Педагогика ғылымының әдіснамасы туралы түсінік



бет4/7
Дата20.05.2024
өлшемі179,89 Kb.
#202626
1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
2 дәріс Докторантура Word

Ғылыми-зерттеу жұмысының міндеттері:
1. Ғылыми-зерттеу жұмысының тақырыбын таңдау;
2. Тақырып бойынша әдебиеттерді оқу және таңдау;
3. Жұмыстың кеңейтілген жоспарын құру;
4. Педагогикалық зерттеулердің ғылыми аппаратын анықтау (таңдалған тақырыптың өзектілігі, нысаны, пәні, мақсаты, міндеттері, болжамы, әдіснамалық негізі, ғылыми жаңалығы);
6. Қаралатын мәселелердің психологиялық-педагогикалық аспектісін оқып үйрену;
7. Зерттеу пәнінің психологиялық-педагогикалық сипаттамасын жасау үшін тәжірибеде диагностикалық әдістемелерді таңдау және нақтылау;
8. Қарастырылатын мәселелердің педагогикалық аспектілерін оқып үйрену;
9. Берілген жұмыста нақты педагогикалық тапсырмаларды шешуде психологияның теориялық жағдайын қолданып, жұмыстың педагогикалық және психологиялық бөлімдерін логикалық байланыстыру;
10. Алынған нәтижелерді толығымен сипаттай отырып, ғылыми-зерттеу жұмысы бойынша жалпы қорытынды жасау.
Ғылыми-зерттеу жұмысының мазмұны кіріспе бөлімін, реттік нөмірлер және барлық тараулардың атауларын, тарау, тармақтарын, қорытындыны, пайдаланылған әдебиеттер тізімін, беттердің нөмірлері көрсетілген қосымшаларды қамтиды.
Кіріспе бөлімде ғылыми-зерттеудің өзектілігі, ғылыми жаңашылдығы және практикалық маңыздылығы, зерттеудің мақсат-міндеттері, зерттеу нысаны, зерттеу болжамы, зерттеу әдістері, зерттеу көздері, теориялық және әдіснамалық негіздері мен ғылыми-зерттеу жұмысының жазылуының практикалық базасы қарастырылады.
Ғылыми-педагогикалық зерттеулердің өзектілігі зерттеу мәселесінің қоғам үшін, тәрбиеленуші үшін мағыналылығымен бағаланады, ғылыми ойға деген сұраныстың дәрежесімен сипатталады. Мұнда зерттеуші «Неліктен таңдалып алынған мәселені меңгеру қажет?» ‒ сұрағына жауап береді. Зерттеу өзектілігі кәсіптік білім берудің даму деңгейімен; елдегі экономикалық жағдайлармен; мемлекеттің ғылыми әлеуетімен (потенциалымен); қазіргі уақытта қойылып және шешімін табуға тиіс оқыту, білім беру, тәрбиелеу мәселелерімен тығыз байланысты. Зерттеу өзектілігінің негізі кейінге қалдырылмайтын шешімдерді талап ететін қоғамдық мағыналы мәселелер, әлеуметтік тапсырыстар болып табылады.
Зерттеу нысаны Ю.К. Бабанский: «Зерттеу жұмысы өзінің зерттеу нысаны мен құралы анықталғаннан соң барып басталады» ‒ деген. Нысанды анықтар алдында «Нысанда не зерттеледі?» сұрағына жауап берілу керек.
Зерттеу пәні – нысан бөлшегі, яғни бұл түбегейлі зерттеуді қажет ететін нысанның теориялық және практикалық тұрғыдан өте маңызды сапа-қасиеттері.
Жұмыстың мақсатын анықтауда зерттеуші зерттеу нәтижесінде неге қол жеткіземін және зерттеудің (ғылыми ізденістің) соңғы нәтижесі не болады деген сұраққа жауап беруі тиіс. Зерттеу мақсатына: педагогикалық-психологиялық, ұйымдық, әлеуметтік және т.б. шарттардың теориялық негізі; нысанның немесе құралдың әдістемелік немесе алгоритмдік өңделуі; педагогикалық құбылыстар моделдерінің пайда болуы және сынақтан өтуі; зерттеу құралына немесе нысаға әсер ететін факторлар негізі; белгілі бір педагогикалық құбылыстың ашылуы; зерттеу нысанының немесе құралының дамуы және құрылуы бойынша берілген нұсқауды өңдеу және т.б. жатқызылады.
Зерттеу міндеттері алға қойылған жұмыс мақсатына сәйкес құрастырылады және ол нақты кезеңге жетудің көрсеткіші болып табылады. Зерттеу міндеттеріне: зерттеу мәселесі бойынша психологиялық-педагогикалық әдебиеттерге талдау жасау және оны меңгеру; меңгеретін жұмыстың теориялық жағының көрінуі; меңгеретін құбылысты психологиялық-педагогикалық әдістеменің көмегімен зерттеу; педагогикалық үдерісте меңгерілетін құбылыстың тәсілдері (құралдары, әдістері, формалары) және мәселе бойынша педагогикалық әдебиеттерге анализ жасау; жұмыс мақсатына қол жеткізуге бағытталған қозғалыстар енеді.
Ғылымға сүйеніп жасалған, алдын-ала айтылған ой – болжам(гипотеза) деп аталады. Болжам – құбылыстардың өмір сүру себептерінің ақиқаттылығын, қасиеттерін түсіндіру мақсатында алға қойған, негізделген жорамалды көрсететін ғылыми білімнің даму түрі.
Ғылыми болжамның мүмкіндігі – оның ғылыми негізділігі мен өзара заңдылығында, өзара тәуелділігінде. Кез-келген объективтік үдерістердің дамуын болжау үшін ғалым (зерттеуші) сол үдерістің мәнді байланыстарын бейнелейтін теорияларға сүйенеді. Болжам тәжірибеден, интуициядан, зерттеу талабының дамуынан туындайды.
Болжам теориялық және тәжірибелік тексеруді қажет етеді. Ғылыми болжамның екі түрі бар: біріншісі – табиғатта бар нәрсе болғанымен, тәжірибеде белгісіз; екіншісі – табиғатта, тіршілікте әлі болмағанымен, келешекте пайда болатын жағдайлар, оқиғалар, құбылыстар туралы болжамдар. Құрылу әдісіне қарай болжамдар индукциялық және дедукциялық болып бөлінеді.
Болжамға қойылатын талаптар:
1. Фактіге сәйкестік;
2. Тексеру мүмкіндігі;
3. Құбылысты мүмкіндігінше кеңірек қолдануды ұсыну;
4. Мүмкіншілік жағдайлары.
Кез келген болжамды дұрыс құрастыру үшін ол ең алдымен нақты болуы керек. Оның нақтылығына зерттеу тапсырмалары және мақсаты, оның тереңдігі жатады. Әрине, зерттеу болжамын құрастырмас бұрын ғылыми жұмыстың авторы мәселені жан-жақты қарастыруы, негізгі әдебиеттермен танысуы, мектептегі оқу-тәрбие үдерісін меңгеруі қажет. Кез келген педагогикалық зерттеуде болжамның тәжірибелі түрде тексеруге мүмкіндігі болуы керек.
Болжам арқылы білімді дамытудың екі кезеңі бар: болжамды құру және тексеру. Болжамды құру алғашқы берілгендерді табу және сұрыптау негізінде жүреді. Талдау-сұрыптау тұрғысынан қарау ғылым заңдарымен сәйкес келетін және белгілі құбылыстарды тек түсіндіру ғана емес, жаңа құбылыстарды алдын ала белгілеуге болатын ең дұрыс негізінде жорамал жасауға мүмкіндік береді.
Болжамды тексеру жалпыдан жекеге қарай жүретін ой қорытындылары жолымен жүзеге асырылады. Осының арқасында болжам мақсатқа бағытты ғылыми ізденіс құралы, ғылыми зерттеулерді ұтымды ұйымдастырудың әдіснамалық негізі ретінде көрінеді. Болжамның негізгі қорытындысында белгілі бір шарт бойынша зерттелетін үдерістің жақсаруы туралы қорытынды бірнеше факторлар негізінде қалыптасуы мүмкін. Тексерілген, негізделген, нақтыланған зерттеулермен, фактілермен, аргументтермен теорияда болжам нақтыланған білімге айналады.
Зерттеу әдістерін сипаттағанда жұмыста қолданылатын психологиялық-педагогикалық зерттеулердің әдістеріне нақтылы сипат беру қажет. Ұйымдастырылған және өзіндік сипатталған әдістер толықтай сипатталуы қажет.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы қазіргі кезеңде әлі белгісіз, педагогикалық тұжырымдар қатарына енбеген білім заңдылықтары, олардың құрылымы мен механизмдері, бағыттары, мазмұны мен ұстанымдары, технологиялары, проблеманы айқындау моделі және т.б.
Зерттеудің практикалық маңызы жаңа ұсыныстар, нұсқаулар, құралдар мен формалардың және т.б. ұсынылуында.
Ғылыми-зерттеу жұмысының негізгі бөлімінде орындалған зерттеулердің мәнін, мазмұнын, әдістемесі мен жұмыстың негізгі қорытындыларын білдіретін мәліметтер келтіріледі. Жұмыстың теориялық бөлімі зерттеу мәселесі бойынша (психологиялық-педагогикалық) негізгі әдебиеттерге талдау жасау және меңгеру негізінде құралады: монография, мақала, әдістемелік құралдар және т.б.
Ізденуші әдебиеттер негізінде алынған негізгі материалдарды алып, ғылыми жұмыстарға баға бере алуы сондай-ақ, өзінің көзқарасын нақты, сауатты түрде және тақырыбын логикалық тұрғыда негіздеп, ғылыми қорытынды жасауы қажет. Ғылыми-зерттеу жұмысының негізгі бөлігі ережеге сәйкес, бөлім және бөлімшелерге бөлінеді (бөлім және параграфтар).
Тәжірибелі-эксперименталдық бөлім әдістемелердің көмегімен ізденушінің өзінің алған зерттеу материалдарының негізінде құрылады. Ізденуші жұмысына қатысты әдістемелерді меңгеру, оқушылармен зерттеу өткізу және олардан алған нәтижелер негізінде сауатты түрде әдістемелік және ғылыми қорытындылар жасай алуы қажет.
Эксперимент қорытындылары мақсатты түрде көрнекі құрал ретінде және кесте, сызба, диаграмма, график және т.б. түрінде көрсетіледі.
Қорытынды бөлім (тұжырым) зерттеу қорытындыларының қысқаша тұжырымынан, қойылған міндеттердің толық шешілуін бағалаудан, зерттелінген обьекті бойынша нақты ұсыныстардан тұрады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі ғылыми жұмыстарға қойылған талаптарға сәйкес рәсімделеді.
Қосымшаға жұмыстың зерттелуі мен орындалуына байланысты, негізгі бөлімде қамтылмаған материалдар кіргізіледі.
Ғылыми-зерттеу жұмысында қабылданған шешімнің және барлық деректердің шынайылығы мен дәлдігі туралы жауапкершілікті ізденуші өз мойнына алады.
Ғылыми-зерттеу нәтижелері – қолданбалы зерттеу және өңдеу, фундаментті өзіндік құн ретінде ғылыми өнім болып табылады. Жұмыс тапсырмалары және оған сәйкес алынған мақсаттары мен теориялық және практикалық қорытындылар жаңа ойлар – бұл педагогикалық зерттеу нәтижесі болып табылады. Ол қол жеткізген білімнің деңгейін бейнелейді, ол негізделген және дәлелденген, ғылым мен тәжірибе үшін мағыналы, қоғамдық жаңа білімдер туындатады.
Ғылыми зерттеулердің басты сипаттамасы – тиімділік және сапа. Тиімділікті екі аспектіде қарастыруға болады: экономикалық; әлеуметтік. Экономикалық тиімділік зерттеу нәтижелерін қолданудан және оларды алу шығындарының айырмасын немесе қол жеткізген тиімділіктің қарым-қатынасын анықтайды. Әлеуметтік тиімділік – практикада алынған білімнің қорытындысынан, адамның өмір деңгейінен алынған, олардың сұраныстарын қанағаттандыру, қажетті мәліметтердің жинақталуымен сипатталады. Әлеуметтік тиімділік мынадай деңгейлердің жоғарылауынан көрініс табады: білім беру; мәдениет; жастарды кәсіптік дайындау; жастарды жан-жақты дамыту; қоғам өміріне жат құбылыстардан алшақтату; құқық бұзушылықты азайту; ақыл-ой және дене еңбегін рационализациялау; жағымды дағдыларды және әдеттерді қалыптастыру; тәрбиеленушілік; саналылық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет