Цинодонт Oligokyphus (реконструкцияcы)
Сүтқоректілер Жер бетінде бұдан 200 млн. жыл бұрын пайда болған. Сүтқоректілердің арғы тегі пермде тіршілік еткен аңтісті қарапайым ұсақ бауырымен жорғалаушылар (Therіodontіa). Алғашқы Сүтқоректілердің қалдықтары жоғарғы триас жыныстарынан табылған. Олар бор кезеңінің аяқ шенінде жойылып кеткен. Көпбұдыртістілер (Multіtuberculata) мен біртесіктілер осы кезде тіршілік еткен. Юра кезеңінде пантотерийлер пайда болып, бұлардан нағыз аңдар (Therіa) шыққан, олар қалталылар мен ұрықжолдасты жануарлардың негізі болды.
Денесінің құрылысы
Олардың тұрқы 4 см, салмағы 1,2 грамдық, сондай-ақ тұрқы 33 м, салмағы 150 тонна тартатындары да бар. Денесі түкпен қапталған, алдыңғы ми сыңарларының сыртында ми қыртысы жақсы дамыған.
Тері жабыны
Сүтқоректілер терісінің құрылысы:1-түк; 2-эпидермис; 3-май шығаратын без; 4-тері астындағы бұлшық ет; 5-дерма; 6-түк қалтасы; 7-тер безі
Сүтқоректілердің тері жабыны басқа омыртқалыларға ұқсас екі қабаттан тұрады. Теріде май, тер, сүт, иіс шығаратын бездері болады. Түк, мүйізді тырнақ, мүйіз және тұяқтар - терінің қосалқы бөлімдеріне жатады. Тері бездері мен тер бездері зат алмасуын, дене температурасын реттейді және тері бездерінің иісті затының жауынан қорғануда, үйірге түскенде бірін-бірі табуда, еліктетуде маңызы үлкен.
Қаңқасы
Қаңқасы бассүйек, омыртқа жотасымен [кеуде қуысы], иық белдеуі мен алдыңғы аяқтардан және жамбас белдеуі мен артқы аяқтардан тұрады. Сүтқоректілердің мойын омыртқасы - 7. Бассүйекке астыңғы жақсүйек қозғалмалы (буын арқылы) байланысқан. Бассүйектегі басқа сүйектер бірімен-бірі жіктесіп, тұтасып кеткен.
Омыртқаларының беті жалпақ (платицельді). Мойын омыртқасы 7 (6 болуы сирек, тек кейбір теңіз сиырларда) не 8-9 (жалқау аңның кейбір түрі). Көбінің аяғы бес саусақты, бірақ көбіне қатты өзгерген, мысалы, тақ тұяқты (жылқы), ескек тәрізді (итбалық, кит), қанат тәрізді (жарқанат). Кейбір түрінің артқы аяқтары жойылып кеткен (рудимент түрінде ғана сақталған). Кеуде қуысы мен құрсақ қуысын көк ет (диафрагма) бөліп тұрады.
Бұлшық еттері
Сүтқоректілердің бұлшықеттері жақсы дамыған. Әсіресе алдыңғы, артқы аяқтарындағы бұлшықеттер түрлі бағытта орналасқан. Бассүйектегі шайнау бұлшықеттерінің бәрі астыңғы жақсүйекпен байланысады. Сүтқоректілерде кеуде мен құрсақ қуыстарын бөліп тұратын көкет (диафрагма) пайда болған. Көкет тыныс¬тық қозғалыстарға (тынысалу, тынысшығару) қатысады.
Асқорыту жүйесі
Сүтқоректілердің асқорыту жүйесі күрделілене түсіп, етті еріндер пайда болған. Езуден шықшытқа дейінгі жақсүйекті иекпен жалғастырып, тұтастыратын бұлшықет дат деп аталады. Үстіңгі және астыңғы жақсүйектердің ұяшықтарында тістер орналасқан. Олар құрылысына, атқаратын қызметіне сәйкес күрек, сойдақ, кіші және үлкен азу тістер деп бөлінеді. Алдымен сүт тістері өсіп, кейін түсіп, орнына тұрақты тістер шығады. Ауыз қуысына 3-4 жұп сілекей бездерінің өзектері ашылады. Ауыз қуысы - жұтқыншақпен, ол өңеш арқылы қарынмен жалғасады. Қарындағы көптеген ұсақ бездер қарын сөлін бөледі. Күйіс қайыратын жануарлардың (әсіресе сиырда) қарны көп қуысты. Оны үлкен қарын (таз қарын), жұмыршақ (тақия қарын), қатпаршақ (қырық қатпар) және ұлтабар деп 4 бөлімге бөледі.
Тыныс алу жүйесі
Ауа өтетін мүшелер мен өкпеден тыныс жүйесі құралады. Ауа өтетін мүшелерге танау тесіктері, жұтқыншақ, көмекей, кеңірдек, ауатамырлар жатады. Сүтқоректілер өкпесінің іші көптеген перделер арқылы қуыстарға бөлінген. Оларды өкпе көпіршіктері (альвеолдар) деп атайды. Өкпе көпіршектерінің сыртын қылтамырлар торлайды да, сол жерде газ алмасу жүреді. Кеуде қуысының кейде кеңейіп, кейде тарылуына сәйкес өкпеге ауа енеді және кері шығады.
Қанайналым жүйесі
Қанайналым жүйесі - құстарға ұқсас, жүрегі толық төрт қуысты. Артерия қаны мен вена қаны араласпайды. Сүтқоректілердің құстардан айырмашылығы - сол жақ қарыншадан басталатын қолқа тамыры сол жақ қолқа доғасын құрайды. Құстарда оң жақ қолқа доғасы болады. Қан денеде газ бен қоректік заттарды тасымалдайды.
Зәршығару жүйесі
Екі бүйрек, 2 несепағар түтігі, сыңар қуық және зәршығару өзегінен зәршығару жүйесі түзіледі.
Жүйке жүйесі
Жүйке жүйесі - күрделі құрылыста. Әсіресе мидың көлемі үлкен. Алдыңғы ми айқын ми сыңарларына бөлінген. Ми сыңарларының сыртындағы көптеген иірім, сайшалар ми қыртысының көлемін ұлғайтады. Сүтқоректілердің күрделі қозғалыс әрекетіне байланысты мишығы да жақсы жетілген. Мишықтың сыртында сайшалар, иірімдер көп.
Миының үлкен жартышарлары жақсы дамыған.
Сезім мүшелері
Сүтқоректілердің иіс сезуі өте жақсы дамыған. Олар иіс сезуі арқылы қорегін іздеп табады, жауынан қорғанады, жұп құрады. Тек суда тіршілік ететін киттерде иіс сезуі өте нашар дамыған. Көпшілік сүтқоректілерде есту мүшесі жақсы жетілген. Сүтқоректілерде сыртқы құлаққа жататын құлақ қалқаны пайда болған. Дыбыс толқындарын сол арқылы қабылдайды. Тек суда, жер астында тіршілік ететін сүтқоректілерде құлақ қалқаны болмайды. Сыртқы және ортаңғы құлақ арасы дабыл жарғағымен бөлінген. Сүтқоректілердің ортаңғы құлақ қуысында балва, төс, үзеңгі сүйектері болады. Қосмекенділерде, жорғалаушыларда және құстарда бір ғана үзеңгі сүйегі болатынын еске түсіріңдер. Жарқанаттар, түлендер, дельфиндер өздерінен шығарған өте әлсіз дыбыс жаңғырықтарын қайта қабылдай алады.
Көбею мүшелері
Сүтқоректілер - дара жынысты. Олар іштей ұрықтанады. Ұрық аналық жыныс мүшесі - жатырда дамып жетіледі. Жатырдың қабырғасында ұрық пен аналық ағзаның арасында арнайы мүше «ұрық молдасы» (плацента) пайда болған. Ол зат алмасуды реттеп отырады. Оны малдың шуы деп те атайды. Сондықтан жоғары сатыдағы сүтқоректілерді «ұрықжолдастылар» деп атайды. Жатырдың қабырғасында ұрықтың дамып жетілуі, сүтқоректілердің жеке түрлеріне байланысты түрлі мерзімді қамтиды. Мысалы, үйқоянның буаз болу мерзімі бір ай. Жабайы қоян - 45-51 күн, бұғылар - 8-9 ай, жылқы - 10 ай, түйе 12-13 айда төлдейді. Халық ұғымында «12 түйе, 10 жылқы, 9 сиыр, 5 ешкі, 1,5 қоян, 3 түлкі, таба алмасаң, бұл күлкі!» деген жұмбақта әрбір жануардың буаз болу мерзімі нақты айтылған.
Достарыңызбен бөлісу: |