Педагогика



бет46/123
Дата08.02.2022
өлшемі1,65 Mb.
#118912
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   123
Байланысты:
УМКД педагогика 2018

Қоғамдық пікір – бұл ұжымдық талаптың бейнеленуі, ал талап – нақты міндет, оны іс-әрекет процесінде орындау қажет. Қоғамдық пікір – бұл ұжым мүшелерінің баға беруі.
Үйрету – бұл мінез-құлық нормасына сәйкес оқушыларды қажетті дағдыға, әдетке төселдіру. Тәрбие үйретуден басталады. Үйрету әдісі баланың орындағыштық, мұқияттылық қасиеттерін қалыптастырады. Мысалы, баланың мезгілімен жатуы, өз заттарын ұқыпты ұстауы, т.б.
Жаттықтыру әдісі – бұл әртүрлі ситуацияда оқушылардың моральдық тапсырмаларды орындауы. Мысалы, кез-келген тәрбиелік шараны мезгілінде бастау оқушыларды тәртіптілікке, ұйымшылдыққа тәрбиелейді.
Тапсырма беру – оқудың алғашқы күнінен бастап мұғалім тапсырма беру арқылы балаларды коллективтің сан алуан іс-әрекетіне қатыстырды. Тапсырманы орындау арқылы балалар қоғамдық міндеттерді атқаруға дағдыланады.
Тәрбиелеуші ситуация жеке адамның жағымды әрекеттерінің және қылықтарының қалыптасуына ықпал етеді. Мысалы, шынын айту, үлкен адамға тұрып орын беру, т.б.
Әңгіме – бұл балалардың санасын қалыптастырудағы негізгі әдіс болып саналады. Әңгіме барысында балалар түрлі мәселелерді талдауға белсене қатысады, ойланады. Әңгіме әдісі үлкен дайындықты қажет етеді. Әңгіме әдісін іске асыру үшін мыналарды ескеру керек:

  1. Тақырыптың көкейтестілігі.

  2. Әңгіменің тақырыбы балалардың жас ерекшелігіне сәйкес болуы керек.

  3. Әңгіменің тақырыбына сәйкес техникалық құралдарды пайдаланған жөн.

  4. Оқушылар үшін әңгіме тартымды, қызықты болуы керек.

Пікірталас – бұл жоғары класс оқушыларының пікір айтуын, баға беруін, сенімін қалыптастыру әдісі. Пікірталасқа мұғалім де, оқушылар да дайындалады. Пікірталастың тақырыбы және сұрақтары күні бұрын хабарланады. Пікірталаста тақырып бойынша оқушылар өзінің пікірін, көзқарасын айтады, оны дәлелдейді. Сонымен бірге басқалардың пікірін тыңдап үйренеді.
Пікірталастың соңында басқарушы оқушылардың жауабын жинақтайды, баға береді, қорытынды жасайды.
Лекция көбіне жоғарғы класс оқушыларына арналады. Лекцияның тақырыбы, жоспары хабарланғаннан кейін, жоспар бойынша баяндалады. Тыңдаушылар қажетті жерлерін жазып отырады. Лекция соңында оқушылар лекторға сұрақтар қояды, түсініксіз мәселелерді анықтайды.
Өнегенің тәрбиелік мәні өте зор. Өйткені, үлкендердің күнделікті мінез-құлқы балаларға үлкен әсер етеді. Өнегенің тәрбиелік пәрменділігі сонда, үлкендер балаларға ештеңені міндеттеп үйретпейді, балалар олардың көзқарастарын, қылықтарын өздері байқайды, оған қызығады, оны мінез-құлық үлгісі ретінде қабылдайды.
Мұғалім мен ата-аналар өнегесі балаларға аса зор ықпал жасайды.Олар мұны естен шығармай, өздеріне қатаң талап қоя білулері тиіс.
Жарыс – балалардың ұжымда іс-әрекетін ұйымдастыру және ынталандыру әдісі. Жарыс оқушылардың іс-әрекеттің алуан түріндегі белсенділігін арттырады, озаттарға теңелуге және артта қалғандарға көмектесуге жұмылдырады, осы негізде коллективтің жұмысында әлдеқайда жоғары көрсеткішке жетуіне жағдай жасайды.
Жарыс жеке ( олимпиада, конкурстарға қатысу ) және коллективтік ( спорттық, топтар арасындағы ) болады.
Мадақтау – бұл баланың жағымды мінез-құлқын ынталандыру құралы. Мадақтаудың сан алуан түрлері бар : ауызша мадақтау, алғыс айту, түрлі наградалар . Егер бала өзінің жетістігін және ұжым алдындағы жауапкершілігін сезе білсе, онда мадақтаудың құндылығы арта түседі. Орынсыз мадақтаудан балада мақтаншақтық, тәкаппарлық, дандайсушылық туады. Сондықтан мадақтау үшін жеткілікті мәліметтер керек.
Жазалау – бұл балаға қоғамдық талап қою, оның мінез-құлқында байқалатын теріс қылықтарды тежеу тәсілдері. Жазалау үшін оның шындығын толық білу, сонымен бірге ұжым пікірі жазалау жағында болғанда ғана баланы жазалауға болады. Күдіктеніп немесе ұжымның пікірінсіз жазалауға болмайды. Жазалауда жеке адамның абыройын төгіп, балағаттау, қорлау ешқандай моральдық нормаға сыймайды.
Тәрбие әдістерін таңдап алу шарттары. Тәрбие әдістерін жеке тұлғаның жан-жақты дамуына бағытталған. Тәрбие жұмысында әдістерді таңдап алу оқушылардың жас және дербес ерекшеліктеріне, өмір тәжірибесіне, педагогикалық ситуацияларға тәуелді. Мысалы, үйрету әдісі кіші мектеп жасындағы балалар тәрбиесінде жиі қолданылады. Үйрету әдісі арқылы балаларды мектепте, үйде әртүрлі іс-әрекетке үйретуге болады.
Тәрбие жұмысында әр баланың жеке даму ерекшеліктерін ескерген жөн. Мысалы, сангвинник бала қиыншылыққа кездессе, бастаған ісін аяғына дейін орындамайды. Сондықтан оны үздіксіз, яғни тұрақты әрекет жасауға, тапсырманы толық орындауға үйрету қажет.
Ұжымды қалыптастырудың алғашқы сатысында тәрбиеші талап қою әдісін қолданады. Ондағы мақсат – балаларды әлеуметтік тәжірибеге қатыстыру.Ұжым қалыптасқаннан кейін оқушылардың әдет-ғұрып, іскерлік, дағдысын қалыптастыру үшін үйрету, жаттықтыру әдістері қолданылады. Ұжым дамуының
ІІ-ІІІ сатысында қоғамдық пікір, тапсырма, пікірталас, өзін-өзі бақылау, өзіне-өзі баға беру т.б. қолданылады.
Әңгіме көбінесе кіші жастағы балалармен жүргізілсе, жоғары класс оқушыларымен диспут, лекция өткізіледі. Түрлі педагогикалық ситуацияларға байланысты этикалық тақырыптарға әңгіме, лекция пайдалану қажет. Мысалы, класта әдепсіздік, өзін ұстау нормалары бұзылған жағдайлар кездессе, адамгершілік тақырыбына әңгіме өткізген пайдалы. Сөйтіп оқушыларға дұрыс баға беруге, теріс көзқарастарды сынай білуге көмектескен жөн. Балалар арасында темекі тарту, ішімдікті қолдану құбылыстары кездессе, оларға никотин мен алкогольдің зияны туралы лекция оқып, кинофильм көрсетуге болады.
А.С.Макаренко тәрбиелеу әдістерін қолданған кезде мұғалімдерді қателіктердің үш түрінен сақтандырады. Олар: әдістерді іс жүзінде тексеріп алмай пайдалану, кейбір жеке әдістерді соқыр сезіммен қолдану, бір әдісті барлығына бірдей қолдану. А.С.Макаренко коллективтің даму деңгейін, тәрбиеленушілердің жас ерекшеліктерін және нақтылы педагогикалық жағдайды ескере отырып, түрлі әдістерді творчестволықпен қолданудың қажеттігін ұсынды.
Барлық тәрбие әдістері бір-бірімен өзара байланысты, өзара тәуелді. Олар бір-бірін толықтырады. Тәрбие әдістерінің көмегімен оқушылардың әртүрлі іс-әрекеттері ұйымдастырылады, мақсатқа сәйкес бағытталады, олардың адамгершілік тәжірибесі байиды, тәрбие әдістерінің көмегімен оқушылардың дүниеге көзқарасы қалыптасады, олар қоғамдық өмірге қатысады, тәрбиенің әлеуметтік мақсаты іске асырылады.


Бақылау сұрақтары
1. Іс-әрекеттің түрлерін атаңыз.
2. «Педагогикалық ықпал ету тәсілдерін, «түрлерін, «тәрбие әдістерін ағымдарының анықтамасын беріңіз.
3. Әдістерді, тәсілдерді неге қозғаушы күш дейді?
4. Жеке тұлғаны тәрбиенің тәсілдері, түрлері мен әдістерінің тұтас педагогикалық процесте алар орны қандай?
5. Педагогикада тәрбие әдістерінің қандай топтары бар?
6. Оқушылардың санасы мен мінез-құлқын қалыптастыру әдістерін сипаттаңыз.
7. Оқушылардың мінез-құлқын ынталандыру әдістерін атаңыз.
8. Жеке бастың іс-әрекетін ұйымдастыруды түсіндіріңіз.
9. Этикалық әңгіме-сұхбат әдісінің мәнін айтыңыз.
10. Мадақтау мен жазалау әдістерін қолданудың негізгі шарттарын атаңыз.


Әдебиеттер
1.Педагогика. Курс лекций. Алматы: “Нұрлы Әлем”, 2003
2.Вульфов Б. З., Иванов Б.Д. Основа педагогики (в лекциях, в ситуациях, в первоисточниках) Уч. пособие – М., 2004.
3.Ильина Т.А. Педагогика.- М., 2000
4.Лихачев Б.Т. Педагогика. Курс лекций. Уч. пособие.-М., 2004
5.Лихачев Б.Т. Философия воспитания. Спец. курс. Уч. пособие- М., 1995
6.Педагогика. Уч. пособие (Под. ред. Т.Н. Пидкасистого- 2010)
7.Подласый И.П. Педагогика Учебник - Минск, 2010




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   123




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет