Лондон мектебі — структуралық тіл білімі бағыттарының бірі.
Лондон мектебі — структуралық тіл білімі бағыттарының бірі. 20 ғ. 40 жылдарында қалыптасқан - негізін салған Дж. Р. Фёрс және оның төңірегіндегілер—У. Аллен, М. А. К. Халлидей, Р. X. Робине, У. Хаас, Ф. Р. Палмер т. б. Лондон мектебі нақты тілдердің өзіне тән ерекшеліктерін түсіндіруге арналған жалпы теория құруға, соған сай оларды зерттеудің құрылымдық-функционалдық әдістерін жасауға тырысты. Лондон мектебінің жалпы тілдік ұстанымының қалыптасуына Э. Дюркгейм мен Ф. де Соссюрдін кейбір идеялары және бихевиоризмнің қағидалары ықпал етті. Лондон мектебі үшін тіл білімінің міндеті — тілдік құбылыстарды зерттеудің техникалық тәсілдерін жасау болып табылады. Оның өкілдерінің пікірінше, тіл білімі басқа ғылымдардың (психология, әлеуметтану т. б.)деректеріне сүйенбей-ақ дамитын жеке сала. "Тіл" ұғымын негізгі үш мағынада қолдануға болады: адам табиғатындағы ішкі ынталылықты оятатын табиғи сый; дәстүрлі жүйе немесе дағды негізінде қалыптасқан құбылыс; сансыз индивидуалдық пікірлер мен тілдік әрекеттер түрінде. Лондон мектебінің нақты зерттеулері мынадай мәселелерге қатысты: тілдің қоғамдағы орны мен қызметі; тіл және мәдениет; тілдің мәні және оның анықтамасы; тіл дамуын қозғаушы күштер; тілдің құрылысы; тіл денгейлері мен тіл бірліктерін ажырату; тілдік категориялардың белгілері және оларды анықтаудың шарттары т. б. Лондон мектебінің зерттеулері әлеуметтік тіл білімінің, функционалды грамматиканың, контекстуалды грамматика мен мәтіндік тіл білімінің қалыптасуында белгілі орын алады.