Педагогикаәдіснамасының негізгі ұғымдары. Әуелі қазіргі әдебиеттердегі «педагогика әдіснамасы» ұғымының негізгі анықтамаларын қарастырайық.
Бұл басты термин ең негізгі анықтама басылымдары «Педагогикалық сөздікте» (1960 ж), «Педагогикалық энциклопедияларда» (1966-1968 жж.) - түсініктеме қорына енгізілмеген. «Педагогикалық энциклопедияларда» тек қана педагогика әдіснамасын, зерттеу әдістемесін және зерттеу техникасын ажырту туралы ескерту кездеседі. Педагогика пәні оқулықтары мен оқу құралдарында «педагогика әдіснамасы» ұғымының мазмұны нақты анықталмаған.
Жоғары оқу орындарына арналған оқу әдебиеттеріне «мұғалімдерді кәсіби дайындау мазмұнына педагогика әдіснамасы» ұғымы әлі күнге дейін енбеген. Жалпы алғанда, әдіснамалық семинардың материалдары педагогикадағы әдіснамалық білімнің мәні мен мазмұны әлі толық нақтыланбаған деген қорытындыға келген. Нағыз әдіснамалық зерттеулер өте сирек кездеседі. Нақты екі бағыт ерекшеленеді: педагогика әдіснамасы педагогика ғылымының өзіндік саласы ретінде және педагогика теориясын дамыту факторы ретіндегі әдіснама. Сол уақыттарда бірнеше автордың педагогика әдіснамасын оқу практикасымен және тәрбиемен жақындастыру талпыныстары байқалады. Бұл, мысалы, зерттеу логикасын оқушылардың танымдық жұмысының логикасына көшіруден анық көрінді.
Н.Д. Никандровтың «Қазіргі кезеңдегі педагогиканың әдіснамалық мәселелері» мақаласында (1985 ж.) арнайы әдіснаманың негізгі екі қызметі белгіленген: ұйымдастырушылық және бағдарлаушылық. Педагогика әдіснамасының пәнін кеңейтуді қолдай отырып, автор негізгі әдіснамалық мәселелерді үш топқа бөліп көрсетеді. Педагогика әдіснамасының ғылым және практикаға қосқан үлесін арттырудың негізгі жолы – оның әртүрлі деңгейдегі міндеттерді шешумен байланыстылығы. Педагогика ғылымының тиімділігін арттыру шарты - әдіснаманың басымдылық рөлін мойындау. Автор үздіксіз циклдің идеясын жақтайды: «іс-тәжірибе - әдіснама - теория - әдістеме - жоғарғы деңгейдегі іс-тәжірибе».
Әдіснаманың педагогика ғылымының саласы ретінде қалыптасуы және дамуы үшін маңыздысы - педагогика әдіснамасының мазмұны. М.Н. Скаткин дидактиканың әдіснамалық білімдеріне зерттеушінің ғылыми жұмыста қолданылатын логика-әдіснамалық құралдарын және оның дүниетанымдық көзқарасын жатқызды. Жеке тұлғаға философиялық білім беруге педагогика әдіснамасы және теориясы жауапты. Бұл идеяны педагог В.С. Шубинский негіздеп, дидактика және тәрбие теориясы үшін өте маңызды деп ұсынды. Әдіснамашы В.В. Краевский жаңа идеялардың ұстанымдық қатарын: психология әдіснамасы және педагогика әдіснамасының келісімділігі, нақтылыдан дерексізге және дерексізден нақтылыға өрлеу үдерісінің әдіснамалық шешімі деп көрсетеді.
«Педагогика әдіснамасы» ғылыми түсінігін жасаудағы белгілі бір қадам оқыту және тәрбиенің мәселесін зерттеуші В.И. Загвязинскийдің «Дидактикалық зерттеудің әдіснамасы және әдістемесі» жұмысында жасалды. Автор педагогика әдіснамасын «педагогикалық зерттеудегі бастапқы қағидалар, құрылым, әрекет және ғылыми-зерттеу әдістері деп анықтайды, педагогикадағы теориялық және әдіснамалықтың шекарасының жылжымалылығын атап көрсетеді. Әдіснамалық білім құрамына ол «жалпы әдіснамалық, жалпы ғылымилық заңдар мен заңдылықтар және олардан шығатын педагогикалық әрекетке талаптарды», педагогикалық зерттеулердің ұстанымдары мен әдістерін ендіреді. Педагогика әдіснамасы педагогика ғылымының маңызды және өзгермейтін бөлігі ретінде түсіндіреді.
Қазіргі жағдайда педагогика әдіснамасы мазмұнын қандай бағытта тиімді дамытуға болады? Педагогика әдіснамасын практика және теория саласындағы педагогикалық іс-әрекеттің құралдары және әдістері деп анықтайтын белгілі кеңес ғалымдарының ұжымдық пікірімен санасатын болсақ, онда педагогика әдіснамасының практикаға көбірек бет бұратынын мойындауымыз керек.
Бұл бағытта жоғары оқу орны педагогикасы алға қадам жасап қойды. Педагогикалық зерттеу әдістері белгілі бір жаңартудан кейін әдіскердің, тәрбиешінің, мектеп мұғалімдерінің практикалық жұмысының әдістеріне айналады. Нәтижесінде жаңа жағдайда туындаған міндеттерді шешетін педагогтардың қабілеттері артады. Әдіснаманы және мектеп мәселесін зерттеудің әдістемесін меңгерген педагогикалық жоғары оқу орнының студенттері оқушылармен жүргізілетін жұмыс жүйесін жаңартуға белсенді қатыса алады және институтты бітіргеннен кейін осы дәстүрлі емес әдістерді жұмыста қолдана алады.
Педагогиканың тәрбие бөліміндегі дискрипторлық сөздіктің базасын құрайтын негізгі және жалпы қолданылатын терминдермен педагогика әдіснамасының сөздігі шектелуі мүмкін: әдіснама (жалпы), педагогика әдіснамасы, педагогикалық мәселе, педагогикалық зерттеу әдісі, педагогикалық зерттеу құралдары, педагогикалық зерттеу көздері, болжам, педагогикалық зерттеу нәтижесі, педагогикалық заңдылық, педагогика заңы, ғылыми-педагогикалық категория, ғылыми–педагогикалық ұғым, педагогикалық тезаурус, педагогиканың ақпаратты-ізденістік тілі (АІТ/ИПЯ), педагогикалық информатика, педагогикалық ақпарат, педагогикалық іс-тәжірибе, педагогикалық зерттеу нәтижелерін іс-тәжірибеге енгізу, педагогикалық логика, педагогикалық үдерістің қарама-қайшылығы, педагогикалық практика, ғылыми қорытындылардағы педагогикалық практиканың сұранысы, зерттеу сапасы бағасының өлшемі, педагогикалық үдерістегі тиімділік бағасының өлшемі.
Педагогика әдіснамасы терминдерінің қатары ұғымдардың категориялық, базалық және шеткері болып бөліну өлшемдерін анықтауға негіз болуы керек. Шеткері түсініктер базалық (негізгі)ұғымдар көлеміне кіреді. Мұнда көбірек қолданылатын, кең тараған білімдер енгізілген.