Р.А. Қадырқұлов, Н.К. Берістемова
ЦИФРЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ
Əдістемелік нұсқау
Бастауыш білім беру деңгейінің 2-сынып мұғалімдеріне арналған
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі ұсынған
АЛМАТЫКІТАП БАСПАСЫ 2022
Қадырқұлов Р.А., Берістемова Н.К.
Цифрлық сауаттылық: Бастауыш білім беру деңгейінің 2-сынып мұғалімдеріне арналған əдістемелік нұсқау. / Р.А. Қадырқұлов, Н.К. Берістемова. – Алматы: АЛМАТЫКІТАП БАСПАСЫ, 2022. – 110 бет.
© Қадырқұлов Р.А., Берістемова Н.К., 2022
© «АЛМАТЫКІТАП БАСПАСЫ» ЖШС, 2022
Алғы сөз
Бұл нұсқаулық 2-сыныптың «Цифрлық сауаттылық» пəнін оқытуда мұғалімдерге əдістемелік көмек ретінде ұсынылады. Əдістемелік нұсқауда жаңартылған білім беру мазмұнының талаптарына сай дайындалған оқулықты үйлесімді пайдалану үшін, əрбір тақырыпты тиімді жоспарлау, оқыту жəне қалыптастырушы бағалауды ұйымдастыру барысында мұғалімдер қауымына арналған бағыт-бағдар берілген. Сонымен қатар «Цифрлық сауаттылық» пəнін оқытудың мақсаттары мен міндеттері, əдіс-тəсілдері, оқушы жетістігін бағалау, оқытудың əдістемелік ерекшеліктері, оқулық мазмұнының құрылымына түсіндірме, ұзақ- мерзімді жəне қысқамерзімді сабақ жоспарлары қамтылған.
Оқулықтың əрбір тақырыбының мазмұны мен құрылымы оқушы игеретін жаңа білім мен тəжірибеге бағытталған ой қозғау, психологиялық жағымды көңіл күй туғызатын ширату тапсырмалары, қызығушылықты арттыруға арналған проблемалық «миға шабуыл» сұрақтары, өз бетімен түсінуі үшін теориялық ақпарат, тəжірибелік дағдыны дамытуға арналған практикалық тапсырмалар, қосымша ақпараттар, жаңа білімді бекіту мен сыни тұрғыдан ойлауды дамытуға арналған сұрақтар, зерттеу жұмыстары қарапайымнан күрделі əрекетке бейімделіп көрсетілген.
Оқытудағы саралап оқыту тəсілдері барлық сабақ жоспары бойынша əдістемелік нұсқауда нақты көрсетілген. Саралаудың тəсілдері оқушы мен мұғалімге жұмыс жасау барысында өз көмегін тигізеді. Атап айтар болсақ, қарқыны жылдам жəне қарқыны баяу оқушыларға арнайы жетелеуші, қолдаушы, түрткі сұрақтар қою арқылы оқушыға қолдау көрсетіледі. Диалог жəне қолдау көрсету тəсілінде оқушының өз ойын еркін жеткізуге мүмкіндік туғызатын тапсырмалар құрастырылған. Оқулықта оқушылардың сын тұрғысынан ойлау қабілетін дамыту мақсатында Блум таксономиясының деңгейлеріне сай тапсырмалар беріледі.
Қазіргі оқу-əдістемелік кешеннің заманауи компоненттерінің бірі – білім беру үдерісінің барлық қатысушылары: мұғалім, оқушы, ата-аналар қолданатын интернет-ресурстар (bilimland.kz, ustaz.kz, smk.nis.edu.kz, sabak.kz) жүйелі ақпарат, тəжірибе алмасу алаңы болып саналады.
Бұл оқу-əдістемелік кешен авторлардың жинақтаған тəжірибесі негізінде дайындалды.
Бастауыш сыныпта «Цифрлық сауаттылық» пəнін оқытудың мақсаты мен міндеттері
Достарыңызбен бөлісу: |