150
Мына да қарлар не дейді?
Жақсыдан жаман көбейді.
Ескінің асыл көзі еді,
Ұрлап та көмдің Бөжейді, -
деп, қатты айғайлап, қалт тоқтады.
Екі жақ та: «Айтамыз, жеткіземіз» деген орайлы сөздерін осы әйелдердің
ауыздарымен айтысты. Осыдан әрі қайталаған да, өршіген де сөз болған жоқ.
Қос қыздың даусы тағы біраз созылып барып тоқтап еді. Сол кезде Зеренің дәл
қасында отырған Ғабитхан молда жүгініп, жөткіріп алды да, бұхар мақамымен
тәбәрәкті соза жөнелді. Үй іші тегіс жым-жырт. Сілейіп, қатып мүлгіп қалды.
Құнанбайдың Бөжейге жасаған бата оқырының түрі осы боп еді.
Әйелдерді осы үйге қалдырып, еркектерді бөлек оңаша үйге апарып,
қаралы ауыл қонақ етті. Ауыл несі, күтуші болған Байдалы, Түсіптер. Бірақ шай,
қымыз үстінде де, ет үстінде де, бата оқыршылар мен ауыл иелерінің арасында
шүйіркелескен сөздер болған жоқ. Анда-санда Байдалы мен Құнанбай
жауаптасқан уақытта, біріне бірі сыпайы ғана сөйлейді. Байдалы Құнанбайдың
шынысын өзі әперіп, шайына сары майды өзі салып, бейіл көрсетіп отыр. Бірақ,
барлары сол ғана. Сөйлесейін десе, сырттары сыпайы болысқан болмаса,
айтысар жай жоқ сияқты.
Тек бірер кез, мал тойыны туралы, шөптің бұл өңірдегі биылғы шығымы
туралы ғана сөздері болды. Тағы бір рет, көршілес Керей мен Найманның осы
жаздағы аттаныстарын, бір-бірінен барымта алысып, шабысып қалғанын
айтысты.
Құнанбайлар екінті мен ақшам арасында аттанар кезге шейін дәнекер
болған осы әңгіме ғана. Бата оқыршылар сол кеште үнсіз, қоңыр тартып,
жайлау-жайлауына қайтысты.
Бір қарыздан кұтылғанына «уһ»дегендей боп, Күнкені ертіп, Байқошқарға
қайтты. Жол бойында бәйбішесіне оның айтқан жалғыз сөзі:
- Күтсең, Сары апаңды күтсеңдерші! - деген ғана байлау еді.
2
Күз келді. Үш күннен бері сілбілеген ақ жауын айықпай тұр. Жайлаудан
қайтып, Шыңғыс асып, қыстау-қыстау үстінде аз ғана аял етіп, пішен
шапқызып болған ел енді күзекке беттеп келе жатқан. Жидебай, Мұсақұл,
Қарауыл, Шүйгін су сияқты пішені шабылып алынған қорықтарда жиі қонып
отырған ауылдар көп. Шыңғыстың ұлан-ұзақ, мол қыстаулы бөктерімен Қыдыр,
Қызылшоқы, Борлы сияқты балақ таулары да, адыр-қатпарлары да ауыл-ауылға
толы еді.
Жұрт жазғы үлкен үйлерді қоймаларға тастап, енді кішілеу-кішілеу
қоңырқай үйлер көтеріскен. Жазғы күндей емес, қазір жылы киімдер киюмен
бірге, баспананы да от жағып, ішіне киіз тұтып, ықшамды қып отыратын болу
керек. Соған ыстан қорықпайтын, киізі бүтін, бірак кішілеу үйлер қажет. Әлі
келгеннің бәрінің істеген шаралары осы.
151
Қазірде күзеуге қарай ауысқан ауылдардың жаздан бөлек тағы бір
өзгешелігі, енді қой сауылмайды. Ересек тартқан қозылар қоралы қоймен бірге
жайылады.
Ат үсті мал қарайтын, сөз бағатын еркектер де бір жаңалық табысты. Суық
түн, лайсаң күнге арнап, саптама, қалын шекпен, елтірі ішіктер киюмен бірге,
меншікті, мінгіш аттарын да ауыстырып келе жатқан. Жаз жайлайтын аттардың
бұл кезде еттері ояздап болған. Енді қыс суығына шейін қоң жиып алсын деп,
оларды біржола қоя беріп, осы Шынғыс асысымен күз мінетін, қыс мінетін құр
аттарды ұстасқан еді.
Шаруаның шағын үйінен бастап, нелер малды, әлді дегендердін бәр-бәрі
осы күндерде қалың майлы құр аттарын салқын-салқын кездерде міне бастады.
Аяңмен жүріп, қызыл май қылмай, жиі-жиі суытып, оқта-текте таң асырып
жүрген.
Бұл уақытта біреуден біреу қызыққан аттарының майын сұрап міну, сатып
алу, айырбас жасау сияқты істер де көп болатын.
«Күз алды-салдысы кеп мазасыз болар-ау!» десе, не «тосын жүріс,
жолаушылар күзі болар» десе, сенімді аттарға қызығу, қолқа салу, әсіресе көп
болатын.
Қазір екінті - ақшам арасында, Қызылшокыдағы Құлыншақ аулына қарай
жауыннан ықтай түсіп, жедел бастырып келе жатқан Майбасар мен Құдайберді
осындай бір ат жайынан туған сырт шаруамен келеді. Қастарында жорға
Жұмабай мен атшабар Жұмағұл бар.
Күздің бұлыңғыр күндегі кеші мезгілді анық болжатпайды. Сондықтан
жарықта барайық деп қатты жүріскен еді.
Құлыншақ аулы он шақты үй. Бүгін осындай Құнанбай жағынан келетін
бір келісті ерекше аңдып күткендей. Ауыл желкесіндегі тақыр кызыл кезеңге
төрт атты қатты желіп шыққанда Құлыншақ төбе басында, «бес қасқа» деген
балаларының ортасында отыр еді. Елең етіп көрді де:
- Әне келе жатыр! Құнанбай кісісінің алды осы! - деді.
- Жүрісі суық екен! - деп, бес қасқанын үлкені Тұрсынбай да көз тікті.
- Жә, енді не отырыс бар? Біреуің тез бар да, Пұшарбайға хабар айт!
Алыска хабар етер жгйым жоқ. Пұшарбай барлық Көтібаққа білдірсін! - деп,
Құлыншақ бастағанда:
- Е, Жігітек, Бөкеншіге де солар жеткізеді.
- Көшіріп алуға жарайтын болса, жетсін тегіс!
- Уәделері шын болса, осы іңірде табылсын! - десіп, Кұлыншақтың
айналасын қоршап отырған Тұрсынбай, Садырбай, Мұңсызбай, Наданбай
сияқты төрт ұлы қостай қоя берді. Бес қасқаның біріне Манас қосылатын. Ол
бәрінен жас. Тегінде Құлыншақтын өз баласы емес, ерте ер жеткен немере, анау
Тұрсынбайдың баласы еді. Манас үлкендердің әмірін күткені болмаса, өзі үн
қатқан жоқ.
Жаңағы бәрінің айтқан бұйрығы соған қарай айтылып еді. Пұшарбай
аулына хабаршыға тез кететін болып, Манас тек қана мына келе жатқан төрт
аттының келісін күтті.
Майбасарлар Құлыншақ үйінің сыртына кеп тоқтағанда төбе басындағылар
да жетіп еді.
|