Адам - көптеген ғалымдардың зерттеу тақырыбы болып келеді. Адамзат өзінің тарихын, шығу тегін, тілдері мен салт-дәстүрлерін тануында психология ғылымы ерекше орын алады. Ежелгі ойшылдар адам үшін басқа адамнан артық қызық объекті болмайтынын қателеспей айтқан. Психологияның зерттеу пәнінің негізіне, адам болмысының табиғаты, психикалық құбылыстары, үрдістері, қасиеттері кіреді. Адам дамуының заңдылықтары және оның ерекшеліктері туралы ғылыми ілімдердің жүйесі жалпы қоғамның дамуы үшін қажет. Бірақ адам жеке өзіндік арнайы мәселелері бар әр түрлі ғылымдардың амалдары арқылы кешенді зерттеулердің объектісі болып саналады. Гуманитарлық ғылымдар әлеуметтік үрдістерді зерттеген кезде психологиялық факторларды ескеру қажеттілігі туындайды. Бірақ әрбір ғылым өз пәнінің ерекшеліктерімен айрықшаланады. С.Л.Рубинштейн "Жалпы психология негіздері" еңбегінде (1940) былай деп жазды: "Психология зерттейтін құбылыстардың арнайы шеңбері анық әрі айқын көрінеді. Бұған біздің өміріміздің ішкі мазмұнын құрайтын және бізге тікелей тән уайымдар сияқты сезімдер, ойлар, ұмтылыстар, тілектер, ниеттер, қабылдаулар және т.б. жатады...". Психиканың алғашқы сипаттамалық ерекшелігі - жеке адамда тікелей өзіндік уайымдарының болуы - тікелей сезімнің негізінде ғана білініп, басқа ешқандай тәсілдермен қабылданбайды.