дұрыстыққа қарай ойыса бастады.
Жақында адвокатқа Абай шешіп берген бір түйін үлкен құрал боп, барлық
жұмыстың бетін өзгертіп келеді.
Ұзак әңгіменің бірінде Абай Ақбаска Балағаздардың ісі ұрлық емес,
шабынды емес деп, кеп дәлел айтқан. Жерінен айырылған, малынан ажыраған,
жұтқа ұшыраған аш-арық халықты айтты. Жұттың көпшілікке неліктен ауыр
болып, аз ғана топқа неліктен жеңіл өткенін білдірді.
Балағаздардың мал алғанда,
кедейден, көптен алмай, жуаннан мықтыдан
алғанын және қолдарына түскенді кедейлерге, аштарға беріп отырғанын
жеткізді. Әңгіме осыған келгенде, Ақбас үлкен ойға кетті.
Көп елдердің тарихынан, кітаптарынан хабары зор білімпаз адам, бұрынғы
замандардың әңгімелерін есіне алды. Европа ескілігінен Робин Гуд, Карл Моор,
Жакерия, орыс әңгімесінен Владимир Дубровский, Сохатый...
баршасы да
ойына түсті.
Осы әңгіме болған күні Абайды түн ортасына шейін жібермей, мейлінше
сөйлетті. Ендігі ақылды да басқаша айтты.
Сонымен абақтыда отырған Балағаз, Әділхандар жауабы да жаңа арнаға
түсті. Артынан қуған қатын-бала да арыздарын бір сағаға сарқатын болды.
Сүйтіп аз күн ішінде Қаумен, Үркімбай, Базаралы, Қарақан сияқты айқын
жаламен тізілген адамдар ақталып қалды.
Жігітек сүйінші тілеп, кісі шаптырып жатты. Тәкежан осы хабарды
білісімен, Абайға кісі салып: