Проблемы государства и права



бет4/22
Дата02.07.2018
өлшемі0,73 Mb.
#45844
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22

А. Божқараұлы,

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті з.ғ.к., доцент

Г.Қ. Алтынбаева,

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті магистранты


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ЭКОНОМИКАЛЫҚ МҮДДЕЛЕРДІ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОРҒАУ



Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 10 қазандағы «Қазақстан – 2030: Барша қазақстандықтардың гүлденуі, қауіпсіздігі мен әл-ауқатының артуы» жолдауындағы ең негізгісі ретінде ұзақ мерзімдік басымдылықты «ұлттық қауіпсіздікке» арнағанын көреміз. Адамзат дамуының бүкіл тарихи тәжірибесі мемлекеттің алға басуы және тұрақты өсуі жүзеге асырылатын қажетті шарттардың бастауында оның ұлтының қауіпсіздігі мен мемлекеттілігінің сақталуына байланысты екенін көруге болады.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік егеменділігі мен тәуелсіздігін алғаннан кейін оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері өзекті мәселелердің қатарына кірді. Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіндегі мәселелерге мүдденің пайда болуы мемлекеттік институттардың қауіпсіздік жүйесін құру жөніндегі ғылыми ұсыныстар мен тәжірибеде механизмдер табу қажеттілігіне саяды [1. 3-6 б.]. Мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қазіргі жүйесімен салыстырғанда, «кеңестік» кезеңдегі құқықтық құжаттар негізінен халықаралық қауіпсіздік проблемаларына назар аударуға ден қояды. Сол кезде ұлттық қауіпсіздік қоғам және жеке тұлға қауіпсіздігі сияқты аса маңызды мәселелерді тасада қалдырып, КСРО немесе оның басқа одақтас социалистік мемлекеттердің қауіпсіздігіне артықшылық берілді [2. 7-8 б.]. Қазіргі кезеңде ұлттық мүдделер мен Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде жаңа басымдылықтар ұсынылды. Ғылыми көсқарастарда көрсетілгеніндей, ұлттық мүдде бірінші кезекте жеке тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің тепе-теңдік мүдделерін қорғау деп түсіндірілді, ол ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде оң үрдіс болып, мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бұрынғы тәжірибесінен алшақ кеткенін көруге болады. Бүгінде «ұлттық қауіпсіздік» түсінігіне ешкім де күмән тудырмайды. Бұл түсінік осы заманғы қоғам мен әлемнің көптеген елдерінде сөз қолданысымен өмірге берік енді. Біз «ұлттық қауіпсіздіктің» екі түсінігін бергіміз келіп отыр, олардың екеуі де біздің пікіріміз бойынша осы категорияны жеткілікті дәрежеде анық және айқын сипаттайды:

1. Ұлттық қауіпсіздік – бұл мемлекетте елдің ұлттық мүдделері саяси, әлеуметтік, экономикалық жағдайы, сыртқы экономикалық қызметке байланысты қатерлер, сондай-ақ халықтың рухани және интелектуальдық құндылықтарына қатер төндіруден осы түсініктің кең мағынасында қорғалған жағдайды айтамыз.

2. Ұлттық қауіпсіздік – бұл азаматтардың, қоғамның және мемлекеттің өмірлік маңызды мүдделерінің, сондай-ақ ұлттық құндылықтары мен өмір салтының табиғаты бойынша әртүрлі сыртқы және ішкі қатерлердің (саяси, әскери, экономикалық, ақпараттық, экологиялық және т.б.) кең спектрлі түрде қорғалуы жатады.

Ұлттық қауіпсіздік елдің ұлттық мүдделерімен, елдің ішінде де және оның аумағынан тыс жерлерде де әрекет етеді. Әрбір нақты жағдайда оны қамтамасыз ету үшін қызметтің ерекше әдістері, тиісті арнайы органдарды, мемлекеттің күші мен құралдарын қолдану қажет етіледі.

Бұрыннан қалыптасқан және анықталған сыртқы және ішкі мемлекеттік қауіпсіздік саласында ұлттық қауіпсіздіктің бірімен бірі өзара тікелей байланысты екі айқын қосымша бөлімдерге бөлінеді [3. 113-116 б.].

ҚР «Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңына сәйкес әзірше ұлттық қауіпсіздіктің экономикалық, қоғамдық, әскери, экологиялық, ақпараттық, сыртқы және мемлекеттік институттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты жеті бағыты айқындалған. Қауіпсіздік саласын диверсификациялау, көбінесе осы бағыттарға байланысты; біріншіден, төнген қауіпке жедел әсер ету дәрежесін арттырады, екіншіден, тіршілік етудің әрбір буыны үшін жеке және ұжымдық жауапкершілік артады, үшіншіден, республиканың ұлттық мүддесін қорғау дәрежесі артады.

Мемлекеттік қауіпсіздік адамның, субъектілер мен тұтасымен қоғамның тіршілік әрекетінің барлық қырлары үшін мемлекеттіліктің құқықтық негіздері мен қолданыстағы заңдарға сәйкес қажетті жағдайлар мен алғышарттар жасауды көрсетеді. Мемлекеттік қауіпсіздік елдің экономикалық қауіпсіздігіне негізделеді, алайда оның өзіндік ерекше бағыттары, факторлары мен талаптары болады. Мемлекеттік қауіпсіздік – экономикалық қауіпсіздіктің алғы шарты болып табылады. Осыны ескере келе олардың талдануы және барлық факторлар мен талаптар кешені бойынша елдің тұтас қауіпсіздігін қалыптастыруға ықпалы бар процесстердің өзара келісімі туралы айтуға болады. Тек тұтастыққа бағдарлану экономикалық саясат пен мемлекеттік қауіпсіздік саясатын жасауда тәсілдер мен талаптардың оқшаулануынан арылуға, ерекше, жеткілікті реттелмеген, тіпті бәсекелес құрылымдар мен механизмдерді болдырмауға көмектеседі.

Әлбетте, бұрын қаралған «ұлттық қауіпсіздік» түсінігі «экономикалық қауіпсіздік» түсінігінен кеңірек және өзіне түрлі нақты бағыттарымен ерекшеленеді. Ұлттық қауіпсіздіктің барлық түрлері тығыз байланысты және бірін бірі өзара толықтырып отырады. Олар ұлттық қауіпсіздіктің әртүрі әрекеті аясында айқын көрініп, оның әсерін толықтыруы немесе әлсіретуі мүмкін. Мәселен, әлсіз және тиімсіз экономикада әскери қауіпсіздік болуы мүмкін емес, сондай-ақ әлеуметтік жанжал асқынған қоғамда әскери де, экономикалық та қауіпсіздік бола алмайды. Дегенмен ұлттық қауіпсіздіктің негізі экономикалық қауіпсіздік болып қала береді.

Сондықтан (белгілі дәрежедегі сақтықпен) экономикалық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің басқа түрлерінде көріне тұрып, оларға кірігіп және олармен өзара әрекет жасап, өз кезегінде өзіне олардың әсерін жинақтайды, бірақ ұлттық қауіпсіздіктің негізі болып қалады.

Қазақстан Республикасында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің проблемалары саясаткерлердің, ғалымдардың, жалпы халықтың назарын аудартып отыр. Қауіптердің ауқымы, тіпті елдің экономикалық қауіпсіздігіне келтірілген нақты зияны осы проблемаларды қоғамдық өмірдің сахнасына шығуға итермелейді. Экономикалық қауіпсіздіктің тұжырымдамасын жасауда құқықтану ғылымының рөлі аса зор және жауапты. Мұнда қауіп-қатердің әртүрлі сыртқы және ішкі, ұзақ мерзімді және ағымдағы қатерлері сияқты жіктелуі туралы түрлері қарастырылмайды. Зерттеу барысында осы мәселелердің мәнін ашып көрсету, нақты қатерлерді анықтау, оларды тойтарудың сенімді және тиімді әдістерін ұсыну принципті түрде анықталды.

Қазақстанда экономикалық қауіпсіздік түсінігінің анықтамасы «Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңда айқын бекітілген. Онда экономикалық қауіпсіздік ҚР ұлттық экономикасының орнықты дамуы мен экономикалық тәуелсіздігін қатерге салатын ішкі және сыртқы жағдайлардан, процестер мен факторлардан қорғалуының жағдайы ретінде анықталады. Сонымен бірге «экономикалық қауіпсіздік» түсінігіне нақты көзқарастар саласы, оның құрамының әртүрлілігін көптеген заң тану саласындағы жетекші ғылыми авторлардың еңбегінде өте кең деңгейде анықтаған. Оларға:

- ел экономикасының сапалы даму жағдайын ескере отырып, оған қоғам көзқарасы тарапынан оны сақтау немесе өсім мөлшерін дамыту қажеттігін анықтаған;

- тұлғаның лайықты өмір сүру жағдайына экономиканың дамуын, қоғам мен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және әскери-саяси тұрақтылығын қамтамасыз етуге, ішкі және сыртқы қатерлерге қарсы тұру мүмкіндігі мен дайындығын айқындаған;

- халықтың қалыпты тіршілік жағдайын қамтамасыз ету қабілетін анықтайтын экономикалық жүйенің аса маңызды сапалық сипаттамасымен қатар, халық шаруашылығы дамуын ресурстармен орнықты қамтамасыз ету, сондай-ақ ҚР ұлттық-мемлекеттік мүдделерін дәйекті жүзеге асыру деңгейіне талдаулар жасалынған;

- қолайсыз факторлар әсер еткен жағдайда экономикалық, әлеуметтік-саяси және әскери тұрақтылықты қамтамасыз ететін экономиканың даму деңгейі белгіленген;

- ұлттық экономиканың тәуелсіздігін, оның тұрақтылығы мен орнықтылығын қамтамасыз ететін жағдайлар мен факторлардың жиынтығы, тұрақты жаңару мен өзін өзі жетілдіру қабілеті жан-жақты қарастырылған.

«Экономикалық қауіпсіздік» түсінігін анықтайтын бұл тұжырымдарды бұдан да кеңірек алуға болар еді. Олардың барлығына жеке дара нақты анықтамалар беруге құқықтық тұжырым жасауға зерттеу барысында қол жеткізілді.

Елдің экономикалық қауіпсіздігі алдымен экономиканың өзінің тиімділігімен қамтамасыз етілуі тиіс, яғни мемлекет жүзеге асыратын қорғаныс шараларымен қатар ол өзін өзі жоғары еңбек өнімділігі, өнім сапасы және т.б. негізінде қорғауы тиіс.

Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қайсыбір мемлекеттік ведомстваның, қызметтің артықшылығы болып табылмайды. Оны мемлекеттік органдардың барлық жүйесі, экономиканың барлық буындары мен құрылымдары жүзеге асыруы тиіс.

Теориялық тұрғыда экономикалық қауіпсіздікті ішкі экономикалық және сыртқы экономикалық қауіпсіздік деп бөлуге болады.

Экономикалық қауіпсіздікті екі құрамдасқа бөлуге байланысты бірінші кезекте біз ішкі экономикалық қауіпсіздікке толығырақ тоқталғымыз келеді. Қазақстан Республикасының ішкі экономикалық қауіпсіздіктің өсуіне қолайлы жағдай жасайтын қатерлерге Қазақстанның өңірлерінің дамуы бір қалыпта болмауына байланысты әлеуметтік-экономикалық салада біршама мәселелерді туындатады. Қауіпсіздіктің аса маңызды факторлары мыналар:



  1. өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының деңгейі объективті түрде қалыптасқан айырмашылықтары артта қалған аудандардың болуы, өнеркәсіптік өндірістегі құрылымдық алға басуына қарағанда экономикалық жағынан дағдарысты туындатады;

  2. Қазақстан Республикасының жекелеген қалаларының арасындағы өндірістік-техникалық байланыстардың бұзылуы;

  3. Қазақстан Республикасының жекелеген облыстары арасында халықтың жан басына шаққандағы ұлттық табысын өндіру деңгейінде айырмашылықтың артуы;

  4. бірқатар қоғамдық құрылымдар қызметінде көрініс беретін қарама-қайшылықтардың күшеюі.

Жергілікті өндірістердің өткір түрде бәсекеге қабілетсіздігі мен халықтың осы аудандардан іс жүзінде жаппай көшуіне, табиғи-климаттық жағдайы күрделі, экологиялық қауіпті аймақтарда экономикалық ресурстары артта қалады. Осы аудандарда нашар игерілген әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі онан сайын құлдырайды. Елдің аз да болса жоғары урбанизациялық аймақтары мен әрі қалаларында сауда-өнеркәсіп және банк капиталының басым орналасуы нәтижесінде өндіргіш күштердің барынша аумақтық шоғырлануы байқалады. Егер қазіргі сәтке Қазақстан экономикасының өсуіне байланысты жағдай жақсы жағына қарай өзгере бастаса да, облыстардың дамуындағы алшақтық сақталуда. Мұндай алшақтық әдетте халық арасында әлеуметтік-экономикалық шиеленісті тудырады.

Облыстардың экономикалық бейімделуі Қазақстан нарығын қалыптасуының міндетті шарты болып табылады. Осыдан өңірлер үшін шамамен бірдей жағдай жасау жөніндегі мемлекеттің аумақтық-дифференциалдық саясатының қажеттілігі туындайды. Осыған байланысты мемлекет экономика саласынан «кетуі керек» деген пікір барынша негізсіз болып табылады. Аумағы орасан зор және өңірлер арасындағы айырмашылығы көп біздің ел үшін, керісінше, мемлекеттің үйлестіруші рөлін сақтау үшін құқықтық қамтамасыз ету өте маңызды рөл атқарады. Мұның өзі нақты аумақтық арқылы табиғи және экономикалық жағдайында жұмыс істейтін шаруашылық субъектілерінің келісілген экономикалық әрекетін қамтамасыз етеді.

Жалпы алғанда Қазақстан Республикасының өңірлік экономикалық қауіпсіздігін қалыптастыру құрылымы – бұл, алдымен геосаяси, экономикалық, құқықтық және басқа жағдайлардың кешені болып табылады. Ол өз кезегінде мыналарды қамтамасыз етуі тиіс:

1. Дағдарыс пен болашақ даму жағдайында оның өмір сүруі мен өңірлік құрылымдарының сақталу алғы шарттары.

2. Ел мен оның аумағының ресурстық тұрғысында өңірлік маңызды мүдделерін қорғау.

3. Тұрақсыздандырушы әрекеттен ішкі иммунитет пен сыртқы қорғаныстылықты құру.

4. Өңірлердің ішкі және әлемдік рыноктарда бәсекеге қабілеттілігі мен елдің қаржы жағдайының орнықтылығын арттыру.

5. Өркениетті адамға тән өмір сүру жағдайы мен салты және қоғамдық үрдістерінің орнықты және қалыпты ұдайы қалпына келу мүмкіндіктері жатады.

Өңірдің экономикалық қауіпсіздігі деп экономиканың ағымдағы жағдайын сипаттайтын шарттар мен факторлардың жиынтығы, оның дамуының тұрақтылығы, орнықтылығы мен дәйектілігін айтамыз [4. 5 б.]. Түрлі авторлар «Қазақстан Республикасының экономикалық жаһандану үрдісіне белсенді қатысуы ішкі экономикалық дамуды күшейту үшін пайдаланылуы тиіс» деп негізді есептейді[5]. Сол үшін алыс қашықтықтарға жүк тасымалдау тарифінің өтуін тежей отырып құрылықаралық коммуникацияларды дамытуды ұсынады.

Ішкі экономикалық байланыстың өткір мәселелердің қатарына ғылыми-техникалық, әлеуметтік-мәдени және адам ресурстарын құқықтық реттеу болып табылады.



Ғылыми-техникалық ресурстар мәселесіне елімізден көптеген ғалымдар шарт бойынша шетелге жұмысқа кеткенін көруге болады. Осы ағынның 10-15%-ы шетелдерде өзінің әлеуметтік мәселесін жақсы шешуіне байланысты қалып қояды. Ғылыми техникалық ресурстарды игеруде қазақстандық ғалымдар мен мамандарды ҚР аумағындағы шетелдіктердің қатысуы бар шетелдік компанияларға жалға алынуы болып табылады. Олар шетелге шықпай-ақ мемлекет игілігіне емес шетелдік компаниялардың мүддесіне жұмыс жасайды. Сол арқылы елдегі ішкі ғылыми-техникалық ресурстардың кемуіне алып келеді.

Әлеуметтік-мәдени ресурстар деп ұлттың мәдениеті мен білімділігі, жалпы ұлттық оң мұраттардың болуын білеміз. Кеңес өкіметі тұсында ел мәдениетіне жасалған өте үлкен қысымдар мен қоғамға күштеп танылған жалған идеология салдарынан біршама зардаптар шекті. Бұрыннан қалыптасқан салт-дәстүрлермен мәдени құндылықтарды жоққа шығару осы кезеңде кеңінен таралды. Мұнда мешіттерді қиратуы және жосықсыз мұраттарды енгізуі адам психологиясын қатты өзгерістерге ұшыратты.

Қазіргі кезеңде біздің қоғамда жастар қылмысының, есірткінің, жезөкшеліктің өршуі көбінесе оларға мемлекеттің осы мәселелер бойынша құқықтық реттейтін нормалардың жетіспеушілігінен болып отыр. Адам ресурстарынан айрылу деп халықтың он жылдық туу көрсетікішінің төмендеуі және өте жоғары өлім-жітімді атайды. Жоғарыда аталаған осы барлық факторлар елдің ішкі экономикалық қауіпсіздігіне мәнді әсер етеді.

Ішкі экономикалық қауіпсіздік мәселесінен біз енді сыртқы экономикалық қауіпсіздік туралы мәселені қарауға көшпекпіз. Қазақстандық зерттеуші М.Спанов «сыртқы экономикалық қауіпсіздік» терминіне ішкі нарықтың халықаралық еңбек бөлінісі жағдайында экономикалық жариялықты сақтай отырып, сыртқы экономикалық әсерлерден қорғау деген анықтама береді [6. 8-10б.]. Экономиканың ішкі секторы мен оның ресурстарының тепе-теңдігі мемлекеттің қауіпсіздік жағдайын айқындайды. Сыртқы экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі мақсаты – жеке тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің ұлттық мүдделерінің орнықты дамуын құқықтық қамтамасыз ету болып табылады [7. 147б.].

Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық қауіпсіздігіне әлемдік қаржы, тауар-шикізат дағдарыстарын, сондай-ақ сыртқы экономикада болатын құрылымдық және коньюктуралық толқуларды жатқызуға болады. Олар елдің ішкі жағдайына елеулі түрде әсер етуі мүмкін. Сондықтан, осы мәселелерді құқықтық реттеу мемлекеттің негізгі саясаты болып табылады.

Қазақстандағы экономикалық қауіпсіздікті реттейтін нормативті-заңдылық актілер қатарына Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 26 маусымдағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы» заңы, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан 2050» мемлекеттік бағдарламасы және ҚР министрліктері мен ведомстволарының жекелеген нормативтік актілері жатады.

ҚР «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңға сәйкес ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі негізгі күштер меншік түріне қарамастан, мемлекеттік органдар мен ұйымдар болып табылады. Олар өз өкілеттілігіне сәйкес мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қаматамасыз етеді. Экономикалық саладағы қауіпсіздік жағдайына жауапкершілік Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 26 маусымдағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы» заңына сәйкес мемлекеттік органдармен қатар, ұлттық компаниялар мен жеке фирмаларға да жүктеледі. Аталған субъектілер жасалған шаралардың көмегімен төнген қатерлерді жояды, оны таратпайды және де туындаған қарама-қайшылықтардың дәрежесіне сәйкес экономикалық жүйенің қалыпты жағдайынан ауытқуға жол бермеу жөнінде тиісті саясат жүргізіп, экономика мен оның субъектілерін қорғау жөнінде шаралар қабылдайды.

Экономикалық қауіпсіздік бойынша нормадан ауытқуды қадағалап, оны қолайлы тәртіпке дейін қалпына келтіру жөнінде біршама жұмыстар атқарылуда. Экономикалық қауіпсіздік, сыртқы экономикалық қауіпсіздік сияқты – ұлттық қауіпсіздік жүйесінің жағдайы, мұнда оның индикатор-көрсеткіштерінің белгілі бір сауда немесе заңдық шамалары міндетті түрде сақталуы тиіс.

Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету әдістеріне сыртқы экономикалық қатерлер кешенін анықтап, Қазақстан Республикасының дамуына әсер ететін әлемдік экономикадағы туындап отырған дағдарыстарды құқықтық реттеу және жою жөніндегі шаралар болып табылады. Осы әдіске жататындар:

- Туындайтын экономикалық қатерлерді алдын алу және оларды бейтараптандыру жөніндегі теориялық-практикалық кестелер жасау;

- Ішкі қорлар жасау, бұл болжанбаған сыртқы экономикалық қатерлерді тұрақтандыру факторы рөлін атқаратын болады;

- Экономикалық қызметті зерттеу, ол мемлекеттік немесе жеке меншік құрылымдардың экономиканың экономикалық, қаржы-несиелік немесе тауар-шикізаттық секторларындағы экономикалық-құқықтық нормативтерді міндетті түрде орындауды ұсынады.

Экономикалық қауіпсіздік экономиканың жағдайымен ел ішінде ғана емес, сондай-ақ басқа елдердің экономикалық салада жеке қатынаста болатындардың жағдайымен тікелей байланысты. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін әлемнің көптеген мемлекеттерімен ұзақ мерзімді сауда-экономикалық байланыстарды орнатты. Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық қауіпсіздігін тұрақсыздандыруға әсер етер жекелеген әрекеттердің болғанын көруге болады. Мұнда мемлекетте дер кезінде құқықтық базаны құруды және қалыптастыруды қолға алудың нәтижесінде, оның зардаптарының болдырмағандығын көруге болады. Атап айтқанда, экспорттық шикізаттардың реттелуі, оны әлемдік нарыққа бағыттауы Қазақстан экономикасының дамуына өз үлесін қосты.

Қазақстан Республикасында өнімдер импорты бойынша да осындай жағдай қалыптасуда; экономиканың стратегиялық салаларында қолданылатын сырттан әкелінетін өнімнің жоғары өзіндік салмағы экономикалық тұрақтылықта әсер етіп, республиканың ұлттық қауіпсіздігінің параметрлерін төмендетуі мүмкін.

Басқа да әлеуметтік қатерлі фактор-экспорттық және импорттық өнімдерді негізгі сатып алушы және сатушы болып табылатын елдер санының шектеулі болуы. Осыған байланысты жекелеген елдер жөнелтетін өнімдерінің (экспорт пен импорт) көлемін шектеуге бағытталған акцияларды бір мақсатта өткізуі мүмкін, сөйтіп экспортер немесе импортер елді белгілі бір саяси немесе экономикалық қысым жасап, өз мақсаттарына жетуге мәжбүрлейді, бұл да Қазақстан экономикасының сыртқы факторларға тәуелді екендігін айқындай түседі [8. 143-144 б.]. Сыртқы экономикалық қауіпсіздіктің басқа мысалы ретінде дамыған елдердің Қазақстанға қатысты ұйымдастыратын «сауда-саттық саласындағы қақтығыстарын» айтуға болады. Бір елдің екінші елге қарағанда сауда-экономикалық мүдделеріне қысым жасау, халықаралық сауда қарама-қайшылықтардың пайда болуына әкеліп, «сауда-саттық саласындағы қақтығыстарын» жүргізу үшін негіз болады. «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңда атап өтілгеніндей, сыртқы ортадан туындайтын экономикалық қауіпсіздік қатерлеріне мемлекет экономикасының барынша төмен дәрежесін атауға болады. Оған экспорттық-импорттық құрылымды диверсификациялау және жоғары қосымша құнды өнім өндіру жолымен реттеуге болады.

Сыртқы экономикалық қызметтің әлемдік тәжрибесінде экономикалық және сыртқы экономикалық бәсекелестіктің түрлі әдістері бар, олар «сауда-саттық саласындағы қақтығыстарын» (эмбарго, тарифтер, бағаның жоғарылауы немесе төмендеуі және т.б.) және «сыртқы экономикалық қақтығыстар» (бағалы қағаздардың шетелдің инвестициялардың, капиталдың, технологиялардың бір сәттік ағысы мен кері ағысы, салымдарды жауып тастау). «Сыртқы экономикалық қақтығыстар» соғыс әдістерімен емес, жоғары технологияларды қолдана отырып, алдын-ала жоспарланған экономикалық бағдарлама бойынша экономика, қаржы тәсілдерімен залал келтіру болып табылады.

