БАЛАПАН ҰЯСЫНДА
Аласының айтқан уəдесін күтіп Сəтжан балапанды алуды əлі ойлаған
жоқ. Зейне де əзір балапан жайынан баласына ешбір сөз айтқан жоқ.
Сəтжан мен Жанай көбінесе бұзауды сол ұялы жартастың бауырындағы
өзекке өрістетеді. Екеуі үнемі балапанның ұясын аңдиды. Олар көбінесе
балапан қанаттанып ұшып кетеді, айрылып қаламыз деп асығады.
— Ей, Сəтжан, сен екеуміз өстіп жүргенде балапан ұшып кетеді де,
айрылып қаламыз ғой. Ол анадағы өзіміз барып басына шыққан Бүркіттінің
тасынан қиын емес. Ешкімге айтпай алып қояйық, — деді Жанай.
Жанайдың мына сөзі Сəтжанға ой салып, балапанды тезірек алуды
дұрыс көрді. Шынында балапан үясы Бүркіттің тасынан киын емес еді.
Бірақ, онда бұлар көп бала еді. Экскурсияға апарып, мұғалімдері өздері
бастап, ақыл айтып отырып еді. Сəтжан осыларды ойласа да, албырт бала
мінезі бойын билеп асықтырып «Жанаш қашан барамыз?» деді.
— Тезірек барғанымыз жақсы, — деді Жанай.
— Онда ешкімге айтпайық, жібермей қояды. Тек керекті жабдықты
əзірлейік, — деп Сəтжан Жанайдың сөзін қостады.
Өзен бойынан кешердегі кесіп алған ұзын тал құрықшаларын, бір
мықты арқан, жіңішке жіп, қайыс, пышақ сияқты жабдықтарды буып-түйіп
алдын ала бір өзекке апарып қойды. Ел жатар кезде екеуі бұзауларын
қарастырған болып жүрістерін де ақылдасты. Егер біліп қойса, шешелері
жібермейді. Əсіресе Зейне «тастан құлап жазым боласыңдар» деп аяғын
бастырмайды. Ал, бұзауда жүріп балапан алам, деп алдану қауіпті.
Бұзауларын иесіз тастауға болмайды. Не істеу керек? Неде болса ел тұрмай,
таң ата кетіп қалып алып келу керек, көп болса таңертеңгілікте бұзауды
біреуі өргізіп жая тұрар, — деп сөзді осыған байлады.
— Үй ыстық, далаға ұйықтаймыз, — деп Сəтжан мен Жанай екеуі
далаға жатты. Олардың басқа ойы барын елеген ешкім болған жоқ.
— Таңертең төсек-орынды үйге кіргізіп қой, — деп Зейне Сəтжанға
соны ғана тапсырды.
— «Тау соғар» тұр, таң атып келеді. Ел оянбай кетейік! — деген
Жанайдың дыбысын өздерінің қасында жатқан Бөрібасардан басқа ешбір
жан естіген жоқ. Мезгілсіз ерте оянған екі бұзаушыға таңданғандай
Бөрібасар басын көтеріп барып қайта жатты. Екеуі сыбдыр шығармай
киініп, керек-жарақтарын тығып қойған өзекке қарай жығып кетті. Екеуін
аңдығандай арттарынан бұлаңдап еркелене басып Бөрібасар да жүгіріп
келеді.
Сəтжандар «Таңбалы тасқа» келгенде шығыс жақты алқызыл нұрына
бөлеп күн де шығуға айналып қалған еді. Барлық нəрселерді арқаларына
түйініп алған екі ұяшы тастардың жігімен ұяның жоғарғы жағына қарай
өрлеп келеді. Бұлардан қалыспай Бөрібасар да із қуып, қиядан қияға секіріп
барады. Бұрыннан белгілеп жүрген өздерінің орамды деген жерімен
тырмысып келіп, екеуі ұяның үстіңгі жатына шықты. Бұлар келгенде
жартастың қиясынан ұшып шыққан екі ителгі əлдеқайда көрінбей кетті. Ол
екі ителгінің ұшқанын көргенде:
— Апырай, анау қанаттанып ұшып кеткен балапандар емес пе, — деп
Жанай безек қақты.
— Жоқты айтады екенсің. Құстың балапанын арқардың лағы дейсің бе,
туа салып аяқтанып енесімен ілесіп кететін. Əлі ұшуға жараған жоқ.
Өзіміз-ақ аламыз, деп едің, кəні, қалай аламыз? — деп Сəтжан Жанайға
қарады.
— Несі бар, ана құрықшаларды біріне бірін жалғап, осы арадан ұяға
саламыз. Сөйтеміз де балапанды тұзақтап тартып аламыз, — деді Жанай.
— Тұзақтап аламыз деймісің, балапанның мойны жұлынып кетпей ме?
Жəне осы жерден құрықша жете ме. Сен де ойланбай сыйымсыз бір
нəрсені айта саласың-ау, — деп Сəтжан Жанайдың ойланбай айтқанын
дəлелдеді.
Сəтжан үстіндегі бар киімін шешіп жалаңаш етіне тонды киді.
Арқанның бір ұшын ұяның дəл үстіңгі жағындағы жартастың бір
мұрыншақталған өркешіне мықтап байлады. Бір ұшын өзінің ене бойына
шандып орап:
— Мен мына арқанмен саумалап түсемін. Дəл ұяның тұсында бір
кемерленген бунақ бар, соған ілінсем қалғаны оңай. Ал, сен мына бос
арқанның бір ұшын ұстап отыр. Егер жазым болып тас байлаған арқан
қиылса, не үзілсе, онда сен ұстаған арқанмен өрмелеп көрем. Бірақ,
арқанды босатып жіберіп, мені құлатып, не өзің тартып тұра алмай ұшып
кетіп жүрме, — деп Жанайға өз білген əдісін үйретті.
Əншейінде жай қимылдап сөзді сараң сөйлейтін Сəтжанның мына
сияқты əрі тез, əрі өте тапқыш қимылына Жанай таңданғандай бетіне қарай
берді. Сəтжан өзі дайындаған құрықшаны қолына алып, арқаннан ұстап
жылжып түсе жөнелді. Бағанадан бері жартастың басында шоқиып аңырып
тұрған Бөрібасар əлденеден мазасызданып қыңсылай бастады.
Ұяның тұсындағы мұрыншақ тасқа құрықшасын тіреп, Сəтжан
мысықша тырмысқан ептілікпен дік етіп түсе қойды. Сол жерде тұрып
балапандардың ұясына барудың əдісін ойлады. Ұяға сол жерден біраз солға
қарай жағалап қол созбаса, балапан алынбайды. Ал, жан-жағына тиянақ
етер бұдыр жоқ. Өзі тұрған тастың кемері тар. Əсіресе ұя жақ шетінің
кемері өте жіңішке. Осы жермен ұяға бару, балапанды алу қиынның қиыны.
Мына жерден қол да жетпейді. Өрмелеп шығуға тиянақ таты жоқ. Сəтжан
аз ғана ойланып тұрды. Қылыштың қыры сияқты кенере, тез ойланып
шешерлік қысылшаң жер. Құрықшаның жуантық басына байлап қойған
қармақ темірдің керек жері енді болды.
«Мынаны не қыласың, балапанды осы қармақпен аласың ба?» деген
Жанайдың сұрағына Сəтжан: «Керегін кейін көресің, əзір айтқанмен
ұтымсыз» деген болатын. Рас, керек жері жаңа келді.
Сəтжан құрықшаның қармақты басын ұяның кемеріндегі тастан
қапсыра салып тартып көрді. Көтеріле тартып салмағын салып та байқады.
Сенімді тəрізді. Белде арқан, қолда қармақ. Тас ұяға талпынған жас қайрат
қармақтан тартып, ұяға баруға бел байлады. Қарматын қапсырта қадаған
жерінен алмай, содан ұстап тұрып өрмеледі. Ұяның кемеріне қолы ілінді.
Тырмысып ұяға жетті.
Сəтжанды көргенде, бұйығып жатқан екі ақ үрпік балапан одан
шошына қозғалып шырылдай бастады. Тіршілік дəрменімен ауыздарын
ашып, қарақаттай көздері мөлдіреп жан қорғау лажын істегендей болды.
Беліндегі балапанға алған орауын шешіп Сəтжан екі балапанды ептеп қана
алып, мертікпейтін етіп орап мықтап байлады. Беліндегі арқанның осыған
арнап тағылған бос ұшына байлап, Жанайға «тарт» деп дыбыс берді.
Бағанағыдай емес, балапанды алғаннан кейін Сəтжаннан қорқу, сескену
қаупі қалып, мақсат орындалғандай тұла бойын қуаныш биледі. Ол өзінің
əлі де қия жартастың бетіндегі жалғыз арқанның тілінде тұрғанын
ұмытқандай болды.
Сəтжанның дыбысымен балапанды тартып алған Жанай Сəтжанға
қайта дыбыс берді:
— Енді ерлеп, тырмыса бер, өзіңді де мен тартам, — де¬ген даусы бүкіл
зəулім жартасты жаңғырықтырып жіберді. Жаңа ғана екі балапанды аялап
тұрған қия жартастың қиын қуысындағы əдемі ұя бар асылынан айрылып,
құлазып қала берді. Арқаннан саумалай тартып Сəтжан жоғары өрмелеп
кетті.
Балапанды алып Сəтжандар ауылға келгенде күн көтеріліп қалды.
Күндегі уақытта өре қоймаған бұзаулардың дыбысын сезген Зейне далаға
шыққанда, балапан құшақтап үйіне келе жатқан Сəтжанды көрді.
Баласының күн шықпай кетіп, алып қайтқан олжасына Зейне бұл жерде
онша түсіне қойған жоқ. Ол бұзаулардың отынан қалып, өруінен
кешіккенін көріп баласына қатты ұрыспақ болды. Тап осы сəтте ойда
жоқтан жортып келіп қалған Серікбайдың балапан ұстаған Сəтжанды керіп
дыбыстаған үні киіп əкетті.
— Қарағым, мұны қайдан танып алып жүрсіңдер? Мынау бір тəуір
ителгінің тұқымы. Ителгінің тұқымы төртке бөлінеді, оның асыл тұқымын
қаражағал болады, мынау мен танысам тап соның тұқымы. Түлей келе
көрерміз, ақ үрпік күнінің өзінде-ақ мына түскен қаражағал соның ізі.
«Таңбалы тастағы» ұя қиын еді ғой. Оған осал ителгі ұя салмайды. Жазым
болмай қалай барып алдыңдар? — деп Серікбай таңдана сөйледі. Ондай
ойдан хабарсыз тұрған Зейнеге өзіне сезілген қатердің бейнесі енді
елестеді. Ол қузар қиын жартастың қиясынан алған баласының табысына
енді түсінді. Бала да, алған балапаны да олжа дегендей ішінен ғана ризалық
етті.
— Əкелуін əкелді, баулуы атасынікі ғой, — деп Зейне Сəтжанның
еркелеп тұрған бетінен сүйді.
Зейненің тапсыруын тұспалдан ұққандай Серікбай Сəтжанға:
— Балапанның астына тобылғы төсеп қой, тұғырға отыруға жарап, оған
қонғанша жатақ болып қалмасын, — деп ақыл үйретіп құс күйіне баули
бастады.
|