Сыпыра жырау көшесі- Орал қаласының Зачаганск ауылдық округі, «Сарытау» шағын
ауданындағы жаңа көшеге берілген атау. XІІІ-XІV ғасырларда Дешті Қыпшақтың әйгілі
жыршыларының бірі - Сыпыра жырау Сұрғантайұлы өмір сүрген.
Суырып салма ақын. Руы – Кете. Сыпыра жырау (туған - өлген жылдары белгісіз) –
Дешті Қыпшақтың әйгілі жыршыларының бірі, ноғай, қарақалпақ, башқұрт, барабы, құрдақ,
қырым татарларына ортақ тұлға.. XIV ғасырда Тоқтамыс пен Едігенің билік құрған
жылдарында өмір сүрген. Оның есімі ескі батырлар жырының талайында аталады. "Өз
өмірінде толғау айтып өткен" Сыпыражайында "Ер Тарғында" "Тоғыз ханды түзеткен кісі еді"
делінеді. "Телағыс" жырында ел бірлігінің ұраншысы, ал "Құбағұлда" "Жүз сексенге келген"
дана қария ретінде көрінеді.
"Едіге би", "Тоқтамыс туралы аңыз" деген жырлар бар. Осылардың бәрінің о бастағы
тудырушысы Сыпыра жырау болғанға ұқсайды. "Қырымның қырық батырын" жырлаған әйгілі
Мұрын жырау өзін Сыпыра жыраудың ұрпағымын деген.
Дау-дамай, талас туған кезде халық әрқашан әділін айтар Сыпыра жырауды шақырып, оның
шешіміне қанағаттанатын болған. Сыпыра жырау шығармашылығы көптеген түркі халықтары
әдебиетінде көркем үлгі ретінде орын алды.
Оның жырлары бізде өз атымен жетпеген, толғаулары «Құбығұл», «Едіге би», «Тоқтамыс
ханның хикаяты» аңыз-әңгімелер мен «Ер Тарғын», «Едіге батыр» эпикалық жырларында
сақталған. Қазақ зерттеушілері Сыпыра жырауды ноғайлы дәуірінен жеткен көптеген эпикалық
жырлардың бірден-бір авторы санайды. «Ер Тарғын» жырында Сыпыра жырау туралы «өз
өмірінде толғау айтып, тоғыз ханды түзеткен кісі» делінген, ал «Телағыс» жырында ол ноғайлы
ішіндегі өзара қырқысты өршітпей, ел арасындағы беделімен тегеуірінді жырымен жауласушы
жақтарды бітістіріп отырған тұлға ретінде көрінеді.
Біздің заманымызға Сыпыра жыраудың қиын кезеңде өзінен ақыл-кеңес сұраған Алтын
Орданың сол кездегі билеушілеріне арнаған бірнеше толғау-монологын жеткізді. Сыпыра
жырау шығармашылығына алғаш назар аударған ғалым Ш.Уәлиханов. Оның аманқарағайлық
қыпшақ Жұмағазыдан жазып алған шумақтарын Мелиоранский “Тоқтамыс жыры” жинағына
енгізді. Шоқан оны бірде Сыпыра десе, бірде “Сұп жырау” деп атайды. Ал жыраудың сырт
сұлбасын суреттеуде “сұм аяқ, сұпа бөрікті” тіркесі жиі қолданылады.
Яки, сұпы сөзі қалыптасу кезеңін бастан кешірген. Ендеше, Сыпыра орта ғасырда
Маңғыстауда сопылық мектептің негізін қалаған адам боп табылады. Осы реттен келгенде
1334 жылы ибн Баттута Сарайшықта болғанда: “Осы қалада түрік нәсілінен шыққан егдерген,
сыйлы адамның ғибадатханасы бар. Оны Ата деп атайды. Ол бізге дастархан жайып, батасын
берді” деуінде мән бар. Әлкей Марғұлан Баттута кездестірген діндар Атаны – Сыпыра деп
біледі . Сыпыра жұрты Жемді жайлап, Сарайшықты қыстап отырған әсер қалдырады. Әлкей
Марғұлан: “Тоқтамыс пен Едіге айтысып жүргенде жүзге келген Сыпыра жырауды Тоқтамыс
күймелі арба жіберіп, Маңғыстаудан Сарайға алдырып, оның кеңесін тыңдайды”,- деп
қорытады.