«Инноватика» қоғамдағы инновациялық үдерістердің өсу қарқынын сезінуге қабілетті заманауи ғылыми ойлардың маңызды бағыты ретінде айқындалады, сәйкесінше инновациялық үдерісті – жаңашылдықты құру, тарату және меңгеру арқылы білім беруді дамыту үдерісі ретінде түсіну қажет.
Қазіргі кезеңде ЖОО оқытушылары үшін кәсіби әрекет педагогикалық үдеріске инновациялық технологияларды ендіру бағыттылығымен анықталады.
Инновациялар, инновациялық іс-әрекет инновациялық ойлауды қалыптастыруды талап ететіні сөзсіз.
Зерттеу университеттеріндегі инновациялық іс-әрекеттің мәні мен маңызы.Жоғары оқу орындарында қайта жаңарту жолдарын іздестіру көптеген бағыттар бойынша жүріп жатыр. ЖОО жұмысындағы мәнді өзгерістер білім беру үлгісін ауыстырумен тікелей байланысты болады. Қазіргі қазақстандық ЖОО-дарда жаңаны ендірудің тиімді жолының бірі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дегідей – зерттеу университетін құру. Бұл тұрғыда шетелдік тәжірибе жоғары маңыздылыққа ие, әсіресе АҚШ тәжірибесі, ондағы ғылыми-техникалық даму, инновациялық экономиканың қалыптасуы, бизнестің, жұмыс орнын берушілердің, ғылым мен білім интеграциясы. Америкалық зерттеу университеттері – бұл, ең алдымен, мемлекет пен ұйымдық қаржыландыру қолдап отыратын озат іргелі зерттеулер жүргізілетін орталықтар, оқытушылар мен студенттері белсенді жұмылдырған университет қабырғасындағы шынайы ғылым мен білім. Сонымен қатар, зерттеу университеттері - аймақтық экономикалық дамуға әсер етуші, технопарктерді қалыптастырушы, кәсіпкерлік инкубаторларды қолдау мен кіші бизнесті қолдауға септігін тигізетін орталықтар. Және де, бұл елдің қоғамдық дамуында маңызды рөл атқаруға міндетті ұлттық элитаны қалыптастырушы орын. Сол себепті Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 1754 жылы құрылған Колумбия университетімен тығыз қарым-қатынаста. Колумбия университеті 2007 жылы жалпы ұлттық рейтингте 9-орын алған.
Зерттеу университеттеріндегі инновациялық іс-әрекеттің мақсаты аймақтағы кәсіпкерлік белсенділіктің дамуына ықпал ету, өндіріс пен бизнестің байланысын нығайту, жаңа компанияларды құруға қатысу арқылы нарықта озық технологиялық өңдемелерді шығару болып табылады. Кей жағдайда компаниялар университет тарапынан патенттелген және лицензияланған озық технологиялар базасында құрылады. Зерттеу университеттері жаңадан құрылған компаниялардың капиталына қатысады, қызығушылықтан туындаған кикілжіңдерді реттейді, себебі университет мәртебесі бойынша – бұл қоғам қамы үшін қызмет ететін және білім өндіретін, пайда алатын корпорация болып табылады.
Білім берудегі инновациялық үдерістің нәтижесі теориялық және тәжірибелік жағынан жаңалықтарды қолдану болып табылады. Білім беру жүйесінде инновация білім беру мақсатына жаңалықтар енгізу, жаңа мазмұнды жаңа тәсілдер мен тәжірибелер және білім беру формаларын қайта жасауды, жаңа педагогикалық жүйені енгізу және таратуды, мектепті басқарудың жаңа технологияларын жасау және дамытуды және мектеп жаңа білім беру бағытын ұстанғанда, оның мақсаты, мазмұны, әдісі жаңа талаптарға сай болуын жобалайды.
Олардың дамуын екі факторға бөліп қарастырамыз:
Объективті факторлар – инновациялық әрекеттің қарқынды дамуына жағдай жасау және оның нәтижелерін қабылдауды қамтамасыз ету.
Субъективті факторлар – инновациялық үдеріс субъектісімен тығыз байланысты. Инновациялық үдеріс субъектілеріне ғалым-педагогтар, мұғалімдер және білім беру саласында инновацияға бағытталған әрекеттің басқа да қызметкерлері жатады.