АЛҒАШҚЫ СОНАРДА
Сабақ басталғалы бір ай уақыт болды. Колхоз фермалары да жайлау
өрістерінен оралып, өз орталықтарына келді. Сəтжандардың ауылы да
ауданға иек артпа жердегі қысқы қораларына қонды, жылы үйге кірді.
Содан бері Сəтжан құсын қолына алған жоқ. Бір нəрсені құнттағанда соған
біржолата құмарта істейтін əдетімен сабағына алданып, құсына көңіл
бөлмеді. Оған оның қолы да тимеді. Мектеп ішіндегі пионер ұйымының
жұмысын басқарады. Оқумен қабат ұйым жұмысын дұрыстап алғанша
тыным таппады.
Ауыл сонау Бақанасқа қонғаннан бастап құсының етін қайырып
Серікбай құсбегі аңға шығуға ерте-ақ дайындалған. Ол алғашқы сонарды
асығып күтеді, күн жылуы ерте қайтып үздіксіз жауған жаңбыр, қара суық,
құсын ерте арықтатып аңға салар күйіне келгеніне бірсыпыра болды.
Мысық тоғанының ойынан шауып үйілген шөпті тегіс əкеліп үйіп
Сəтжан күн бата үйіне келді. Дəл сол күні жылқыдан атын əкеліп Серікбай
сонар күтіп отырған-ды. Іңір арасында Сəтжан Серікбай үйіне барып біраз
отырды. Құсынын етін көріп:
— Пəлі-ай, ертең бір қансонар бола қалса, — деп тоқтады Серікбай.
— Сəтжан далаға шығып келші, қазір қар жауып тұр ғой деймін. Онда
күн тез ашылады. Сəті болса ертең аңға кетем, сен де жүр, аң қағып үйрен,
— деп Серікбай Сəтжанды жұмсады. Сəтжан үйге келіп қардың хабарың
айтқанда Серікбай күлімдеп, — Зейнеге айт, атыңды қамда, — деді.
Сəтжан өз үйіне келгенде қуана, шешесіне еркелей келді.
— Апа, аңшы атам ертең сонар болады, түлкіге ерте шығам, деп отыр.
Сіз жіберсеңіз атаммен бірте аңға барам, — деп Сəтжан шешесінен жауап
күтті.
— Қарағым, атаң апарса бар, жолың оңдалсын. Бірақ, сабатыңнан
кешігіп қалушы болма, — деді.
Осы сəтте ана мейрімінің арғы өзегін сезгендей Сəтжан жымиып
күлімсіреді. Ол апасының рұқсатын алысымен аңшылық қамын істеп,
жүгіріп атасына кетті.
Түн ортасы ауа күн суытып, жапалақтап қар жауып, ашылды. Серікбай
күткендей-ақ қансонар болып, қара жердің бетіне көпірген ақ қар төселді.
Таң алдында сонаршылар атқа мінуге қамданды. Ителгісін ала жүрмек
болып Сəтжан оны далаға алып шықты.
— Сəтжан, ителгіні апарып тұғырына қондырып бақылап кел. Сəті
болса екеумізге мына саршегірдің де қызығы жетеді. Ителгің бүркітке бөгет
болады, есіңде болсын, ителгіні көрсе бүркіт аңға ұшпайды. Бүркіттің бар
қорқатын құсы ителгі ғой, — деп Серікбай ақыл айтты.
Атасының айтқанын істеп, ителгіні тұғырына қондырып, Сəтжан да
құнанына мінді. Жаңа түскен ақша қардың ызғары шымыратқан таң
салқыны өтімді еді. Күйіне келіп аңсырап отырған кəнігі қыран ақша
қардың ызғарына шымырап бойын жинағандай дүр-дүр сілкінді. Қыранның
қанат-құйрығы жел үйірген шоқ құрақтай судыр-судыр етті. Аңға
шыққанда құсын шақырып дыбыс бермесін деп, үндемей жортатын
əдетімен Серікбай Ақшатау биігін бетіне алып жорта жөнелді. Кер құнанын
тебініп жіберіп Сəтжан да атасына ілесті.
Жауыны тынып жылтырап ашылған айлы түн, жаңа түскен ақша қар, ақ
торғын жамылған сұлудай алыстан бұраңдап көрінген Ақшатау. Қабақ
түйген қараңғы түн құшағы емес, жер əлемін нұрға бөлегендей үлпілдеп
түскен тұңғыш қарға малынған Ақшатаудың қара жартасты зор қиялары
еді. Таң белгісінен сұры қашып өлусірей бастаған жұлдыздар кек торғын
шатырта шашылған бриллианттай алыста жылтылдайды.
«— Қара жерге қар жауып,
Қарды көрген бір мұрат.
Қара жерден қар кетіп
Жерді көрген бір мұрат»
деген ел ойшылдығын Серікбай есіне алды. Жыл мерзімдерінің
құбылыстарына құмарлана сүйсінген қарт құсбегі тұңғыш сонарға
соншалық тойымсыз қомағайлықпен қарайды. Ол бала күнінен құмартып
қуған жан серігінің серпініндей қыранын қиядан ұстап, алпыс екі айлалы
түлкіге жібереді. Жан-тəнімен аң құмарлығына берілген кəрі аңшы көңіл
шөлін қандырады. Ол «Өнер өріне шығу өз мерейің, табысың халқың
үшін» деген халық нақылын да есінде ұстап келеді. Қыран құсты баптап,
қыр тағысын қырғызып еліне асыл аңнан табыс береді.
Ал, атыңа мін, мен де тұрғыға таяндым дегендей Серікбай бір қиядан
көрініс берді. Сəтжан да атасы айтқан жобамен ізді қуалай, қорымды сайға
қарай өрлеп келеді. Біраздан кейін түлкі ізі бұлтарып басқа бір қолат сайға
жалт берді.
Сəтжан ізді қойып қалың қорымның етегіне іліне дабыл қақты. Үнсіз
тұнып тұрған терең шатқал селт еткендей күңіреніп кетті.
Сəтжан дабылына ұшқандай шыңның құзар басынан құйыла саршегір
де ойнап аспанға шыға келді. Дабыл қағуды қоя салып, Сəтжан құйқылжи
ұшқан қыранның қанат қату қимылын бағып көзі аспанда.
Қиядан оқтай ойнап ұшып шыққан қыран зыптай аққан бетімен қалың
қорымның дəл үстіне келді. Түнеріп тұрған бұталы қойнауына қарай үңіле
құйылып келіп, жарқ етіп қайта аспанға шықты. Құстың түйілген жерінен
бір сезік алғандай Сəтжан да көзімен қалың қойнауды тінтті.
Құйылып келген қыраннан қаймықпастан жалтыр қияға кере тұра
қалған айлашыл алқызыл тағы шұбатылып жөнеле берді. Қайта серпіліп
аспанға ұшқан қыранға жекпе-жекке келсең кел дегендей қызыл күрең тағы
көлеңдеп қия бетке қарай құлаш ұрды. Көріп жайған ақ жібекке маржан
домалатқандай түлкі сырғып барады. Қорымның қыр жағындағы кер
қайқаңның будырап түскен көбік қарына ойындағы көлеңкелі қорымның
күн тигізбей жетілткен асыл мүлкін бұлаңдатты. Жарқ етіп аспанға шыққан
қанды көз қайта түйіліп, қанат-құйрығын қомдап алып, түлкіге шаншыла
келіп құйылды. Қашып құтылмасын білген əдісқой түлкі қайқаңда тағы
тұра қалды.
Құйрығын қоқайтып, ыржалақтап айбат шегіп керіп тұрған түлкі көзін
қан жауып, тоятын көріп түйілген қыранға қаймығып қалар қайрат болып
еленген жоқ. Қалшылдаған қанішер батылдықпен жарқ етіп таңнан бір
сыпырып, қас қаққанша түлкімен ұмар-жұмар болды да қалды. Атасы
айтқан ақылдың осы минутте қалай есінен шыққанын кім білсін, Сəтжан
алдындағы қия құзға қарамастан тұра шапты.
«Қар аппақ, түлкі қызыл, бүркіт-қара
Жəне ұқсар қаса сұлу шомылғанға»
деген Абай өлеңі тап осы сəтте Сəтжанның көз алдында ақ қарға алтын
сиямен жазылып, мені оқы деп тұрғандай еді.
Өрден ылдиға қарай шапқан Серікбай құсымен түлкінің майдандасқан
жеріне Сəтжаннан бұрын жетті. Құнанын тастап Сəтжан келгенде, ал-күрең
түлкіні сұлатып салып, атасы сол түлкінің бір санын шығарып алып,
қыранына қызыл тартқызып отырды. Бір қаққан қабағынан барлық
атырапты сүзіп көріп алғандай саршегір де иесіне мақтанғандай алыс
төңірекке тəкаппар ерлікпен көз салып құйқылжып қарайды.
|