2. Бөлімшелер мен атысты басқару
Бөлімшелердің жауынгерлік міндетті табысты орындауына командир жауапты. Сондықтан ол бөлімшемен атысты шеберлікпен, сенімді түрде басқара білуі қажет. Командирдің ұрыстағы басты міндеті — атысты басқару.
Атысты басқаруға: нысананы барлау, оның маңыздылығын бағалау, жою кезектілігін анықтау, нысананы мүмкіндігінше сенімді жоя алатын қару түрін таңдау, атысты бастауға пәрмен беру, атыс нәтижелерін бақылау, оны дәлдеу, атыспен маневрлеу, оқ-дәрінің жұмсалуына бақылау жасау жатады.
Бөлімшені басқару — бөлімше қимылын ұйымдастыруды және ұрыс барысында оған тұрақты жетекшілік жасауды қамтиды. Бөлімше командирі ұрысты жергілікті жерде ұйымдастырады. Ол жауынгерлік міндетті алғаннан кейін, оны нақтылайды, қалыптасқан жағдайды бағалап, шешім қабылдайды, ауызша әскери бұйрық береді және өзара қимылды ұйымдастырады. Содан кейін ұрысқа жеке құрамды, қару-жарақты, ұрыс машинасын дайындауға жетекшілік жасайды.
Ұрыста бөлімше командирі өз белімшесі мен көршілердің қимылы, қарсылас пен жергілікті жер толықтай айқын байқалатын жерде тұрады. Мотоатқыштар взводының командирі жағдайға сәйкес ЖҰМ-да (БТР), оқпанада немесе взвод артынан жаяу жүре отырып, командалық-бақылау пунктінен бақылау жүргізеді. Ол қажетті пәрмендер мен үкімдерді радио, дабыл кұралдары, дауыстап және бөлімшелерден жіберілген байланысшылар арқылы бере отырып, взводты басқарады. Жаяу ретпен қимыл жасау кезінде взвод командирі атысқа және ЖҰМ (БТР) қозғалысына ЖҰМ-да (БТР-да) отыратын взвод командирінің орынбасары арқылы басшылық жасайды. Взвод командирі бағыныштылардың қимылына байланыс құрылғылары арқылы немесе дауыстап басшылық жасайды.
Командир белгілерін, көршілерді, сондай-ақ қарсылас қимылын, оның атыс құралдарын, ұшақтар мен тікұшақтарды, хабарлау белгілерін бақылау үшін бақылаушы тағайындалады.
Атысты және бөлімшелерді, сондай-ақ бөлімшелер ішіндегі және көршілер мен күшейту құралдары арасындағы өзара қимылды қолдау үшін біртұтас бағдарлар тағайындалады, атысты басқару, өзара қимылдау, хабарлау, шақыру, ауыстыру және тоқтату белгілері анықталады.
Командир жауынгерлер мен бөлімшелер (машиналар) қимылын белгілер мен пәрмендер бере отырып басқарады. Пәрмен дауыстап, радио немесе телефон арқылы беріледі (мысалы: "Взвод шабуылға дайындал!"). Дабыл беру үшін радио арқылы берілетін шартты белгілер (мысалы: "Шабуыл", белгісі — "333", "Әуедегі қарсылас— "555", т.б. түрде берілуі мүмкін), сондай-ақ ракеталар, әр түрлі дыбыс құралдары (ысқырық, сирена, металды соғу және т.б.) қолданылады және жалаумен, қолмен, шаммен (фонарьмен) белгі беріледі. Жалаулар (40 см ағашқа бекітілген 32x22 см өлшемді тікбұрышты кесінді) екі түсте (сары және қызыл) қолданылады. Сары жалау орнына ақ жалау қолданылуы мүмкін. Қол шамдардың үш түсі (ақ, қызыл және жасыл) қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |