Тақырып: Этнопедагогиканың әдіснамалық негіздері
Мақсаты: Этнопедагогиканың әдіснамалық негіздері туралы білім беру.
Дәріс мазмұны:
1.Этнопедагогиканың обьекті және пәні.
2.Этнопедагогиканың міндеттері, қызметі.
Халықтық тәрбие адам баласының дүниеге келген күнінен бастап бірге жасасып келеді.Оның қағазға жазылып түспеген, бірақ халық жадында мәңгі сақталып, ұрпақтан ұрпаққа ғасырлар бойы ауызша нақыл-ақыл, өсиет-өнеге, ағида болып келген білім-білік, тәлім-тәрбие беру тағылымдары бар. Халық өзінің өмір сүруінің барлық жақтарына да халықтық білімді жинақтаған. Халық педагогикасы қоғам дамуының барлық сатыларынан өтіп, ғылыми педагогикалық дәрежеге жеткенше ұрпақ тәрбиесінің бастау бұлағы болды.
С. Қалиев қазақ халық педагогикасының тарихын адамзат дамуының қоғамдық құрылыс кезеңдеріне сай 8 кезеңге бөліп қарастырған (1; 27).
Қазақтың халықтық педагогикасының даму кезеңдері
(шартты түрде)
Бірінші дәуір
|
Екінші дәуір
|
Үшін
ші дәуір
|
Төртінші дәуір
|
Бесінші дәуір
|
Алтыншы дәуір
|
Жетінші дәуір
|
Сегізінші дәуір
|
Б.д.д.
тас, қола замандары
|
Б.д.д.
ҮІІ-ІІІ ғ.ғ. – б.д. Ү ғ. дейін
|
ҮІ-ІХ ғ.ғ. аралығы
|
Х-ХҮ ғ.ғ. аралығы
|
ХҮ-ХҮІІІғ.ғ.
аралығы
|
ХҮІІІ ғ.-дан ХХ ғ.ғ. 20ж. дейін
|
1920-1990 ж.ж. аралығы
|
1991 ж. кейінгі егеменді ел
|
Алғашқы қауымдық құрылыс негізіндегі тәрбие
|
Сақтар мен гундердің жауынгерлік тәрбиесі
|
Ұлы түрік қағанаты негізіндегі тәлім-тәрбие
|
Араб-шығыс мәдениеті, орта ғасыр ойшыл-дарының тәләмгер-лік ой-пікірлері
|
Қазақ хандығы негізіндегі ұлттық тәлім-тәрбие көріністері
|
Қазақстан-ның Ресей- ге қосылу негізіндегі ұлт-азаттық қозғалысы мен ағарту-
шылық-демократиялық бағыт-тағы тәлім-тәрбие
|
Кеңестік дәуірдегі ғылыми педагоги-каның қалып-тасуы
|
Тәуелсіз Қазақстандағы ұлттық тәлім-тәрбиенің өркен жаюы
|
Қазақ халқының өте әрідегі ата-бабаларының өмір сүрген кезінен (ҮІғ. Түрік қағанаты) бастау алып, күні бүгінге дейін кәдесіне жарап келе жатқан рухани мұраның бірі – халықтық педагогика. Халықтық педагогика тәрбие жөніндегі халықтың педагикалық білім тәжірибесі. Халық педагогикасының зерттеу негізіне педагогикалык мазмұнмен бағыттағы халық ауыз әдебиетінің шығармалары, этнографиялық материалдар, халықтық тәрбие дәстүрлері, халықтық ойындар, жанұя тәрбиесінің тәжірибелері т.б. жатды. Халық педагогикасының негізгі түйіні еңбек тәрбиесі және өндірістік білім, дағды, шеберліктерді ұрпақтан ұрпаққа қалдыру (2; 591).
Халық педагогикасын зерттеуге орасан үлес қосқан ғалым-педагог Г.Н. Волков халық педагогикасына анықтама беріп қоймай, педагогикалық әдебиеттерге ең бірінші болып “этнопедагогика” деген ұгымды енгізді. Оның анықтамасы бойынша, «Халық педагогикасы – халықтың ауыз әдебиетінде, салттарында, әдет – ғұрыптарында, ырымдарында, балалар ойындары мен ойыншықтарында мәңгі сақталып қалған білім, педагогикалық мағлұматтар мен тәрбиелеу тәжірибесінің жиынтығы. Бұлар, әдетте, ауызша таралады. Халық педагогикасы – халыққа қажет қасиеттерді қалыптастыру үшін пайдаланылатын педагогикалық мақсатының, міндеттерінің, мазмұнының, әдіс-құралдарының, тәсілдерінің жиынтығы мен өзара байланысы дей келе» … бұл білім мен мағлұматтар, әдетте, ауызша таралады. Оның зерттеу тақырыбы – тәрбие, ал тәрбие объектісі – адам, тұлға - дейді (3; 16).