Іс жүзінде кез-келген ұлттық экономика экономикалық шабуылдың нысаны болып кетуі мүмкін. Әдеттегі шараларды жүргізу тәжірибесінен ерекше «сыртқы экономикалық» шабуылдан қорғанудың өзіндік стратегиялық және тактикалық күрес тәсілдері болады, оларға аумақтарды бақылау емес қаржы, ақпараттық, интеллектуалдық сияқты трансұлттық ағымдарды бақылау маңызды. «Сыртқы экономикалық «шабуылдарды» жүзеге асыру механизмі ұлттық кірісті, экономиканың стратегиялық факторына инвестицияларды жасырын түрде артық енгізу, ескі технологияларды, бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізу және т.б. жатады. Бұл әдістердің түпкі мақсаты экономикалық инфрақұрылымдарды жою болып табылады. Соңғы кезде «несиелік немесе ақпараттық» соққы берілді, ол мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жүйесін немесе ақпараттық жүйелерін бұзады, оны қайталанбас өзгерістерге ұшыратады.

Шетелдерде отандық бизнесті қолдаудың ресми бағдарламасымен қатар әлемдік экономикада тауардың өтімі мен Қазақстан капиталын инвестициялау жөніндегі пайдалырақ жобаларды іздеуге көмек көрсету қажет. Республиканың мүдделерін елде және оның сыртында қорғай білу, сондай-ақ демпингке қарсы анықтауды белсенді жүргізу, сөйтіп отандық өндірушіні қорғай білу қажеттігі туындайды.

Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық қауіпсіздігінің жекелеген мәселелерін, оның ұлттық қауіпсіздікке қатерінің салдарына қарай келе экономикалық қауіпсіздік және оның құрамдас бөлігі – сыртқы экономикалық жағы Қазақстанның жалпы ұлттық қауіпсіздігін құруда маңызды мәселе болып табылады деп атап өтуге болады. Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі практика көрсетіп отырғанындай, сыртқы экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі көптеген мәселелер, соның ішінде құқықтық жағы реттелмегендердің қатарында қалып отыр. Осы саланы реттейтін заңдарды қорғауға алған және осы сияқты басқа нормативтік актілердің жеткіліксіздігі экономикалық қауіпсіздікке толық кепілдік бере алмауда.

Экономикалық тұрақтылық және экономикалық прагматизм ұстанымдарын сақтау ұлттық мүдде мен ұлттық қауіпсіздікті сақтауға саяды. Басқаша айтқанда, Қазақстан экономикалық жағынан тұрақты және тәжірибелік жағынан тиімдісін енгізу қазіргі таңда қауіпсіздікті сақтауға және оның алдын алуға өз үлесін қосар еді.
Әдебиеттер:


  1. Арыстанбеков К. Теоретические проблемы правового регулирования экономической безопасности РК // Вестник университета им. Д.А.Кунаева // 2003, №2. – С. 3-6.

  2. Сергулин А.А. Проблемы национальной и международной безопасности в российской теории международных отношений // Вестник Московского университета // сер. 18., 2004, №2. – С. 7-8.

  3. Ломакин В.К. Мировая экономика, М: изд-во «Юнита – Дана», 2004. – С. 113-116.

  4. Экономическая безопасность. / под. ред. академика В.К. Сенгагова. М., ЗАО «Финстатинформ». 1998. – С. 5.

  5. Галлиев А. Необходимо, но не достаточно // «Эксперт». №11, 2001.

  6. Спанов М.У. Экономическая безопасность: опыт системного анализа. Алматы, ИРК. 1999. – С. 8-10.

  7. Дзалиев М.И., Уразл А.Д. Основы обеспечения безопасности России. М., Экономика. – С. 147.

  8. Экономическая и национальная безопасность // Под. ред. Е.О. Олейникова. М., Экзамен. 2004. – С. 143-144.




Каталог: files
files -> Бастауыш білім беру деңгейінің ОҚу пәндері бойынша үлгілік тақырыптық жоспарлары
files -> Астрономия Мазмұны
files -> 1 фантастика жанрыныњ типологиясы
files -> Қазақстан тарихы 5 сынып. 2013-2014 оқу жылы
files -> Расул гамзатов
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> «№ мектеп-лицей» мемлекеттік мекемесі Күнтізбелік- тақырыптық жоспар
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, жергілікті атқарушы органдар көрсететін білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет