ҚАЗАҚСТАНДА БІЛІМ БЕРУ МАЗМҰНЫН ЖАҢАРТУДЫҢ АЛҒЫШАРТТАРЫ
Жалпы білім беру бағдарламасына өзгеріс енгізудің маңызы
Жоғарыда келтірілген тұжырым Қазақстанда білім беру саласына өзгеріс қажет екенін
анық көрсетеді. Технология, коммуникация мен ғылым салалардағы мұндай елеулі өзгерістер
әлемдік экономикаға айтарлықтай ықпал ете отырып, әрбір азаматқа ХХІ ғасырда табысты
болу үшін қажетті білім мен дағдыларды алға тартады. Қарқынды жаһандану, сондай-ақ,
ұлттық экономикаға да ықпал етуде және қазіргі уақытта экономикалық дамуды қамтамасыз
етуге бағытталған халықаралық бәсекелестік артты. Женевадағы Халықаралық еңбек
ұйымының (2006) баяндамасы мұның жеке азаматтар үшін маңыздылығын көрсетті: «... көлік
және коммуникация саласындағы елеулі жетістіктермен қатар, сауда мен капитал ағымын
ырықтандыру: өз еңбегінің жемісін сату үшін әлемдік нарықта өзара бәсекелестіктегі
жұмысшылар мен жұмыс берушілердің саны күннен-күнге артып келе жатқандығын
көрсетеді» (VII б.). Жаһандану тек жұмыс орындарына әсер етіп қана қоймай, сонымен қатар,
оның қолжетімді жұмыс түрлеріне және сәйкесінше, жұмыс табу үшін қажетті білім мен
дағдыға да әсері артып келеді.
«Адамзатқа және қоғамға орасан зор проблема әкелетін жаһандану мен
жаңғыртудың әсерінен айналадағы әлем түбегейлі өзгеріске ұшырауда. Мектептер
оқушыларды түрлі мәдениет өкілдерімен әріптестік қарым-қатынас жасауды, алуан
түрлі идеяларды, көзқарастар мен құндылықтарды ескеруді, адамдар өздерінің алуан
түрлілігіне қарамастан, технологиялардың көмегімен кеңістік пен уақыт кедергілерін
жеңе отырып, бір-біріне сенім білдіруін және әріптестікте жұмыс істеуін қажет ететін
әлемде, адамдардың өмірі ұлттық шекаралар аумағынан тыс мәселелерге байланысты
болатын әлемде өмір сүруге және жұмыс істеуге дайындауы керек. ХХІ ғасырдың
мектептері оқушыларды өмірде, жұмыста және азаматтық ұстанымында өзгелермен
ынтымақтастықта өмір сүруге дайындай отырып, ұлттық және жаһандық пікір
алуандығының шынайылығын ұғына отырып, өзіндік дербестігі мен ерекшелігін
дамытуға көмектесуі керек».
Андреас Шлейхер,
Білім беру және кәсіби дайындау басқармасы директорының
және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы
Бас хатшысының білім беру саясаты бойынша
арнайы кеңесшісі міндетін атқарушы (2014)
«Қазақстанның орта мектептеріндегі оқыту әлі де тиісті дәрежеде тиімді болмай
отыр. TIMSS және PISA зерттеулері нәтижесінде алынған деректер Қазақстандағы
жалпы орта білім беру жүйесінің теориялық білім беру, оқушылардың ақпаратты есте
сақтау, табу және зерделей білуін
қамтамасыз ету деңгейінде жеткілікті дәрежеде тиімді
екенін көрсетті. Дегенмен, бұл жүйе оқушылардың жоғары деңгейлі ойлау дағдыларын
игеру және қолдану мүмкіндіктерін, мәселен, математикалық білімін тәжірибеде
қолдану және математикалық ойлауын дамыту немесе оқылым барысында мәтінді
талдау және бағалау сияқты мүмкіндіктерді қамтамасыз ету үшін салыстырмалы түрде
әлсіз болып табылады. Орта мектепке арналған оқу бағдарламасының ғылыми сипаты
басым және тым ауқымды болуы тиімді оқытудағы негізгі кедергі болып табылады».
Ұлттық білім беру саясатына шолу: Қазақстандағы орта білім,
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (Милованович, 2014)
7
Гриффин және басқа авторлардың (Griffin, P., McGaw, B. and Care, E., 2012) айтуы
бойынша: «...экономикасы дамыған елдерде өнеркәсіптік өндірістен ақпараттық қызмет
көрсету және байланыс қызметін көрсетуге ауысып жатқаны айтарлықтай байқалды» (17-б.).
Білім беру жүйесін жаңартуға арналған бұл экономикалық дәлелдерге қоса, қазіргі ХХІ
ғасырда басқа да негіздер бар: өзара қарым-қатынастың арттыру; әлеуметтік өзгерістер; ауа
райының өзгеруімен байланысты проблемалар; бүкіл әлемдегі халық санының қарқынды өсуі;
шектеулі ресурстарға деген сұраныстың өсуі; осылардың барлығы мектеп оқушылары қазіргі
заманда және келешекте табысқа қол жеткізу үшін бұрынғыға қарағанда анағұрлым көп
дағдыларды меңгеруі қажет екенін көрсетеді.
Білім беру елдердің бәсекелестікке қабілетті болуын қамтамасыз ететін ең тиімді әрі ұзақ
мерзімді стратегия болып табылады. Көптеген авторлар, соның ішінде Виллем Те Вельде
(Willem te Velde, 2005) жаһанданудың қазіргі кезеңінде жоғары сапалы білімнің қажеттігі
туралы өз пікірлерін айтты. Қазіргі таңда экономикалық өсу және азаматтардың әл-ауқаты
үшін білімнің айтарлықтай маңызды екенін бүкіл әлем мойындауда. Муршед және басқа
авторлар (Mourshed, M. et al, 2010) жоғарыда аталған мәселелерді шешу мақсатында өзгеріс
енгізу үдерісіне қатысатын жүйелердің саны артып отырғанын, білім беруді реформалаудың
қарқынды артып келе жатқанын атап көрсетті.
Бүкіл әлемде білім беру жүйелерінің келешек ұрпаққа қандай білім беретіні туралы
мәселе қайта қаралуда. Осы мәселе аясында «Балалар ХХІ ғасырда табысты болу үшін нені
үйренуі керек?» және «Оқытудың тиімді әдістері қандай?» деген сияқты негізгі сауалдар
туындайды. Бұл сауалдар білім беру бағдарламасымен және білім беру бағдарламасын жүзеге
асыруда пайдаланылатын педагогикалық тәсілдермен тығыз байланысты.
Қазіргі кезде Қазақстанда жоғарыда сипатталған жаһандық проблемаларға жауап бере
алатындай деңгейде ұлттық мәнмәтіндегі жұмыстар жүргізілуде. Білім беру
бағдарламасындағы ұлттық стандарттарға, бағалауға, оқулықтар мен оқыту әдістеріне
қатысты білім беру саласындағы өзекті құндылықтар мен мақсаттар мектеп оқушыларының
жалпы үлгерімін арттыруды, сондай-ақ инновация мен көшбасшылықты енгізу үшін талап
етілетін дағдыларды дамытуды, мектеп мәнмәтіні арқылы ұлттық сананы қалыптастырып, іске
асыруды және ауқымды халықаралық тәжірибемен өзара әрекеттесуді көздейді. Жаңартылған
білім беру бағдарламасы мен бағалау жүйесін енгізу аталған міндеттерді шешу үшін
қабылданған шаралардың бірі болып табылады.
«Информатика» пәні бойынша жаңартылған оқу бағдарламасы осы үдерістің құрамдас
бөлігі болып табылады. Информатика саласы бойынша оқушылардың білім, білік, дағдыларын
қалыптастыру негізгі орта және жалпы орта білім беретін мектеп бағдарламасында жетекші
орын алады, бұл информатиканың практикалық маңызымен, адамның қалыптасуы мен
ойлауындағы мүмкіндіктермен, қоршаған әлемді танудағы ғылыми әдістер туралы түсінікті
қалыптастырумен айқындалады.
Қазіргі заман талабына сай адам іс-әрекетінің барлық салаларында еркін қолданысқа
енген ақпараттық технологиялар біздің күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігі болып
табылады. Ақпараттық технологияларды тиімді қолдану сандық үлгіде көрсетілген әртүрлі
ақпараттың түрлерімен жұмыс істеу үдерісін тездетеді және жеңілдетеді. Білім берудің басым
бағыттарының бірі оқушылардың компьютерлік сауаттылығын қалыптастыру болып
табылады. Оқушылардың компьютерлік дағдылар мен құзыреттіліктерді меңгеруі, бір
жағынан, уақыт талабы болса, екінші жағынан, бұл талап ақпараттық технологиялардың өзге
оқу пәндерін оқытудың тиімді құралы ретінде қолданылып, әртүрлі білім беру салаларымен
байланыстыруға арналған ресурстар мен техникалық құралдар ұсынуына байланысты
туындап отыр.
Информатиканы табысты табысты оқыту мұғалімнің тікелей кәсіби тәжірибесі мен
құзыреттілігіне, оқу үдерісі нәтижелеріне басым көңіл бөлуіне байланысты.
«Информатика» пәнін оқу оқушылардың:
8
-
информатиканы оқу барысында меңгерген ойлау және модельдеу дағдыларын
әртүрлі өмірлік жағдайларда қолдануға болатынын түсінуіне;
-
жүйелер абстракциялардың, алгоритмдердің және бағдарламалаудың көмегімен
модельденетінін түсінуіне;
-
информатика курсынан алынған білімді ғылым, техника, медицина, білім беру және
мәдениет саласында тиімді қолдануға болатынын ұғынуына;
-
бағдарламалау дағдыларын қолдану ағымдағы іс-әрекетті жетілдіре алатынын және
жаңа идеялардың пайда болуына мүмкіндік беретін программалық қосымшалар жасауға
септігін тигізетінін терең түсінуіне мүмкіндік береді.
|