2. Қазақстан Республикасындағы саяси партиялардың қызметінің конституциялық-құқықтық аспектілері
2.1. Саяси партиялардың құрылуының, қызметінің және тарауының құқықтық негіздері
Азаматтың конституциялық-құқықтық мәртебесін құрайтын маңызды саяси құқықтардың бірі болып, бірлесу құқығы, яғни, әртүрлі ұйымдарды еркін құру, оған қосылу немесе одан шығу құқығы табылады.
Нормативтік-құқықтық актілерде бұл құқық әртүрлі аталады: одақ құру еркіндігі [70], ассоциация құру еркіндігі [71], бірлесу еркіндігі.
1993 жылы 28 қаңтарда тәуелсіз Қазақстанның бірінші Конституциясының қабылдануы «бірлесу құқығының мәнін» дұрыс түсінуге алғашқы қадамды жүзеге асырды. Конституцияның 16 бабына сәйкес, республика азаматтары өздерінің құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру үшін ерік бостандығы мен мүдделер ортақтығының негізінде қоғамдық бірлестіктер құруға құқылы болды [72].
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясында да азаматтардың бірлесу еркіндігі құқығы көрініс тапқан (23 бап, 1 б.). Ал осы жалпы құқықтың ерекше түрі ретінде саяси партияларды құру еркіндігі одан бөлініп шығады («Саяси партиялар туралы» ҚР Заңының 3-бабының 1 б.). Себебі, саяси партиялардың мемлекетте ойнайтын рөлін ескере отырып, олардың қоғамдық бірлестіктердің өзге түрлерінен айтарлықтай айырмашылығы бар екендігін мойындауымыз керек.
Қазақстан Республикасының азаматтары саяси партияларға бірлесу еркіндігі құқығына ие (3 бап, 1 бөл.). Бұл, азаматтар өзінің еркі бойынша, өздерінің саяси көзқарастары мен сенімдеріне сәйкес, өз еркімен, ешкімнің қысымынсыз саяси партия құруға және оған кіруге құқылы. Бірлесу еркіндігі құқығы, сонымен бірге, азаматтардың өз еркімен саяси партиядан шығу құқығын да білдіреді.
Саяси партияға мүшелік, азаматтардың құқығы мен бостандығын шектеуге негіз бола алмайды. Кез-келген мемлекеттік органға, ұйымға азаматтардың белгілі бір партияда болуына байланысты олардың құқықтары мен бостандықтарын жұмысқа қабылдау, арыз-шағымдарын қарау және өзге де әрекеттер жасау кезінде шектеуге тыйым салынады. Бұл норма сондай-ақ, тең дәрежедә мемлекеттік емес ұйымдарға да таралады.
Азаматың қай партияға жататынын көрсетуге міндетті еместігі жайлы норма да демократиялық және гуманды болып табылады.
Азаматтардың саяси партияларға бірігу құқығы туралы сөз қозғай отырып, біз бәрінен бұрын, оларда азаматтық әрекет қабілеттілігінің болуын түсінеміз. Яғни, саяси партияға кіруге немесе оны құруға сотпен әрекет қабілеттілігі жоқ немесе жартылай жоқ деп танылған тұлғаларға тыйым салынады. Шетелдік заң, оның ішінде ГФР-дің Бундестагқа сайлау туралы Федералды заңына сәйкес қылмыскерлерден басқа, мұндай тұлғалар ретінде ақыл-есінің кемдігіне байланысты әрекет қабілеттілігінен айырылған тұлғаларды айтады.
Қазақстан Республикасы «Саяси партиялар туралы» Заңында мұндай шектеулер болмаса да, заңға сәйкес толық азаматтық әрекет қабілеттілігіне ие азаматтар ғана саяси партиялар құруға және оған кіруге құқылы деген қорытынды жасауғы болады.
Саяси партияны құруға құқылы субъектілерді анықтауға орай, азаматтық туралы сұрақты да қарастыру маңызды болып табылады. Яғни, шетелдік және азаматтығы жоқ тұлғалар саяси партиялар құру құқығына ие ме? Шынында да, партиялық күреске белсенді араласқан шетелдіктер күрестің нәтижесін өз мемлекетінің пайдасына жаратпасына кім кепіл? Тек өзіміздің азаматтар ғана мемлекетіміздегі әлеуметтік тұрақтылық пен саяси тәуелсіздікті қамтамасыз етуге мүдделі. А. Сағындықованың атап өтуінше: «Конституциядағы азаматтардың бірлесу еркіндігі құқығына, оның ішінде саяси партияларды құру құқығына тек Қазақстан Республикасының азаматтары ғана ие деп түсіну қажет» [73]. Сондықтан шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғаларға қазақстандық партияларға мүше болуға тыйым салатын норманың негізділігі мен әділеттілігі күмән туғызбауы тиіс.
Алайда, осы мәселеге қатысты басқа да пікір бар. Мысалы, К. Токмаковтың пайымдауынша, егер шетелдіктердің саны өте аз болса, онда олардың партияға кіруін шектеудің қажеті жоқ. Оның пікірінше, шетелдік және азаматтығы жоқ тұлғалар партия құруға немесе оған кіруге құқылы болады, егер сол партияның немесе оның басшы органдарының мүшелерінің көбі, сол партия тіркелген мемлекеттің азаматтары болса [51. 89-90 бб.]. ГФР-дің саяси партиялар туралы заңында осыған ұқсас норма бар: «Егер олардың мүшелерінің немесе басқарма мүшелерінің көпшілігі шетелдіктер болса, онда ол саяси бірлестік партия болып табылмайды» [2-тақырып, 3.1.бөлім] [74].
Қазақстандық заң азаматқа тек бір ғана партияға мүше болуға рұқсат береді (3 б. 2 бөл.). Б. Машанның пікірі бойынша, мұндай шектеуді партияның ішкі ісіне, азаматтың жеке өміріне араласу ретінде бағалау керек [56. 46 бет]. Бірақ, біздің пікірімізше, бұл ереже азаматтың саяси құқығын шектеуді білдірмейді. Мәселен, кез келген саяси партия өзінің қызметін белгілі бір идеяларға сүйену негізінде жүргізеді. Бір идеяға сүйенген, екі партияның болуы мүмкін емес. Мұндай жағдайда, азамат өзінің саяси симпатиясын анықтап, бір партияны таңдауы тиіс.
Сондай-ақ, партия туралы заң бірлесу құқығын шектейтін өзге де нормаларға ие. Соның бірі – саяси партиялардағы ұжымдық мүшелік (6 б. 2-бөл.). Шетелдік заңдарда бұл мәселе әртүрлі шешілген. Мысалы, француз заңы ассоциацияға заңды тұлғалардың енуіне рұқсат берген. Ал ГФР-дің саяси партиялар туралы заңы, партия мүшелігіне тек жеке тұлғалар енетіндігін жариялады. Біздің пікірімізше, азаматтар белгілі бір партияға мүше болуы үшін сол партияның бағдарламасымен, мақсатымен келіскен және белгілі бір сенімге ие болуы керектігі, біздің отандық заңда бекітілгендей, жеке тұлғалардың жеке-дара мүшелігін қамтамасыз етеді.
Заң әскери қызметшілерге, ұлттық қауіпсіздік органының, құқық қорғау органының қызметкерлеріне, судьяларға белгілі бір партияны қолдауға тыйым салады. Аталған шектеулердің мақсаты – саяси партиялардың мемлекеттік органдардың және қарулы күштердің қызметіне аралсуына жол бермеу.
Еліміздің көпұлтты және көпконфессиялы болуына байланысты және мемлекетіміздегі рухани бірлік пен ұлтаралық келісімді сақтау мақсатында саяси партиялар туралы Заңның 5-бабының 7-бөлігіне сәйкес, конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге, республика тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық араздықты тұтатуға бағытталған партиялар құруға немесе оның қызметіне тыйым салады.
Сөйтіп, біз жоғарыда саяси партияларға бірігу құқығының мазмұнын қарастырдық. Азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мемлекеттің тәуелсіз дамуын, рухани және ұлтаралық келісімді, қоғамның саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында бірігу құқығын шектейтін нормаларды талдадық және объективті негіздедік.
Саяси партиялардың құрылу және мәртебеге ие болу тәртібінің реттелуі, конституциялық актілерде әдеттегі заңдарда немесе тиісті сот инстанцияларының шешімдерінде орын алатын құқық нормаларының көмегімен жүзеге асырылады [75]. Саяси партиялардың құрылу процедурасының үш түрін атауға болады: келісімсіз-ақ құрылушы (явочный), рұқсат алуды қажет етуші (разрешительный), келісімсіз-ақ құрылушы және тіркеуді қажет етуші (явочно-регистрационный).
Достарыңызбен бөлісу: |