146
Тәкежан бұл жерге келгенде ерегістен амалсыз тайқып кетті. Тегінде,
үлкен жанжалға тауаны жоқ, бұдырсыз болатын. Әкеге шағым жеткізу алыс та
қиын. Айтқанын мақұл көре қоя ма, жоқ па? Онысы тағы екі талай. Ал, мынау
Абай сүйенген «әже» деген - әлдеқайда қатер жер.
Тегінде Зере көп ашуланбайды. Ал, бірақ оқта-текте қатуланып түйілсе, әлі
күнге аса зәрлі. Осы биылғы көктемнің өзінде Тәкежан көрші үйлердің бір
кексе қатынын байқаусыз боқтап алып, жаман бәлеге қалған. Жазықсыз қатын
қатты ренжіп, жылап отырып, Зере мен Ұлжанға барғанда, кәрі әже ашу
шақырып, күйіп кеп, Тәкежанды алдына дереу шақыртып алып тергеу салған.
Тәкежан әжесінің аяздай суық ашуынан, қатты түйілген көзінен қорқып,
өтірік айтпақ, танбақ боп жалтарып көрген. Ақыры тіпті ант ішуге де барып қап
еді. Сол арада Ұлжан мен Зере өзгеше ашуланып кетіп, кәрі әже қолындағы ақ
таяқпен мұны басқа салып-салып кеткен болатын.
Сол уақиға осы жаңада ғана, Тәкежан: «Жігіт болдым, қайныма барам» деп,
әзірленіп жүрген күннің өзі де болған. Осының бәрі жаңағы ерегіс аяғында
Тәкежанның есіне түсті де, енді осы бәленің бәрін жуып-шаймақшы болды.
- Өй, кетші әрі енеңді... - деп, шіреніп тұрып бір боқтады да, құла бестіні
борбайлап шаба жөнелді.
Абай бұдан құтылғанына ырза боп, кейін қалды. Ақырын аяңдап келе
жатыр. Жаңағы сезімдерін, жаңағы Тәкежанмен дау үстіндегі ойларын қайта
есіне келтіріп соған тереңдеді.
Дау үстінде, ойда жоқтан тіліне оралса да, «Бөрінің артынан бөлтірік
ақылды болғандықтан ермейді» деген сөз мұның өзіне қазір бір өзгеше мәні бар,
өрісті ойдай... көрінді. Жынысының шиырымен шұбыру, жымын басу кімнің
қолынан келмейді? Жыртқыш қайуан екеш, о да біледі. Бола алсаң - ол болма,
адам бол! Жалғыз келе жатқан Абайды ендігі бағындырған ойы осы. Дәл осы
бетте бүгін Абай өз тұқымының бір жанымен дауға түсті. Осынысы өзіне бір
ажарлы, басқаша беттің басы тәрізді боп сезілді. Сондайлық салқын сыншы
ойлар арасына осы жолда қайта-қайта Тоғжан келбеті келеді. Сәт сайын оралып,
гүл жібектей бұралып кеп, мұны жақсы болуға үндейді. Мінсіз таза махаббатқа
шақырғандай, жан ашыр рақымға шақырғандай болады. Бар дүние, бар
адамзатты қоса сүйгізіп, қоса қымбат санататын аса бір қадірлі игілікке ымдап
жетектегендей. Бұл қиялға мүлгігенде Абай Бақанасқа қалай жеткенін байқамай
да қалды.
Бөжей ауылдары Жәнібекке көшіп келгенін Абайдан естісімен, сол күні
түнде Зере мен Ұлжан Байқошқардағы Кұнанбайға кісі шаптырды.
- Дәл қасымызға келіп қонып отыр. Енді аялдасақ ағайынның бетін қайтіп
көреміз? Бата оқырын қалай жасасын дейді? Және Байқошқар, Бақанастағы екі
ауыл қосыла бара ма? Соны тез шешіп, жөн айтсын! - депті.
Құнанбайдың өзінің күткені де осы кез сияқты екен. Ол дәл осы түннің
өзінде қасына Күнкені алып, тағы он шақты қарт-қария, жігіт-желең алып
Бақанасқа келді. Сонымен Бақанастағы барлық жиырма шақты ауыл ерте
қамданып саба жиып, сойыс әзірледі. Әр ауылдың апаратын шамасына лайық -
қой, қозы сойыстары сол таңертеңде сойылып, асылып та қалған.
Құнанбайдың үлкен үйі үш саба, бір ту бие, бір тай сойыс апарады. Және
азаға салғаным деп Зере мен Ұлжан түйе апаратын болды.
147
Осындай қамның бәрі биенің бас сауымына шейін түгел бітті. Қалың топ -
бата оқыршы шаңқай түс кезінде сансыз кеп салтты боп күнбатыстағы
Жәнібекке қарай тартты. Барлық жиын - елу қаралы еркек, отыз-қырықтай
қатын. Араларында Абай, Тәкежан сияқты жастар, Оспан сияқты балалардан да
бір топ бар.
Жұрттың бәрі ат үстінде. Тек Зере мен Ұлжан және сол екеуінің қасына
мінген Сары апаң деген әйел мен екі жас келіншек қана арбада. Құнанбай бұл
арбаны өзге жұрттан ерте қамдатып, бұрын жүргізіп жіберген.
Сол арба жарым жолға барды-ау деген кезде өздері аттанған-ды. Бақанас
өзені мен Жәнібек өзенінің екі арасы тай шаптырымдай-ақ жер.
Құнанбай қасындағы көп қошеметшінің ішінде Ырғызбайдан: Майбасар,
Жақып, Ызғұтты сияқты туысқандары. Және Құнанбай жағында жүрген
әлденеше рулардың ақсақал, қарасақалы бар.
Ат үстіндегі әйелдер бөлек топ боп кейінірек келе жатыр. Олардың
ортасында Құнанбайдың үлкен әйелі Күнке, сонан соң Айғыз және Қалиқа
сияқты абысын-ажын. Кәріден - Таңшолпан сияқты шешелер де бар еді.
Аттылардың қалың тобы осындай лек-лек боп, Құнанбай шоғырын алдына
салып келе жатқан. Бір сәтте осы жұрт екі қоныстың арасындағы сар жазықты
айғай-шуға батырып, оң жақтағы биік қара адырды бөктерлеп Жәнібекке қарай
ат қойды.
Бұл елдің ежелгі ырымы бойынша әлімге бата оқи барудың ең үлкен шарты
осылай алыстан айғайлап: «Ой-бай, баурым!» деп, жылай шабу болатын.
Сол шабысты ең әуелі үлкендер бастамақ керек, Бағанадан қалың топтар
Құнанбай шоғырына қарап келе жатыр еді. Қазір сол Құнанбайлар өздері де үн
салып, аттарын борбайлап, еңкейе шауып жөнеліп берді. Арттағы еркек, әйел,
бала-шаға топтары да сол сәтте дүрк жөнелісті.
Абай орта бір топтың ішінде келе жатқан. Қасында Күнкеден туған ағасы
Құдайберді, атшабар Жұмағүл, жорға Жұмабай және Тәкежан, Оспан сияқты
аға-інілері болатын.
- Ойбай бауре-е-м!
- Аға екем!
- Аскар белім!
- Құт берекем! - деп, Абай қасындағы кекселеу кісілер шырқап жылап, үн
салып келеді.
Атшабар Жұмағұл мен Тәкежан болса, аттарының екі жағына кезек
қисайып, құлап кететін кісі тәрізденіп, ауытқып жосытады.
Сырт ажарлары шынымен егілген, есінен танып, бауыры езілген кісілер
тәрізді. Абай жай ғана, тұра шауып келе жатып, ана екеуінің соншалық сырт
құбылысына сенген жоқ.
Тартымды, бір қалыпты шапқан, бірақ шынымен «ой баурымдап» шапқан
Абай қасындағы Құдайберді сияқты. Абай тегінде аз ойласып жүрсе де, осы
ағасының мінезін ұнатушы еді. Қазірде өзін соның шамасында ұстап, «сол
істегенді істесе мақұл болар» деп білді. Дүркірей ағылып, шулап шапқан топ
Жәнібектің көк майса кең саласында жыпырлай қонып отырған сансыз көп
ауылдардың үстінен шыға келді.
|