Экопринт техникасы заман талабына қарай жаңа терминімен аталғанмен бұрынғы өткен дәуіріміздің дәстүрлі әдістерін негізге алып өз жалғасын табуда.
Бояудың заманауи әдіс-тәсілдеріне көшпес бұрын біз, ғасырлар бойы тәжірибеде жинақталған, ата-бабаларымыздың даналығымен сонымен қатар, тәнті еткен көне тұрмыстық бұйымдарының өңі сыр бермеген жануар және өсімдік тектес бояғыштар мен бояу бірізділігін қарастырып көрелік.
Ата-бабаларымыз жүн бояуда, алдымен жүннің сапасына көңіл бөлген. Оның себебі, сапалы бұйым шығару үшін жүн өңдеуде қандай процесстерге қай кезден бастап мән беру керектігіне аса назар аударған.
Жүн сапасы, одан жасалған бұйымның сәнді болып, талғампаз қауымның көңілінен шығуы үшін өте қажет бір нәрсе – оның табиғи түсі, жылтырлығы. Бұл, ең алдымен қой тұқымына байланысты. Ал керісінше, өнім сапасына нұсқан келтіретін жайт – сапасы әр түрлі жүннің араласып кетуінде. Кейде осындай себептермен жүнді амалсыздан бояуға мәжбүр болады. Сондықтан жүннен қалаған бұйымын жасарда шикізат күтіміне көңіл бөліп, ал бояғанда қажет заттың ерекшелігіне орай бояуды талғаммен, керекті жерінде табиғи түстің өзңін де пайдалана білген. Ал, жүн дұрыс сұрыпталмаған жағдайда (боз, ақ-қарасы араласып кеткенде) оны міндетті түрде күңгірт бояулармен тура келеді.
Киіз басарда алдымен жүн сұрыптаудан басталады. Жалпы қойдың жүні бес түрге бөлінеді: күзем жүн, жабағы жүн, өлі жүн, шет пұшпақ және қозы жүні. Көбіне киім бұйымдарды жасауда жабағы жүнді қолданған.
Халықтың күнделікті тұрмыс тәжірибесінен бояу ретінде ашудас, қына, томар шөп пайдаланғаны белгілі. Қазіргі жеңіл өнеркісіптің өркендеп дамыған тұсында сан алуан химиялық бояулар шығарылып отыр. Бұл ісмерлердің жұмысын едәуір жеңілдетті. Осылардың ішінде жүн бояуға арналған түрлерін ғана аса сақтықпен пайдалана білу де шеберлік. 8-10 литр суды қатты қайнатып, 1 литрге 15 грамм есебімен бөлек ыдыста әбден ерітілген бояуды құйып араластырады. Бояу түйіршігі ерімей қалса теңбілденіп, жүнге біркелкі сіңбейді. Сондықтан бояу ерітілген ыдыстың эмаль немесе шыны (ақшыл түсті) болғаны жөн. Сонда ыдыс кенересінен немесе түбінен әлде қалай ерімей қалған бояу түйіршігін оңай байқауға болады.
Қазанның қақпағын жауып бірқалыпты қайната отырып, оған жүнді мөлшерлеп салып, оны ағаш қалақпен немесе ожаумен батыстырып отырған дұрыс (жүн салмастан бұрын 1 литр суға 1 шай қасық көлемінде сірке суы құйылады). Су керекті мөлшерден аз болса, жүн қазанның түбіне жабысып қалады. Қазан бір қайнағаннан кейін от қызуын азайту керек. Ара тұра жүнді қалақпен аударыстырып қойған жөн.
Жүннің бояу алғандығын былай тексереді: қалақтың ұшымен боялып жатқан жүннің кез келген жерінен көтеріп алып, шымшып көреді. Бояу алған жүн суы сығылғанда, бозғыл тартпайды. Онда қазан астындағы от сөндіріліп, боялған жүн суы сорықтырылып, эмальді табаққа түсіріп алынады. Бетін қақпақпен жуып үстін ауыр нәрсемен бастырады да суығанша қоя тұрады. Суығаннан кейін жүн керілген жіпке немесе ағаш ерденеге жайылып, көлеңке жерде кептіріледі. Қазанды әбден жуып, бояудан тазартады. Ол үшін құйылған суды 2-3 рет ауыстырып, қайнатып төгеді. Сонан соң ғана басқа түске боялатын жүнді бояуға кірісуге болады.
Ал қазіргі кезде жеңіл өнеркәсіп өркендеп, оның дамуына байланысты бояу барысы әлдеқайда жеңілдетілді. Оның себебі, түрлі техника мен технологиялардың пайда болуында. Сонымен қатар, дайын ұнтақты химиялық бояулар шығарылып, шебердің қол еңбегін жеңілдете түсті.