Өлімге деген төрт жауап Адам өзінің өлетінін білгенде, төрт нәрсе болады. Біріншіден, адамның басым қасиеттері өзгереді. Егер дәрігерлер оның Жаңа жыл қарсаңында өлетінін айтқан болса, оған колледждегі оқуын жалғастырудың қажеті бар ма?
Екіншіден, қарым-қатынастар өзгереді. Оның ең жақын досы бұл жаңалықты қабыл алуға дәті бармай, ауруханаға бір келуге де жарамайды. Ал бұрын-соңды ешқашан араласпаған, сырттай ғана таныс болған өзге адам оған үлкен жігер береді. Ауруы ушығып, өлімге бет бұрған шақта ғана науқас өзінің кім екенін және өзі үшін кімнің қымбат екенін біледі.
Үшіншіден, осы уақыт орны толмас өкініштің кезеңіне айналуы мүмкін. Кейбір адамдар өткен өміріне көз жіберіп, егер өмірдің осындай қысқа екенін білген болсам, көп нәрселерді басқаша істеген болар едім деп уайымдайды.
Ақырында адамдар болашаққа көз жүгірте бастайды. Менің сөйлескен адамдарымның көпшілігі өлімнен емес, өлуден қорқады. Олар өзін-өзі ұстай алмай қалудан, біреуге масыл болудан, басқаға толықтай тәуелді болудан, жан ауырпалығынан, өлімнің тұншықтыруынан, ақыл-есінен, қозғалу қабілетінен айырылып қалудан қорқады.
Бірақ бұл қорқыныштың тағы бір өлшемі бар. Шынымен де бұл өмірден басқа еш нәрсе жоқ па? Мен расымен-ақ жеке адам ретінде денемді құрап тұрған жай ғана молекулалардың жиынтығы болғаным ба? Мен өлсем, ақырына жеткенім бе әлде қандай да бір тіршілік бар ма?