2-тапсырма. Қазақ терминологиясында диалектілік лексиканың терминденуі арқылы жасалған терминдер жиі болмаса да кездеседі. Мысалы: Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының жекелеген аудандарында қолданылатын топ сөзі биология терминдерінің қатарынан орын алған. Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігінде бұл сөзге – “сөктен жасалған ботқа, каша. Көженің қоюы” деген түсініктеме беріледі. 1988 жылы жарық көрген биология арнаулы сөздігінде топ (барда) терминіне – “малға жем ретінде пайдаланылатын спирт өндіргенде қосатын қоймалжың қалдық” деген анықтама берілген.
Осы тізімге кіретін алқа (коллегия), егемендік (суверенитет), түнек (ляжка), собық (початок), қандауыр (скальпель) сияқты терминдердің қалай терминденгенін дәлелдеңіз.
Сондай диалекті сөздердің арасында жалпы қолданыстағы қазақша баламалары болмай келген сөздердің баламасы ретінде қолданылып жүргендері де бар. Олар: ақжайма (простыня), орам (квартал), тұшпара (пельмени). Басқа да мысалдар келтіріңіз.
3-тапсырма. Терминжасамның ішкі көзін құрайтын өзге лексикалық қабаттармен қатар казір өте сирек қолданылатын көнерген сөздер де терминдер қатарын молайтуға өзіндік үлес қосады. Сирек кездесетін сөздің бірі – кіреуке. Ертеректе батырлардың жаугершілікте жауға киетін темір сауытын кіреуке деп атаған болса, қазір медицина ғылымының стоматология саласында кіреуке (эмаль) деп – “құрамында 96,5 пайыз бейорганикалық заттар және гидроксиапатит кристалдары бар, тіс сауытын жаба отырып, денте мен ұлпаны сыртқы тітіркенуден қорғайтын, беріктігі жағынан кварц пен апатиттің аралығында болатын организмдегі ең берік ұлпаны” атайды.
Бұл термин тілде қазір қолданыла бастаған сөздің мағынасының метафоралануы арқылы жасалған. Сөздің терминденуіне негіз болған – екі ұғымның өзара ұқсастығы. Яғни тістің сыртын жауып тұратын қабаттың беріктігі мен қорғаныштың қызмет атқаруы кіреуке сөзінің терминденуіне себеп болған. Биологиядағы “кейбір жәндіктер ( мысалы, шаян тәрізділер) мен жануарлар денесін қаптайтын қатты жабын бірсыпыра балықтар, жорғалаушылар (тасбақа, крокодил) және сүтқоректілердің денесін қаптап, оларды жауыннан, зақымданудан қорғайтын бөлігі”,- деген ұғымды білдіретін сауыт термині, “оқтан, найза-сүңгіден сақтау үшін ертеден батырлар киген тор көзді темір кіреуке” деген мағынаны білдіретін сауыт сөзінің терминденуі арқылы жасалған.
Бұл жерде сөздің терминденуіне екі ұғымның қандай белгілері, ұқсастықтары негіз болған? Дәлелдеңіз.
4-тапсырма. Жалпы көнерген сөздер терминжасамның бір көзі ретінде танылып, термин шығармашылығында іске жаратыла бастады. Академик Ә.Қайдаров “Көненің көзіндей сақталып, мағынасы күңгірттеніп, ұмыт болған, қолданыстан қалып, шаң басып жатқан көнерген сөздер аз емес. Оларды тірілтіп, жаңартып, тіл қажетіне жаратуға әбден болады, - дей келіп, қосын, ләшкер, жасақ, түмен, бұраңғар, ерен, бүйрекші, су, шерік, шеру, иелме, аламан, алай, атарман, шабарман, ондық, жүздік, мыңдық, жалаңқат, көбе, жебе, жекеауыз, сардар, самқал, сапы, сүмбе, топ, оқшантай сияқты сөздерді әскери термин ретінде өмірге қайта әкелу керектігін айтады. Ә.Қайдаровтың жасап жатқан этнолингвистикалық сөздігінің картотекасынан алынған бір топ атауларды әскери термин ретінде пайдалануға болатын сөздер мыналар: асауыл, бақауыл, бекеуіл, бегауыл, бұқауыл, барлауыл, ереуіл, жасауыл, жортуыл // жортауыл, жандауыл, кептеуіл, кешуіл, қайдауыл, қорғауыл, қырауыл, сасауыл, сайдауыл // сандауыл, сырттауыл, сырғауыл, торғауыл, тексеуіл, тоқтауыл, томауыл, тосқауыл, тыңдауыл, тежеуіл, тұмауыл, шырғауыл, шабуыл т.б. Өз мысалдарыңызды келтіріңіз.
Достарыңызбен бөлісу: |