II. Батыр Баян поэмасының көркемдік қабаты
М.Жұмабаев поэмалары сюжетті не оқиғасыз лирикалық поэма түрінде де берілген. Ұлттық тарихымыздың қаһармандары ақын идеяларымен көркем бейнеге айналып, поэмаларда бір сарынмен тоғысып отырады.
Ал, ақын идеялары қазақ еліне келген саяси өзгерістермен тығыз байланысты еді. XX ғасырдың басы қай қоғамды да объективті түрде екіге бөлді. Бұл кезеңде әдебиетті де ашық та, өткір пікірталас күшейіп, бүкіл халықты таптық жікке бөлген үлкен тарихи тартысқа айналды. XX ғасырдың басындағы әлемдік мәселе-адам бостандығы Мағжан Мағжан шығармашылығының да негізгі проблемасы болып табылады. Өз тұсындағы қоғам құбылысының күрделі сипаты ақын романтизмінің мазмұнына айналды.
Мағжа образдары тарихи тұлғаларға, көркем интерпретацияға жасау арқылы сомдалған. Автор өзінің эстетикалық принциптерін жүзеге асыру мақсатында көркем құралдарды лайықтай жинақтап, және жүйелі түрде тізбектей қолданған. Бүкіл образдарда жалғыздық және өлім мотиві көрініс беріп отырады.Мағжан. өз поэмасында көркем интерпретация жасау әдісімен трагедиялық жаңа образ сомдаған. Ақын бас қаһарман Баянның саяси әлеуметік тұрғыдан батырлық образын, рухани-гуманистік тұрғыдан психологиялық портретін, тұрмыс-тірлік тұрғысынан пендеуй болмысын ашқан. Тақырып поэмада мынандай жолмен ашылып, беріліп отырады:
Ол күндер аз қазақ пен қалың қалмақ
Қыран мен қара құстай алысқан шақ,
Баласы алты алаштың Абылайдың
Астында ақ туының алысқан шақ.
Қазақтың батырлары бәрі қыран
Сонда да бір батыр жоқ Баяндай тап.
Баянның батырлық іс-әрекеттерін сомдайтын ақын қолданысындағы көркемдік бейнелегіш құралдарды тізбектей жүйелесек былай болып дамымақ: "көп жаудың албастысы, ел еркесі","наркескен,өрттей ескен, қайтпас болат", "қандыбалақ батыр", " сорғалап сұңқардайын", " жолбарыста жалғыз ойнап", "аш бөрідей", "жебесі көбе бұзып", "тұлпар", "қайтпас алмас", "ер", "сұп-сұр болып", "арыстан", "түнерген қара бұлттай қара түн", "көкжал", "қыран".
Поэмадағы көркемдегіш құралдар ситуацияға қарай құбыла өзгеріп оқиғаға қосымша рең беріп отырады. Автордың көркемдік құралдарды ойнатудағы суреткерлік шеберлігі образ қуаттылығына әкелсе, құрылымдық элеметтердің өзара байланысы шығарманың тақырыптық-идеялық нысанасына қызмет еткен. Мысалы, мына жолдарда Баянның патриоттық тұлғасы сомдалады:
«Жау!» десе жатпайтұғын Батыр Баян,
Бірін айт, бірін айт та, бас
Баяндай "Алашым!" деп еңіреп пе еді?
Айналып оны айт, мұны айт,Баянды айт,
Ер Баян Алашының бетін жуған.
Ақынның негізгі тәсілдерінің бірі-қаһарман образына көпшілікке тән психологиялық ерекшеліктерді қарсы қою арқылы ашу
Ақын Баян мінезінің батырлық қырын күрделі әрі жан-жақты қолданыстар жасау арқылы жинақтаған. Ал бас қаһарманның психологиялық сипатын ашу үшін таңдалған махаббат оқиғасы басты планның құрамдас бір бөлшегіне айналған. Ақын поэмада Баянның психолгиялық портретін азаматтық қастиеттерімен толықтыра түседі. Мысалы:
Кәусердей татқан адам қалар көкбай,
Шын ер ғой батыр Баян алып қайтқан
Еліне сол сұлуды естен танбай,
Ер Баян жас сұлуды алып келген.
Сұңқардай бабындағы сұқсыр көрген.
Қан жауып екі көзін қанды балақ,
Ілмиген қоңыр қазды көңіл бөлген.
Баламасын жас сұлудың білгеннен соң
Ақын поэмада Баян жан-дүниесінің жұмбақ сырын, жаратылысын, адами табиғатын монолог арқылы ашады. Бұл жерде сананың қызметі өте күрделі, түпсана (Ш.Елеукенов термині) адам ырқын өзіне бағындырар сиқырлы тылсым құбылыстың бірі ретінде дәлелденген.
Ақын махаббат трагедиясы арқылы Баян ғашықтығының күрделі табиғатын ашқан. Және автор дәлелі нанымды шыққан. М.Жұмабаев шығармалары өзіне тікелей өмір фактілері мен құбылыстарын жинақтаумен бағалы. Шығармадағы оқиғалардың іске асуынан біз нақты өмірдің өз заңдылықтарын көреміз, ал қозғалысқа (байланыс, қарым-қатынас) түсуінен өмір процестерін бақылаймыз.
«Батыр Баян» поэмасындағы махаббат оқиғасының жалпы фабуласы: өлтіруге көзі қимаған жау сұлуын Баян еліне әкеліп, ерік береді. Бүлдіршін жас Ноян қызға ғашық болып, «сұм» сұлудың арбауымен «жау» еліне қашады. Қызғаныш сезім мен ел намысы жанын күйдірген Баян екі жасты құрбан етеді. Мысалы:
Жауының бір жорықта бір сұлуын
Ер Баян алып қайтқан артына сап.
Баянның алып қайтқан сол сұлуы-
Балдырған бөбек дерлік он төрт жаста-ақ.
Сол сұлу сұлу екен, атқан таңдай,
Бір соған бар сұлулық жиналғандай,
Торғын ет, шапақтай бет, тісі меруерт,
Сөздері су сылдырлап құйылғандай.
Қыз портретін жасауда ақын ауыз әдебиеті элементтерін қолданумен қатар, өзіндік жаңа қолданыстар жасаған. Мысалы: «бір улап, біір айнытқан» көзқарас «сұм» сөзімен астарлас, яғни ақын сұлу жан-дүниесін, ондағы айлалы, ақылды көзқарасы арқылы берсе, «сөнбей-жанбай» тіркесі салқын қанды, бірқалыпты, парасаттылықты, «жұлдыздай еркелеуі» теңеуі арқылы қол жеткізбестей мазмұнды сұлулығын бейнелеген. Сонымен бірге поэмада қалмақ қызының патриоттық сезімі де аса терең:
Қалмақтың қайсар қызы қайрылмаған,
Болаттай жосу білмей, мойырылмаған.
Жап-жас қыз сұмдығы мол сыр бермейді,
Жандай-ақ ойдан аулақ қайғырмаған.
Алаштың аруы боп кетсе дағы,
Жанымен өз жұртынан айырылмаған.
Мағжан қалмақ жерін қазақ жерінен кем суреттемейді, жау өкілінің жандүниесін де Баян қайғысынан кем ашпайды. Яғни ақын көркем өнер әлеміне саяси рең бермеген. Рухани мазмұнсыз жалаң патриотизм, дөрекі ұлтшылдық секілді солақай бағыт ұстанбаған. Ал қалмақ қызының антқа деген беріктігі, туған еліне деген махаббат «сұм» сөзімен астарланған. М.Жұмабаев қалмақ қызы образы арқылы орыс әдебиетінде кеңінен орын алған «тұтқын көңіл» образын қазақ әдебиетіне енгізді.
Поэмадағы махаббат образын сомдау тәсілі ақынның махаббат лирикссына тән ерекшеліктерді танытады. М.Жұмабаев-әдебиет тарихында стильі бай, әрі жан-жақты ақын. Оның шағын өлеңдері мен романтикалық поэмаларындағы сөз қолданысы, эстетикалық талғамы, бейнелеу шеберліктері жақын болып келеді. «Батыр Бая» "поэмасында сюжеттік-композициялық құрылымына байланысты жаңа қолданыстар ақын стилін байытты, дамытты.
Достарыңызбен бөлісу: |