Емдеу, вакцина және сақтандырғыш жайлы таңғаларлық «жаңалықтар» Біз ЖҚТБ-ға қарсы жасалып шығарылған ғажайып жаңа дәрі-дәрімектер туралы апта сайын дерлік оқып не естіп жатамыз. Бізге біреу вакцина тауыпты, енді сақтандырғышты (мүшеқапты) қолданса, жыныстық қатынаспен айналысу қауіпсіз дейді. Егер осылар рас болса, бұл шынымен жақсы жаңалық. Бірақ ол солай ма? Кейбіреулер егер пәктігін жоғалтпаған адаммен жыныстық қатынасқа түссең, ЖҚТБ-дан айығасың дейді. Сандырақ. Адамдардың соншалықты сенгіштігі таңғалдырады.
Сіздің оқитындарыңыз бен еститіндеріңіздің көбі — бос сөз. Егер кейбіреулер айтып жүргендей ЖҚТБ-ның дәрісі табылса немесе жақсы вакцина табылған болса, дәрігерлер, медбикелер және үкіметтер уайымдауларын доғара алар еді. Бәрінің де инфекцияның таралуының алдын алу қамын ойлап жүруінің себебі оның ешқандай емі жоқтығында және ертелі-кеш пайда болу мүмкіндігінің аздығында. Қазіргі уақытта тиімді вакцина жоқ және алдағы онжылдықта табылып қалуы да неғайбіл. Одан сорақысы — көпшілік жұрт ойлағандай сақтандырғыштар (мүшеқаптар) сондай қауіпсіз де емес.
Мен жуық арада вирусты өлтіретін, ағзамызға қауіпсіз дәрі-дәрмектер шығарылады деп үміттенемін. Сол іске асқанда, бізде тұмаудың, әдеттегі суық тиюдің, полиомиелиттің, сарыаурудың (гепатит), ұшықтың (герпес) және көптеген басқа аурулардың, сонымен бірге ЖҚТБ-ның де дәрі-дәрмектері болады. Бірақ оған әлі алыс.
Қазіргі шақта бізде оны жүзеге асыратындай қажетті технология жоқ. ЖҚТБ-ны емдеу үшін бізге ағзаның ішіндегі әрбір жеке жасушамен жұмыс жасай алатындай ғажайып құралдарды ойлап табу керек. Адамды Айға немесе Марсқа қондырудың өзі ЖҚТБ-ға қарсы дәріні ойлап табумен салыстырғанда, оп-оңай ғана шаруа. Оны тапқан адамның есімі ең ұлы өнертапқыштардың бірі ретінде адамзат тарихында мәңгі қалатын болады. Ол туралы ХХІІ ғасырда да кітаптар жазылатын болады. Ал бізге әзірше жүздеген лақап «емдеулер» жайлы оқуға тура келеді. Мәселе ЖҚТБ-ға шалдыққан адамдардың сол аурудың өзінен өлмеуінде. Өзіміз байқағандай, адамдар ЖҚТБ-ның ағзаны әлсіретуінің нәтижесінде пайда болған аурудан немесе инфекциядан өледі. Дененің осы инфекциялардан құтылуына көмегін тигізетін дәрілердің бәрі науқасқа үлкен қолғабыс бола алады. Науқастар үйлеріне сергек болып оралады және кейде бірнеше ай бойы өздерін жақсы сезінеді. Олар тағы бір жаңа инфекцияны қабылдағанша, адамдар оларды айығып кетті деп ойлайды. Және бұл лақап сөз бен жалаң мәліметке жол ашады: «Мен мына ерекше антибиотикті қабылдай сала бір күннен кейін ауруымды түгелдей ұмытып, ауруханадан шықтым. Енді менде ЖҚТБ жоқ».
Бірінші айтылған ой дұрыс, ал екіншісі — өтірік. Адам кез келген уақытта тез арада өліп кетуі мүмкін. Жауынгер жасушалар әлсірей береді және ағза күн өткен сайын жаңа микробтарға мойынсұнғыш келеді. Тіпті адам тәуір болып көрінгенімен, оның төрінен көрі жақын.