Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет47/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
95 
ішін тарттырып, суытып, таңастырып, қыстың ұзақ жолына сартап қып алмақ 
қарекеті де болатын. Абайдың қайтар жолда мінбегі «Аймаңдай» деген бір қара 
жал, қара құйрық, сұлу құла ат еді. Аяңшылдан жол жорға боп кеткен, жүрдек, 
әсем, нағыз бозбаланың аты. 
Өзге үлкендердің атымен бірге бұл да бөлек бір қорада бағылатын. Абай 
жүріс хабарын білісімен Аймаңдай атты көргелі келеді. Маңдайының төбелі 
шын-ақ айдай боп жарқырап, басын шұлғи түсіп байлаулы тұр екен. Абай 
көптен мінбей және көп күннен бері көрмей де жүрген еді. Атын да сағынып 
қапты. Таңертеңгі аяздан қырауытып тұрған жалы мен жонын бір уыс шөп 
алып сипап, сүртіп тастады. Содан кейін, көп үлкендердің дағдысы бойынша, 
Аймаңдайдың жалын ұстады. Абайдың саласы ұзын, ашаң қолын Аймаңдай 
аттың қазіргі жалы кере түсті. Құла ат та қатты семіріпті. Абай шегіне түсіп, 
бүйірден бір байқап қарап еді, жоны да жұмырланыпты. Үлпершек майы да 
білеуленіп, білініп тұр екен. 
Атына қайта жақындап кеп, мойнын құшақтап қысыңқырап тұрып: 
«Ертең емес, бүгін-ақ, қазір-ақ жүрсек етті!» деп ойлады. Ер-тоқымды 
жайлы қып ерттетіп, қалың ат көрпені баптап салып, тымақтың кұлағын шарт 
байлап ап Абай атына мініп, корадан шықты. 
Әрдайым тізгінін созып жіберіп, басын шұлгып тастап көңілді аяңдайтын 
Аймаңдай, бүгін тіпті жеңіл басып, дәл жел қайықтай лыпып тұр екен. Осы күні 
кешке шейін Абай атынан көп түскен жоқ. Жұмысы жоқ болса да қаланың 
шетіне бір шығып кетіп, базарын бір кезіп, Тобықтылар жатқан пәтер-пәтерді 
аралап жүрді. 
Түс кезінде әкесінің қасынан түстік жеп, шай ішіп, қайта аттанып, тағы да 
базарға барды. Бұл жолы қасында Ызғүтты бар еді. Құнанбайдың ақшасы 
Ызғүттының жанында болатын. Ас уақытында Абай әкесінен ақша сұрағанда, 
әкесі Ызғұттыға бұрылып: 
- Базарға ертіп бар да, шешелеріне, інілеріне алатын базарлығы болса, өзің 
таңдап алып бер! - деген. 
Екіндіге шейін Ызғұтты екеуі талай дүкенді аралап жүріп көп нәрсе алды. 
Әсіресе, кәрі әжесі шайшыл, қағаз шайшыл болатын. Абай сол шайдан бастап, 
қант, кәмпит, мақпал, дүрия сияқты көйлек, қамзолдық нәрселер алды. 
Өзінің артына бөктерген үлкен қоржынның екі басы әбден сықап толган 
соң, содан асқан нәрселерді Ызғұттының қойны-қоншына тыққызып алып, кеш 
бата әкесінің қасына қайта кеп еді. 
Жүрер алдында өзге жұрттың да қам-қарекеті осы сияқты шаруалар болу 
керек. 
Ертең журетін Құнанбайды Майыр, тілмәш, старшын, билер бүгінгі кеште 
тағы басып жатыр екен. Абай әкесі отырған бөлмеде болмай, басқа бөлмеде, 
Қарабас, Ызғұттымен қоржындарын тіркеп, жолға әзірленумен болды. 
Жатар уақытта ғана Құнанбай қасынан қайтқан Майырды Ызғұтты 
шығарып салып қайтып еді. 
- Мырзаның дүниесін кім қызықтамаған, ең аяғы піскен бас Майыр да жаңа 
бір қарбытып асап кетті! - деді. 
- Немене, мал алды ма, ақша ма? - деп, Қарабас сұрастырып еді. 


 
96 
- «Ұлықсың ғой, көрнекті боп жегіп жүр!» деп, анау - Берікқарадан келген 
үш қара атты берді. Ақшалай бес жүз сомды тағы асатты! - деді... 
Соңғы күндер Құнанбайдың бергені жалғыз бұл Майыр емес. Тілмәш та 
бірталай алған. Әсіресе, кешегі күнде қырық-елу қараны Алшынбай аулына да 
Майбасар мен Қаратайдан айдатып жіберіп еді. Абайлар жата бергенде, 
түнделетіп олар қайтып келді. Ертеңгі жүрісті бөгей ме деген солардың кешігуі 
еді. Енді олар да жетіпті. 
Осыдан екі-үш күн ілгері, Майбасар Алшынбай аулына барардан бұрын 
Абайды тағы қажап көрген... Бірақ, анада Абай өзін күлкі қып, қатты тойтарып 
тастағандықтан, енді туралап айтпай, қиялап кеп: «Келіннен ұят болды-ау!» деп 
еді. 
Ызғұтты сияқты үлкендерді көмекке шақырып, соларға айтқандай боп 
айтып еді. Абай онда да: «Бармаймын» деп, бір-ақ қайырған... Сонымен 
қайынға бару әңгімесінен Абай арылған-ды... 
Құнанбайдың жүріске байланғаны Абайды қазір қайындатайын демегені 
болды. Енді ертең жүреді. Бірақ төсекке жатып, ұйқыға кетер алдында 
Майбасарды қайта есіне алып, оның Ділдә тұрған ауылға барып қайтқанын 
ойлап Абай ең алғаш рет өз қалыңдығы туралы кұпия, ыстық бір сезімді 
сезгендей еді. 
Бармады... Бірақ көргісі келуші еді... Қандай екен? «Иегі ителгінің 
тамағындай» деп Майбасар суреттеген, Абай көз алдына ителгі, қаршыға, 
тұйғын сияқты қырандардың сұлу мойындарын келтіріп, шынымен сондай 
нәзік, ақшыл тамақ иектердің болатынын ойлады, бір бүгін емес мұның 
алдында да бірнеше рет, Ділдә жайын өзгеше бір толқынмен ойлаушы еді. 
- Барса нетер еді? - деп, әлдеқандай белгісіз бір қызумен ойы тумандайды. 
Бірақ Майбасардай қатаң, тұрпайы адамдардың мінезі мұның ойындағы құпия 
сезімін аямай қылжақ ететін тәрізді. Олардың тілеуі мен қақпайына еру - өзін-
өзі аямау. Қадірлі, қасиетті сырын былғау сияқты. Ділдәні бұл іздейді. 
Іздегенде «қайындау» деген сияқты ырым-жырымы көп, ыңғайсыздығы көп 
жолмен іздегісі келмейді. Ол ұялады!.. Сондықтан баруға бата алмайды. 
Осындай екі ұдайы көңілмен көп аунақшып жатып ұйкыға кетті. 
Ертеңінде Құнанбай айтқандай-ақ ерте аттанысты. Әрбір топ өзді-өз 
пәтерінен жеке-жеке шоғыр болып шығып, қала сыртында тоғысқан. 
Қаладан Құнанбайды шығарып сала келген старшын, би, төрелер де көп 
екен. Жиыны жүз шамалы кісі боп, біраз тоқырап тұрысып, ақыры: «Қош, қош, 
мырза!.. Жолың болсын!.. Сапарыңды оңғарсын!» дескен тілектермен қалды да, 
Құнанбайдың отыз шамалы тобы Тобықтыға қарай тартты. 
Қарқаралыдан Шыңғысқа шейін жүретін жол ұзақ. Жердің алыстығынан 
басқа, қар қалың, жол да ауыр болатын. Ой-қырдың баршасы да сіреу боп, қыс 
көрпесін қалың жамылыпты. 
Арқаның дағдылы қатты желі биыл қыста да көп соққан. Кейде бір жұма, 
кейде тіпті он күндей айықпай, ақ боран боп түтеп тұрып алған кездері болған. 
Ақпан, қаңтар, бірдің айы - баршасы да қазір Абайлар жүріп келе жатқан 
сар дала, қоңыр адыр, сай-сала, қорық-қойнауларға өздерінің ақ ирек, сар-кідір 
омбыларын, оқаптарын, мұздақ жалтырларын жапқан көрінеді. Қарлы оюлар, 
ышқынып соққан жел іздерін дәлелдейді. Даңғыл қара жол жоқ. Көп аттылар, 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет