Дәрістің мақсаты: Трикотаж өндірісін өндіру тәсілдеріне сипаттама беру, трикотаждың түрлері мен принциптері, трикотаж өрімдері түрлерімен таныстыру;
1. Трикотаж өндірісі. Трикотаж - бұл ілмектерден тұратын, бойлай және көлденең бағытта өзара айқасқан, бір немесе бірнеше жіптерден іліп тоқылған тоқыма бұйымы немесе жайма. «Трикотаж» ұғымы бұйымдардың кең көлемін қамтиды: жасанды үлбір, шұлық-ұйық, іш және сырт киімі, пальто, кілемдер мен шілтер және балық аулау торлары.
Трикотаждың құрылымы ілмектердің мөлшері мен формасы, олардың өзара байланысы және орналасуымен сипатталынады. Трикотаждың негізгі элементі - ілмек, оның құрылысы әр түрлі болуы мүмкін, және осы жай трикотаждың құрылымы мен қасиетіне маңызды әсер етеді. Тағайындалу мен шикізаттың түріне қарамастан, трикотаждың кез келген түрі іліп тоқу арқылы алынады. Іліп тоқу - бұл трикотаждан бірмезгілде біртіндеп, бойлай немесе көлденең бағытта ілмектердің құрылуы.
2. Трикотаждың түрлері және ілмектердің құрылысы. Ілмек екі шектес ілмектердің негізін біріктіретін қаңқадан (2-3-4 жоғарғы доға және 1-2 мен 4-5 таяқшалардан) және созылмалардан (0-1 мен 5-6) тұрады. 2-4 жоғарғы доғаны инелі, ал 5-7 созылманы пла- тиналы доға деп атайды. 3.11 суретте ілмек құрылысы көрсетілген.
Трикотажда тігінен бір-біріне тізілген ілмектерді ілмекті бағанша, ал горизонталь бойынша бір қатардағы ілмектерді - ілмекті қатарлар деп атайды.
Екі шектес ілмекті бағаншалар орталықтарының аралығын ілмекті қадам деп атайды және А әрпімен белгілейді, ал екі ілмекті қатарлар орталықтарының аралығын ілмекті қатар биіктігі деп атап, В әрпімен белгілейді. Іліп тоқу әдісі бойынша трикотаж иілмелі (көлденең тоқылған) және негізжіптік (бойлай тоқылған) түрлерге бөлінеді.
Иілмелі трикотаж бір, екі немесе одан артық бірге алынған жіптерден құрылады, олар бір жіпжүргізгішке сабақталып, бірден инеге салынып, ілмектер тоқылынады. Ілмектер қатарлары жіптің бірізді иілу жолымен алынады, бір қатар құрылғаннан кейін жіп екіншіге ауысады, сонан соң үшіншіге. Иілмелі трикотаж ілмекті қатарлар бойынша (горизонталь бағытпен) жеңіл тарқатылады, ал жіп үзілгенде ілмекті бағанша бойынша (вертикаль бағытпен) тез сөгіледі.
Негізжіптік трикотаж бір-біріне параллель орналасқан жіптердің жүйесінен (негізжіп) құралынады. Ілмекті қатарды алу үшін бірмезгілде жіптердің жүйесі иіліп, әр жіп өз инесіне салынады. Сондықтан ілмекті қатарда әр жіп бір (екіден көп емес) ілмек құрайды, кейін келесі қатардың көршілес бағаншасына ауысады. Мұны орындау үшін бір жіп кезегімен екі шектес инеге салынады: II қатардағы 2 инеге салынған жіп, III қатарда 3 инеге салынады, ал IV қатарда қайтадан 2 инеге салынады. 3.12, 3.13. суреттерде негіз жіптік трикотаждың сұлбасы көрсетілген. Сонымен, негізжіптік трикотаждың әр ілмекті бағаншасы көршілес бағанамен созылма арқылы бірігеді. Негізжіптік трикотаж ілмекті қатар бойынша тарқатылмайды және ілмекті бағанша бойымен аз тарқатылады. Негізжіптік трикотажда ілмектің құрылысы, иірмеліге қарағанда біршама ерекшеленеді. Негізжіптік трикотаждың ілмегі таяқшалардан (а-б), ілмек басы (б-в-г) және бір ілмекті екінші ілмекпен біріктіретін созылмалардан (д-е мен д^-е1) тұрады. Тік а-б мен г-д бөліктерден тұратын ілмектің бөлігін және олардың біріккен б-в-г доғасын, ілмектің қаңқасы деп атайды. Көршілес ілмектердің қаңқасы созылмамен бірігеді.
Сонымен, иілмелі трикотажда ілмек қатарын алу үшін бір жіп жеткілікті, ал негізжіпте - бір қатарда қанша ілмек құру қажет болса, соншалықты жіп керек. Қарастырылған трикотаждың түрлері тегіс және суретті (өрнекті) болады. Тегіс деп, барлық ілмектері түсі, құрылымы, формасы бойынша бірдей түрін атайды. Суретті (өрнекті) трикотажда барлық ілмектері берілген бағдарлама бойынша саны әр түрлі жіптерден, түстері, құрылымы және формасы бір бірінен өзгеше болу мүмкін. Трикотажды, матаға ұқсас метражды құбырлы жайма, ұзындығы мен ені белгілі құбырлы купон ретінде және формасы лекалоға жақын жазық немесе дәл сонымен бірдей түрінде жасалынады.
Трикотаж бұйымдарды өндірудің негізгі үш тәсілі бар: пішілген, жүйелі, жартылай жүйелі.
Пішу тәсілі матаға ұқсас, тоқылған трикотаж жаймасын пішеді, яғни жаймада бұйым бөлшектерінің контуры бойынша пішіп, содан кейін тігу арқылы қажетті форма беріледі, бұл тәсілде, пішу кезінде, қалдықтардың мөлшері 18-23% дейін болады.
Жүйелі тәсілінде трикотаж бұйымдардың бөлшектері әдетте пішуді қажет етпейді. Сондықтан бұл тәсіл шикі затты тиімді пайдаланумен сипатталынады. Жартылай жүйелі тәсіл жоғарыда көрсетілген тәсілдерден айырмашылығы, трикотаж құбырлы немесе жазық купон түрінде оқылады. Купонды бір бірінен бөлгіш ілмектер қатары арқылы ажыратады, оның төменгі қатары әдетте тарқатылмайды тігуді талап етпейді. Купонды жазық және шеңберлі тоқу машиналарында өндіреді. Әдетте оларды қолтық, мойын ойындысы мен жең түбі бойынша сәл пішеді. Трикотаждың осы өндіру тәсілі пішу тәсілімен салыстырғанда тиімді, бұйымға жұмсалған жайманың шығыны 2-5 % төмендейді және сырт трикотаж бұйымдарын шығаруда ең кең таралған тәсілі болып табылады.
Метражды құбырлы және жазық жаймаларды пішетіні белгілі. Осылай алынған бұйымдар пішілген деп аталынады. Құбырлы (3.14 сурет,а) және жазық (3.14 сурет,б.) купондар, сонымен қатар кейбір жазық бөлшектер (3.14 сурет,в.) тек сәл пішуді қажет етеді. Осы тәсілмен алынған бұйымдар жартылай жүйелі деп аталынады. Пішуді қажет етпейтін, бөлшектерден тұратын бұйымды жүйелі деп аталынады.
Жүйелі тәсілмен келесідей бөлшектерді өндіреді: қалта, жаға, какпакша, жиек, белдік. Өндірісте техника мен технологияны жетілдіру - бұл трикотаж бұйымдарын шығаруда шикізат пен еңбек шығынын азай- ту. Трикотаж бұйымдарын дәстүрлі пішу әдіспен жасау біртіндеп, дана бұйымдарды автоматтандырылған әдіспен алуға көшуде. Тоқу технологиясы және техниканы жетілдіру жаңа автоматтарды құрады, мұнда бұйым бүтін формада жасалынады технологиялық операциялардың саны азаяды.
3. Ілмек құрау принциптері. Ілмек құрау үдерісі іліп тоқитын ине, жіпжүргізгіш, платина және престер жұмыс органдары көмегімен орындалады. Іліп тоқитын инелердің түрлері ілгекті, тілшікті, құбырлы және қуыс болады. Жіпжүргізгіш — болаттан жасалған жайпақ өзек, оның тесігі арқылы жіпті өткізіп, инеге салады.
Платиналар - болаттан жасалған түрлі фигуралы жіңішке тілімше, инелердің арасында орналасады, қызметі - жіпті ілмекке иілдіру, иненің өзегі бойымен жылжыту және жаңа ілмекті түсіру мен тарту операцияларына қатысу. 3.15. суретте инелердің түрі көрсетілген.
Пресс (ілгекті инелі машинада) иненің ілгегін жабады. Формасы әр түрлі, мысалы доңғалақша, білеуше, етікше тәрізді және иненің үстінде немесе алдында орналасады. Ілмек құрау үдерісі екі тәсілмен орындалады: трикотажды тәсілі және іліп тоқу тәсілі (тоқу).
Трикотаж тәсілін ілгекті инелі шеңберлі трикотаж машинасында қолданады, мұнда жіптің иілуі (иілдіруі) бірден жіп инеге салынғаннан кейін орындалады, тоқу тәсілінде жіптің иілуі бұрынғы ілмекті түсіру және жаңа ілмекті қалыптастыру кезінде орындалады.
4. Көлденең тоқылған трикотаж өрімдері. Басты иілдіру өрімдері. Бұл топқа біртегіс, ластик, екі терістемелі өрімдер жатады. Біртегіс - біржақты иілмелі өрім, оң және теріс жағы өзгеше болады. Оң жағында тек ілмек таяқшалары көрініп, тегіс, жылтыр болады. Терістемеде тек ілмек доғалары көрінеді, сондықтан өрімнің бұл жағы күңгірттеу, бұдырлы болады. 3.16. суретте біртегістің құрылысы көрсетілген.
Ластик - оң және теріс жағы бірдей қосарлы өрім. Ластик оң және терістеме ілмек бағаншалар кезегімен құралады. Созылмаған жайманың бетінде тек ілмек таяқшалары көрінеді (біртегістің оң бетіне ұқсас), сондықтан кейде осы трикотажды екі бетті деп атайды. 3.17. суретте ластик құрылысы көрсетілген.
Ластик өрімін ластикті, фангілі және котонды машинада өндіреді. Екітерістемелі (айналмалы) трикотаж - қосарлы өрім, екі жағының құрылымы бірдей, біртегістің теріс жағына ұқсас (ілмек доғалары басым болады). 3.18. суретте екітерістемелі өрім көрсетілген.
Бұл өрім ілмек таяқшалары және ілмек доғаларының алмасуынан алынады, яғни оң ілмек қатары теріс қатарымен алмасады. Интерлок (қосластик) - қосарлы өрім, екі айқасқан ластиктің үйлесуінен тұрады, бір - біріне теріс жағымен қосылған. Жайманың оң мен теріс жағы бірдей және оң ілмек бағаншалардан тұрады. Интерлок өрім ластикпен салыстырғанда серпімділігі мен тығыздығы жоғары, созылымдылығы мен тарқатылуы төмен болады. 3.19 - суретте интерлок өрімі көрсетілген.
5. Бойлай тоқылған трикотаж өрімдері. Басты негізжіптік өрімдерге тізбекше, трико, атлас жатады. Тізбекше - жалаң өрім, оның ілмектері бір бағанада бір жіптен және әрбір келесі ілмегі алдыңғының үстінде орналасады. Тізбекше ашық және жабық ілмектерден тұрады. Тізбекше оң жағына шиыршық (спираль) түрде бұрылады, бұл өрімнің созылымдылығы шамалы. Тізбекше тек басқа өрімдермен бірге бірігіп қолданылады, өйткені жеке өзі жайманы құрамайды. 3.20. суретте тізбекше өрімі көрсетілген. Трико - жалаң өрім, оның ілмектері қатарлас екі ілмек бағанада кезегімен ирек орналасады. Өрімнің оң жағында ілмек таяқшалары (3.20 сурет. а), ал теріс жағында - ине доғалары мен көлбеу созылмалары орналасады. Трико жеңіл формасын өзгертеді және жіп үзілген кезде ілмек бағанасы бойымен жеңіл тарқатылады. Әдетте жиі басқа өрімдермен бірге қолданылады. 3.21. суретте трико өрімі көрсетілген.
Атлас - жалаң өрім, оның ілмектері қатарлас ілмек бірнеше (кемінде үшеу) бағанада кезегімен ирек орналасады. Атластың оң жағында ілмек таяқшалары, ал теріс жағында - ине доғалары мен көлбеу созылмалары орналасады.
Трикоға қарағанда айырмашылығы, атластың көлбеу созылмалары неғұрлым жайпақ орналасқан. Жіп үзілген кезде атлас ілмек бағанасы бойымен тарқатылады және кесілген шеті бойынша бұрылады. Суретте 3.22 атлас өрімнің құрылымы берілген.
Бақылау сұрақтары:
1. Жүйелі тәсілмен қандай бөлшектерді өндіреді?
2. Трикотаждың қандай түрлерін білесің?
3. Ілмектердің құрылысымен таныстыр?
Дәріс № 8. Беймата жаймаларын өндіру
Дәріс жоспары:
1. Беймата жаймаларын өндіру
2. Іліп тоқыла тігілген жайма өндіру
3. Инетесімді беймата жайма өндіру
4. Желімді беймата жайма өндіру
Достарыңызбен бөлісу: |