Дәріс №22 Қазіргі мектептегі білім беру мазмұнының ғылыми негіздері
Жоспар:
«Білім мазмұны» ұғымы
Білім берудің құрылымы, түрлері
Білім мазмұнына қойылатын талаптар
Білім мазмұнының негізгі компоненттері
Білім мазмұнын анықтайтын нормативтік құжаттар
Мақсаты:қазіргі мектептегі білімнің мазмұнымен таныстыру. Білім мазмұнын анықтайтын нормативтік құжаттармен таныстыру.
Негізгі ұғымдар: білім мазмұны, бейіндік оқытудың білім мазмұнының көздері, пәнаралық байланыс, функционалды сауаттылық, қосымша білім беру, нормативті құжаттар.
Білім беру - бұл қоғам мүшелерінің адамгершілік, интеллектуалдық, мәдени дамуының жоғары деңгейін және кәсіби біліктілігін қамтамасыз етуге бағытталған тәрбие беру мен оқытудың үздіксіз процесі.
Білім беру мазмұны - оқушыларды жан-жақты дамыту, ақыл-ойын, танымдық қызығушылығын қалыптастыру, еңбекке дайындау үшін белгілі типтегі мектепте оқытылатын білім мен іскерліктер жүйесі. Білім мазмұнына қоғамдағы әлеуметтік, экономикалық, ғылыми жетістіктер әсер етеді.
Білім берудің мазмұнының теориялық негізі ХҮІІ ғ. соңы ХІХ ғ. басында қалыптасты. Білім берудің мазмұны материалистік және формальдық болып бөлінді.
Материалистік білім мазмұнын Я.А.Коменский жақтаған. Ол балаларға ғылымның әр түрлі салаларынан кең көлемде білім беру керек деп есептеді.
Формальдық білім мазмұнын жақтаушылар И.Г.Песталоцци, А.Дистервег оқушылардың дұрыс ойлауын, танымдық қызығушылықтарын дамытуды көздеді.
Орыс педагогы К.Д.Ушинский материалдық және формальдық теориялардың бірлігін жақтады.
Жалпы білім - оқушылардың ғылым негіздерін игеру процесі және нәтижесі. Жалпы білім мазмұнына оқытылатын пәндердің негізгі үш циклі кіреді: ғылыми-жаратылыс, гуманитарлық, еңбек және дене дайындығы.Политехникалық білім беру оқушыларды аспаптармен, құралдармен жұмыс істеуге үйрету, компьютер, ЭЕМ -мен таныстыру, техника мен өндіріс жайлы түсінік беру, мамандық таңдау т.б. мәселелерді қамтиды. Кәсіптік білімнің негізі - жалпы және политехникалық білім. Осы білімнің енгізінде арнаулы орта және жоғары оқу орнын орнын бітіретін мамандардың жалпы ғылыми даярлығы кеңиді, сауаттылығы артады, өз мамандығын терең игереді.
Оқу жоспары – оқу орнында игерілетін оқу пəндерінің құрамын, оларды меңгеру бірізділігі мен кезек тəртібін, əр пəн бойынша жылдық, апталық бөлінген сағат санын, оқу жылының бас-аяқ мерзімі жəне апта, айларын анықтап беретін құжат. Оқу жоспарлы түбір (типтік) жəне нақты оқу мекемесі тарапынан жасалған оқу жоспары болып бөлінеді. Түбірлі оқу жоспарында мектеп (ЖОО) қабырғасында оқу жылдарына орай жүргізілетін барша оқу пəндерінің тізімі беріледі. Игерілуі қажет пəндер оқу жоспарында үш топқа бөлінеді: 1) міндетті (базалық-мемлекеттік бөлік), 2) оқушылар қалауы бойынша (аймақтық бөлік) жəне 3) мектеп (ЖОО) кеңесі бекімімен өтілетін пəндер (мектептік (ЖОО) бірлік). Түбір оқу жоспарында əрқилы білім саласына, факультативтерге, оқушылар таңдауымен енген курстерге арналған сағаттар бөлігі өрнектеледі.
Түбір жоспар негізінде жеке ерекшеліктерін ескерумен мектеп (ЖОО) өз оқу жоспарларын жасайды. Оқу формаларына қарай күндізгі, ауысымды, сырттай, қашықтықтан оқыту жоспарлары да əр қилы келеді.
Оқу бағдарламаларында білім мазмұны сипатталады, пәндер бойынша әр жылға оқытылатын курс тараулары мен тақырыптарына бөлінген сағаттар саны белгіленеді. Оқу бағдарламасы оқу жоспарының негізінде әрбір жеке пәндерге арналып құрылады. Оқу бағдарламаларының түбірлі (типтік), оқу-жұмыс (рабочие) жəне авторлық түрлері ажыралады.
Түбір бағдарламалары Мемлекеттік білім стандарты негізінде нақты пəн бойынша құрастырылады. Оларды ұсыныс сипатында қабылдауға болады.
Оқу - жұмыс бағдарламалары түбір жоспары негізінде түзіліп, мектептің педагогикалық кеңесінің (ЖОО да жетекші кафедра) шешімімен бекиді. Бұл бағдарламалар білім стандартының талаптарына сəйкес, сонымен бірге ол нақты оқу орнының мүмкіндіктерін ескерумен жасалады.
Авторлық оқу жоспарларында білім стандартының талаптары міндетті сақталады, бірақ оқу материалын ұсынудың өзгеше қисыны, оқу барысында оқып-зерттелетін құбылыстар мен процестерге автор тарапынан өзіндік көзқарастар болуы мүмкін. Мұндай бағдарламалар көбіне таңдамалы курстар мен факультативтерде қолданыс табады.
Оқу бағдарламаларын құрастырудың педагогика тарихында екі əдісі белгілі: концентрлі жəне тізбекті.
Концентрлі əдіске орай бір оқу сатысында өтілген оқу материалы алдағы жоғарылау сатыларда күрделірек күйде жəне оқылады.Бұл əдісті қолданудың қажеттігі оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеру принципін сақтаудан туындайды.
Тізбекті əдіспен түзілген оқу бағдарламаларында əр кезекті оқу сатысының материалы өткен жылдардағы игерілгендердің қисынды жалғасы
Мемлекеттік білім беру стандарты маңызды мемлекеттік құжат болып есептеледі. Онда оқушылар меңгеруге тиіс білімнің міндетті деңгейі көрсетіледі. Жалпы білім беруші мекемелердің білім стандарты үш бөліктен құралады: мемлекеттік, ұлттық – аймақтық жəне мектептік.
Стандарттың мемлекеттік бөлігі (инвариант) елдегі білім кеңістігінің біртұтастығы мен тұлғаның əлемдік мəдениет жүйесіне енуін қамтамасыз етеді.
Ұлттық – аймақтық елдің жер-жерлеріндегі ерекшелік, талаптарына (ана тілі мен əдебиетіне, жағрафиясына, мəдениет пен өнеріне, еңбек, өндіріс дайындығына жəне т.б.) байланысты анықталады.
Мектептік білім мазмұны нақты оқу орнының анайылығы мен бағыт –бағдарына орай оқу пəндерінің енгізілуімен белгіленеді.
Стандарттың мемлекеттік бөлігі –бұлжымас, қайта қарастырылуы өте сирек, ұлттық аймақтық жəне мектептік бөліктер- баламалы, оның құрамды бірліктері жүйелі жаңаланып барады.
Оқулық оқу бағдарламасының негізінде жасалады. Оқулық оқушыға білім берудің негізгі көзі. Оқулық арнаулы талаптарға сай болуы керек. Талаптардың күрделілігіне орай, соңғы кезде әр пәннен оқулықтардың бірнеше нұсқалары (вариант) шығуда. Дәстүрлі кітаптармен қатар, электронды оқулықтар, аудио-видео кассеталар, компакт-дискілерге жазылған оқулықтар пайдаланылады.
Бақылау сұрақтары:
1. Білім беру мазмұны дегеніміз не, немен байланысты анықталады?
2. Оқыту процесінде оқу жоспары оқу бағдарламасының қызметі қандай?
3. Қазіргі кезеңде мектепте оқытудың мазмұнын қайта қараудың себептері не 4. Қандай мемлекеттік құжаттар білім мазмұнын анықтайды.
5. Жалпы орта білім беретін мемлекеттік стандартқа талдау жасаңыз.
6.Білім беру мазмұны – дидактикалық категория.
7.Оқу жоспары, бағдарламалар, оқулықтар және оларға қойылатын талаптар.
8.Қазіргі кезеңде Қазақстан Республикасында мектептерде оқытудың мазмұны.
Әдебиеттер
1.Педагогика. Курс лекций. Алматы: “Нұрлы Әлем”, 2003
2. Вульфов Б. З., Иванов Б.Д. Основа педагогики (в лекциях, в ситуациях, в первоисточниках) Уч. пособие – М., 2000.
3.Ильина Т.А. Педагогика.- М., 2000
4.Лихачев Б.Т. Педагогика. Курс лекций. Уч. пособие.-М., 1999
5. Педагогика. Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университет. Дәрістер курсы. - Алматы “Нұрлы әлем” 2003
6.Педагогика. Уч. пособие (Под. ред. Т.Н. Пидкасистого-2010)
7.Подласый И.П. Педагогика Учебник - Минск, 2010
8.Харламов И.Б. Педагогика. Учебник-Минск, 2010
Достарыңызбен бөлісу: |