Дәріс 8. Тақырып: Ч. Осгудтың семантикалық дифференциал әдісі Жалпы психосемантикалық зерттеулерде мынадай әдістер (технологиялық амалдар) қолданылады:
1. Субъективті шкалалау;
2. Рангілеу;
3. Топтау;
4. Ассоциативті эксперимент;
5. Келлидің репертуарлар кестесі.
Чарлз Озгудтің семантикалық дифференциал әдісі психологияның жаңа бағыттарының бірі – психосемантиканың эксперименталды негізін қалады. Психосемантика - бұл индивидуалды сананың мағыналары мен мәндерінің жүйесін анықтаумен айналысатын, ХХ ғасырдың 70 жылдары қалыптасқан психологиялық бағыт. Мағына – бұл қоршаған ортаны жалпыланған түрде бейнелеу. Мағыналар адамзаттың тарихи дамуы негізінде қалыптасады және түсініктер, білімдер мен іскерліктер формасында көрінеді. Мағына – бұл сөздердің индивидуалды мәні, және олар субъектінің индивидуалды іс-әрекетінде жасалып, нақты практикалық жағдайға сәйкес келеді. Мән – бұл индивидуалды мағына, әр адамның тәжірибесінде қалыптасады. Мәндер адамның эмоцияларымен байланысты. Мән ақиқаттықтың жалпы бейнеленуі, олар түсініктер, білімдер және іскерліктер формасында қалыптасады және бекітіледі. Мән мен мағынаның эмоциялық бояуы – эмоцияларға сәйкестендіріледі.
АҚШ ғалымы Чарлз Озгуд 1952 жылы семантикалық дифференциал (СД) әдісін ұсынды. Оның бұл әдісі прагматикалық мағыналарды анықтау үшін қолданылады. Яғни, СД әдісі сөздердің мәндерін прагматикалық өлшеуде пайдаланылады. Бұл әдістің көмегімен сөйлеу іс-әрекетінің заңдылықтары зерттелінеді. Ал бұл әдістің мәселелерінің бірі сөздердің мәндері мен мағынасының сәйкестігі және өзара әрекеттестігі болып табылады. Прагматикалық мән, Ч. Озгуд бойынша, бұл сөздің мағынасы мен ол тұғызатын эмоциялардың бірлігі болып табылады. Ч. Осгудтің айтуынша, әр түрлі стимул-сөздер адамдарда әр түрлі реакциялар тұғызуы мүмкін. Бұл реакциялар 2 параметр бойынша бөлінеді: сапасы мен күші бойынша. Мысалы, қандай да бір стимул–сөзді адам былай қабылдайды:Жақсы 3 2 1 0 -1 -2 -3 Жаман.
Яғни, СД әдісі – бұл 2 қарама-қарсы шкалалардың көмегімен мағыналарды сапалық, сандық шкалалау. Осы шкалаларды құрайтын сипаттамалардың арасында мағыналық байланыстар бар екендігі анықталған. Сондықтан Ч. Озгуд ұсынған шкалаларды топтастырып, 3 факторды бөліп шығарған:
Бағалау факторы;
Күш факторы;
Белсенділік факторы.
Факторлар әр түрлі шкалалардың мазмұнын біріктіреді. СД – бұл психосемантикалық зерттеулерде қолданылатын негізгі әдіс. СД - бақыланатын ассоцияциялар мен шкалалау процедураларының комбинациясы. СД – санадағы аналогиялық байланыстар. Психосемантикалық әдістердің нәтижесі ретінде семантикалық кеңістіктерді құру алынады. Семантикалық кеңістіктер – бұл адам санасындағы мағыналардың, көзқарастардың кеңістіктік – координаталық моделі (үлгісі). В.Ф. Петренко семантикалық кеңістікті құруда 3 кезеңді көрсетеді:
Алғашқы эксперименталды мәліметтерді жинақтау. Зерттеленетін объектіледің –стимулдардың семантикалық байланыстарын анықтау. Ол үшін жоғары көрсетілген техникалық амалдар қолданылады.
Анықталған семантикалық байланыстардың құрылымын құру. Ол үшін семантикалық байланыстардың матрицасы жасалады. Яғни, ірі, жалпыланған мағыналық құрылымдар анықталады. Ол үшін факторлық талдау, класстерлік талдау, көп мөлшерлі шкалалу амалдары қолданылады.
Анықталған семантикалық құрылымның интерпретациясы жасалады.