Төртінші кезең (1991-2003). 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңға сәйкес Қазақстанның тәуелсіздік алуына байланысты партиялық құрылыстың жаңа кезеңі басталады [66].
1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің тоғызыншы сессиясында қабылданған тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы жас мемлекеттің плюралистік демократияны орнатуға деген ынтасын бейнеледі. Негізгі заңның 10-тарауы Қазақстандағы саяси партиялардың институционализациялануының конституциялық-құқықтық іргетасын бекітті. Оның ішінде, 56-бап қазақстандық саяси партиялардың құрылуының, оның қызметінің және қызметінің тоқтауының тәртібін реттейтін арнайы заңның қабылдануын қарастырады.
1994 жылдың өзінде Орталық сайлау комиссиясының деректері бойынша Жоғары Кеңестің 13 шақырылымының 176 депутатының 75-і саяси партиялардан және өзге қоғамдық-саяси ұйымдардан сайланды [63. 14 бет].
1995 жылы Қазақстан саяси жүйені одан әрі либералдандырды. Осы жылы 30 тамызда елдің жаңа Конституциясы қабылданып, партиялық құрылысты одан әрі жетілдірді [67].
Негізгі заңның 5-бабында тұңғыш рет саяси партиялардың конституциялық-құқықтық мәртебесін анықтайтын маңызды ережелер бекітілді. Профессор Ғ. Сапарғалиев оларды былайша жіктеді:
1. Идеологиялық және саяси әралуандылықты тану, яғни, түрлі идеологияларға арқы сүйейтін, түрлі саяси партиялардың пайда болуы үшін конституциялық негіз орнату. Бұл, өзінің қызметін конституциялық негізде жүргізетін саяси партиялар легитимді болып табылады дегенді білдіреді.
2. Саяси партиялар тәуелсіз, жеке саяси ұйымдар болып табылады. Яғни, олар мемлекеттік органдармен бірікпейді және оларға тәуелді емес. Саяси партиялар мен мемлекеттің бірігіп кетуіне жол бермеу мақсатында, Конституция мемлекеттік органдарда саяси партиялардың құрылуына тыйым салады.
3. Конституция барлық саяси партиялар заң алдында бірдей деп бекітеді. Бұл бірде бір партия ерекше жағдайға, қандай да бір артықшылыққа не үстемдікке ие бола алмайды дегенді білдіреді.
4. Конституция саяси партиялардың ісіне мемлекет органдарының заңсыз араласуына тыйым салады. Бұл жерде заңсыз араласу деп саяси партиялардың Конституцияда, саяси партиялар туралы заңда бекітілген және қарастырылған мәртебесін бұзатын әрекеттерді түсіну қажет.
5. Конституция мемлекеттік органдардың функцияларын саяси партияларға жүктеуге тыйым салады.Мемлекеттік органдар өзіне жүктелген міндеттерді өзі атқаруы тиіс.
6. Конституция саяси партияларды мемлекеттік қаржыландыруға тыйым салады. Олар өз қаржыларына, Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары бөлген қаржыға өмір сүруі мүмкін. Саяси партиялар шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардан, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан қаржы алуға тиіс емес. Мұндай құқықтық норма саясатқа, мемлекеттің қызметіне сыртқы фактордың араласуына жол бермеу мақсатында енгізілген.
7. Конституция мақсаты мен әрекеті еліміздің конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге, республиканың тұтастығын бұзуға, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық араздықты тұтатуға бағытталған саяси партиялардың құрылуына және қызметіне тыйым салады.
8. Конституция саяси партиялардың діни негіздегі қызметіне тыйым салады. Бұл конституциялық ережені екі мағынада түсінуге болады: 1) діни көзқарасты басшылыққа алып саяси партия құруға болмайды; 2) құрылған және тіркелген саяси партиялар өз қызметін діни идеологияға сүйеніп жүргізуге құқығы жоқ.
9. Конституция Қазақстан Республикасында өзге мемлекеттердің саяси партияларының қызметіне тыйым салады. Мұндай тыйым салу Қазақстан Республикасының егемендігін қамтамасыз ету қажеттілігінен туындайды.
Жоғарыда келтірілгендерден түйетініміз Қазақстан Республикасының Конституциясы саяси партиялардың ұйымдасуы мен қызметі үшін кең конституциялық негіз берген [68].
Сондай-ақ, 1995 жылғы Конституция ережелерін Қазақстан Республикасындағы «Қоғамдық бірлестіктер туралы» (1996. 07. 02.), «Саяси партиялар туралы» (1996. 07. 02.), «Сайлау туралы» (1995. 09. 28.), «Қазақстан Республикасы Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» (1995. 10. 16.) Конституциялық Заң күші бар Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары және т.б. нормативтік актілер одан әрі жетілдіруге өз үлестерін қосты.
«Қазақстан – 2030» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2001 жылдың 4 желтоқсанындағы Президент Жарлығына сәйкес, Қазақстанның 2010 жылғы дейінгі дамуының стратегиялық жоспарында партия туралы заңды одан әрі жетілдіру бағыты айқын көрініс тапқан [69].
Дәлірек айтсақ, онда көппартиялық жүйеге жағдай туғызу қажеттілігі көрсетілген, яғни:
- аяси партиялар шын мәніндегі беделге, халықтың қолдауына ие болулары тиіс және саяси стратегияларды жасауға қабілетті болуы керек;
- қазіргі саяси партиялар мен олардың парламенттік фракциялары қоғамның барлық бөлігінің мүдделерінің саяси өкілдігінің болашақ құрылымын қалыптастыру үшін алғашқы жағдайларды туғызуға міндетті;
- партиялар қоғамдық пікірді дауыс беру жолымен білдіруге жағдай туғызуға, қоғам мен мемлекеттік органдар арасында тұрақты байланысты жүзеге асыруы тиіс. Партиялық қызметтің негізінде саяси элитаны таңдау және дайындау, басқару аппаратының кадрларын дайындауды жүзеге асыруы тиіс;
- мемлекеттегі көппартиялылықтың өмір сүруі, азаматтардың саясатқа қатысуына мол мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін қажетті жағдайлардың бірі ретінде болуы тиіс;
Парламенттегі партиялық фракциялардың рөлін арттыру үшін, Парламенттегі партиялық фракциялардың қызмет ету механизмін нақты анықтайтын заңның қабылдануы қажет.
2002 жылдың 15 шілдедегі жаңа «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды [39]. Онда негізінен саяси партиялардың құрылуы және мүшелерінің саны, партиялар жарғысының қажетті ақпараттық минимумы, олардың қызметін тоқтатудың негіздері мен мерзімдері айтарлықтай өзгеріске ұшырады.
Партияларға жаңа заңның талаптарына байланысты қайта тіркеуден өту ұсынылды. Осының барлығы қазақстандық партия жүйесіне әсер етті.
Егер 2002 жылдың маусымында Қазақстанда «Қазақстанның Халық Конгресі» партиясы, «Алаш» ұлттық партиясы, Қазақстанның социалистік партиясы, Қазақстанның коммунистік партиясы, Халықтық-кооперативтік партия, Қазақстанның қайта өрлеу партиясы, Қазақстанның Республикалық Еңбек саяси партиясы, Азаматтық партия, Әділеттік партиясы, Республикалық халықтық партия, Аграрлық партия, «Азамат» Қазақстанның демократиялық партиясы, Қазақстан әйелдерінің демократиялық партиясы, Шаруалардың «Ауыл» социал-демократиялық партиясы, Қазақстан патриоттарының партиясы, «Қазақ елі» ұлттық бірлесу партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы, Орыс партиясы, «Отан» республикалық саяси партиясы сынды 19 партия өмір сүрсе, жаңа заңның талабына сәйкес қайта тіркеуден мына партиялар өте алды: Азаматтық партия, «Отан» республикалық саяси партиясы, Коммунистік партия, Аграрлық партия, Шаруалардың «Ауыл» социал-демократиялық партиясы, Қазақстан патриоттарының партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы.
Келесі 4 партияға, яғни, «Алаш» ұлттық партиясына, Орыс партиясына, Қазақстан әйелдерінің демократиялық партиясына, Қазақстанның қайта өрлеу партиясына мемлекеттік қайта тіркеуден өтуі үшін қажетті мүшелер санын жинағанына қарамастан, Азаматтық кодекстің, «Саяси партиялар туралы», «Коммерциялық емес ұйымдар туралы», «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарының талаптарын бұзғанына байланысты тіркеуден өткізуден бас тартылды.
Еңбектің республикалық саяси партиясы мен Халықтық-кооперативтік партиясы «Отан» республикалық саяси партиясының құрамына енді.
Қалған 6 партия, яғни, «Қазақстанның Халық Конгресі» партиясы, Социалистік партия, Республикалық халықтық партия, Әділеттік партиясы, «Азамат» Қазақстанның демократиялық партиясы, «Қазақ елі» ұлттық бірлесу партиясы жаңа заңның талаптарына байланысты тиісті мүшелер санын жинай алмағындықтан қайта тіркеуден өтуге бас тартты.
Саяси процестердің дамуына байланысты елімізде тағы бірнеше әртүрлі бағыттағы партиялар пайда болды. Атап өтер болсақ, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы (бүгінгі күнде аталған партия Конституцияға қайшы әрекеттер жүргізгендіктен, заңға сәйкес сот шешімімен таратылды), «Асар» саяси партиясы, Қазақстан коммунистерінің халықтық партиясы, «Руханият» партиясы және Қазақстанның демократиялық партиясы.
Кесте №3. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркелген партиялар тізімі
|
Партия атауы
|
Куәлік нөмірі мен тіркелу мерзімі
|
Жетекшінің аты-жөні
|
Мүшелер саны
|
Тіркелген филиалдары жайлы мәлімет
|
1
|
« Ақ жол » Қазақстанның демократиялық партиясы
|
№580р
12.12.2002ж.
|
Бәйменов Әлихан Мұхамедияұы
|
57406*
|
барлық облыстарда
|
2
|
Қазақстанның азаматтық партиясы
|
№15р
10.01.2003ж
|
Перуашев Азат Тұрлыбекұлы
|
63458*
|
барлық облыстарда
|
3
|
«Отан» республикалық саяси партиясы
|
№14р
10.01.2003ж
|
Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлы
|
111123*
|
барлық облыстарда
|
4
|
Қазақстанның аграрлық партиясы
|
№97р
06.03.2003ж
|
Мадинов Ромин Ризович
|
52567*
|
барлық облыстарда
|
5
|
Қазақстанның патриоттар партиясы
|
№125р
21.03.2003ж
|
Қасымов Ғани Есенгелдіұлы
|
51188*
|
барлық облыстарда
|
6
|
Қазақстанның коммунистік партиясы
|
№123р
20.03.2003ж
|
Әбділдин Серікболсын Әбділдаұлы
|
52246*
|
барлық облыстарда
|
7
|
Қазақстанның «Ауыл» социал-демократиялық партиясы
|
№142р
02.04.2003ж
|
Қалиев Ғани Әлімұлы
|
61043*
|
барлық облыстарда
|
8
|
«Руханият» саяси партиясы
|
№
06.10.2003ж
|
Жағанова Алтыншаш Қайыржанқызы
|
|
барлық облыстарда
|
9
|
«Асар» республикалық саяси партиясы
|
№
19.12.2003ж
|
Назарбаева Дариға Нұрсұлтанқызы
|
|
барлық облыстарда
|
10
|
Қазақстанның коммунистерінің халықтық партиясы
|
№
21.06.2004ж
|
Косарев Владислав Борисович
|
|
барлық облыстарда
|
11
|
Қазақстанның демократиялық партиясы
|
№
14.06.2004ж
|
Нәрікбаев Мақсұт Сұлтанұлы
|
|
барлық облыстарда
|
*- тіркелген кездегі саны
Партиялар туралы заңды реформалауға қарамастан, елдегі саяси жағдайға байланысты жаңа саяси партиялар пайда бола бермек.
Қазақстан Республикасындағы саяси партиялардың құқықтық институционализациялануының негізгі кезеңдерін қарастырудың нәтижесі, елдегі азаматтардың саяси партияларға бірігуге конституциялық құқығын жүзеге асыру, идеологиялық және саяси әралуандылықтың даму ағымын одан ары бекіте түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |