II тарау. Алаш қайраткерлерінің
саяси және әлеуметтік-философиялық идеялары
шығармашылық деп анықтап, адамның ішкі жан дүниесіндегі ру-
хани хал-ахуалын жарыққа шығаруды сөз өнерінің басты мақсаты
деп білуі де оның сөз өнерінің көркемдік-эстетикалық танымдық
мүмкіндігіне баса назар аударғанын көрсетеді. «Әдебиет
танытқыш» – Ахмет Байтұрсыновтың эстетикалық-философиялық
танымын, әдебиетшілік көзқарасын, сыншылық келбетін толық
танытатын жүйелі зерттеу, қазақ филологиясының ерекше зор,
айтылған ойларының тереңдігі мен дәлдігі арқасында болашақта
да қызмет ететін, ешқашан маңызын жоймайтын қымбат, асыл
еңбек. Ұлттық әдебиеттану ғылымы қазір қолданып жүрген негізгі
терминдер, категориялар, ұғымдардың қазақша өте дәл, ықшам,
оңтайлы баламаларының басым көпшілігі тұңғыш рет осы зерт-
теуде жасалғанын ашып айтатын уақыт жетті. Бұл ретте, Ахмет
Байтұрсынов – тіл терминдерін жасауда қандай кемеңгер, даныш-
пан болса, әдебиеттану, өнертану, фольклортану терминдерін жа-
сауда да сондай кемеңгер, данышпан.
Бұл еңбекте Ахмет Байтұрсынов фольклорлық, әдеби
текстерді талдаудың, жанрлық түрлерге ат қойып, анықтама
берудің тамаша шебері, әдеби дамудың болашағын көрсете ала-
тын асқан сыншы, өмір, қоғам, адам табиғаты жөнінде терең пікір
толғайтын ұлы ойшыл екендігін көрсетті. Ерекше қуанарлық
нәрсе, жазылғанына 70 жыл өткен еңбектің дәл бүгін көкейкесті,
актуалды болып отырғандығында. Оның қай бетін ашып оқысаң
да, көкейге қона кетеді» [10, 8 б.] деп жазады Р. Нұрғалиев.
Шындығында да Ахмет Байтұрсынұлы ХХ ғ. басында қазақ
қоғамының тілі мен әдебиетінің, мәдениеті мен дәстүрінің, ғылымы
мен білімінің дамуына зор үлес қосуымен қатар, гуманитарлық
ғылым салаларын алғашқылардың бірі болып талдап, зерттеген,
терең теориялық негіздегі ғылыми тұжырымды пікірлер айтқан.
Ахмет Байтұрсынұлы «Қара сөз бен дарынды сөз жүйесі» атты
екінші бөлімде қара сөздің ерекшелігін жалаң лебізді деп, ал,
дарынды сөздің ерекшелігін көрнекі лебізді деп ажыратады да,
оның себебін былай талдайды: «Сөзді жалаң түрде айтқанда, күш
көбінесе зейін жағына салынып, пайым терең, мағына күшті, пікір
дәлелді болып айтылған сөз адамның ақылына қонуы көбірек
көзделеді. Сөзді көркем түрінде айтқанында күш көбінесе қиял
мен қиыс (түйіс) жағына салынып, сүгіреті толық, меңзеуі мер-
ген, қисыны қызық болып, сөз әсерінің күшімен көңілге ұнауы
көбірек қөзделеді. Сөз ақылға қонады шындығымен, көңілге
Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
106
ұнайды өңі үйлестігімен...». Ойға қонымды осы анықтамада қара
сөздің бірінші ерекшелігі оның адам зейініне логикалық ойына
негізделетінін, мақсаты да адамның ақылына қонымдылығымен
белгіленетінін және оның басты сипаттары мағынасының
күштілігі, пайымының тереңдігі, пікірінің дәлеледілігі екенін
көреміз. Ал, көркем сөздің әсерлілігінің күшімен көңілге ұнауды
көздейтінін, сол арқылы адам санасынан орын алуға бағытталатын
байқаймыз. Жоғарыдағы анықтамада қолданылып отырған
көптеген ұғымдар мен түсініктер өз орнында қолданылуымен
түсінікті болса, айқын пікірді білдіруімен және терең талдауы-
мен мағыналы болып тұр. Бұл ұғымдардың бүгінгі ғылыми ай-
налымда да осы немесе осыған жуық мағыналарда қолданылып
жүруінің өзі-ақ Ахмет Байтұрсынұлы ның осы сөздерді өз орнын-
да пайдаланып, ғылыми айналымға енгізуін, олардың ұғымдық
мән-мағынасын айқындауын, болашақ ұғымдық мағынасы
кеңейуіне жол ашқанын көрсетеді. Әрине, дәл сол заманда бұл
сөздер бүгінгідей терминдік ұғымдық мағынаны толық иеленіп
болмаған, қолданылу аясы да бүгінгідей емес еді. Алайда, өзінің
төлтумалылығымен, ақылға қонымдылығымен ерекшеленетін,
көптеген ұғымдар мен түсініктерді, терминдік атау болуға сұранып
тұрған сөздерді «Әдебиет танытқыштан» көптеп табуға болады.
Бүгінде қазақ ғылыми тілінде көптеген ұғымдардың қазақша ба-
лама атауларының кеңінен қолданылып жатқан кезеңінде Ахмет
Байтұрсынұлы ғылыми теориялық еңбектерінің бағыт сілтері,
азық болуы күмәнсіз.
«Ойлау екі түрлі: адам ойлағанда я нәрсеге тиісінше ойлай-
ды, иә көңілдің түйісінше ойлайды» «Сол сияқты бір нәрсе тура-
лы сөйлегенде я тиіс жағынан, я түйіс жағынан алып сөйлейміз.
Мәселен, кісі жайынан сөйлегенде, тиіс жағынан алып, түсін,
тұрпатын, мінезін, құлқын, туысын, тұрмысын, ісін айтамыз. Я
түйіс жағынан алып сүйетін, сүймейтінімізді, сыйлайтын, сыйла-
майтынымызды айтамыз» «Жалаң сөз нәрсені тиіс жағынан алып,
пайым бойынша сөйлейтін шындық сөзі, шын әңгіме болады.
көркем сөз нәрсені түйіс жағынан алып, қиял бойынша сөйлейтін
шын емес, шығарғы әңгіме болады. Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң
сөз – зейін тілі. Жалаң сөз – зейін байлығына қарайтын нәрсе,
Көркем сөз – қиял байлығына қарайтын нәрсе. Жалаң сөз дүниені
тұрған қалпында алып айтады. Көркем сөз көңілдің түйген,
қиялдың меңзеген әлпіне түсіріп айтады. Көркем сөз айтқанын
107
II тарау. Алаш қайраткерлерінің
саяси және әлеуметтік-философиялық идеялары
ақыл табуынша дәлелдеп, мәністеп, қақиқат түрінде айтады.
Көркем сөз айтқанын қиял меңзеуінше бейнелеп, әліптеп көбінесе
ұйғару түрінде айтады» [7, 87 б.] дей келе, жалаң тілмен айтылған
сөзді «қара сөз», көрнекі лебізбен айтылған сөзді «дарынды сөз»
деп атайды» дейді. Арабша айтқанда қара сөзді «насыр» деп,
дарынды сөзді «назым» деп атайтын және «қара сөз» - көбінесе
ғалымдардың шешендердің сөзі, ал дарынды сөз - ақындардың,
арқалылардың сөзі деп түсіндіреді. «Тиіс» - объективті жағынан
қабылдау, «түйіс» – субъективті жағынан қабылдау деп түсінсек
ғалымның адамның қоршаған әлемді қабылдауы мен оны ра-
ционалды және көркем шығармашылықпен бейнелеуін аса
жүйелі және салыстырмалы-талдамалық тұрғыда түсіндіргенін
байқаймыз. Тиістілік ұғымын қолданғанда сөздік мағынасы
назардағы заттың немесе нәрсенің өзіне тікелей қатыстылықты,
ал, түйістілік ұғымы адам санасына, ойына түйінделген ұғым
деген мағынаға меңзеп тұр. Қара сөз бен дарынды сөздің басты
айырым белгісі деп осы тиісінше және түйісінше ойлауды негіз
ету ғалымның ғылыми мәтінге және көркем шығармашылыққа
қойылар басты талаптарын да көрсетеді. Демек, Қара сөздің не-
месе ғылыми-теориялық мәтіннің басты ұстанымы объективтілік,
басты қағидасы нақтылық, мақсаты түсініктілік болу керектігіне
назар аударады. Ал көркем шығармашылықта автордың айтар
ойын, өзінің санасында қорытып, көңіл елегінен өткізіп, түйісінше,
яғни субъективті түрде, тыңдаушының сезіміне әсер ететіндей,
жадында таңбаланатындай жеткізетінін көрсетеді. Демек, дарын-
ды сөздің немесе көркем шығармашылықтың басты ұстанымы
субъективтілік, қабылдаушының құбылысты немесе нәрсені
ынта-ықыласпен әсермен қабылдай білуі, басты мақсаты сол
әсерді жоғалтпай оқырман көңіліне жалғай білу. Басты қағидасы
оқиғаны, құбылысты көркем шығармашылықпен айшықтап,
көңіліне түйгенін қабылдаушыға әсер ететіндей жеткізу. Осының
өзі ұғымдарды қазақ тілінде жүйелеген ғұламаның ұғымның шын
мәнін, нақты мағынасын, табиғи қалпын барынша дөп басатын
атаулар бергенін көрсетеді.
«Қара сөз» деген бөлімде Қара сөзден адам ұғым алаты-
нын айта келіп, ұғымның өзін керекті орнына қарай: ес ұғымы,
яғни еске керек ұғым, іс ұғымы, яғни іске керек ұғым деп
бөледі. Бұл ұғымдарды бүгінгі теориялық ілім, практикалық
ілім ұғымдарының баламасы деп түсінуге болады. «Тиісінше
Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
108
ойлағанда, ойымыз ұғым түрлеріне қарай бірнеше тарапқа
бөлінеді: 1. Ғалам тарабына. 2. Құдай тарабына. 3. Ғылым тара-
бына. 4. Әлеумет тарабына. 5. Үгіт-тәрбие тарабына. 6. Сын та-
рабына» деп бөледі. «1. Адамның зейіні бүтін ғаламды тануға
жұмсалып, дүниедегі бар нәрсенің барлығын жоқтығын танып,
белгілі бір қарарға келгенде, адамға бір үлкен ұғым пайда болады.
Сол ұғым жүйесі даналық деп аталады. Даналық мақсаты бүтін
ғаламды танып, бүтін ғалам атанған дүниенің жұмбағын шешпек,
даналықтың ес ұғымына тиісті жағы ол сап даналық болады да,
іс ұғымына тиісті жағы салт даналығы болады. Сап даналықтың
өзі екі айырық болады: бірі адамның ақылы жетерлік, екіншісі
жетпестік жағын да зейінге салады. Алдыңғы табансыз даналық
делініп, кейінгісі табанды даналық делініп айтылады» [7, 89 б.]
деген анықтамаға зер салсақ ғалым «даналық» – атауын фило-
софия немесе дүниетаным ұғымдарының баламасы ретінде
қолданып отыр. Сап даналық дегенде абстрактілі, салт даналығы
дегенде конкретті нақтылы ұғымдарының орнына қолданды деп
түсінуге болады. Ал, ақылдан тыс табанды деп – ирроционал-
ды, ақылға сиымды табансыз деп – рационалды ұғымдарының
баламасы ретінде қолданылған ұғымдар ма деп болжауға бо-
лады. Адам зейінінің бағытталуы тұрғысынан келіп осындай
анықтамалар берген ғалымның бұл талпыныстары ғылыми
танымның теориялық жүйесін қалыптаудың алғашқы ізденістері
деп білеміз. Зейіннің бағытталуына қарай ұғым жүйелері ретінде
дінді - адамның құдайды тануға ұмтылысымен байланысты пайда
болды дейді. Бұл ұғым жүйесін «ғақаид», яғни ақида мәселесі деп
қарастырып, еспен байланысты қырын сенім мәселелері, ал іспен
байланысты қырын діни құлшылық амал-әрекеттермен байланы-
стырады. «Зейін табиғаты – табиғат құбылысын тануға жұмсалып,
табиғаттың түрлі заңдарын тауып, қасиеттерін біліп, әбден көз
жеткенде пайда болатын ұғым жүйесі – ғылым деп аталады» [7,
90 б.] деген анықтамадан ғалым жаратылыстану ғылымы жайлы
айтып отырғанын түсінеміз. Бүгінгі ғылыми таным тұрғысынан
бұл анықтамалардың толымсыз тұстары бар болғанымен бұл
анықтамаларды жан-жақты қарастырудың, ғылыми әдістемелік
тұрғыдан зерттеудің өзіндік маңызы бар.
Қара сөзді түр жағынан: 1. Әуезе, 2. Әліптеме, 3. Байымдама
деп үш салаға бөледі. «Болған оқиғаны болған түрінде ретінше,
мекенін, мезгілін көрсете мазмұндап мағлұмат беру – әуезе бола-
109
II тарау. Алаш қайраткерлерінің
саяси және әлеуметтік-философиялық идеялары
ды» дей келе оның түрлерін таратып сипаттайды. Әліптеу яғни
суреттеу туралы айтқанда оны пәнді әліптеу және сәнді әліптеу
деп екі түрге бөледі. Пәнді әліптеудің өзі жалқылай әліптеу, жал-
пылай әліптеу деген екі түрге бөлінетінін айтады. «Жалқылай
әліптегенде нәрсе дербес алынып, дара басы әліптеледі. Мұнда
әліптеушінің назары нәрсенің өзгеден айырылатын өзгеше
әліптерінде болады. Жалпылай әліптегенде нәрсенің бүтін табы
алынып, табына тиісті сипатпен әліптеледі. Мұнда әліптеушінің
назары таптағы нәрсенің бәрінде табылатын белгілерде болады»
«Жалқылау» және «жалпылау» ұғымдары бүгінде терминдік
мағыналары кеңейген ғылымның көптеген салаларында өз
семантикалық мазмұнын атқарып қолданылып жүргені белгілі.
Ал байымдама, әліптеме сияқты ұғымдарды да орнын тауып
қолдана білсе терминдік мағынасы тұрақтап, ғылыми әдебиетте
орнығып тұрақты қолданылуы мүмкін еді.
«Көсе сөзбен жазылған шығарма бір пікірді қуаттап,
толықтырып, баяндаса баяндауын түрлі сипаттармен дәлелдесе,
ондай шығарма байымдама деп аталады» деп байымдамаға
анықтама бергесін, әуезе және әліптеме дүниедегі заттардың
барлығын, өмір сүру жай-күйін түсіндіруінен басқа олардың өзара
әрекеттесігі мен қатыстылығын сипаттайтын, яғни «нәрселердің
арасында қандай сабақтастық, құрмаластық, барлығын, олардың
себептері мен салдарларын, заңдылықтарын анықтайтын
шығармаларды байымдама» деп атайтыны тұжырымдайды.
«Оның 1. Бастамасы. 2. Ұсынбасы. 3. Баяндамасы. 4. Қорытпасы
болады» деп ғылыми зерттеу жұмысының жалпы құрылымына
қойылатын негізгі талапты айтады. Баяндамадағы сипаттау түрлі
болады: «1. Мәністеп дәлелдеп сипаттау бар. 2. Керек пікірді яки
нәрсені басқа соған ұқсас нәрселермен салыстырып сипаттау
бар. 3. Керек қостайтын, қуаттайтын мысалдар келтіріп сипаттау
бар. 4. Белгілі адамдардың айтқан я жазған пәтуәларын келтіріп
сипаттау бар. 5. Қаралатын қарсы пікірдің нашарлығын яки
қаталығын көрсетіп сипаттау бар» [7, 97 б.] дей келе «жалпылау
және жалқылау» әдістері жайлы, сондай-ақ, нәрсені бұтарлап,
мүшелеп, ұсақтай түсіндіргенде қолданатын – «талдама оңтай»
және жинастыра құрастыра, іріктей түсіндіргенде қолданылатын
– «терме оңтай», «айырыңқы оңтай», «жиылыңқы оңтай» дейтін
ғылыми зерттеу әдістерін таратып түсіндіріп, баяндайды. Осы-
дан ғалымның жалпы ғылыми зерттеу жұмысының әдіснамасы
Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
110
яғни методологиясы жайлы пікір түзіп, алғаш рет туралы ой
толғағанын, тұжырымды әдіснамалық бағыт сілтеп, әдістерге
нақтылы атаулар бергенін көреміз. Бұл әдістер күні бүгінге дейін
заманауи ғылыми зерттеу жұмыстарында кеңінен қолданылып
жүр, алайда А. Байтұрсынов қолданған атаулармен дәлме-дәл
сәйкес келмеуі мүмкін. Дегенмен, осы атаулардың ішінде орнын
тапса қолданысқа сұранып тұрғандары да бар. Мәселен, бүгінде,
орыс тіліндегі «подход» ұғымының дәл баламасы болатын «оңтай»
сөзін орнымен қолданса қазақ тіліндегі ғылыми атаулардың
нақтылана түсері сөзсіз.
Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» еңбегі қазақ
халқының бай ауыз әдебиетінің жанрлық дамуын, қалыптасуын,
поэтикалы және эстетикалық сыр-сипатын, тәрбиелік, этикалық
ғибратын, ауыз әдебиетін зерттеуге байланысты әдіснамалық
мәселелерді де қарастырады. Ауыз әдебиеті түрлері былай
жіктеп: ертегі, аңыз-әңгіме, өтірік өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, бас
қатырғыш – деп бір топтаса, батырлар жыры, тарихи жыр, ай-
тыс өлең, үгіт өлең, толғау, терме – екінші топқа топтайды. Мы-
сал, ділмар сөз (афоризм), тақпақ, мақал, мәтел – бұлар үшінші
топ. Тойбастар, жар-жар, неке қияр, беташар, жоқтау, жарапа-
зан, бата – бұлар төртінші топ. Жын шақыру, құрт шақыру, дерт
көшіру, бесік жыр – бұлар бесінші топ. Сан алуан фольклорлық
шығармаларды топтап, саралауға мүмкіндік беретін сауықтама,
зауықтама, сарындама, салттама, ғұрыптама, қалыптама деген
атаулардың қолданылуы бүгінгі мәдениет пен әдебиет тари-
хын, халық дүниетанымы мен мифологиясын зерттеушілердің
ұғымдық аппаратын байытатын, ұғымдар.
Баспасөз ісін өркендетуде кеңес билігінің идеологиялық база-
сын қалыптастыру мақсатында РКП(б) Орталық комитеті қазақ
әдебиеті мен өнерінің дамуын да назарда ұстап отырды. 1925
ж. ҚазААП құру туралы Қазақстан өлкелік партия комитетінің
қаулысы қабылданды. ҚазААП-тың алдына қойған негізгі міндетері
– еңбекші таптың мүддесін қорғайтын ақын-жазушыларды
ұйымдастырып, пролетариат бағытындағы ұлт әдебиетін
қалыптастырып өркендету және әдебиет пен мәдениет сласындағы
«буржуазияшыл-ұлтшылдықпен» күресу болып белгіленді. «1925
жылы 18 июньде РКП(б) Орталық Комитетінің «Партияның
көркем әдебиет саласындағы саясаты туралы» қаулысы жариялан-
ды. Онда пролетариат жазушылардың үстемдігін орнату, сөйтіп
111
II тарау. Алаш қайраткерлерінің
саяси және әлеуметтік-философиялық идеялары
Қазақстандағы буржуазияшыл-ұлтшыл жазушылардың кертарт-
па идеяларына тойтарыс беріп, пролетариат әдебиетінің даму
жолын айқындауды мақсат етті. сөйтіп ҚазААП қазақ әдебиетінің
кең құлаш жайып өсуін, сын мен әдебиеттің құлаш жайып даму
мәселесін алға қойды» деген зерттеуші Айсұлу Ойсылбай «Қазақ
ғалымы (А. Байтұрсынов) еңбегінің бір ерекшелігі - жоғарыда
біз тізбелеп өткендей тотолитаризмнің әдебиет саласындағы
саясатының, социалистік реализмнің нормативтік ережелерінің
салқыны тимегендігі. Рас, ол кезде социалистік реализм үстемдік
ете қоймаса да, оның бірқатар нышандары бой көрсете бастаған»
деп түйіндейді. Осы жайлы «Әдебиет танытқыш» тың, соны ой-
лар тұжырымдауымен де құнды. Теориялық еңбекте жалпы
өнер атаулыға қойылатын шарттар мен талаптар, әдебиеттің
сыр-сипатын танытатын тұстары да жан-жақты баяндалған,
нақты деректермен толықтырылған. Творчество өкілін «таптық»,
«халықтық», «партиялық» дейтін ұғымдар аясында ғана қызмет
етуге міндеттейтін шектеулерден ғалым еңбегі мүлде алыс» [11,
30] деп тұжырымдайды. Шындығында да, ғалымның «Әдебиет
танытқышта» өнердің шығармашылық табиғатын ашуға,
сөз өнерінің адамның жан жүйесінен бастау алып, рухани
әлемінен түлеп ұшатынын және рухани ізденісіне жауап беретін
тағылымдық мәніне, эстетикалық ләззәт сыйлайтын көркемдік
ерекшеліктеріне және этикалық ғибратына баса назар аударғанын
көреміз. Төңкеріспен ұласа келген жаппай науқаншылдық, дабы-
ра ұраншылдықтың белең алып тұрған тұсында, халықтың шын
мәніндегі рухани құндылығының қадірін түйсініп, «өнер - өнер
үшін» деген қағидамен ғылыми объективті, терең теориялық,
бай деректік, концептуалдық еңбек жазу ғалымның үлкен ерлігі.
Төңкерістен кейін айырықша өріс алған рухани-мәдени экспан-
ция ұлттық әдебиет пен мәдениетті таза идеологиялық құралға
айналдыруға тырысып, кеңестік құрылыстың социалистік
қоғам құрудағы саясатына сай өнердің шығармашылық, ру-
хани табиғатынан гөрі үгіт-насихаттық әлеуетін пайдалануға
күш салды. Ресей отарлау саясаты кеңестік кезеңде жаңа фор-
ма тауып, теңдікті ұран ете тұра жаңа социалистік құрылыс
желеуімен ұлттық мәдениеттерге шабуылын да күшейте түсті.
Осындай алмағайып заманда қазақ әдебиетінің өнерлік сипа-
тын ашып, әлемдік мәдени-өркениеттік даму үрдісі аясындағы
орнын айқындау, өнерге жалпы тән тенденциялардың қазақ
Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
112
әдебиетіндегі белгілерін көрсету, соған қоса қазақ әдебиетінің
төлтумалық сипатын ашып, болашақ дамуына бағыт сілтеу
өте өзекті мәселе еді. Ұлттық әдебиеттің қайталанбас құбылыс
ретіндегі төл сипаттарын аша отырып, ұлттық мәдениеттің ру-
хани сабақтастығын үзбей, өзіндік ерекшелігін сақтап дамуының
маңызына биліктің көзін жеткізу, қоғамдық пікір қалыптастыру,
шығармашылық қауымдастықты осыған жұмылдыру кезек
күттірмес іс еді. Қазақ қоғамының социалистік лагер аясында жаңа
мәдени-әлеуметтік даму жағыдайында ғасырлар бойы мүлдем
басқа қоғамдық-өркениеттік жағдайда дамып қордаланған ру-
хани мәдени мұрасын шашпай-төкпей жаңа жағдайға сай игеру
мәселесі тұрды. Осындай өтпелі кезеңде өткен зор өркениеттік
құбылыс түркі-мұсылмандық, көшпенділік мұрасының көркемдік
эстетикалық, мәдени сипатын ашып, оның болашақ жаңа әдеби
үдеріске ұласар мүмкіндігін айқындап, ұлттық өнердің даму
кеңістігіне бағыт сілтеген теориялық зерттеу еңбегінің дүниеге
келуі тарихи қажеттілік еді.
Ахмет Байтұрсынұлы өткен ғасырдың басында қазақ
халқының тарихындағы ұлт-азаттық қозғалыстың басы-қасында
жүрді. Ол ұлттың азаттығын ғылым және білім, алу өнер салала-
рын дамытумен тығыз байланыста түсінді. Сондықтан-да ұлттық
қайнардан бастау алып, ұлттық құндылықтардың қордалы
топырағынан тамыр тартқан жаңа заман талаптарына сай жаңа
әдебиет, жаңа қоғамдық-саяси ой жүйесін қалыптастырып
дамытудың жолын іздеп, қалыптастырумен болды. «Ол ХХ
ғасырдың басында, аумалы-төкпелі заманда қазақ қоғамының
өміріне жаңа бағыт, жаңа арна тапқан қайраткерлердің алдыңғы
шебінде болып, қазақ мәдениеті, қоғамдық ой-санасы дамуына
өлшеусіз үлес қосты» [12, 106 б.] дейді З. Ахметов . Ұлттық рухтың
серпілісін өнер мен ғылымды игеру арқылы жаңа өркениет
керуеніне көш түзеуге бағыттау негізгі мақсаты болды. Өзінің
қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, публицистикалық
көсемсөздік шығармаларындағы толғақты ойларымен, ақындық-
аудармашылық жалынды өткір сөздерімен, ғылым саласындағы
жүйелі терең ізденістерімен туған халқын мәдени дамудың жаңа
кезеңіне жолдауға, өркениеттік заманауи өзгерістерге жетеле-
уге барлық күш-жігерін сарп етіп, қызмет жасады. Қоғамдық
ғылымдардың бүгінгідей сан-салалық құрылыммен дамымай
тұрған кезеңінде ұлттық мәдениеттің негізгі тұғыры ретінде ғалым
113
II тарау. Алаш қайраткерлерінің
саяси және әлеуметтік-философиялық идеялары
тіл және әдебиетті танып, оларды ұлттың тағдырымен тікелей
байланыста зерттеп, дамытуға күш салды. Ұлттық сананың негізі
болған әдебиет, мәдениет, өнер мұраларын сақтау мен жаңа заман
талабына сай жаңғыртуды және жалпы түркі дүниесіне тән ру-
хани тұтастықтың аясында өркендетуді көздеген ғалымның өмірі
күреске толы болды. Артына ғалым зерттеушілердің ғылыми
ізденісіне азық болар және ұлттық гуманитарлық ғылымды байы-
та түсетін классикалық теориялық мол мұра қалдырды.
Әдебиеттер
1. Байтұрсынов А. Шығармалары: өлеңдер, аудармалар, зерттеу-
лер//Құраст., Ә.Шәріпов, С. Дәуітов. – Алматы: Жазушы, 1989. – 320 б.
2. Нұрғалиев Р. Алып бәйтерек // Қазақ әдебиеті. 1989, 21 сәуір. А.
3. Кәкішев Т. Санадағы жаралар. – Алматы: Ана тілі, 1992. -264 б.
4. Қабдолов З. Көзқарас . – Алматы: Рауан, 1996. – 262 б.
5. Ұлттық рухтың ұлы тіні. Ғылыми мақалалар жинағы. – Алматы:
Ғылым, 1999. -464 б.
6. Қазақ газеті. № 1, № 2.
7. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. Зерттеу мен өлеңдер. Алма-
ты: Атамұра, 2003. -208 бет.
8. Гегель Г.В.Ф. Эстетика туралы лекциялар//Әдебиет теориясы.
Нұсқалық. Құрастырып, баспаға әзірлеген ҚР ҰҒА корреспондент-
мүшесі, профессор Р.Н.Нұрғали – Астана: 2002. – 293 бет.
9. Аристотель. Поэзия өнері туралы// Әдебиет теориясы. Нұсқалық.
Құрастырып, баспаға әзірлеген ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профес-
сор Р.Н.Нұрғали – Астана: 2002. – 293 бет.
10. Пірәлиева Г. Қазақтың көркем прозасындағы психологизм және
оның бейнелеу құралдары. – Алматы: Санат, 1996, -336б.
11. Ойсылбай А.Т. Ахмет Байтұрсынов «Әдебиет танытқыштағы»
қазіргі әдебиет теориясы. Монография.- Алматы. «Елтаным баспасы»,
2015.-209б.
12. Ахметов З. Бүкіл қазақ «Ахаң» деген // ұлттың ұлы ұстазы. –Ал-
маты: орт. Ғыл. Кітапхана 2001. -262 б.
|