70
Өйткені, Смағұл өзінің барлық асықтарын төгіп, Оспанға жаңа боялған бір
арқар асығы қызыл құлжасын көрсеткен болатын.
Оспан осыны көргеннен-ақ Смағұл қасынан кете алмаған. Кеш бата
үлкендердің бәрі мал жайлағалы тысқа ісеткенде, екеуі сол үйде оңаша қалған.
Оспан үй ішінің ала көлеңке болуын тосқан екен. Жаңа іңір қараңғысы бола
берген кезде, көп асықтың ішінен қызыл құлжаны қымқырып алып, өз үйіне
қарай жөнеле берген болатын. Смағұлдың байқап қалып, іле қуғаны әлгі екен.
Абайдың көңіліне Смағұлдың жаман сөзі зілдей тиді.
Өз анасына жаны
біртүрлі қатты ашып, үлкен бөлменің тап ортасында тапжылмай қатып, тұрып
қалыпты.
Бір сәтте Смағұлдың бақырауық даусы қайта жақындап келе жатқанын
байқады. Сол дауыспен қатар, шаптығып қатты ұрсып, асығып келе жатқан кіші
шешесі Айғызды таныды. Айғыз үлкен үйдің есігін
сарт еткізіп шалқасынан
ашып, табалдырықтан аттай бере, Смағұлды жұлқып ұшырып, үйге кіргізіп:
- Мә, жеңдер! Талап түтіп жеңдерші бұл қуарғанды! Жабылыңдар, мә
дейім!.. - деп, Абайға қатты төніп жетіп келді.
Абай:
- Кіші апа! - дей беріп еді, Айғыз оны сөйлетпестен қаптап кеп:
- Әлім жеттік қыласың ғой! Сендер бір шешеден төртеусіңдер, көпсің.
- Кіші апа деймін!.. Не дегенін сұрашы тым құрмаса!
- Керегі жоқ! Ер жеткенде білгенің сол ғой! Сен де күндестің баласы деп
тұрсың ғой.
- Құдай-ай, не дейсіз?
- Ұрған жақсы болса, ертең оқудан келер Қалел де. Сенің сыбағаңды берер!
- деп, орысша оқуда жүрген өзінің үлкен баласы Қалелді де есіне алды...
Жасақтасып, төбелескелі тұрған екі күндес ауылдай.
- Ойпырм-ай, ана болғандағы ақылыңыз осы ма, кіші апа?
- Жағаласпа, шығарма тіліңді! Бұлар бәйбіше, біз тоқал ғой... тепкі
көрмекпіз ғой...
Абай өз үйінде өз анасынан көрген мынадай
әділетсіз зорлыққа жаман
күйді. Сұп-сұр болып, булығып, дір-дір етті. Бірақ жылаған пішінін білдірген
жоқ.
- Түу, қойыңызшы, сіз қалай едіңіз? - деп қатты түңіліп терезе жаққа қарай
бұрылып кетті. Сөз қатар мұршасы жоқ. Зере бұл жанжалдың бәрін естімесе де,
Айғыздын шаптығып келген түріне қатты ашуланған екен. Абайдың күйген
ажарын да танып еді. Енді Кәмшатты жатқызып қойып, түрегеліп келініне
жақындап кеп, қатты ақырып:
- Жоғал әрмен, балаларымның арасына кіріп, ірткі салып не шатып тұрсың!
Шық жаның барында! - деді. Айғыз кәрі әжеден жасқанып, кейін серпіле берді
де:
- Тоқал демексің, мүйіз демексің ғой бірігіп ап... Көрермін... келсін ертең, -
деді. Ескерткені Құнанбай. Сұлу тоқал байына ыстық. Бел қылғаны сонысы.
Бұл сөздерін Зереге естірте айтпаса да, Абай естісін деген сияқты.
Дәл осы
кезде Айғыздың сырт жағынан, өте бір сабырлы және соншалық
салқын үн шықты. Ол сөйлеген Ұлжан еді. Үйге кіргелі бірталай болса да,
Ұлжан үндемей ғана барды тыңдап тұр екен.