«Этнопедагогика - халықтың жасөспірім тәрбиелеу тәжірибесі туралы, олардың педагогикалық көзқарастары туралы, тұрмыс, отбасы, ру, тайпа, ұлт педагогикасы туралы ғылым. Этникалық педагогика тарихи жағдайда қалыптасқан ұлттық мінездегі ерекшеліктерді зерттейді (3 16).
Этнопедагогика - әлеуметтану және білім беру саларын зерттеудегі бағыт. ХХ ғ. екінші жартысында этнологиялық және психологиялық-педагогикалық ғылымдарының тоғысындағы пәнаралық бағыт ретінде қалыптасты.
Профессор И.Т. Огородников Г.Н. Волковтың “Этнопедагогика” атты еңбегіне жазған кіріспесінде “Егер халық педагогикасы мен этнопедагогикаға арналып екі хрестоматия жасалған болса, оның біріншісіне бала тәрбиесі жөніндегі ауыз әдебиеті үлгілері мен салт-дәстүрлеріне арналған этнографиялық тәлімдік жазбалары енгізілген болар еді де, ал екіншісіне халық педагогикасы халықтың тәлім-тәрбиелік ойларын зерттеуге арналған педагог ғалымдардың еңбектері енген болар еді” деп, халық педагогикасының таза тәжірибеге негізделген тәрбиенің эмпирикалық түрі екенін және оның этнопедагогиканың ғылыми зерттеу объектісі болып саналатынын ашып көрсетеді.
Халық педагогикасы халықтардың ғасырлар бойы ұрпақ тәрбиелеу тәсілдеріне негізделген тағылымдарының бай тәжірибесінің эмпирикалық жиынтығы, ал этнопедагогика – халық педагогикасының ұрпақ тәрбиелеудегі тағылымдарын ғылыми жүйеге келтіріп зерттейтін, оны тәжірибеде қолданудың әдіс-тәсілдерін теориялық тұрғыда сөз ететін ғылыми педагогиканың бір саласы.
Этнопедагогиканың объектісін анықтау үшін халық педагогикасы мен этнопедагогиканың анықтамаларын салыстырып қарауымыз керек. Егерде халық педагогикасы халықтың педагогикалық мағлұматтар мен тәрбиелеу тәжірибесінің жиынтығы болса, этнопедагогика – халықтың жас ұрпақты тәрбиелеу тәжірибесі туралы, олардың педагогикалық көзқарастары туралы ғылым. Демек, халықпедагогикасы этнопедагогиканың зерттеу объектісі болып табылады.
Этнопедагогиканың пәні – халықтың бұқаралық педагогикалық мәдениетінің аясы болады.
Этнопедагогиканың мақсатын, міндеттерін, ұстанымдарын және қызметін анықтағанда К. Қожахметованың “Казахская этнопедагогика методология теория практика” (1998) монографиясын пайдаландық (4 145).
Этнопедагогиканың мақсаты – жетілген тұлғаны тәрбиелеу, оның дамуы ақылмен, еңбексүйгіштікпен және ізгілікпен жүзеге асады.
Міндеттері:
халық педагогикасының ерекшелігін, оның пайда болуын, дамуын, казіргі жағдайын, оның халық өміріндегі орнын және оның адамзаттың педагогикалық мәдениетінің дамуындағы рөлін зерттеу;
халық тәрбиесінің негізгі категорияларын және заңдылықтарын анықтау;
ұлттық мінездің қалыптасу процесін зерттеу, оны этникалық кауымдастыққа тән тәрбие жүйесінің әсерінің нәтижесі ретінде қарастыру;
халық педагогикасының педагогикалық ғылыммен байланысын анықтау;
халықтық педагогикалық мәдениетінің ерекшелігін талдау.
Этнопедагогиканың ұстанымдары табиғатқа сәйкестілік – бүкіл өзінің іс-әрекеттерін табиғатқа үйлесімділік жағдайына келтіруді талап етеді, яғни бейбітшілік, гармония, үйлесімділік. Жастық кезеңде табиғатқа сәйкестілік басым болады. Жеке мен жалпының, ұлттық пен жалпы адамзаттың бірлігі - бір жағынан этникалық ерекшеліктері зерттеледі, екінші жағынан халықтардың педагогикалық мәдениеттерінің ортақтастығы анықталады. Халықтық принцип.
Этнопедагогиканың қызметі:
тарихи қалыптасып,ұлттық тәрбие жуйесінің арқасында сақталып келген ұлттық мінез ерекшеліктерін зерттеу;
құнды педагогикалық мұраның, оның педагогикалық ғылымда меңгерілуі мен қайта өңделуіне, тәрбие практикасында қолданылуына мүмкіндік беру;
халықтық педагогалық дәстурдің жандану себептерін және қазіргі қоғамның рухани өміріне ену механизмін анықтау;
үлкен және кіші халықтардың тәрбиелік тәжірибесінің ерекшеліктерін мұқият зерттеу.
№ 2 дәріс
Тақырып: Адамзат дамуының тарихындағы этнопедагогикалық идеялардың генезисі (тегі).
Мақсаты: Педагогика классиктерінің мұраларындағы халықтық тәрбие жөнінде білімдерін қалыптастыру.
Дәріс мазмұны:
Педагогика классиктерінің мұраларындағы халықтық тәрбие, оқу мен тәрбиелердің ұлттық жүйесін дамытудағы Я.А.Коменскийдің қосқан үлесі.
К.Д. Ушинскийдің халықтық тәрбие принциптері.
Педагогика классиктерінің еңбектері халықтық тәрбиені қалыптастырудың негізін қалады. ХҮІ ғасыр мен ХҮІІ ғасырдың аралығында өмір сүрген жаңа педагогика негізін қалаушы ұлы славян педагогы Ян Амос Коменский халықтық тәрбие мен ұлттық тәрбие жүйесін дамытуға зор үлес қосты.
Ол 1631 жылы «Тілдер мен барлық ғылымдардың ашық есігі» деген оқулығын жазып шығарды. Білім беру тарихындағы тұңғыш оқулық он бес елдің тіліне аударылып, мектептерге кеңінен таралды. Келесі жылы Коменскийдің есімін дүние жүзіне танытқан «Ұлы дидактика» еңбегі жазылып бітті.
1648 жылдары оның «Әлемді суреттеп бейнелеу» оқулығы, «Жақсы ұйымдастырылған мектептің заңдары» және «Жастарға арналған мінез-құлық ережелері» деген педагогикалық шығармалары аяқталды. «Әлемді суреттеп бейнелеу» өмірдің әр саласынан мәлімет беретін энциклопедиялық кітап ХІХ ғасырға дейін балаларға арналған негізгі мектеп оқулығы болып келеді.
Я.Н. Коменский өз заманындағы білім беру жүйесіне, мектеп құрылысына мектептің жаңа түрі жөніндегі идеяны қарсы қойды. Ол өмірге пайдалы, іске қажетті білімдерді оқытуды талап етті. Сондықтан, мектептің мақсаты – ақылды адамды тәрбиелеу. Бұл мақсатқа жетудің бірден-бір жолы, - деді Коменский, - жас жеткіншектерге тәрбие және білім беру. Ол тәрбиенің ықпал ету күшін осылай көре білді. «Адам болу үшін ол білім алуы тиіс», «Білімділер нағыз адам...» - деді.
Бүкіл тәрбие ісі Коменскийше табиғатқа тән, жалпы заңдылықтарға сәйкес болуға тиіс. Ол адамды табиғаттың бір бөлігі ретінде алып қарап, тәрбие ісін адамның табиғатына сәйкес, оның табиғи қабілеті мен қасиеттерін дамытуға бағыттап жүргізу керек деп кеңес берді. Кейінен бұл идея педагогикада «табиғатқа сәйкестік принципі» деп аталды.
Коменский адамның өсіп-жетілуіндегі жас ерекшеліктерін негізге ала отырып, бір-бірімен байланысты құрылған оқудың төрт сатылы кезеңін, осыларға сай төрт түрлі мектеп оқуының жүйесін ұсынды:
Баланың туғанынан 6 жасқа дейінгі кезеңінде әр үйде – «Ана мектебі»;
6-дан 12 жасқа дейін әр қауымда «Ана тілі» мектебі;
12-18 жастар үшін – әр қалада латын мктебі;
18-24 жастарға мемлекетте академия болу керек.
Бұл мәселеде ол өмірге қажетті бастапқы білім тек ана тілі арқылы ғана беріледі, тек осылай ғана балалардың ақыл-ойын одан әрі дамыту міндетін жемісті шешуге болады деген негізгі қорытындыға сүйенеді. Коменский мектепке ана тілін кеңінен ендіру және оны дамыту жолында қажымас күрес жүргізді. Басқа тілді меңгеру сол ана тілінің көмегімен жүруге тиіс деген пікір ұсынды: «Алдымен, әрине, ана тілі, содан кейінгі ана тілінің орнына жүретін, атап айтқанда көрші халықтың тілі» («Ұлы дидактика», ХХІХ тарау), деді. Коменский өзінің тамаша шығармасы «Ұлы дидактиканы» барлық халық жастарын бүкіл білім салаларына жаңа жолмен, оңай әрі ұтымды етіп оқыту үшін жазды. (1; 21)
Халық тәрбиесіне үлкен мән берген педагогтардың бірі – Константин Дмитриевич Ушинскийдің (1824-1870) мәнінде ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы орыстың оқу-ағарту қайраткерлерінің ең алдыңғы тобында саналады. Ол – Россиядағы педагогика ғылымының және орыс халық мектебінің негізін қалаушы. Оның «Балалар әлемі», «Ана тілі», «Педагогикалық антропология» атты тамаша еңбектері, балалар мен мұғалімдерге арналған басқа да кітаптары орыс педагогикалық әдебиетінің баға жетпес классикалық шығармалары болып есептеледі, бұл еңбектер педагогика ғылымына алтын қор ретінде қосылды және дүние жүзіне әйгілі болды.
К.Д. Ушинскийдің педагогикалық пікірінің ең негізгі мәні – әрбір елде халықтың мақсат-мүддесіне, мұқтажына сәйкес өзіндік ағарту жүйесі болуы керек деген халықтық идеясында еді.
Тәрбие халықтық сипатқа ие болған жағдайда ғана өз мақсатына жетеді, халықтың өмірін жөндеуге, оның саласын дамытуға көмектеседі деп есептеді Ушинский. Ол: «Тәрбие дәрменсіз болмауы үшін, ол халықтық болуы тиіс», - деді.
Тәрбиедегі халықтық идея жемісті түрде жүзеге асуы үшін, мынадай негізгі жолдарды белгіледі:
Ағарту ісі мен тәрбиенің кең демократизм негізінде құрылуын көздеді. Тәрбие ісіне халықтың өзі қожа болып, мектептер бүкіл халықтың жастарын қамтуы тиіс деді.
Халықтық идеяның басты бір сипаты – қоғамшылдық, соған байланыста тәрбие мен білім беру салалары, олардың төңірегі қоғамдық атмосферада болуы тиіс, себебі халықтық идея мейлінше кең қоғамдық жолдар арқылы іске асады.
Ушинский халық мектебі мен оның міндеттері жөніндегі мәселені де халықтық идея негізінде қарастырды.
Халық мектебі білімінің міндеті «балалардың ақыл-ой қабілетін дамыту, айналысатын қоршаған табиғат пен қоғамдық қатынастарға олардың табиғи түрде дұрыс көзқарастарын қалыптастыру, олардың өздігінше құратын өмір мен әрекетке қабілетін дұрыс өсіру», - дейді Ушинский. Ұлы педагогтың бұл пікірлері қазіргі заманда да құндылығын жойған жоқ.
№ 3 дәріс
Тақырып: Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаевтың еңбектеріндегі этнопедагогика мәселелері.
Мақсаты: Ы. Алтынсарин , А. Құнанбаевтың еңбектеріндегі этнопедагогика мәселелері жөінде білім беру.
Дәріс мазмұны:
Ы. Алтынсаринның мұраларының халықтық педагогика және психология ғылыми ұстанымдарында баяндалуы.
А. Құнанбаевтың қазақ педагогикасы мен психологиясының тереңірек дамытуға қосқан үлесі.
Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы Ы.Алтынсарин (1841-1889ж.ж.) Қостанай өңіріне белгілі атақты Балкожа бидің отбасында тәрбиеленді, 9 жасында Орынбор қаласындағы қазақ балаларына арналған жеті жылдық мектепке оқуға түсіп, сондағы шекара комиссиясында қызмет істеген белгілі шығыс зерттеушісі В.Григорьевтен сабақ алады. Оның үйінде жиі болып, кітапханасынан дүние жүзі әдебиеті классиктері В.Шекспир, И.Гете, Д.Байрон, А.Пушкин, Н.Гоголь, М.Лермонтов, Ә.Фирдауси, Г.Низами, Ә.Науаи т.б. шығармаларынан білім алады.
Мектепті үздік бітірген ол 1857-59 жылдары өз атасының песірі болады да, 1860 жылы Орынбор облыстык баскармасына кіші тілмаштыққа ауысады. Кейін өз қалауы бойынша Торғай қаласында бастауыш мектепте мүғалім болып жұмыс жасайды. 1864 жылы мектеп ашады.
Ы.Алтынсарин қазақ тілінде кітаптар жазып, оларды халык арасына таратуды көздеді. Оның оқу-ағарту ісіндегі тағы бір ерен еңбегі қазақ жастарына кәсіптік мамандық беру мәселесін қолға алуында еді. Сонымен қатар, қазақ қыздарының оқытып-тәрбиеленуіне жол ашып, Ырғызды қазақ қыздарына арнап интернаты бар мектеп аштырды.
Оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда ол дүние жүзі педагогика классиктері: Я.А.Коменский, Ж.Ж.Руссо, К.Д.Ушинский, Л.Н.Толстой т.б. гуманисттік идеяларын басшылыққа алды, оларды қазақ даласында мектеп өміріне енгізген түңғыш педагог болды.
Оның педагогикалық көзқарастарынан да бүкіләлемдік тәлім-тәрбиенің алтын діңгегі гуманисттік көзкарас, яғни шәкіртке жылы жүректі болу, мұғалім мен оқушы арасындағы ынтымактастық принциптерінің көрініс тапқанын байқаймыз.
Ы. Алтынсарин өз халқының жарқын келешегі үшін саналы өмірін сарп еткен, халқына қызмет етуден артық ісі жоқ деп түйген, туған халқын, ел-жұртын шексіз сүйген, нағыз отаншыл азамат еді. Сондықтан да оның көптеген шығармаларында қазақ халқының өзіндік психологиялық қасиеттері, салт-санасы, әдет-ғұрпы жайлы айтқандары ерекше назар аудартады.
Ыбырай Алтынсариннің педагогикалык әрі психологиялық еңбектерінде халықтық педагогиканың алатын орны зор. Алтынсарин мектепте татарша діни жаттамалы оқудың орнына балаларды ана тілінде оқытуға ерекше мән берді, оларды халықтық дәстүр, аңыз-әңгіме, мақал-мәтел негізінде оқытып, тәрбиелеуге ерекше назар аударып, өз хрестоматиясына халық ауыз әдебиетінің материалдарын атап айтқанда жастарды ерлікке, өнерге, жақсы адамгершілік қасиеттерге баулитын асыл үлгілерін көптеп енгізді.
Ол да Шоқан секілді арнайы психологиялық еңбектер қалдырған жоқ, әйтсе де оның сан алуан ойға толы шығармаларынан (оқу құралдары, хаттары мен жазбалары т.б.) қоғамдық және педагогикалық психология мәселелеріне орайлас айтылған көптеген қызықты деректер табылады. Ол қазақ балаларының өзіндік кейбір ұлттық ерекшеліктерін көрсете келе, осы жәйтті де оқу-тәрбие ісінде мүғалімдердің үнемі ескеріп отыруын қажет деп санады. Мәселен, оның өзі қазақ балалары үшін «Хрестоматия» құрастырғанда осы жағдайды қатты ескергені байқалады.
Профессор Т.Тәжібаев Алтынсаринді «Қазақстандағы педагогикалық ойдың пионері» деп бағалаған.
Кезіндегі Ы.Алтынсариннің көптеген ұлттық тәлім-тәрбиелік, психологиялык-педагогикалық мәселелерін кейіннен Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов т.б. жалғастырғаны белгілі.
Абай Құнанбаев (1845-1904 ж.ж.) - қазақ халқының ұлы ақыны, жазба әдебиетінің негізін салушы ғана емес, сонымен бірге ұлы ойшылы.
Оның поэтикалық шығармалары мен «Ғақлия» сөздері пәлсапалық, этикалық, эстетикалық, психологиялық және педагогикалык ой-пікірлерге толы.
Абай Құнанбаев тәрбие мэселесіне үлкен көңіл бөлді. Ол адамның өсіп-жетілуіндегі тәрбиенің рөліне ерекше тоқтала келіп, өзінің 19-қара сөзінде «Адам баласы туа сала есті болмайды. Естіп, көріп, ұстап, татып, естілердің айтқандарын есте сақтап қана естілер қатарына қосылады. Естіген нәрсені есте сақтау, ғибрат алу ғана есті етеді» - деп ақыл-естің тәрбиенің жемісі арқылы жетілетінін ғылыми тұрғыда дәлелдеп береді.
Абай сана-сезімді тәрбиелеп жетілдірудегі қоғамдық ортаның рөлін материалисттік көзқараспен түсіндіреді. Адамның жақсы, жаман болуы, ақылды, ақылсыз болуы генетикалық негізге байланысты, ақсүйек тұкымнан шыкқандар ақылды, алғыр болады дейтін буржуазиялық нәсілдік, идеалисттік көзқарасқа қарама-қарсы Абай адам мінезінің қалыптасуы тәрбиеге байланысты екенін дәлелдейді.
¥лы ақын Абайдың педагогикалық көзқарасындағы басты нысана «Атаның баласы болма, адамның баласы бол... жақсы көпке ортақ, пайдаң еліңе, халқыңа тисін», - деген гуманисттік ой-пікірді қуаттау болды. Оның жастарды тәрбиелеудегі педагогикалық көзқарастары дүние жүзілік педагогика классиктері Ж.Руссо, Д.Дидро, И.Кант т.б. орыстың ұлы ойшыл педагогтары: Л.Н.Толстойдың, К.Д.Ушинскийдің ағартушылық ой-пікірлерімен қабысып жатыр.
Абай ұрығын сепкен оқу, өнер-білім, адамгершілік әдеп, мораль мәселелері қазақ халқының рухани азығына айналып отыр.
Абай психологиядан арнайы еңбек жазбаса да оның көптеген өлеңдері мен қара сөздерінен осы ғылымның сан алуан мәселелеріне байланысты ғылыми мәні зор, ерекше көңіл аударарлық түрлі ой-пікірлер көптеп кездеседі. Ақын творчествосында психологияның негізгі мәселесі - жан мен тәннің арақатынасы, адамның психологиялық даму жолындағы тәрбие мен білімінің атқаратын қызметі, сондай-ақ бала психологиясы мен қоғамдық психологияның жекелеген мәселелері де көрініс тапқан. Ол бұларды талдап, талқылағанда адамның психологиялық өмірінің бір қыры мен сырына табиғи-ғылыми түрғыда түсініктеме бере қоймайды. Алайда Абай тұжырымдарының ауқымы мен тереңдігі - оның әлем психологтарының еңбектерімен таныс болғандығын айқын дәлелдейді. Нақтырақ айтсақ, оның психологиялық көзқарастары П.К.Аристотель, Әл-Фараби көзқарастарымен астарласып жатады.
Абайдың психологиялық мәселелерге көзқарасы, ең алдымен, поэзия мен өнердің міндеті адам өмірін, олардың көңіл-күйін, іс-әрекеттерін шыншылдықпен көрсете білу деген түсінігіне орай қалыптасқан. Оның пікірінше ән мен музыка қазақ халқының өмірі мен тұрмысынан ерте заманнан-ақ берік орын алып, олардың сенімді де айнымас серігіне айналған дүниелер. Сондықтан өз тақырыптарында оларды талдауға баса мән берді.
Абай қазақтың қоғамдық ой-пікірінің қалыптасуы тарихында алғаш рет ақындық шабытты шақтың психологиялық астарына терең үңіліп, оны адам рухының ерекше күйі деп сипаттады, әрі халықтық тәрбиенің бір құралы деп таныды.
Абайдың психологиялық мәселелеріне байланысты бізге жеткен пікірлері, оның қазақ тарихында түңғыш рет психологиялық терминдер жасауға талаптанып, бұл ғылымға қазақ тілінің аса бай сөздік қорынан бірқатар түсініктер енгізіп, осы жолда қазақ фольклорындағы төл тіліміздегі психологиялық ұғымдарды өңдеп, әрлеп, нақтылап, орнықтырып қана қоймай, сонымен қатар, көшпелілердің психологиялық әлемі туралы өзіндік көзқарас жүйесін қалыптастырғанына тіреледі.
№ 4 дәріс
Тақырып: Қазақтың халықтық тәрбиесі жайлы орыс және батыс европалық
ғалымдардың ой - пікірлері.
Мақсаты: Қазақтың халықтық тәрбиесі жайлы орыс және батыс европалық
ғалымдардың ой – пікірлері туралы білім беру.
Дәріс мазмұны:
Қазақтың халықтық тәрбиесі жайлы орыс және батыс европалық
ғалымдардың ой - пікірлері.
М. Дулатов, А.Байтұрсыновтың тәлім- тәрбиелік тағылымдары
XIX ғасырдың II жартысымен XX ғасырдың басында қазақ жері Ресей империясының қарамағына түгелдей қосылып болды. Патша үкіметінің отарлау саясаты арқылы халықты қан қақсатты. Өлкеге ішкі жақтан қоныстанушылар ағыла бастады. Ел билігі мен қатар жер билігі де патша әкімдерінің қолдарына көшті, жекелеген өнеркәсіп, сауда-саттық, ақша қатынасы дами түсті. Қала мәдениетінің ықпалы күшейе түсті. Уфа, Қазан, Тәшкен қалаларында кітаптар мерзімді баспасөздер пайда болды. Ғылым мен мәдениетке қазақ жастарының ынтасы арта түсті. XX ғасырдың басында қазақ даласына орыс жерінде басталған революциялық дүмпулердің ықпалы да әсер етті.
Осындай жағдайда өлке халқының сана - сезімі ояна түскен қоғамдық аренаға қазақтың ағартушылық идеялары бой көтере бастады. Осы кезеңде өмір сүрген халқымыздың аяулы перзенттері, ағартушы - демократ ойшылдары туған халқының бақытты өмірге қолы жетуі үшін аянбай ат салысты. Олар әсіресе, жастарға зор үміт артып, ақыл-кеңестерінің бар нәрлісін соларға бағыштады. Оку-ағарту жолындағы ізгі ниетті істер сол кездің өзінде-ақ дала тұрғындарының қоғамдық прогреске қарай аяқ басуында ерекше ықпал жасады, өз халқының ізгі ойы мен асыл арманының жаршысы, жастарды білімге, мәдениетке, өнер биігіне шақырған асыл жандардың ағартушылық идеяларының негізгі, әрі өзекті арнасы педагогика мен психология мәселелерінің төңірегінен табылуы кездейсоқ жәйт емес еді.
М. Дулатовтың артына қалдырған рухани мұрасында кешегі көшпелі елдің әдет-ғүрпы, дәстүр-салты, тәлім-тәрбиесі мен үлгі өнегесі, өзіне тән эстетикалық, этикалық ұнам-талғамдары ұлттық колоритқа толы сан-алуан нақты деректермен безендіріле баяндалған. Табиғатынан тәлімгерлік қасиеті мол жазушы қазақ арасында көбінде көзге түспей, түссе де еленбей жүрген ғылым-білімге, өнерге, зерек, дарынды балаларды оқытып тәрбиелеудің мәні жайында сөз ете келіп, - дарындылықтың кейбір психологиялық астарына үңіледі. Бұл автордың төмендегі түйіндеуінен жақсы аңғарылып түр: «Тумысында қанша зеректік болса да, - деп жазды М. Дулатов, - ғылымсыз, тәрбиесіз кемеліне жетпейді. Кімде-кім өзінің табиғатына не нәрсеге шеберлік барлығын сезіп, өз жолына түссе ғана, көзге көрінеді... жақсы суретші адамның сыртқы түрін айнытпай сала білсе, жақсы жазушы да адамның ішкі сырын, мінезін, әдетін бұлжытпай көрсете біледі, оқығанын да көріп түрғандай боласың...».
Халқымыз егемендікті аңсап жатқан қарбалас шақта жас өркендерді жерге шырылдап түскен кезден есейіп есі кіріп болғанға дейін аралықта ана тілінің уызына ғана жарытып қоймай, олардың ұлттық рухпен, салт-дәстүр, әдет-ғүрыптан мейлінше сусындауына ерекше көңіл аударуымыз қажет. Бастауыш мектепте алған тәрбие кейін қай ұлттың медресесінде оқыса да, қай ұлттың арасында жүрсе де, сүйегіне сіңген ұлттық рухы жасымайды. Қайда болса да тіршілігінде қандай ауыртпалық түссе де ұлт ұлы болып қала береді. Оқудағы мақсат жалғыз құрғақ білім үйрету емес, біліммен бірге жақсы тәрбие беру... М. Дулатовтың тәлім-тәрбиелік тағылымдарынан қазіргі күн талабы мен ұштасатын тағы бір кесек ой - ол жас ұрпақты имандылыққа тәрбиелеу. Қазіргі қазақ жастарының тәрбиесінде көлеңкелі келеңсіз жақтардың белең алуы тәлімгер қауымға жас буынды жөргегінен мейірімділік пен имандылықа тәрбиелеу қажеттігін күн тәртібіне қойып отыр. М. Дулатов жұртты оқуға, білім алуға тартқан кезде бір жағынан діни оқуды да жатсынбау қажет деген. Ұлы ағартушының оқу-ағарту майданындағы ерекше көзге түсуі 20 жылдардың орта шеніндегі латынша немесе арабша әріпті алу мәселесінің төңірегіндегі айтыс кезінде көрінді. Оның «Бүкіл шығыс елінің мәдени мұрасы араб әрпімен жазылған, егер де дүрмекпен латынға көшсек біз бұл байлықтан мүлде қол үзіп аламыз», дейтін пікірінің шындық екендігіне бүгінде дау айтатын адам болмаса керек.
Белгілі қоғам қайраткері, ғұлама түрколог, жазушы, публицист, ағартушы - педагог Ахмет Байтұрсынов өзінің барлық саналы өмірін қазақ қоғамында білім-ғылымның дамуына, мектеп ағартушылық ісінің жанданып кемелденуіне бағыштады. Ол ауыл мектебінде, семинарияларда бала оқытты, оқу-тәрбие жұмысын жетілдіру саласында көп ізденді. Байтұрсыновтың алғаш ағартушылық ой-пікірлері сонау 1913-1917 жылдары Орынборда шыққан «Қазақ» газетінде жарияланған мақалаларынан айқын көріне бастайды. Ол туған халқының ғылым-өнерге ұмтылуын, әр қазақтың ең болмаса бастауыш білім алуын аңсады. «Адамға тіл, құлақ қандай керек болса, бастауыш мектепте де үйренетін білім сондай керек», - деп жазды. Бірақ осындай білім беретін ауыл мектебінің сол кездегі жағдайы оның қабырғасына қатты батты.
Бұл жөнінде «Әуелі ауыл мектебінен басталық. Осы күнгі ауыл мектептерінде оқуға керекті құрал жоқ, оқыта білетін мүғалімдер аз. Сонда да хат білетін қазақтардың проценті мұжықтардан жоғары.Бұл мектептің халыққа жақындығы, балалардың білімді ана тілінен үйренетіндігі...» деп, ауылдық қазақ мектептерінің жайын сөз ете келеді де, орыс школдарында тәртіпте бар, құрал да сай, мөлшер жоспар бәрі де бар. Сонысына қарай пайдасы аз. Олардың пайдасын кемітіп отырған бір-ақ нәрсе: қазақты орысқа аударамыз деген пікір бүлдіріп отыр. Сол школдар арқылы қазақ тілін жоғалтып, орыс тіліне түсіреміз дейді. Бұл қазақ даласында патшалы Ресейдің отарлау саясатының қалай іске асырылып жатқанын әшкерелейді.
А.Байтұрсынов «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 62 санында «Мектеп керектері» деген мақаласында ең әуелі мектепке керегі - білімді, педагогика мен методикадан хабардар мүғалім, екінші - оқыту ісіне сай құралдардың болуы, үшінші - мектепке белгіленген программа, әр іс көңілдегідей болып шығу үшін оның үлгісі я мерзімді өлшеуі боларға керек. Үлгісіз я өлшеусіз істелген іс - солпы я артық, я кем шықпақшы ..» деп оқытудың дидактикалық принциптерін түңғыш ғылыми түрғыда нақтылы белгілеп берді.
А. Байтұрсынов мүғалімдерді педучилищелер ашып арнаулы оқу орындары арқылы даярлаудың тиімділігін айта келді де, ондай оқу орнының әзірге қазақ даласында жоқтығын ескеріп, орыс мектептерінен не қазақ медреселерін оқып бітірген жастардың талаптыларын мүғалімдік жұмысқа қоса пайдаланайық деген үсыныс жасайды. Медреседе оқығандардың педагогика, әдістемеден хабарсыз екенін, ал орыс мектептерін бітіргендердің мұсылманша хат білмейтінін қынжыла сөз етеді. Олардың білімін жетілдіру мақсатында жаз айларында 1-2 айлық қысқа мерзімді курстар ашуды ұсынады.
А. Байтұрсынов қазақ тілін оқыту әдістемесінің іргетасын қалаушы, ол - қазақ тілін дыбысқа бөліп оқыту арқылы сауаттандыру әдісінің негізін салады. Бұл салада бірнеше әдістемелік мақалалар жазып, соның негізінде 1920 жылы Қазанда «Баяншы» деген атпен методикалық кітапша шығарды. Мұнда автор мұғалімдерге «Әліппені» пайдаланудың, сауат ашу әдістерінің жол-жобасын көрсетіп берді.
Сөйтіп ғұлама - ғалым өз алдына жүйелі бағдарлама қойып, бұларды біртіндеп шешуге кірісті.
Әрі аудармашы, әрі ақын, әрі қазақ тілі мен әдебиетін зерттеуші ғалым А.Байтұрсыновтың сан салалы еңбегіне арнап оның 50 жылдық тойына жазған мақаласында М.Әуезов былайша баға берген еді. «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаңның салған әдебиеттегі орны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер - білім, саясат жолындағы қажымас қайраты тарих ұмытпайтын істер болмақ. Жаңа өсіп келе жатқан қазақ интеллигенциясы Ахаңның еңбегінің өнімді болуын тілеуден жалықпайды» /1923ж. «Ақ жол» газетінен/
Қазақ халқының абзал ұлы XX ғасырдың бас кезіндегі демократиялық бағыттағы қазақ зиялыларының ең ірі, беделді көшбасшыларының бірі А.Байтұрсыновтың қазақ ғылымы мен мәдениеті, тәлім-тәрбие, оқу ісі тарихына сіңірген орасан зор еңбегінің тарихтан өшпес орын алатынын бүгінгі демократия мен әділеттілік салтанат құрған дәуірде өмір шындығы дәлелдеп отыр.
А.Байтұрсынов психология ғылымы саласынан да өзіндік пікірлерімен дараланады. Әдебиеттану ғылымына қатысты пікірлерінде де психологияның теориялық қисындары үшін іздесе таптырмайтын әдістемелік боларлықтай түйін мол.
А.Байтұрсынов адамда жазу дағдысының қалыптасу жолын да психологиялық тұрғыдан түсіндіреді. Ол сөзді жазғанда немесе оқығанда кейін (дағдыланған соң) кісі тұтасынан бейнелейді дейді. «Сауатты адам, - дейді автор, - жазғанда қол дағдысымен жазады. Жазып отырған сәтте әр әріпті ойланып жазбаймыз, қолымыз дағдыланған күйімен кетеді. Неғұрлым сауаты көбірек ашылған адам болса, неғұрлым жазуды көп жазатын адам болса, онда оның көз бақылауынан көрі қол дағдысы басым болмақ, оқыған уақытта көзге күш түссе, жазған кезде етке күш көбірек түседі». Ахаңның осы түйіндері психологияда оқу, жазу дағдыларын қалыптастыру заңдылықтарына негізделген. Мұны психологиядан аздап хабары бар адам, арнайы түсініктемесіз-ақ ұға алатыны хақ. Латынша жазуда қолға күш түсетінін А. Байтұрсынов орыс психологы П.П.Блонский зерттеулері арқылы түсіндіреді. Блонский жазғанда қолдың талу-талмауына ерекше көңіл аударған. Жазу кезінде қолдың талмайтындығы саусақтағы ұсақ бұлшық еттерге байланысты деп түсіндіреді. Ғұлама ғалымның телегей-теңіздей рухани мұрасында осы айтылғандардан басқа да психологиялық мәні терең ой тұжырымдары көптеп кездеседі. Осыларды саралап зерттеп, халық игілігіне айналдыру қазақ психологтарының келешектегі абыройлы міндеті мен парызы болмақ.
№ 5 дәріс
Достарыңызбен бөлісу: |